Спорт

Ринат пен Герман чемпион атанды

Шілденің 14-17-сі аралығында Ташкентте каратэ-додан Азия біріншілігі өтті. 28 мемлекеттен 672 спортшы қатысқан чемпионатта Қазақстан құрамасы Жапония мен Ираннан кейінгі үшінші орынды иемденді. Құраманың бұл жетістігіне ақтөбеліктердің қосқан үлесі зор.

Азия біріншілігі ересектер ғана емес, сондай-ақ, 16-17 жастағы жасөспірімдер арасында өткізілген. Екі құрама сапында 4 ақтөбелік өнер көрсетті: Ринат Сағындықов (67 кг), Андрей Ақтауов (55 кг) және жасөспірімдер сапында — Жомарт Шатаев (68 кг) пен Герман Косянко (+76 кг). Олардың арасында Ринат Сағындықов пен Герман Косянко елге чемпион болып оралды.

Жүлдеге ілікпеді демесек, Андрей мен Жомарт та көштің соңында қалмапты. Қазақстан чемпионы Андрей Ақтауов, жарыс қорытындысы бойынша,  7-орынға табан тіресе, Жомарт Шатаевтың көрсеткіші — 5-орын.

Ринаттың есімі қазақстандықтарға жақсы таныс. 2010 жылы Гуанджоуда өткен XVI Азия ойындарында да ол чемпион атанған болатын.

Жалпы, каратэ-до өңірімізде жақсы дамыған спорт түрлерінің бірі болып табылады. 1994 жылы жерлесіміз Әшім Қали осы спорт түрінен әлем чемпионы атанған еді.

Жерлестерімізді құттықтай отырып, оларға жаңа жеңістер тілейміз.

 Өз тілшіміз.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button