Жолдарды жөндеу үшін бөлінген қаржы: 4,014 миллиард теңге
Биыл Ақтөбе қаласының көшелерін жөндеу үшін облыстық бюджеттен 4,014 миллиард теңге бөлінді. Оның 2 228 миллион теңгесі Әз Наурыз көшесінен салынатын көпір құрылысына жұмсалады. Қаладағы мектептер мен балабақшаларды жөндеу үшін облыстық бюджеттен 525 миллион теңге бөлінген. Бұл туралы қала әкімі Ерхан Омаров жергілікті журналистермен бірге жөндеу жүргізіліп жатқан нысандардағы жұмыстарды бақылауға барғанда айтты.
Қала басшысы Ерхан Болатжанұлы алдымен Жеңіс даңғылының бойында жылу құбырларын алмастырып жатқан мердігер мекеме — «Саят жолы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысымен танысты. Биыл қаладағы жалпы ұзындығы 10 шақырым жылу желілеріне күрделі жөндеу жүргізу үшін 700 миллион теңге бөлінген. Жөндеу жүргізілетін аумақтардың жалпы саны 20-дан көп. «Трансэнерго» АҚ директоры Мәжит Бекмеевтің айтуынша, Жеңіс даңғылының бойында жалпы ұзындығы 280 метр қашықтыққа диаметрі 325 миллиметр жылу құбырлары өткізіледі. Құбырлардың пайдалану мерзімі — 50 жыл. Бұл құбырлардың ерекшелігі, апатты жағдайда белгі беретін арнайы өткізгіші бар. Құбырлар жергілікті зауытта шығарылады екен.
— Құрылыс-монтаж жұмыстары барысында жаяу жүргіншілердің жолдан өтуіне біршама қиын тиюде. Бірақ мұның бәрі уақытша. Құбырларды алмастырып болған соң жолды қалпына келтіреміз, — деді Мәжит Бекмеев.
Ол жылу желілерін жөндеу, алмастыру жұмыстары жылу маусымына дейін аяқталатындығын айтады. Ал Жеңіс даңғылындағы жұмыстар тамыздың 8-і күні аяқталады.
Қала әкімі тиісті мекеме басшыларына тұрғындар тарапынан түсініспеушіліктер болмауын, әсіресе, ыстық суды көп уақыт ұзатпай қосу керектігін қадап айтты.
— Әрине, ыстық судан ажыратпай жылу құбырларын алмастыру мүмкін емес. Сондықтан бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тұрғындарға ыстық судың уақытша болмайтындығын алдын ала хабарлаңыздар. Дегенмен ыстық су 2-3 аптадан артық ажырамауы керек, — деді Ерхан Болатжанұлы.
Бұдан соң қала басшысы Макаренко көшесінің бойындағы (Сәңкібай батыр даңғылынан Ағайынды Жұбановтар көшесі аралығына дейінгі) жөндеу жұмыстарын бақылады. Бұл көшеге толықтай күрделі жөндеу жүргізіледі. Жолдың ені — 7 метр. Көшедегі көлік жолдарына асфальт-бетон жамылғысы төселумен қатар жолға жиектастар салынады. Сондай-ақ жол жиегінен жүргіншілер жолы да салынады. Жұмыстың жалпы құны — 48 миллион теңге.
— Макаренко көшесінің жағдайы сын көтермейтін еді. Әсіресе, Сәңкібай батыр даңғылына жақын тұсымен көліктердің жүруі тіпті қиын тиетін. Ойлы-қырлы жермен көлік түгілі жаяу жүргіншінің өзі әрең жүретін. Қазір дөңес жерлер тегістеліп, ретке келтірілді. Бұл көшені күрделі жөндеу жүргізу Қобда бағытындағы жолға және Рысқұлов пен Ағайынды Жұбановтар көшелеріне тура шығуға мүмкіндік береді, — деді Ерхан Омаров.
Ақтөбе қаласында аула жолдарын жөндеу жөніндегі бағдарламаны жүзеге асыру жұмыстары қолға алынды. Бағдарлама аясында қаланың 11-шағын ауданындағы барлығы 54 аула жолдары толықтай жөнделеді. Қазірдің өзінде 17 ауланың жолдары жаңаша түрге еніпті. Қалған аула алаңдары қыркүйектің 1-інде аяқталады деп жоспарланып отыр. Мердігер мекеме — «АссанаҚұрылысСервис» ЖШС. Жұмыстың жалпы құны — 298,977 мың теңге. Қаржы облыстық бюджеттен бөлінген.
Мердігер мекеме басшысы Құрманғали Рақышевтің айтуынша, аула жолдарын жөндеуде жеке көліктер кедергі келтіруде. Бірнеше рет хабарланғанымен, тұрғындар жол бойында тұрған көліктерін алуға асықпайды.
11-шағын ауданның тұрғындары қала басшысына бірнеше сауал қойды. Өз кезегінде қала әкімі тұрғындар сауалдарына жан-жақты жауап берді.
Бұдан соң Ерхан Омаров бастаған топ №5 мектепке барды. Мұнда спортзалға және кабинеттердің 60 пайызына күрделі жөндеу жасалып жатыр. Жөндеу жұмыстарына 40-қа жуық адам жұмылдырылған.
— Бұрын мектепте ыстық су болған жоқ. Жобалық-сметалық құжатта ыстық су құбырын өткізу қаралған. Сонымен қатар кәріз жүйесіне де күрделі жөндеу жүргізіледі, — деді Ақтөбе қалалық білім бөлімінің бастығы Ләззат Оразбаева. Қала басшысы жаңа оқу жылына дейін мектептегі жөндеу жұмыстарын аяқтауды тапсырды.
— Жоспарға сәйкес, жұмыс қыркүйектің 1-інде аяқталуы тиіс. Дегенмен, тамыздың 20-сына дейін жұмыс аяқталады, — деді ол.
Айта кету керек, тамыздың 30-ына дейін қалаға қарасты 66 жалпы білім беретін мектептің 24-іне және 2 мектепке дейінгі мекемеге күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған.
Қала әкімі Интернациональная көшесіндегі жол жөндеу жұмыстарының барысымен де танысты. Жақын уақытта бұл көше де жаңа түрге енетін болады. Бұл үшін 33 миллион теңге бөлінген.
— Жұмыс шілденің 22-сі күні басталды. Тамыздың 15-інде аяқтауды жоспарлап отырмыз, — дейді «КТП» ЖШС директорының орынбасары Владимир Жигулев.
Қала әкімі Ерхан Омаров бүгін бақылау жасаған жұмыстардың барлығы да қалалық биліктің басты назарында болатындығын айтты.
— Ақтөбе қаласын абаттандыру, көркейту — жұмыс жоспарындағы басты шаруалардың бірі. Қаланың ажарының арта түсуі көше жолдарына да байланысты. Сондықтан облыс басшысы Архимед Мұхамбетов жолдарды жөндеуге қомақты қаржы бөлініп отыр: 4, 014 миллиард теңге. Айта кету керек, бұрын-соңды қала жолдарын жөндеу үшін мұндай қаржы бөлінген жоқ. Архимед Бегежанұлы өзі де кезінде қаланы басқарды. Сондықтан да қаланың тыныс-тірлігін, проблемаларын өте жақсы біледі. Ақтөбе — облыс орталығы. Мұнда облыс тұрғындарының 60 пайыздан астамы тұрады. Мұнда келетін қонақтар да көп. Ауылдан қаладағы жоғары және арнаулы оқу орындарында білімін жалғастыру үшін келетін жастар да жетерлік. Сол себептен, Ақтөбенің ажары мен сәулеті артып, гүлденуіне баса назар аударуымыз керек.
Жаңа ғана, журналистер, сіздермен бірге қаладағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан көшелерді аралап, жұмыстарымен таныстық. Жолдардың жөнделуі қала ажарын арттыра түсумен қатар, көлік қозғалысына да ыңғайлы болады. Мысалы, Макаренко көшесіндегі жолды жөндеу Пацаев көшесінде көлік кептелісінің азаюына мүмкіндік береді. Қобда бағытындағы жолдан — Оңтүстік-Батыс, Жаңақоныс, Құрашасай ауылдарынан келе жатқан көлік жүргізушілері Рысқұлов пен Ағайынды Жұбановтар көшелеріне Пацаев көшесімен емес, Макаренко көшесімен тура шығуларына болады. Сол сияқты Рысқұлов пен Ағайынды Жұбановтар көшелерінен келе жатқан көлік жүргізушілері Сәңкібай батыр даңғылы мен Қобда бағытындағы жолға осы Макаренко көшесі арқылы тура шығуларына болады.
Демалыс күндері Орталық базар маңынан көлікпен өту өте қиын. Көліктер әр жаққа бөлініп кетуі үшін Интернациональная көшесіне (Зауыт көшесінен Әйтеке би көшесіне дейін) күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Бұл Краснощеков, Зауыт көшелерінен өтуге жеңілдік жасайды. Яғни, Интернациональная көшесінің жөнделуі де көлік кептелісінің азаюына мүмкіндік береді. Бұл бағыттағы жұмыстардың барлығы бекітілген жұмыс кестесіне сай, уақытында аяқталады.
Биыл қаладағы бірнеше көшелердің жолдары жаңартылды. Мысалы, Мясоедов, Тургенев көшесінің Бейбітшілік пен Чернышев көшесіне дейінгі аралықтары жөнделді. Автовокзал маңындағы жолдың оң жағын кеңейту де көлік кептелісін біршама азайтты. Қазір 11, 12-шағын аудандар жақтан келе жатқан көлік жүргізушілері сол, оң жақтағы жол арқылы вокзал жаққа тура шыға алатын болды. Қазір дәл осындай бұрылыстар басқа көшелерде де салынады. Нақтырақ айтқанда, Тайбеков көшесінен Әлия Молдағұлова даңғылына қарай өтетін жол кеңейтіледі. Сонымен бірге Ағайынды Жұбановтар көшесінен темір жол басқармасы жанымен Әлия Молдағұлова даңғылына қарай оң жақ бұрылыс салынады. Қазір қалада 7 шақырымнан астам жолға күрделі жөндеу жүргізілді.
Соңғы 30 жылда біздің қаламызда жол өтпесі салынған жоқ. 2 көпір — 5-шағын аудандағы және Сельмаш шағын ауданындағы көпірлер көлік қозғалысының проблемасын толық шеше алмайды. Мәншүк Мәметова көшесі бойындағы темір жол көпірімен өту көлік жүргізушілері үшін көп қиындық тудыруда. Сондықтан Әз Наурыз көшесінен көпір салу жоспарланғаны белгілі. Жобаның толық жүзеге асырылуы үшін Алтынбек Әкімжанов және Әз Наурыз көшелеріне күрделі жөндеу жүргізіледі. Әрбір көшедегі жөнделетін жол ұзындығы — 1,7 шақырым.
Бұл құрылыс биыл басталып, 2013 жылы аяқталады. Жобалаушы — «Алматыжолжобасы» ЖШС.
Қалалық әкімдіктің қатаң бақылауында тұрған жұмыстардың бірі — қысқы жылу маусымына әзірлік. Жалпы қысқа дайындық көктем шығысымен басталды. Әлгінде Жеңіс даңғылында жасалып жатқан жұмыспен таныстық. Мердігер мекеме — «Саят жолы» серіктестігі қаладағы 20-дан астам аумақта жылу желілерін қалпына келтіріп жатыр. Жұмысы күрделі аумақтардың өзін жөндеу барысында ыстық суды 10-15 күннен артық ажыратпауы керектігі қатаң ескертілді.
Қысқа әзірлік мақсатындағы жұмыстардың бір парасы — әлеуметтік нысандардың жылу жүйесінің сақадай сай болуы. Бүгінгі шара барысында №5 орта мектепте жасалып жатқан жұмыстарды көрдік. Бұл жұмыстар да биліктің қатаң бақылауында тұр. Жалпы биыл мектептер мен балабақшаларды жөндеу үшін облыстық бюджеттен 525 миллион теңге бөлінді. Оның 40 миллионнан астамы №5 мектепке бөлінді.
Біз қазір апатты жағдайда тұрған 27 үйдің тұрғындарына өтемақы төлеу мәселесін де қарастырып жатырмыз, — деп қала әкімі Ерхан Омаров шараны қорытындылады.
Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.



