Спорт

Қазақ елі 6-орында тұр!

31 шілде күні Қазақстан қоржынына үшінші алтын түсті. Бұл алтынды бізге Майя Манеза әперді.

Сонымен, ХХХ Жазғы Олимпиада Ойындарының төртінші күнінің қорытындысы бойынша, Қазақстан жалпыкомандалық бейресми есепте алтыншы орында тұр!

 

Үшінші күн. Ілияс алға жылжыды

Олимпиаданың үшінші күні тыныш өтті. Асхат Жіткеевтің шәкірті Ринат Ибрагимов (73 кг) кәріс палуаны Ван Ки Чуннан жеңіліп, жарысты бірден аяқтады.

Теннистен жұптық сайыста Ярослава Шведова мен Галина Воскобоева жұбы екінші раундта ресейлік қарсыластарынан жеңіліп, жарыстан шықты.

Садақ атудан Анастасия Баннова мен Денис Ганькин де іріктеу сындарынан өте алмады.

Бұл күні 52 кг және 75 кг салмақ дәрежесіндегі боксшылар рингке шықты. 52 кг салмақ дәрежесі бойынша қазақстандық Ілияс Сүлейменов швед боксшысы Саломо Нтувемен қолғап түйістірді. Есеп Ілиястың пайдасына шешілді: 13 — 8. Оның келесі қарсыласы — Еуропа чемпионы, 2011 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, ағылшындардың «алтын» үміті Эндрю Селби.

75 кг салмақ дәрежесінде Қазақстан атынан 2011 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов өнер көрсететіні белгілі. Әділбек жарысты екінші айналымнан бастайды. Осы күні Әділбектің қарсыласы анықталды. Ол — эквадорлық Карлос Гонгор.

 

Манезаға мың алғыс!

31 шілде күні жарысқа шыққан қазақстандықтар арасында 63 кг салмақ дәрежесіндегі ауыр атлетші қызымыз Майя Манезаға ерекше үміт артқан едік. Қырғызстанда туып, Қытайда өскен дүнген қызы Майя Қазақстанға 2007 жылы шақырылған. Ауыр атлетикадан ұлттық құрама бапкерлері оны 2008 жылы Пекин Олимпиадасында жүлдегерлер қатарынан көрінеді деп үміттенген еді. Өкінішке орай, ол жолы жарақатына байланысты Олимпиада Ойындарына қатыса алмады.

Ол — екі мәрте әлем чемпионы (2009; 2010 жылдар), 2011 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері. Бұған енді Олимпиада чемпионы деген атақ қосылып отыр. Лондонда Майя чемпион атанып қана қоймай, 245 кг көрсеткішпен Олимпиада рекордын да жаңартты.

Бұл жолы оның басты қарсыласы 2011 жылы Парижде өткен әлем чемпионатында алтынды иемденген ресейлік зілтемірші Светлана Царукаева болды. Бірақ жұлқа көтеруде Царукаеваның көрсеткіші 112 килограмнан аспады. Ал Майя 110 кг көтерді. Айырмашылығы небәрі 2 кг болды. Бұл қазақ жанкүйерлері көңіліндегі үміт отын маздата түсті. Өйткені Царукаева жұлқа көтеруде мықты болса, Майя серпе көтеруде мықты болатын. (Ұлттық құраманың бас бапкері Алексей Ни кейін өткізілген баспасөз мәслихатында: «Егер айырмашылық 7 килограмм болған күннің өзінде де, біз Майяның жеңісіне сенімді болар едік», — деді.)

Расында, серпе көтеруде Майя алғашқы талпынысында-ақ 135 килограмды еңсерді. Ал Царукаеваның көрсеткіші 125 кг ғана болды. Царукаеваның жалпы көрсеткіші — 237 кг. Бұл Майядан әлдеқайда төмен!

 

Данияр жасындай жарқылдады

Басқа спортшыларымызға келсек, сейсенбі күні шаршы алаңға екі боксшымыз шықты: Біржан Жақыпов және Данияр Елеусінов. 49 кг салмақ дәрежесіндегі Біржан Жақыпов француз Джереми Беккуді 18:17 есебімен ұтып, келесі айналымға шықты. Оның ендігі қарсыласы — филиппиндік Марк Баррига. Біржан келесі жекпе-жегін 4 тамызда өткізеді.

Ал 64 кг салмақ дәрежесінде шаршы алаңға Данияр Елеусінов шықты. Ол өзінің қарсыласы — америкалық Джамиль Херрингті айқын жеңді. Есеп — 19:9.

Бірінші айналымда біздің 6 боксшымыз ғана өнер көрсетті. Серік Сәпиев, Әділбек Ниязымбетов, Иван Дычколар жарысты екінші айналымнан бастайды. Бүгінге дейін өнер көрсеткен боксшыларымыздың арасында жасындай жарқылдап, қазақ жанкүйерлерінің көңілінен шыққаны Данияр Елеусінов болды.

31 тамыз күні дзюдошы Ислам Бозбаевтың (81 кг) жолына да үмітпен қараған едік. Ол алғашқы екі айналымнан тамаша өтті, атап айтқанда, украиналық Артем Василенконы және тоголық Куами Саша Денаньоны жеңді. Үшінші айналымдағы қарсыласы Пекин Олимпиадасының чемпионы Оле Бишоф болды. Оле Бишофты 1:0 есебімен ұтып тұрған Ислам, өкінішке орай, соңғы минуттарда қарсыласының есепті теңестіруіне жол беріп алды. Қосымша уақытта тәжірибелі неміс палуаны жеңіске жетті.

Қазақстанның су добы құрамасы екінші ойынды Австралия командасымен өткізді. 7:4 есебімен біздің спортшыларымыз жеңіліс тапты.

Кеше жарыс жолына шыққан жерлесіміз Александр Тарабрин (200 метр, брасс), өкінішке орай, іріктеу сындарынан өте алмай қалды. Дзюдошы Тимур Болат (90 кг) та екінші айналымнан аса алмады.

Сондай-ақ кеше жарыс жолына ауыр атлетші қызымыз Анна Нұрмұхамбетова, боксшылар — Қанат Әбутәліпов пен Иван Дычко және семсерлесуден — Эльмир Әлімжанов; велоспорттан жекелей жарысқа — Александр Винокуров пен Асан Базаев шықты.

Дүйсенбі күні Қазақстан жалпы есепте бір саты төмендеп, сегізінші орынға түскен болатын. Манезаның алтыны арқасында сейсенбі күні алтыншы орынды иемденді. Бұл тағы да — ТМД бойынша бірінші көрсеткіш. Бізден кейін тұрған Ресей — 9-орында.

Айна САРЫБАЙ.

 

Рекорд жаңартылды!

Олимпиаданың алғашқы күндерінде бірнеше рекорд жаңарды.

Ауыр атлетикадан қазақстандық Зүлфия Чиншанло зілтемірді серпе көтеруден 131 килограмдық көрсеткішпен әлем рекордын бір килограмға жоғарылатты. Сондай-ақ оның 226 килограмды құраған жалпы көрсеткіші Олимпиада рекорды болып табылады.

Тағы бір отандасымыз Майя Манеза да 245 килограмдық көрсеткішпен Олимпиада рекордын жаңартты.
​​КХДР елінің ауыр атлеті Ким Ын Гук (62 кг) қос жаттығу қорытындысы бойынша әлем рекордына түзету енгізіп отыр. Ендігі көрсеткіш — 327 килограмм.

Ерлер арасында Им Дон Хун (Оңтүстік Корея) садақ атудан 699 ұпай жинап, жаңа рекорд орнатты. Сондай-ақ Корея садақшылары командалық жарыста да әлемдік рекорд жасады – 2087 ұпай.

Академиялық ескек есуден ерлер арасындағы жұптық бәйгеде Эрик Мэррей мен Хамиш Вонд (Жаңа Зеландия) белгіленген жолды 6:08.50 минутта жүріп өтті. Бұл да — жаңа рекорд.

400 метрге кешенді жүзуден қытайлық И Шивен 4:28.43 минутта келді. Ал Пекин Олимпадасында тіркелген бұрынғы рекорд – 4:29.45 минут болатын.

100 метрге баттерфляй әдісімен жүзуде Дана Уоллмер де әлем рекордын жаңартты – 55:98 секунд. Швециялық Сара Сколстромның еншісіндегі бұрынғы рекорд – 56:06 секунд болатын.

100 метрге брасс әдісімен жүзуде оңтүстік африкалық Камэрон Ван дер Вург та әлемнің жаңа рекордын орнатты – 58.46 секунд. Бұрынғы рекорд 58.58 секунд еді.

Америкалық Макл Фелпс  Лондонда бір алтын, екі күміс  алғаннан кейін, КСРО гимнасшысы Лариса Латынинаның 48 жыл бойы  медаль саны бойынша бұзылмай келген  рекордын бұзды.  Лариса ханым өзінің барлық Олимпиадасында 18 жүлде алса, Фелпстің жүлделер саны 19-ға жетті. Ол соңғы үш Олимпиадада 15 алтын, 2 күміс және 2 қола медаль иемденген.  Енді ол — алтын саны бойынша да, жүлде саны бойынша да рекордсмен.

 

Қатені кім жіберді?..

 «Ақ жол» партиясының төрағасы, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Азат Перуашев Қазақстанның Мемлекеттік хатшысының атына хат жолдады. Хат Лондонға барған делегация мүшелерінің кейбірінің киімінде еліміздің аты «Kazakhstan»-ның орнына «Kzakhstan» деп жазылуына байланысты жазылған.

«Ауыр атлетика бойынша жарыстар туралы (бұнда әлемдік және олимпиялық рекордтар жасаған Қазақстан өкілі Зульфия Чиншанло Олимпиялық ойындарының чемпионы болды) жеңісті телерепортаж барысында, телекамералар отандық олимпиялықтардың формасындағы «KAZAKHSTAN» жазуының орнына өрескел орфографиялық қатемен «KZAKHSTAN» ірі жазуын  бірнеше рет көрсетті» — делінген хатта.

Сонымен қатар, хатта:  «Қазақстан» деген сөзінің негізінде еліміздің аты жатыр. Сол себептен, мемлекетіміздің атын қателесіп, немесе әдейі өзгертіп жазғанда, оны атқарғандар халқымыздың атына, намысына да тиісіп отыр.

Халықаралық, сонымен қатар отандық өңірлердегі жарыстардағы Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін пайдалануға байланысты жуырдағы бірқатар жанжалдар жұрттың бәріне белгілі. Осы инциденттердің алдын алу үшін Лондонға шығар алдында олимпиялық делегацияның мүшелерімен арнайы бірқатар іс-шаралар жүргізілді.

Алайда, көріп отырғанымыздай, қабылданған шаралар біздің команданың жарақтамасын дайындаушыларға қатысты тиісті нәтиже берген жоқ», — делінген.

Азат Перуашев кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке тарта отырып, осы фактіге қатысты тексеру жүргізуді сұраған.

baq. kz сайтынан. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button