Спорт

«Ақтөбе» — үшінші кезеңде

Шілденің 26-сы күні «Ақтөбе» командасы Еуропа лигасының екінші кезеңіндегі қарсыласы — молдовалық «Милсами» командасын 3:0 есебімен ұтып, үшінші кезеңге өтті.

Бұл күні Қобыланды батыр атындағы Орталық стадионға жанкүйерлер лық толды. Олардың жүзінен сүйікті командаларына деген сенім байқалды. Сырт алаңда жеңілгеніне қарамастан, жанкүйерлер  «Ақтөбе» үшінші кезеңге өтеді» деген үміттен бір сәтке де айнымады.

Бастапқы сәттерден-ақ ойын тізгіні Муханов шәкірттерінің қолында болуы бұл үміттің тегін еместігін көрсетті. Әйтсе де, қайта-қайта шабуылға шыққанмен, бастапқыда біздің командаға мергендік жетіспей жатты. Ойынның 39-минутында ғана Марат Хайруллинге есеп ашудың сәті түсті. Ол Александр Гейнрихтің көмегімен қарсыластар қақпасына гол салды. Ал екінші голды ойынның 50-минутында Александр Гейнрихтің өзі салды.

Әрине, молдовалықтар да қарап қалмауға тырысты. Бірақ, «Сасқан үйрек артымен жүзедінің» кері ме, жанталасып жүрген молдавандар үшінші голды өз қақпаларына өздері салып алды. Сөйтіп ойын 3:0 есебімен аяқталды. Жерлестеріміз Еуропа лигасының үшінші кезеңіне өтті. Олардың ендігі қарсыласы — бельгиялық «Генк» командасы. Алғашқы ойын тамыздың 2-сінде сырт алаңда өтеді, қарымта ойын тамыздың 9-ына белгіленген.

Өкінішке орай, қазақстандықтардың тағы бір үміті — шымкенттік «Ордабасы» командасы үшінші кезеңге өте алмады. Норвегиялық «Русенбург» сынды күшті командамен сырт алаңда 2:2 есебімен тең ойнаған «Ордабасы» өз жерімізде 1:2 есебімен ұтылып қалды.

 Берік ҚОШАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button