Жаңалықтар

Терісаққанда шекара бекеті ашылды

Алты жыл бұрын Қобда ауданының орталығында ашылған әскери бөлімнің қазір Жиренқопа, Терісаққан, Ақырап ауылдық округтерінің аймағында үш бөлімшесі жұмыс істейді. Олар ауданның Ресеймен шекарадағы 300 шақырымға жуық аумағын бақылауға алып отыр. Өткен жұмада осында «Терісаққан» шекара бекеті ашылды.

Бұрын аудан аймағында болмаған бекеттің сән-салтанатын көруге, терісаққандықтардың қуанышын бөлісуге облыстан, аудан орталығынан қонақтар барды. Тұсаукесер рәсіміне Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі бас штабының бастығы генерал-майор Марат Мәжитов, облыс әкімінің орынбасары Александр Дубовенко, аудан әкімі Любовь Исмағамбетова қатысты.

– Тоғыз жыл бұрын біздің облыста шекара қызметінің «Батыс» аймақтық басқармасы ашылды, ізінше осы Терісаққанда 25 адамы бар шекара отряды құрылған болатын. Одан бері келісім-шарт арқылы шекарада қызмет ететін жігіттердің жағдайы біраз жақсарды – арнайы пункт ашылды, отбасылары үшін осындай тұрғын үйлермен қамтылған бекет салынды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша, облыста Терісаққан шекарашылары бірінші орынмен қоса көшпелі кубокқа ие болды. Бұл жерде біздің жігіттер өткен жылы 30 шекара бұзу оқиғасын анықтады, іздеуде жүрген Ауғанстан, Өзбекстан, Ресей азаматтарын, екі рет қару-жарақ тиеп өтпек болған топты құрықтады, Ресей жағынан бері өтіп, балық аулап жүрген заң бұзушыларды ұстады, – дейді Қобда шекара комендатурасының коменданты, майор Андрей Авдеев.

Жаңа ашылған шекара бекетінде әзірге 12 шекарашы бар, оның екеуі отбасыларын орналастырып үлгерді. Басшысы Ерік Ілиясовтың айтуынша, болашақта осы бекетте 35 әскери адам жұмыс істейтін болады. Сонымен қатар ауыл тұрғындарынан аспазшы, жатақхана комендантын, еден жуу, аула сыпыру, от жағу, т.б. жұмыстарға жұмысшылар алады.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі бас штабының бастығы генерал-майор Марат Мәжитовтің айтуынша, биыл республика бойынша 9 шекара бекеті ашылатын болса, соның төртеуі біздің облыста салынады.

Айгүл БАЙМЕНОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button