Спорт

Көктаудағы жазғы спартакиада

Хромтау ауданының кезекті жазғы спартакиадасы  Көктау ауылында өтті. Ауыл жастары арасында ұйымдастырылған бұл спартакиаданың салтанатты ашылуына аудан әкімі Аязбай Османғалиев пен аудандық мәслихаттың хатшысы Дәурен Молдашев қатысып, құттықтау сөз сөйлеп, спортшыларға ақ жол тіледі.

Ауыл тұрғыны Серғазы ақсақал сайысқа қатысушыларға бата берді. Аудандық Мәдениет үйінің өнерпаздары мен таэквондошылар өнер көрсетті. Міне, осындай салтанатты ашылудан кейін, спорт додасы басталды.

Биылғы спартакиада мемлекеттік рәміздердің 20 жылдығына арналды. Спорттың 9 түрінен өткен жарысқа 350 спортшы қатысты. Олардың барлығы да 18-ден асқан жас қажырлы жігіттер.

Спартакиаданың өтуіне Көктау ауылының таңдалуының да реті бар. Өйткені мұнда «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша салынған жаңа мектеп бар. Сол жаңа мектепке спартакиадада қолданылған спорт құралдары тарту етілмек. Бұған қоса, осы ауылда оралман ағайындардың көптеп қоныстанып жатқаны ескеріліп отыр.

Осы спартакиаданы ұйымдастырушылардың бірі Қазбек Қожахметов жарысқа ауыл жастарының жақсы дайындықпен келгенін айтады. Спорттың барлық түрінен дода тартысты өткен. Жарыс қорытындысында командалық есеп бойынша бірінші орынды Бөгетсай, екінші орынды Дөң, үшінші орынды Құдықсай ауылдарының жастары иемденді. Аудан әкімі Аязбай Қайырғалиұлы жеңімпаз командаларға марапаттау сыйлықтарын тапсырды.

Қуандық ЕСБОЛСЫНҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button