Спорт

Спартакиада Степнойды дүбірге бөледі

Жақында Қарғалы ауданындағы Степной ауылында аудандық жазғы спартакиада өтті. Аудандық білім, дене шынықтыру және спорт бөлімі және балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі ұйымдастырған шараға аудандық мекемелер мен кәсіпорындардың басшылары, аудан жастары қатысты.

Шара барысында, ауыл сыртында тоқ бәйге, қыз қуу мен аударыспақ ұйымдастырылды. Аударыспақ  сайысында Ақылжан Жолшора жеңімпаз атанды. Боранбай Баенов ІІ, Сапарғали Қалмағамбетов ІІІ орынға ие болды. Қыз қуу сайысынан Жадыра Бауыржан мен Серікбол Алмұханов топ жарды. 7 шақырымға созылған тоқ бәйгеде Ерден Әйтенгуловтың жүйрігі мәреге алдымен жетті.

Тоқ бәйгеде ІІ орынды Ж.Төлегенов иеленсе, ІІІ орын Дмитрий Горбаньға бұйырды. Ұлттық ойындар — тоғызқұмалақ пен асық атудан да сайыстар өтті. Тоғызқұмалақтан ерлер арасында Б.Баймағамбетов үздік шықса, әйелдер арасында Н.Шалғымбаева жеңді. Асық атудан А.Жолшора мергендік танытса, қыздар арасындағы сайыста Г.Исталмасова жеңімпаз атанды.

Аудан әкімінің орынбасары  І.Тынымгереев жеңімпаздарды құттықтап, оларға Алғыс хаттар мен сыйлықтар тарту етті.

Кеш соңында Степной  ауылдық округінің әкімі Ғарифолла Жүзбаев спартакиада алауын Әлімбет селолық округі өкілдеріне табыстады. Келесі жылы аудандық спартакиада Әлімбет ауылында өтеді.

 Индира СПАНОВА,

Қарғалы ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button