Мәдениет

«Туған жер — барлық ізгі ұғымдар синонимі»

Әдебиетте әр толқынның өз тағдыр-талайы, өз биігі бар.

Поэзияға 1990-жылдары келген, белгілі әдебиет сыншысы Зейнолла Серікқалиұлы «жыр намысы тапталған» деп таныған тұста қазақтың Киелі Жыр көшінің Үміті болған буын туралы әлі талай жазылар, айтылар…

Сол буынның бір талантты өкілі — Сәндібек Жұбаниязбен әңгімені оқырманға ұсынамыз.

Сөзді ақындардан — «Ақындар арасында кімдер жаныңызға жақын? Кімдерді іздеп оқисыз? Жастардан кімдер ұнайды?» — деген сауалдардан бастадық.

— Балалық шақтан уақыт сүзгісінен абыройлы өткен ақын-жазушылардың шығармаларын оқып өстік. Ата-анадан кейінгі тәрбиелеушілеріміздің бірі солар болды. Әлгі бір тәмсілде айтылатындай, туындылардың тұшымдысынан да, тұшымсызынан да сабақ алуға тырыстық. Жаттанды болса да айтайын, жақсы өлеңді жақсы көремін. Тіпті, кім жазғаны маңызды емес. Жақсы өлеңнің жырақтағы достың орнын басатын қасиеті бар. Көңіл олқысын тап басқан, жұғымды жырларды қайталап оқу көңілді марқайтады, кірбіңді ортайтады. Жаңа ғана ұнамай қалған өмірді қайтадан сүйе бастайсың. Тіршілік ағымында өнерімен ғана емес, жан-дүниесімен де жаныңа жақын адамдар кездесіп қалып жатады. Кейде, таныс-бейтаныс адамдармен жақынырақ араласудың да өзіндік әсері болады екен. Осы орайда жырларын қанша оқысам да жалықтырмаған Қадыр ағамның өнердегі “сыңары” Тұманбай ақын еске түседі. Ардақты ақынмен бірнеше жыл “Баспалар үйінің” еденін бірге сықырлатып жүрудің сәті бұйырды. Дәлізде бетпе-бет кездесіп қалғанда “Менің редакторым” деп еркелетіп өтетін ақынның, амандықтан кейін жырдың жайын сұрайтын қасиеті — Өлеңге деген шексіз махаббаты тәнті ететін. Әлдебір сыншы өлеңдерінен мін тапса табар, бірақ осынау шексіз махаббатынан кіршік кезіктіре аларына күмәндімін.

Кейде, күлімсіреушілер кеміген, кекірейгендер көбейген, есепсіз сүю ессіздікке баланған… дегендей сұрлау ұғымдар белең алған тұста, тұрмысқа бас имес тәкаппар, суықтықтан ада шырайлы өмір өлеңге өле ғашық сол ағалармен бірге кетіп қалғандай, көңілің қоңырайып-ақ қалатыны бар. Алайда, Зайда апамның поэзия әлеміне ғашықтығы, Күләш апамның өлеңі һәм өнердегі ұстанымы… ауыр ойдан тыңаюға бастап, жауыр оймен мұңаюға жол бермейді.

Құдайға шүкір, қазақтың өлең көші сәтті жалғасуда деп ойлататындай  жас ақындарға да әдебиетіміз кенде емес. Тұнық жыр адамның жанын тазартады. Сондықтан өлеңнің мөлдірлігі — автордың ғана емес, оқырманның да шаттығы. Індетіп жүріп оқымасам да, көзіме шалынса міндетті түрде шолатын ақын жастар баршылық. Тізбелесем, олардың бәрін бірдей қамти алмаспын деп қауіптенем. Дегенмен, академик ағамыздың “бұлардың бірін айтсаң, бәрін айту керек” деген пікірін әдейі ескермей айтар болсам, мәселен, Қазбек Құттымұратұлы, Бауыржан Қалиолла, Бақытжан Алдияр, Қайырбек Шағыр, Бауыржан Әліқожалардың жырлары көңіліме жылы леп сыйлайды. Дәурен мен Танакөздің аудармалары ұнайды.  Іні дос Бекжанның  (Әшірбаев)  кейде телефоннан, кейде агенттен жаңа өлеңдерін оқымасыңа қоймай, “оқытып” тұратыны бар. Бұлардың бәрі Өлеңге деген құштарлық отын үрлейді, — дейді Сәндібек ақын.

— Ал кейінгі жас қаламгерлер туындыларында көркемдік жағынан жаңалық жоқ деген пікірмен Сіз келісесіз бе?

— Жаңалық жоқ деп кесіп айтқан жөн болмас. Жекелей алғанда, тәп-тәуір дүниелерімен әдебиетке қызығушылықты оятуға ықпал етіп, соны туынды жасасуға ықыластылар жоқ емес. Мәселе санда емес, сапада десек, көркемдігі жоғары дүние аздау шығар, бірақ бар деушілердің қатарындамын.

Меніңше, әсіресе, поэзияда өсу бар. Әрине, өсудің ішіне көркемдік те кіреді. Ал прозада бұрынғылардың орнын кейінгілер әзірге баса алған жоқ деген пікірдемін.

 

Кітап арасынан сусып түскен Мейірім

 

— Алматы — ағалардың ортасы. Сол ағалар туралы естеліктермен бөліссеңіз… 

— 1995-тің қысы.  Журфактың ақырғы курсындамын. Аяқ астынан ауруханаға түсіп қалдым. Теңгенің екі жасқа келген кезі. Заман қатал, қоғам — балаң, пенде дәрменсіз шақ. Палатаға ешкімді кіргізбейді. Көңілімді сұрай келген  ұстазым Үмбетбай аға (Уайдин) бір кітап қалдырып кетіпті. Аурухана төсегінде сол кітапты парақтап жатқанмын, бір мезетте арасынан сусып 500 теңгелік түсті. Студент үшін үлкен ақша ғана емес, үлкен әкелік қамқорлық еді. Осы бір сәтте өзге де көңіл толқытарлық сан ойлармен бірге шалғайдағы ата-анам есіме түсіп, еріксіз көзіме жас үйірілген-ді…

2008-дің қысы. Қаңтар. Есенбай ағам (Дүйсенбаев)  “Жазушы” баспасына жұмысқа шақырды. Онсыз да, “қалыптан” шығармайтын әскери қызмет қолайыма жақпай жүрген.  Осылайша аға ұсынысымен, “жалақысы, соған сай жиналысы және шектеуі көп” қызметтен дәл осыған қарама-қарсы бағытты ұстанған баспаға келдім. Ағам екеуіміз бір бөлмеде қарама-қарсы отырамыз. Міндетім — қолжазбаны оқу, сараптау, пікір жазу. Жұмыс бөлмесіне ағамның күніне кем дегенде бір-екі танысы келеді. Көпшілігі — ақын-жазушылар. Бүгінге өткен шақты көшіріп, кезек-кезек ескі жылдарға сапар шегеді. Мен қолжазбамды оқып отырамын. Ағам ертең де күн барын ескертіп, мені тоқтатып тастайды: «көзіңді әлсін-әлсін демалдырып отыр»… «жылдам оқысаң қатені байқамайсың»… дейді. Бірде жұмыстан кешігуге тура келді. Әскердегі ғадетпен дереу ағама телефон шалдым. «Асықпай шаруаңды бітіріп кел, іздегенге бір жаққа жұмсап жібердім дермін» — деді. Бұл жағдай бұдан соң, әлбетте, қайталанды. Осылайша, аға қамқорлығындағы күндер жалғасып жатты… Жанға жылу сыйлап келген аяулы ағам да бүгінде сағынышқа айналды. Ал, сол бір “қыстар” менің жанымда мәңгі ыстық жаз боп қалған.

Қуанышты сіңіріп үлгергенше өкініші даяр тұратын, жолығу мен жоғалтудан құралған мендегі ғұмырдың қамқор жүректі ағаларға қатысты бір парасы осы.

 

Қылыштан емес, домбырадан жеңілген…

 

— Писарев : «Орыстың Рафаэлі болғанша,  орыстың етікшісі болған артық» деген екен. Ұлттың ұлт болып қалуы үшін…

— … оның тілі, өнері, салт-дәстүрі, мәдениеті мен әдебиеті айрықша орын алады. Бүгінгі жаһандану дәуірінде әрбір ұлт өзінің бет-бейнесін ұлттық ерекшеліктері арқылы ғана өзгелерге әйгілей алады. Өзіндік бет-бейнесі жоқ ұлтты ешкім де сыйламайды. Небір жанкешті ерліктер мен ғаламат жетістіктердің дүниеге келуіне өзін туған халықын шексіз сүюдің ықпалы болғандығы белгілі. Бір замандарда хандар жорыққа шығарда қарсылас елдің халқын ғана емес, оның даңқын да зерттепті. Басқаша айтқанда, жаулар халықтың қаруын ғана емес, ерлікке толы тарихын да ескерген. Рух бар жерде жеңіс те бар деп есептеген. Қылыштан емес, домбырадан сескенген. Шежіре сол үшін жазылып, мұражайға жәдігерлер сол үшін қойылыпты. Ханның да, қараның да, жазушының да, суретшінің де еңбегі өз халқына арналуымен өміршең.

— Сізді ерекше толғандыратын, ашындыратын жайттар?..

— Әлімсақтан белгілі қағида – халықтық өнер биік болуы үшін, өнер иелерінің жан-дүниесі кірлемеуі керек. Көпке топырақ шашқаным емес, көркемөнер саласында өнерді өзгеге рухани ләззат беруші күш деп емес, «мені асыраушы» деп қана түсінетіндер жетерлік.  Нарықтың алғашқы кезеңіндегі буын мұны заманның қиындығына жауып ақталатын. Қазір де сол “алдыңғы арба ізімен” жүргендер бар.

Бірде тәп-тәуір жұмысын тастап, қысқа мерзімдік оқуды бітіріп алғалы жүрген талапкердің мақсатын білсек, ойы — “гаишниктен оңай құтылатын жұлдызға” айналдыратын кәсіпті меңгеру екен… (Жұрттың бағына қарай, ол мақсатына жетпеді.)

Ал ондай мақсатқа жетіп жатқандар жоқ емес. Әдетте ондайлар “сананы тұрмыс билетінін”, “бұлбұлдың да жемсауы барын” алға тартады. Олар үшін өнер тек асыраса болды, өзгеге ләззат сыйлау маңызды емес. Соның салдарынан әнінен гөрі жүзі таныс әнші мен сазгер, өлеңінен “есімі” озған ақын, салған үйінің өткізгенше ғана құламауын тілейтін құрылысшы… дегендей “ісі сұйық, түсі суық” маңғаздар көбейді.

Әйткенмен, адымы тар келеңсіздіктер өткен шаққа айналуда. Арзан жылтыр мен қымбат қоңыр електен өтіп, сұрыпталуда. Алдағы уақыттарда өнерді түсінбей табынатын қарақұрым көптің қатары азая берсе дейсің.

— Сіз үшін — туған жер ұғымы?..

— Әрине, шет ел асып кеткен ештеңем жоқ. Бірақ туған жерімнен  алысырақта жүрмін.  Осы тұрғыда маған емес, сауалға қатысты, Қадыр ақынның бір өлеңі есіме түсіп тұрғаны: “Жақсы жазсам деп әркім-ақ тырбаңдар, бірақ сені жаза алмауда бір мән бар, мұнараны тұтас көре алмайды – мұнараның дәл түбінде тұрғандар, тірлік болса алыстап бір барармын, тірлік болса биіктеп бір қарармын.” Әрине, арман қуып ауылдан ұзап шыққан ақын сөзінде тұрды. Өз басым, ақын биіктікпен қоса сағынышты айтқысы келді деп түсінемін. Өйткені, қимасыңнан жырақтаған сайын аңсау сезімі күшейері хақ. Кейде: “Ауылға қайтам, Алматы мүлде шаршатты…” дейтін сәттер бізде де болып тұрады. Бірақ Жұматай ақын айтқандай: “Ақындық деген жалғыздық, Бәрібір қайда жүрсең де…”. Ал, тікелей сұраққа көшсек, араға айлар, жылдар салып келетіндіктен, мен туған жердің өзінде жүргенде де, сағынышқа бөленіп жүремін. Мен үшін, өмірдегі барлық ізгі ұғымға “туған жер” синоним болуға лайықты…

 

Сөз киесі

 

— Өз шығармашылығыңызға көшсек: неге сирек көрінесіз?

— Бәлкім, “шабыты жиі тасымайтындардың” санатынанмын. Әйтпесе, жазғанымды архивінде сарғайтты дейтіндей, ешбір басылымға өкпе-назым жоқ. Енді бір себебі… Тағы бірде, өз түсінігімде, сөзі тірі, өзі ірі ақын ағам кітабына қолтаңба  алғанымда “…Сөз құдайы жебеп жүрсін” деген тілек жазған еді. Осыған, яғни Сөздің киесі барына сендім. Судың сұрауы — өз алдына, сөздің де сұрауы бар деп білдім.  Содан келіп, белгілі өлең жолын өзгертіп айтсар болсақ, қалам ұстаған сәтте: “Том-том жазып тоғыз сөз қалдырмаған, әлдекімнің тағдыры бұйырмасын” деген ой да көлеңдейтін. Бұлай ойлаудың дұрыс еместігін айтатындар табылар. Кім біліпті?! Бірақ осымен тоқтатайын.

Менің де жақсы көретін авторларым сирек жазуға көшті. Неге екен? Адамға жабыққанда өлең демеу болған. Жүрегін жұбатып, жігерін қамшылаған.

Мен баспа қызметкерімін. Құны ештеңемен өлшенбес кітаптың бүгінгі мүшкіл хал-күйіне куә болып жүрмін. Қоғаммен бірге сана да өзгеріп, құндылықтардың  бағасы түсуде. Қалам ұстағандар емес, мәселен, “доп ойнағандар озуда”. Қаламақы – қазіргі баспалардың мызғымас мұңтауына айналды. Одан  өзге де “уайымдары” жетерлік. Сауалдан ауытқып, мұны айтып отырған себебім, мен өлеңін ұнататын ақындардың жаңа жыр  жинағын біздің баспа да күтуде… Есесіне, өзгелер маза бермейді…

 Әңгімелескен Индира ӨТЕМІС.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button