Әлеумет

Бала тәрбиесіне әуеннің де үлесі зор

Жолаушылап шыққанбыз. Пойыз купесіндегі  сапарластарымды   3-4  жасар баланың  қолындағы ойыншық ығыр қылды. Нақтырақ айтқанда, ойыншық емес, сол ойыншықтан шыққан шіңкілдеген дыбыс. Әуен деуге келіңкіремейтін  сол жағымсыз дыбыстан жанымдағы  үлкен кісінің  басы ауырды. Жастар  жағы тамбурға шығуды жиілетті. Ал әлгі бала сәлден соң ызаланып жылай бастады.

Ойыма әріптесім  Шалқар қаласындағы «Еркемай» мектепке дейінгі балалар мекемесінің  музыка жетекшісі  Жайнагүл Тілегеннің «Бетховен мен Шуберттің шығармалары балалардың агрессиясын  басады»  деген сөзі орала кетті. Балабақша тәрбиеленушілерінің зейінін арттыру  үшін  Жайнагүл Ғалымжанқызы  кейде   Чайковский мен Мендельсонның  шығармаларын  да тыңдататын. «Әуендік тілі қарапайым, диапазоны шағын, әуезді  халық  әндері  де баланың қабылдауына жеңіл. Халық әндері ана тілінде орындалғандықтан  жылдам жатталады», — дейді Жайнагүл Ғалымжанқызы.

Әдемі әуен баланың орталық жүйке жүйесінің  дамуына  оң ықпал ететіндігін, сондықтан музыкалық  тәрбиеге ертерек мән беру қажеттігі  туралы ұлы педагогтердің барлығы  өз еңбектерінде атап өткен.  Бірақ соңғы жылдары  баланы  музыка мектебінен гөрі  қабілет-қарымын ескерместен   ағылшын тілі, тағы басқа «сәнді»  курстарға  жаппай мәжбүрлеу  үрдісі байқалады. Сауда сөрелерінде дыбысы да, өзі де сапасыз ойыншықтар жаулап алды.

«Мұндай ойыншықтар  баланың талғамын бұзады. Бір топтағы 30 баланың барлығы бірдей сазгер, немесе әнші болуы міндетті емес. Бірақ сәбидің дамуындағы үйлесімділікті қалыптастыру үшін ауадай қажет  элементтердің  бірі — музыка», — дейді Шалқар қаласындағы «Еркемай» мектепке дейінгі балалар мекемесінің  музыка жетекшісі  Жайнагүл Тілеген.

Балалардың музыкаға бейімділігін қалыптастырудың әдіс-тәсілдерін жетік меңгерген І санатты маман  Жайнагүл Ғалымжанқызы  облыстық  білім департаментінің «Құрмет грамотасымен»,  үздік педагогтерге  берілетін грантпен марапатталған. Дегенмен  ол:  «Ең басты  жетістігім — тәрбиеленушілерімнің жүлделері», — деп санайды. Жайнагүл Ғалымжанқызының  тәрбиеленушілері аудандық, облыстық деңгейдегі  түрлі сайыстардан үнемі  жүлдемен  оралады.  Жақында  халықаралық «Ақ көгершін» балалар шығармашылығы байқауынан    Жайнагүл Ғалымжанқызы  әзірлеген Ербол Ержан есімді балғын әнші  жүлде алып келді. Әріптестерімен тәжірибе алмасу  мақсатында  «Бауырсақ» ертегісінің желісі  бойынша  Жайнагүл Тілеген  әзірлеген  мюзикл әлі күнге дейін  шалқарлық тәрбиешілердің аузында жүр.

Музыка — біздің өміріміздің ажырамас бөлігі. Ана әлдиінен басталатын  әртүрлі әуендер  тал бесік пен жер бесіктің аралығындағы  өміріміздің  әр кезеңін  өзінше өрнектейді.  Оны «Туғанда дүние есігін ашады өлең, Өлеңмен жер қойнына кірер денең»  деп  ұлы Абайдан асырып ешкім де сипаттамаған.

Қ.НИЯЗМАҒАНБЕТОВА

«Еркемай» мектепке дейінгі балалар мекемесінің тәрбиешісі, 

Шалқар қаласы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button