Спорт

Қазақстан — жетінші орында Қоржынымызда 2 алтын бар!

Лондонда өтіп жатқан ХХХ Жазғы Олимпиада Ойындарының алғашқы екі жарыс күнінің қорытындысы бойынша, қоржынында екі алтыны бар Қазақстан жалпыкомандалық бейресми есепте жетінші орынға табан тіреді.

Ашылу салтанатында Балуан Шолақ бабамыздың ұрпағы — Нұрмұхан Тінәлиев Туымызды желбіретіп шыққан бұл Олимпиада біз үшін өте сәтті басталды. Алғашқы күні-ақ қоржынымызға алтын түсті!

 

«Жеңісімді туған еліме арнаймын»

Бірінші жарыс күнінде-ақ әнұранымыз орындалады деп тіпті де күтпеген едік: даңқты қазақ велошабандозы Александр Винокуровтың жеңісін ғажайып оқиға сияқты қабылдадық. Винокуровтың өзі де: «Мен спорттағы жолымды нақ осындай әдемі жеңіспен аяқтаймын деп ойламаған едім» — деді кейін…

Олимпиаданың алғашқы жарыс күнінде өткен тас жолдағы топтық сайысқа 65 елден 143 велошабандоз қатысты. Олардың арасында екі отандасымыз — Александр Винокуров пен Асан Базаев болды. Бұл жолы ағылшындар өз отандастарынан алтын күткен еді, сондықтан жарысты тамашалаушылар да өте көп болды.

250 шақырымдық бәйге Александр Винокуровқа тіпті де оңайға түскен жоқ. Швейцариялық Фабиан Канчелларренің соңынан құлаған топтың қатарына да еніп кете жаздады. Алла сақтап, дер кезінде велосипедін тоқтатып үлгерді. Кейінгі сұхбаттарының бірінде атап өткеніндей, осы сәттен бастап ол тек қана жеңіске ұмтылған. Мәреге бірнеше шақырым қалғанда, Александр Винокуров пен колумбиялық Ригоберто Уран негізгі топтан 200-300 метрдей алға озып кетті. Ал мәреге 300 метр қалғанда, Александр колумбиялық велошабандозды да артта қалдырды.

Сөйтіп, мәре сызығына бірінші болып жетті!

Винокуров бұған дейін де Олимпиада Ойындарында Қазақстан қоржынына жүлде салған болатын. Ол — 2000 жылы өткен Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері. Араға 12 жыл салып, Олимпиада чемпионы атанып отыр. «Бұл жеңісімді туған еліме арнаймын!» — деп мәлімдеді Александр Винокуров.

Сондай-ақ ол енді спорттан кететінін мәлімдеп отыр. Қазіргі жоспары бойынша, ол алдағы уақытта бапкерлікпен айналыспақ.

Басқа спортшыларымызға келсек, алғашқы жарыс күнінде екі боксшымыз шаршы алаңға шықты. Боксшыларымыз арасынан Лондонға жолдаманы бірінші болып алған Қанат Әбутәліпов (56 кг) болатын. Олардың арасынан Лондонда алғаш шаршы алаңға шығып, жеңіс дәмін татқан да Қанат болды. Ол сириялық Вессана Сламананы 15:7 есебімен тізе бүктірді. Келесі қарсыласы — ирландиялық боксшы Джон Невин.

Шаршы алаңға шыққан екінші боксшымыз Данабек Сужанов, өкінішке орай, үнді боксшысы, Пекин Олимпиадасының қола жүлдегері, Азия Ойындарының чемпионы  Вижендер Сингхтен жеңілді.

Бұл күні жұптық жарыста теннисшілеріміз Галина Воскобоева мен Ярослава Шведова канадалықтарды екі кезеңде — 6:2 және 6:0 есебімен ойсырата ұтып, келесі кезеңге өтті.

Бұл күні жарыс жолына шыққан басқа спортшыларымыз — құрамадағы ардагерлердің бірі, мерген Ольга Довгун; дзюдошылар Еркебұлан Қосаев пен Александра Подрядова; т.б. сәтсіз өнер көрсетті.

 

Дүнген қызы, алтыным!

Жарыстың екінші күнінде Қазақстан қоржынына екінші алтын түсті. Екі дүркін әлем чемпионы, ауыр атлетші Зульфия Чиншанло 53 кг салмақ дәрежесінде өнер көрсетті. Жұлқа көтеруде Зульфия жарысты 95 кг көрсеткішпен үшінші орында аяқтады. Әйтсе де серпе көтеруде қарсыластары арасында онымен бәсекеге түсе алғандар болмады. Қаршадай ғана дүнген қызы серпе көтеруде 131 кг көрсеткішті бағындырып, әлемдік рекордты жаңартты. Зульфия 226 кг көрсеткішпен Олимпиада чемпионы атанды! Сондай-ақ, 226 килограмдық көрсеткіш — Олимпиада рекорды болып табылады. Сөйтіп, отандасымыз чемпион атанып қана қоймай, екі бірдей рекордты жаңартты.

Сонымен, ауыр атлетшілеріміз Олимпиаданы өте сәтті бастап отыр. Олимпиада қалашығындағы Қазақ ауылында өткен баспасөз мәслихатында Зульфия: «Мен бұл жеңісті бес жыл бойы армандадым, бес жыл бойы тынбай еңбектендім» — деп ағынан жарылды. Еңбектеніп қана қоймай, өзіне түрлі шектеулер қойғанын да жасырмады. «Маған тәттілерден мүлде бас тартуға тура келді» — деді ол. Ауыр атлетикадан ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы, құрамадағы әр спортшының әкесіне айналған Алексей Ни, 135 килограмдық көрсеткішті бағындырар болса, Зульфияға 1 кг балмұздақ алып беруге уәде еткен екен. 135 килограмдық көрсеткіш әзірге Зульфияға бағынбағанымен, балмұздаққа оның әбден хақы бар…

Басқаларға келсек, қазақтың басты үміті саналатын боксшылар арасынан бұл күні шаршы алаңға Ғани Жайлауов (60 кг) шықты. Ол тай боксшысы Сайлом Ардеемен жұдырық түйістіріп, келесі кезеңге жолдама алды. Келесі қарсыласы — үндістандық боксшы Джаи Бхагван.

Сондай-ақ бұл күні жарысты екінші айналымнан бастайтын Серік Сәпиевтің (69 кг) қарсыласы анықталды. Ол — жапон боксшысы Ясухиро Сузуки. Барша қазақ тілеуін тілеп отырған Серік Сәпиев Сузукимен шаршы алаңға 3 тамызда шығады.

Жерлесіміз Александр Тарабрин 100 метрге шалқалап жүзуден іріктеу тобында алтыншы орын алып, жарысты аяқтады.

Бұл күні теннисшілеріміз — Ярослава Шведова, Галина Воскобоева жекелей сындарда жеңіліс тапты.

Дзюдошы Сергей Лим екінші айналымда жарыс жолынан шықты.

Екінші күннің қорытындысы бойынша, Қазақстан жалпыкомандалық бейресми көрсеткіште 7-орынды иемденді. Бұл — ТМД бойынша ең үздік көрсеткіш. Ресей —

12-орында. Екі күннің қорытындысы бойынша, тек 11 елдің қоржынында ғана алтын медаль бар.

Кеше дзюдошы Ринат Ибрагимов, өкінішке орай,  Пекин Олимпиадасының күміс жүлдегері Ки Чун Вангтан жеңілді.

Кеше боксшы Ілияс Сүлейменов (52 кг), сондай-ақ, садақшылар, жұптық сайыста — теннисшілер жарыс жолына шықты.

 Айна САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button