Әлеумет

Есірткіге қатысты қылмыс азайды

Мұғалжар аудандық соты есірткіге қатысты қылмыс санының азайғаны туралы мәлімет таратып отыр.

Егер осыдан екі жыл бұрын есірткі қылмысына байланысты 12 адамға қатысты іс қаралған болса, биыл аудандық сот 1 қылмыс бойынша қозғалған іске төрелік етті.

Өткен жылы қаңтар айында елімізде «Кейбір заңнамалық актілердегі қылмыстық заңнаманы одан әрі ізгілендіру және қылмыстық процестегі заңдылықтың кепілдіктерін күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылданды. Жаңа қарар бойынша Қылмыстық Кодекстегі 259-баптың 1-бөлігі алынып тасталды. Заңдағы осы өзгеріс аталған сот өндірісінде есірткіге қатысты қылмыстық істер санының азаюына әсерін тигізді.

Дегенмен, есірткіге қатысты қылмыс жоқ деп қақпақты жылы жауып қоюға болмайды. Мәселен, Ембі қалалық ауруханасы нашақорлық дертіне шалдыққан 25 адамды арнайы есепке алып отыр. Бұл — ресми дерек қана, ал тіркелмеген нашақорлардың әлдеқайда көп екені сөзсіз. Дәрігерлердің айтуынша, есірткіге бой алдырғандарды сауықтыру аса қиынға түседі. Ол мол қаржыны, ерік-жігерді талап етеді.

Есірткіге қатысты қылмыс жасап сотталғандардың көбісінің жастары 18 бен 40 аралығындағы азаматтар екеніне соңғы жылдардағы сот өндірісінде қаралған істердің мәлеметтері дәлел бола алады. Олардың өмірін есірткімен байланыстырған, қылмыс жасауға итермелеген көп жағдайда жұмыссыздық, кедейшілік сияқты әлеуметтік мәселелер екені ащы болса да, ақиқат. Бұл жерде жастардың еркін жаулап алған теледидар арқылы, интернет көздерінен алынатын сенімсіз ақпараттар мен жарнамалардың да салдары басым болып отыр.

Ж.КУНАЕВА,

Мұғалжар ауданының №2 аудандық сотының судьясы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button