Басты жаңалықтар

Заңсыз саудаға тыйым салынды

Жабайы саудамен айналысатындар 5 АЕК көлемінде айыппұл төлейді

Жақында Ақтөбе қалалық кәсіпкерлік бөлімінің ұйымдастыруымен Орталық базар маңындағы заңсыз сауда жасайтын саудагерлерге тексеру жүргізілді. Уәлиханов пен Ахтанов көшелерінің бойында сауда жасайтын саудагерлерге қала тұрғындары да, Орталық базардағы сатушылар да наразы. Саудагерлердің заңға қайшы әрекеттерін жергілікті билік өкілдері де құптамайды. Бұдан былай оларға 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Яғни, жабайы саудамен айналысқан адам 8090 теңге айыппұл төлейді.

Қалалық кәсіпкерлік бөлімінің бастығы Анар Даржанованың айтуынша, Орталық базар маңында, әсіресе, Ахтанов, Уәлиханов көшелерінің бойында заңсыз саудамен айналысушылар өте көп.

Біз бүгін тексеру жұмысын осы маңнан бастауымыздың себебі содан. Мұнда сенбі, жексенбі күні саудагерлер тіпті көп болады. Орталық базар маңында халық өте көп жүреді. Базарға теміржол вокзалы жақын орналасқан. Ауылдардан, басқа қалалардан келушілердің көпшілігі Орталық базарға соқпай кетпейді. Сондықтан да мұнда сауда жасау — саудагерлер үшін тиімді, қолайлы. Табыс көп. Дегенмен, олар заңсыз әрекет жасап отыр. Заң бойынша, арнайы белгіленбеген орында сауда жасауға болмайды. Сол себепті талап пен тәртіпті орындамаған саудагерлерді әкімшілік жауапқа тартуға тура келеді. Олардың әрқайсысына 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл саламыз, — дейді кәсіпкерлік бөлімінің бастығы.

Көкөніс, жеміс-жидек сатушылар үшін «Арай» сауда орталығы мен «Табыс» коммуналдық базарында бос орындар бар. Ахтанов көшесінің бойында да арнайы сауда сөрелері орнатылған.

Қазірдің өзінде мұнда 12 сауда сөресі бар. Жақында 18-і орнатылатын болады. Онда тек қана жеміс-жидек, көкөніс сатылуы тиіс. Заң бойынша, басқа тауар түрлері далада, көшеде сатылмайды

Дегенмен, саудагерлер сауда жасау үшін арнайы белгіленген орындарда сауда жасағысы келмейді. Салық төлеуден қашады.

Бұл адамдар жұмыс жасауға қабілетті. Сондықтан оларды арнайы курстарда  оқытып, кәсіпкерліктің өнім өндіретін түрлеріне тартқымыз келеді. Бірақ олар сауда жасап, күн сайын ақша тапқанды қолайлы көреді.

Заң бойынша егер сауда орындары бос болмаған жағдайда, жергілікті әкімдік ыңғайластырылған сауда орындарын қарастырады. Дегенмен, сауда орындарында, дүкендерде бос орындар жеткілікті. Мысалы, осы Орталық базардың маңында 90-ға жуық сауда орны, кәсіпкерлік нысаны бар. Яғни, көшеде тауарларды жайып қойып сатуға ешқандай негіз жоқ.

Бұл көшелердің бойында сауда жасап тұрғандар біздің қаламыздың тұрғындары емес. Басқа облыстың тұрғындары көп. Тіпті, Өзбекстан, Қарақалпақстаннан келіп сауда жасайтындар да бар.

Жайма базарда сатылатын тауарлар да әртүрлі. Мұнда малдың ішек-қарны, салат, сүт өнімдері, киім, тағы басқа көптеген тауар сатылады, — дейді Анар Даржанова.

Жұмагүл  АМАНҒОСОВА, «Апельсин» дүкенінің сатушысы:

— Мен — Орталық базардағы «Апельсин» дүкенінің сатушысымын. Сөздің шыны керек, базар маңында заңсыз саудамен айналысатындар бізге көп кедергі келтіріп жатыр. Солардың кесірінен сауда жүрмейді.

Біз заң талаптарының барлығын орындаймыз: салықты төлейміз, жеміс-жидек, көкөністерді арнайы тексертуден өткіземіз, өзіміз де тоқсан сайын медициналық тексеруден өтеміз. Барлық өнімдеріміз тап-таза. Сатушылардың бәрі тұтынушыларға жоғары сапалы қызмет көрсетеді. Сатқан өнімізге байланысты қандайда бір шағым айып келушілер болса, бізді дүкеннен таба алады. Тіпті, базар әкімшілігіне барып, басшыларға арыздануларына болады. Ал жабайы саудамен айналысқандарды табу қиын.

Бізде баға да қымбат емес. Соның өзінде тұтынушылардың көпшілігі көшедегі өнімдерді  алуға әуес. Тұтынушылардың талғамына таң қаламын. Шаң-шаң, шыбын-шіркей қонған, лас өнімдерді қалай алады?

Менің білуімше, жайма базардағы саудагерлер өнімді сәл арзанға сатқанмен, есесіне таразыдан «жейді». Ал бізде — электронды таразы. Тұтынушылар сатып алған өнімнің салмағына күмәнданса, бақылау таразысына салып та өлшеулеріне болады.

Қорытып айтқанда, заңсыз сауда жасайтын саудагерлер жауапқа тартылса екен.

Михаил Рудаков, облыстық ішкі істер департаменті ардагерлер кеңесінің төрағасы:

— Заңсыз сауда жасайтындарға шара қолдану керек. Әйтпесе, қаланың сәнін кетірді. Тауарларды газет, пакеттерге жайып қойып көшенің бойында отырып алады. Олардың сатқан тауарлары, өнімдері сапалы емес. Тазалық талаптарына да сай келмейді. Сенбі, жексенбі күндері бұл маңда аяқ алып жүру мүмкін емес. Тіпті, көлікті көшенің қақ ортасына қойып, сауда жасайтындар да жетеді. Олардың бәрін тәртіпке шақырған дұрыс.

Мұнда сауда жасайтындардың дені — сырттан келген, өзге облыстың тұрғындары. Әрине, қалаға жақын аудандардан келіп сүт өнімдерін сатушылар да бар. Бірақ олар таңертең ерте келіп, көп дегенде 2 сағатта әкелген өнімдерін сатып үлгереді. Олардың тұрақты тұтынушылары бар.

Г.БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button