Басты жаңалықтар

Әлемдегі ең озық зауыт Ақтөбеде салынуда

Металлургтердің кәсіптік мерекесі алдында ENRC тобының құрамына кіретін «Қазхром» ТҰК» акционерлік қоғамы  бұқаралық ақпарат құралдары үшін тур ұйымдастырды. Оған еліміздің және Ресейдің хром өндірісімен айналысатын өңірлерінен журналистер келді. Алғашқы кезекте бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері Ақтөбеде болып, қаладағы ферроқорытпа зауытының, Дөң тау-кен байыту комбинатының жұмысымен танысты. Осы саланың жаңалықтарына ден қойды.

«Қазхром» ферроқорытпа өндірісі және сапасы бойынша әлемдік көшбасшы болып табылады. Оның құрамына төрт құрылымдық филиал-бөлімше кіреді: Дөң кен байыту комбинаты (Ақтөбе облысы, Хромтау қаласы), «Казмарганец» кен басқармасы (Қарағанды облысы), Ақсу (Павлодар облысы) және Ақтөбе ферроқорытпа зауыты (Ақтөбе облысы).

Хром және марганец кенін өндіру, ферроқорытпа өндірісі — аталған өндірістің қызметінің негізгі бағыттары. Журналистердің басты мақсаты әлемдік деңгейдегі ірі өндірістің соңғы жаңалықтарын көру, бағамдау еді. Сондықтан да Ақтөбедегі іссапардың бірінші нысаны — жаңа ферроқорытпа зауыты құрылысының алаңы болды. Бұл құрылыс «Қазхром» ТҰК» акционерлік қоғамының жаңарту және техникалық даму бағдарламасына сәйкес жүргізілуде. Аталған жоба Қазақстанның мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына кіреді және «Қазхром» ТҰК» акционерлік қоғамы жоғары көміртекті феррохром өндірісін ұлғайту жөніндегі стратегиясы аясында жүзеге асырылуда.

Байырғы зауыттың терістік бетіндегі  құрылыс алаңында салынып жатқан ферроқорытпа зауытының 4-балқыту цехының құрылыс жобасының жүзеге асырылу барысымен Ақтөбе ферроқорытпа зауыты директорының орынбасары Әкімжан Бишинов таныстырды. Аумағы ат шаптырым болатын құрылыс алаңындағы қарқынды жұмыстарға шілденің ми қайнатқан аптап ыстығы да бөгет жасамай  тұрғанын көрдік. Битум құймалар мен металл тірек қабырғалардан тұратын зауыттың қаңқасы қазірдің өзінде толық орнап болғандай. Мұнаралы крандар жоғары қабаттарға материалдар жеткізіп, өрлетіп барады. Ыстықтан жердің өзі қайнап тұрғанда, шырқау биікте темір құрастырмалардың үстінде құрылысшылардың қалай еңбек етіп жүргеніне қайран қаласың!

— Қазіргі кезде жалпы құрылыстың металл құрастырмаларын монтаждау жұмыстары жүріп жатыр. Мынау — зауыттың ең негізгі балқыту корпусы. Мұнан басқа осындай 10  корпус салынады, — дейді құрылыс жобасының басқарушысы. Құрылысқа қажетті барлық материалдар, зауытқа кіретін құрал-жабдықтар зауыт шарбағына түгел тасып жеткізілген, іргеде тұр.

Жаңа зауыт құрылысын жүргізуші басшылардың бізге берген мәліметтеріне қарағанда, әлемдегі ферро қорытатын ең үздік зауыт осы жерде болады. Жаңа зауыт құрамына жылына қуаттылығы 440 мың тонна жоғары көміртекті феррохромды құрайтын заманауи үздіксіз токты төрт пеш кіреді. Құрылыстың жалпы құны 750 млн. АҚШ долларына тең. Осындай дәуірлік маңызы бар ірі құрылыс алдағы 2013 жылы аяқталады деп жоспарланып отыр.

Цех құрылысы мен оны пайдалануға беру хром өндіруді ұлғайтады, сейілткіш газдар мен шикіқұрамды жылыту арқылы тұрақтандырғыштардың шығынын төмендетеді. Сонымен қатар, бұл кешенді шара электр қуаты шығыны мен түзілетін шаңның көлемін де азайтады. Сондай-ақ ферроқорытпа өндірісі барысында түзілетін ағымдағы қожды толықтай кәдеге асыруға мүмкіндік береді.

Әлемдік ең озық технологиялардан тұратын заманауи балқыту пештерін орнату қоршаған ортаның жай-күйін айтарлықтай жақсартады. Өндірістегі қауіпсіздікті арттыруға мүмкіндік береді. Көптеген негізгі процестердің жетілдірілген тетігі зауыт жұмыскерлерінің жүктемесін айтарлықтай жеңілдетеді, өз кезегінде өндірістік жарақаттану қатерін төмендетеді. Сонымен бірге, жаңа өнеркәсіптік нысанда таза жұмыс орны қамтамасыз етілген. Себебі соған жағдай жасайтын бейорганикалық лақтырындыларды жинаудың тиімді әдісі қолданылады.

Директордың орынбасарының атап көрсеткеніндей, заманауи өндіріс өзіндік ұстанымы бар, білімді де білікті жаңа буын мамандарды қажет етуде. Әрине, ондай кадр ешқайдан келмейді. Кәсіпорында жұмыс істейтін ортадан іріктеліп, оқытылып, қайта даярлануда.

Арада жыл өткенде ақтөбеліктер Қазақстанның мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына кіретін ірі жобаның — жаңа зауыттың игілігін анық сезінетін болады. Өйткені ол — мыңдаған жаңа жұмыс орны деген сөз.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button