Спорт

Кардиолог Айна — таэквондо шебері

Ол мектеп қабырғасында оқып жүргенде-ақ спортшы болғысы келді. Әсіресе, шығыс жекпе-жегін еркін меңгерсем деген талабы таэквондо өнеріне бет бұрғызды. Ол кезде небары 9 жаста болатын. Таэквондо өнерінің шебері Қазбек Қожахметовтен дәріс алды. Талдырмаш қара қыздың өнері талай шәкірт тәрбиелеген ұстаз көңілінен шықты. Бапкер шәкірті Айна Жұмақанованың еңбекқорлығына тәнті болып, мықты спортшы шығатынына имандай сенетін. Сенімді ақтады. Айна 2001 жылы Шотландияның Стирлинг қаласында Еуропа чемпионатында І орынды жеңіп алды.

Орта мектепті өте жақсы бітірген Айна адам жанының арашашысы — дәрігер болуды қалады. 2003 жылы Ақтөбедегі М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетіне түсті. Оны 2010 жылы қызыл дипломмен бітірді. Бірақ жеті жыл оқыса да, өзі қалаған таэквондо өнерінен бір сәт қол үзбеді.  Қайта сатылап өрледі. 2003 жылы таэквондоның биік сатысы —  І дан қара белбеуді қорғады. Медуниверситетте оқып жүріп, «Атлант» спорт кешенінде үш жыл бойы балаларды спортқа баулыды. Одан кейінгі әр жылдары Ресейдің Архангельск қаласында әлем чемпионатында ІІІ орынды иеленді, Ресейдің Краснодар қаласында таэквондодан халықаралық жарыстың жеңімпазы атанды.

Былтыр жас маман Айна Жұмақанова медициналық жедел жәрдем ауруханасына жұмысқа шақырылды.

— Бұл салаға жас мамандар өте қажет еді. Дәрігер мамандығын игеру, оған қоса адам өміріне жауапты болу өте қиын. Адамдар дәрігерге аурудан айығуға үміттеніп, үлкен сеніммен барады. Дәрігер әр кез өз ісінің кәсіби шебері болып, үнемі ізденіп, білім деңгейін жетілдіріп отыруға тиіс, — дейді медициналық жедел жәрдем ауруханасының бас дәрігері Сәубет Келімбердиев. — Осы орайда бар мүмкіндікті пайдаланып, Айна Жұмақанованы бес айға Алматыға оқуға жібердік. Сөйтіп Айна интервенционды кардиолог мамандығын игеріп келді. Қазір жүрекке эндоваскулярлық оталар жасайды. Бұл тәсіл бұрын-соңды қолданысқа енгізілмеген еді. Енді өзіміз де жасай аламыз. Жаңа әдісті үйреніп, меңгерген біраз мамандарымыз бар.

Адам кәсіби спортшы болып тумайды әрі биік деңгейге оңайлықпен жете қоюы екіталай. Оған тек таудай талап пен бармақтай бақ қажет. Айна — таэквондо өнеріне аянбай тер төккендердің бірі. «Жаттығуды әлі де қойғым келмейді», — дейді ол. Жолдасы Ерәділ Үбіниязов — қыздарды боксқа дайындап жүрген жоғары дәрежедегі жаттықтырушы. Ерлі-зайыптылар бір жасар Бейбарысты тәрбиелеп отыр. «Бұл да аман болса спортшы болатын болар», — дейді Айна.

— Адамның жүрегі неге ауырады? Неге тамыры тарылады немесе тромб пайда болады? Бұған майлы тамақ жеу, темекі шегу, дене қимылының аздығы себеп. Артық салмақ, қант диабеті жүрекке әсер етеді,  —  дейді интервенционды кардиолог Айна Жұмақанова.

Жетпісбай ЖАНАХМЕТОВ,

облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру

орталығының баспасөз маманы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button