Әлеумет

Хош бол, Ғалымжан!

Ғалымжан Жұмабайұлы НҰРЫШЕВ

Биылғы жылғы шілде айының жиырма төртінен жиырма бесіне қараған түні еліміздің зиялы қауымының жарқын өкілдерінің бірі, көрнекті қоғам қайраткері, экономика ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық білім академиясының академигі, Ақтөбе педагогикалық институтының ректоры Ғалымжан Жұмабайұлы Нұрышев қайғылы жағдайда қаза тапты.

Ғалымжан Жұмабайұлы 1957 жылы мамыр айының бесінші жұлдызында қазіргі Атырау облысы Махамбет селосында дүниеге келді.

Ол 1978 жылы Алматы халық шаруашылығы институтын бітіргеннен кейін еңбек жолын Гурьев мұнай өңдеу зауытында экономист болып бастады. Содан кейін 1979-1982 жылдары Гурьев пединститутында оқытушы, аға оқытушы болды. Қазақтың Мемлекеттік университетінің аспирантурасын бітіргеннен кейін Гурьев пединститутында, Атырау университетінде аға оқытушы, факультет деканы, оқу ісі жөніндегі проректор болып қызмет етті. Ал 2001 жылдан бастап Астанадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде ғылыми жұмыстар жөніндегі проректор болды.

Ғалымжан Нұрышевтың өмірінің ең бір жарқын да сәулелі тұстары Ақтөбе өңірімен байланысты. Ол 2004 жылы Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры болып тағайындалды. Содан бергі кезеңде осы оқу орнының республикадағы жетекші  білім ордаларының біріне айналуына өзінің қомақты үлесін қосып келді. Институттағы оқу-тәрбие үдерісіне инновациялық технологияларды кеңінен енгізу  арқылы білім беру ісін халықаралық стандарттар деңгейіне көтеру бағытында жасалған ірі қадамдардың бастамашысы болды. Институт соңғы екі жылғы республика ЖОО бас рейтингі бойынша педагогикалық білім ордалары арасында алдыңғы орындарды иеленді.

Оның редагогикалық жемісті еңбегі Құрмет орденімен және екі ел арасындағы ынтымақтастық пен достықты нығайтуға қосқан жеке үлесі үшін Ресей Федерациясының «М. Ломоносов» орденімен атап өтілді.

Ғалымжан Жұмабайұлы «КСРО жоғары біліміне сіңірген айрықша жетістіктері үшін» (1991), «Білім үздігі»(1997), «ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері» (2001), «ҚР ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін (2003), «Ы.Алтынсарин» (2007), «Қазақ тілінің жанашыры» (2008) белгілерімен марапатталды.

«ҚР Тәуелсіздігіне 20 жыл» медалі, ҚР Президентінің төрт мәрте Алғыс хаты да оның ерен еңбегінің лайықты бағасы еді.

Ғалымжан Жұмабайұлы өңірдің қоғамдық жұмыстарына да белсене араласты. Ол бірнеше рет облыстық мәслихаттың депутаты болды. «Қазақ тілі» халықаралық ұйымының облыстық филиалының төрағасы болып сайланды. «Нұр Отан» ХДП Ақтөбе филиалының партиялық бақылау комиссиясының төрағасы қызметінде де көп жұмыстар атқарды.

Ғалымжан Жұмабайұлы мен оның зайыбы Күлімхан Бәйкенқызының ғұмыры жол апаты кезінде қайғылы жағдайда үзілді.

Біз олардың артында қалған балаларының, тума-туыстарының қайғыларын бөлісіп, шын ниетті көңілімізді білдіреміз.

А.Мұхамбетов, С.Қалдығұлова, Е.Сағындықов, И.Әміров, Е.Дошаев, І.Өмірзақов, Г.Щегельский, Қ.Қаракен, Е.Айтжанов, Н.Әбдібеков, Е.Омаров,  Р.Кемалова, С.Нұрқатова, М.Тағымов, К.Петров, Б.Ордабаев, С.Шынтасова, Г.Күнбаева, Н.Абдуллаев, С.Айтбаева, М.Ақдәулетұлы, Қ.Алдияров, Б.Аманбаев, И.Асқар, Б.Ахан, А.Ахмет, З.Байдосов, Ү.Байжомартов,  А.Бахонов, М.Бекеев,  М.Бекмеев, Ә.Бекмұхамбетов, Е.Бекмұхамбетов, Н.Беріков, К.Бірманов, Д.Довматенко, Т.Есенғұлов, А.Есмахан, Д.Еспаева,  Л.Жазықова, З.Жұмабаева, Т.Ибрагимов, А.Ыбыраев, Ж.Ізғұлов, К.Елубаев, М.Итеғұлов, К.Кенжебаев, Г.Латыпов, А.Мұхамеджанов, А.Мырзалин, Ж.Мұхамбетпайызова, Ж.Оралмағамбетов, С.Садуанов, Т.Салфиков, Ж.Самұратова, А.Тәжіғалиев, Т.Талаева, А.Тайжанов, Я.Тампаев, Н.Телеуов, А.Төлегенова, К.Төлеубаев, Қ.Тоқтаров, М.Өндіргенов, А.Усов, Ф.Чемоданов, А.Чемоданов, А.Шахаров, Қ.Шүнкеев, В.Щегельский.

 

Күлімхан ШӨПТІБАЕВА

 

Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының профессоры, әлеуметтану ғылымдарының докторы, профессор, танымал ғалым-әлеуметтанушы Күлімхан Бәйкенқызы Шөптібаева қайғылы қазаға ұшырады.

Күлімхан Бәйкенқызы 1954 жылы 23 шілдеде дүниеге келген. Қазақ Мемлекеттік университетінің тарих  факультетін 1976 жылы бітірген, 1984 жылы осы оқу орнының аспирантурасын тәмәмдаған. Еңбек жолын 1976 жылы Целиноград ауылшаруашылық институтының оқытушысы болып бастаған. 1986-2001 жылдар аралығында — Гурьев педагогикалық институтын философия кафедрасының доценті, докторант.  2002-2005 жылдар аралығында — Х. Досмұхамбетов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің философия, әлеуметтану және саясаттану кафедрасының доценті. 2005-2007 жылдары — С. Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің профессоры.

Күлімхан Бәйкенқызы — 2007 жылдан бастап Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының әлеуметтану-саясаттану пәндері кафедрасының профессоры. Ол — 170 ғылыми, ғылыми-көпшілік, ғылыми-әдістемелік монографиялар мен мақалалардың авторы.

Ғалымның «Әлеуметтану тарихы» атты ғылыми еңбегі Қазақстан Республикасындағы алғаш рет мемлекеттік тілде жазылған және әлеуметтану тарихына арналған оқулық болып табылады. Соңғы екі жылдың ішінде Күлімхан Бәйкенқызының «Әлеуметтануға кіріспе» және «Білім философиясы мен социологиясы» (ғалым А.Тайжановпен бірлесіп жазылған) оқулықтары жарық көрді.

Күлімхан Бәйкенқызы Қазақстан әлеуметтанушылар ассоциясының белсенді мүшесі болды. Көптеген халықаралық әлеуметтану конгрестеріне, халықаралық ғылыми-практикалық конференцияларға қатысты. Аспиранттар мен магистранттардың диссертациялық жұмыстарына ғылыми жетекшілік жасады. «Қазақстан Республикасы білім беру жүйесінің Құрметті қызметкері», «Қазақстан Республикасы ғылымын дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталған.

Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының ұжымы мен студенттер қауымы мөлшерлі ғұмырында жарқын істерімен көпшілік арасында құрметке бөленген, мезгілсіз дүниеден өткен Күлімхан Бәйкенқызы Шөптібаеваның жарқын бейнесін мәңгі есте сақтайды.

 

Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының ұжымы.

 

 

Білікті басшы еді…

 

Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры, белгілі ғалым, экономика ғылымдарының докторы, елдің танымал азаматы, көрнекті қайраткер, академик Ғалымжан Жұмабайұлы Нұрышев елу алты жасқа қараған шағында қайғылы қазаға ұшырады.

Атырау өңірінің аяулы перзенті Ғалымжан Жұмабайұлының жүріп өткен өмір жолы алға ұмтылудың, білім мен ғылымды игерудің, адамгершілік туын жоғары ұстаудың үлгісі болды.

Алматы халық шаруашылығы институтын бітіргеннен кейін жас маман туған өлкеге оралып, өзін өндірісте сынауды жөн көреді. Сөйтіп мұнай өңдеу зауытында экономист болып еңбек жолын бастайды. Осында тәжірибе жинақтағаннан кейін ғана бірыңғай білім, ғылым жолына ден қояды. Гурьев пединституты, Атырау университеті — оның ғалым ретінде қалыптасу, өсу жолдарының куәсі болды.

Ал Астанадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде ғылыми жұмыстар жөніндегі проректор болған жылдарында ол өзінің білікті ғалым, іскер ұйымдастырушы екендігін танытты.

Ғалымжан Жұмабайұлының ғұмырының соңғы сегіз жылы Ақтөбе аймағымен тығыз байланысты.  Осы мерзім ішінде Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институты оның өмірінің мәніне айналғандай еді. Ол білікті ұстаздар қауымын даярлауға өлшеусіз үлес қосты. Өзі басқаратын үлкен ұжымда ұйымшылдық, іскерлік, ауызбіршілік ахуалын орнатты.

Ғалымжан Жұмабайұлы қай жерде де жеке бас үлгісімен ілгеріден көрінетін. Өз еліміздегі атақ-марапаттарын былай қойғанда, сонау Кембридждегі (Англия) Халықаралық Биографиялық Орталықтың шешімімен «Білім саласын дамытуға қосқан зор үлесі үшін» 2008 жылғы «ХХІ ғасырдың Әлем таныған 2 мың аса көрнекті ақылмандары» қатарында аталып, есімі мен өмірбаяны сол Орталықтың мұрағатына енгізілгенінің өзі бәріміз үшін мақтаныш еді.

Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының ұжымы мен студенттер қауымы ауыр қазаға байланысты қатты қайғырып, марқұмның анасы Дәметкен апайға, ұлы мен қызы Санжар, Гаухарға, бауырларына, тума-туысқандарына көңіл айтады. Ғалымжан Жұмабайұлының жарқын бейнесі оны білетіндердің жадында мәңгі сақталады.

 

Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының ұжымы.

 

…Сенгің келмейді!..

 

Алланың ісіне адам баласының қылар амал-шарасы жоқ — Ғалымжан бауырымыз дүниеден озыпты. Өте ауыр, өте қасіретті қаза.

Күні кеше ғана қатарымызда жүрген жақсы іні, жайсаң азамат бүгін жоқ дегенге көңілің сенгісі келмегенмен, ақиқаты сол…

Мына заманда азайыңқырап кеткендей көрінетін, сиректеу кезігетін, бірегей азаматтардың бірі еді Ғалымжан. Көркем мінезімен, туабітті біліктілігімен, терең білімімен, жанының сергектігімен, жылы жүзімен кісіні бірден баурап алатын. Жақсы мен жаманның талайын көріп таразыға салып жүретін біз үшін ол осы Ақтөбедегі үнемі аздық етіп тұратын зиялылардың маңдайалды өкілдерінің бірі, бірегейі еді.

Сүйегіне біткен мінезі, болмысы үнемі сүйсінтіп жүретін, жаныма жақын інім еді. Сондай болмысымен жұрттың бәріне қадірлі еді. Осындағы ең басты — ұрпақ тәрбиелейтіндерді оқытатын — институттың ректоры бола жүріп, ұланғайыр істер тындырып еді. Енді міне…

«Жайнаған туың жығылмай…» депті ұлы Абай аяулы інісі Оспан көз жұмғанда. Көңілге медет сол ғана — Ғалымжан да адамгершіліктің, кісіліктің, азаматтың туын тік ұстап өтті мына жалған дүниеден. Ал бұл аз емес.

Оның орны үңірейіп қалды. Ол бізге, елге, қазаққа өте керек еді. Бізге оны жоқтау, іздеу қалды. Мүмкін, жақсылар қадірін шынымен білдіру үшін осылай, кенеттен кете баратын шығар.

Сирек азаматың кетті ортадан, Ақтөбе! Қайырын берсін. Хош, Ғалымжан! Иманың жолдас, тұрағың жаннат болсын, бауырым!

 

Мейірхан АҚДӘУЛЕТҰЛЫ.

Орны бөлек еді…

 

Ғалымжан мен Күлімханның қазасы кім-кімді де тәубеге келтіріп, ажалдың пендені өмірдің әр кезеңінде аңдып тұратындығын ескерткендей болды. Хабар келгенде ес жия алмай, қатты қиналып, оңаша отырған мен өзімді-өзім жұбатарға сөз таба алмадым. Өлім үшін туғанбыз ғой, жаратушы Ғалымжан мен Күлімхан өлімінің орайын осылай келтірген-ау деген ой бірте-бірте сабаға түсірді. Сол Тәңір екеуіне мейірімін төкті, қолдады, бір-біріне сүйкімді жар етті, ұл, қыз сүйгізді, ел-халқының құрметіне бөледі.

Ғалымжан ақтөбеліктердің құрметті, қалаулы азаматы болды, елі сыйлады. Ғалымжан да Ақтөбе еліне тер төгіп еңбек етті. Оның қазақ елінің білімі мен ғылымы саласындағы орны бөлек еді, берері әлі де мол еді, бірақ ерте үзіліп кетті…

Алла тағала алдынан жарылқасын.

Амангелді АЙТАЛЫ,

Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының профессоры.

 

Тағдыр деген қандай қиын еді

 

Теледидар деген шіркін де төбеңнен жай түскендей етіп хабарлай салады екен.

Күні кеше қатар жүрген елге сыйлы ардақты азамат Ғалымжан бауырымыздың жол апатына ұшырап, бұл фәни дүниеден өтіпті деген суыт хабар елге жетті. Елу алты жасқа қараған шағы еді. Еліне берері әлі көп еді ініміздің. Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтына ректор болып келген кезінен бастап Ғалымжан өз ісінің білгірі, ынталы, өте тәрбиелі, қоғамдық өмірде де, азаматтық қарым-қатынаста да адалдықты, әділдікті қолдайтын, іскер де ойлы азамат екенін көрсете білген, беделді басшы болды.

Әсіресе, жастар тәрбиесінде қазақы ұлттық үрдісті, елдік, отаншылдық, бірлік, достық қағидаттарын насихаттаудың өнегелі үлгісін көрсете білген азамат еді. Ұлтымыздың тарихын, мәдени мұрасын зерттеп, жинауға, сол бағыттардағы істердің нәтижелі болуына үлкен жанашырлық танытты. Әсіресе, біздің халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық ұйымының жұмысына жанашырлық танытуы ерекше болды. Сондықтан өткен жылы «Қазақ тілі» қоғамы облыстық ұйымының төрағасы қызметіне бірауыздан сайланып еді. Бұл қызметінде де Ғалымжан үлкен абыройға ие болды.

Қош бол, бауырым!

Кемейдулла ТӨЛЕУБАЙҰЛЫ,

халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Президентінің кеңесшісі,

Ақтөбе облысының Құрметті азаматы. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button