Әлеумет

Жамағаттың жәрдемі қажет

Иман

«Мешіт құрылысына көмектескен кісіге қабірде де, мәңгілік өмірде де сауап жазылады» делінген хадисте. Сондай көптің, жамағаттың  қолдауымен бітетін жұмыстар біздің Ақтөбе қаласында жүріп жатыр. Қалада Алланың үйі — көне мешітті жаңалау жұмыстары үстіміздегі жылдың мамыр айында басталған болатын.

Ол жөнінде кезінде газетімізде жазылды. Айлардың сұлтаны — Рамазан айында сол халықтық құрылыстың қазіргі аяқ алысымен, барысымен  танысу мақсатында аталған құрылыс басында барған едік. Құрылыстың қарқынды жүріп жатқанын көрдік. Көне мешіттің сыртқы бетіндегі жаңа бөлігі жерден едәуір бой көтеріп қалған. Ертеңгі салтанат құратын жаңа ғимараттың сұлбасы айқын көрінеді. Құрылыс алаңы еңбек әуеніне толы. Қажетті болатын құрылыс материалдары да үйіліп жатыр. Осы жердегі вагон үйлерге құрылысшылардың штабы орналасқан екен. Осы мешітті салуға байланысты құрылған «Ғасыр Нұры» қоғамдық қорының құрылтайшылары Есімхан Есенбаев, Қуаныш Елубаев, Жәнібек Тәттібаевтарды да  осы жұмыс  басынан кезіктіріп әңгімелестік. Қор директоры Есімхан Есенбаев:

— Бұл — қаладағы ең бір көне ғимараттардың бірі. Бұл мешіт 1901 жылы  құрылысы басталып, 1903 жылы біткен. Содан бермен қарай талай-талай тарихты бастан кешірген. Қоймаға да айналған. Тек тәуелсіздігіміздің арқасында күні қайта туды. Қазір ол мәдени мұра ретінде де, мешіт ретінде де өз қызметін атқаруда. Сондықтан осы көне мешітті халқымыз жаңарту талабын қойды. Мұны облыс әкімі қолдап, жөндеу жұмыстарын жүргізуге шешім қабылданды. Сметалық жобалары жасалып, құрылысы жүріп жатыр. Оның бұрынғы алаңы 300 шаршы метр болатын болса, бұл 2,5 мың шаршы метрге дейін ұлғайғалы отыр. Көне мешітке қосымша ғимараттар салынады. Ол үш қабаттан тұрады. Көріп отырсыздар, мешіттің жұмысы қызу жүріп жатыр. Бізді шамалы бөгеген ескі мешітті сол қалпында сақтаумен байланысты болды. Оның іргетасын нығайту керек болды. Сонымен байланысты біраз жұмыстар жүргізілді. Қазір қосымша ғимараттың нөлдік қабаты аяқталып, бірінші қабаты басталып жатыр.

Қарқын бар, жақсы. Азды-көпті қаржы да түсуде. Қазірдің өзінде 100 миллион теңгенің көлемінде қаржы түсті халықтан. Бұл құрылысты толық аяқтау үшін 450 миллион теңгенің көлемінде қаржы қажет. Бұған бюджеттен көмек көрсетілмейді. Тек халықтың қолдау-көмегімен салынатын құрылыс. Тек осы қалада 450 мың халық тұрады. Есептеп көрдік, соның тек жұмыс жасайтын бөлігі, мұсылман ағайындар бір күндік жалақысын бөлсе, 400 млн. теңгенің үстінде қаржы құралады екен. Мұнан басқа қалада ірі қаржылы кәсіпорындардың жұмыс істейтінін ескерсек, аталған қаржыны қиналмай табуға болады. Сондықтан біз қала тұрғындарына,  ірі кәсіпорын басшыларына үміт артамыз,— деді.

Мешіт құрылысын бұрын қаладағы «Нұр Ғасыр» мешітін тұрғызған «Интер Стиль» құрылыс компаниясы жүргізуде. Бұл — лайықты тәжірибе жинақтаған  сенімді компания. Ол мамандардың сөзінен де көрінеді. Осы компанияның құрылыс учаскесінің бастығы Жұмағұл Бақсиықұлы:

— Құрылыс белгіленген жоспарға сәйкес жүргізілуде. Қазір 26 адам жұмысқа тартылған. Оның 18-і монолит құюмен айналысады, қалған 8 адам әр түрлі жұмыстар атқарады. Күні бүгінге біз қабырғаға және жабындық плитаға 800 тонна бетон қабылдадық.

Қазір қабаттарға жұмсалатын жабын плиталарын дайындаудамыз. Одан әрі қабырғалар монолиттен құйылады. Құю жұмыстарын күзге дейін аяқтаймыз деп ойлаймыз.

Бұрынғы мешіттің ірге тасына нықтау жүргіздік. Себебі көне мешіттің қабырғасы көтеріледі, сонда іргетас берік болуы керек. Бұл құрылысты бүлдіруге болмайды,  көненің көзі мәдени мұраға жатады, — деп түсіндірді.

Сөйтіп, Алла қаласа, 2013 жылы қаламызда тағы бір сәулетті мешіт жамағатқа есігін айқара ашқалы тұр. Оған үлес қосу әр мұсылман баласының парызы деп ойлаймыз. Үлес қосатынына күмәніміз де жоқ. Қазір барлық сауда орындарында, көрнекі жерлерде арнаулы жәшіктер тұр.

Мешіт құрылысының қарқынды жүріп, уақытылы және сапалы аяқталуына бір кісідей ат салысайық. Есепшотқа қаржы аударамын деген азаматтардың назарына қордың реквизиттерін ұсынамыз:

«Ғасыр Нұры» қоғамдық қоры

СТН 061800315209

БСН 120540007940

ЖКС № KZ 326010121000161118(KZT)

БСК HSBKKZKX «Қазақстан халық банкі» АҚ

КБЕ 18

Мекенжайы: Ақтөбе қаласы, Маресьев көшесі 95, 40-бөлме.

Телефон: 55-12-70, 57-91-86.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button