Спорт

Дүбірлі додаға санаулы күн қалды

Олимпиада дүбірі күн санап жақындап келеді. 27 шілде күні Лондон төрінде ХХХ жазғы Олимпиада ойындарының алауы тұтанады. Осынау байрақты бәсекеде біздің елдің 115 спортшысы бақ сынайды. Ел намысын қорғайтын саңлақтарымызға сәттілік тілеп, дүбірлі додаға қатысты интернет материалдарын көз сүзгісінен өткізген едік…

Бағы жанған Лондон

2012 жылғы Олимпиада ойындарын өткізуге тоғыз қаладан тапсырыс түскен: Гавана, Стамбул, Лейпциг, Лондон, Мадрид, Мәскеу, Нью-Йорк, Париж және Рио-де-Жанейро. Халықаралық Олимпиада комитеті 2005 жылғы 6 шілдеде соңғы таңдауын жасап, Лондонға тоқтағаны белгілі.

Лондон — әлем тарихында Олимпиада ойындарын үшінші рет қабылдап отырған алғашқы қала. Бұған дейін мұнда 1908 жылы және 1948 жылы Олимпиада өтті.

Бұл жолы жеңімпаздарға берілетін әр медаль салмағы — 375-400 грамм аралығында. Диаметрі — 85 мм. Барлығы 2100-ге жуық медаль шығарылады.

Өткен Олимпиада ойындарымен салыстырғанда, бұл жолғы бағдарламада өзгерістер бар. Бағдарламадан бейсбол және софтбол шығарылып тасталды; үш салмақ дәрежесі бойынша әйелдер боксы енгізілді; т.б.

Ағылшындар «спортшылардың демалуына жағдай жасау мақсатында Олимпиаданың ашылу салтанатын да ұзаққа созбаймыз, шағын да қызықты етіп дайындаймыз», — деп отыр.

Қазір Олимпиаданың ашылу салтанаты мен Олимпиада қалашығындағы қарсы алу рәсімдеріне қатысушылар өздерінің соңғы дайындықтарын жасауда. Спортшыларды қарсы алу Ұлыбританияның Ұлттық Жастар Театрының 70-тен астам мүшесіне тапсырылған. Бұл маңызды шарада әртүрлі акробатикалық көріністер және ән мен би көп болмақ. Олимпиаданың ашылу салтанатындағы сахналық көріністер негізінен спорт ойындары тақырыбымен байланысты болады. Мәселен олардың бір тобы алтын түсті велосипедтер теуіп шығады.

Жалпы Лондонға 200-ден астам Олимпиада ойындарының делегациясы және 170-тей Параолимпиада ойындарына қатысушы топтар барады. Оларға арналған шаралардың 100-ге жуығы Олимпиада қалашығында өтеді.

Қазақстан туын Нұрмахан ұстап шығады

3 шілдеде Қазақстан құрамасының үздіктері «Дәулет» спорт кешенінде сап түзеп, жанкүйерлер алдында ант қабылдады.

Әуелі еліміздің көк туын желбіреткен ұландар шығып, әнұран шырқалды. Мемлекеттің туы мен әнұраны тек екі жағдайда ғана ойналатынын ескерсек, мұндай шараның әсері күшті болғаны анық. Кешенді лық толтырған жанкүйерлер медальдан үміткер жүйріктерге қолдау білдіріп, қошемет көрсетті. Олимпиаданың ақ туын Ермахан бастаған ардагер олимпиадашылар алып шығып, ізбасарларына табыстады. Серік секілді серкелерге сенім артқан қазақ елі тұлпар үстінде желбіреген көк туды көрді. Енді сол ту Лондонда бірнеше мәрте көкте желбіресе екен деп тілейік. Төртжылдықтың басты додасы алдында қалың елдің қолдауына ие болған саңлақтар салтанатты түрде ант берді. Қазақстан туын Лондонда ұстап шығатын грек-рим палуаны Нұрмахан Тінәлиев ұлттық құрама атынан арнайы жазылған ант сөзді оқып шықты. Аламан алдында жауапкершілік жүгі қаншалықты екенін сезінген спортшы қауым, ел сенімін ақтауға бар күшімізді саламыз деді.

Біздің елден 115 спортшы барады

ХХХ жазғы Олимпиада ойындарында әлемнің түкпір-түкпірінен 12500 спортшы бағын сынайды.

Жазғы Олимпиада ойындарының ресми әнұраны «Muse» тобының «Survival» әні болмақ. 40 мың адам ойын барысында қауіпсіздікке жауап беретін болады. Олардың 13 мыңы полиция қызметкері болса, 17 мыңы әскери адамдар. 31 спорт түрінен 302 медаль сарапқа салынады. Қазақ елінен спорттың 25 түрінен 115 спортшы барады. Олардың 69-ы ерлер болса, 46-сы нәзік жандылар.

Екі спортшы, бір төреші — ақтөбелік

Лондондағы Олимпиада ойындарына баратын Қазақстан құрамасы сапында біздің Ақтөбеден төрт адам бар.

Олар — облыстық туризм, спорт және дене шынықтыру басқармасының бастығы Асылбек Құлмағамбетов, бокстан халықаралық дәрежедегі төреші Рахымжан Рысбаев және екі спортшымыз — Фархад Харки мен Александр Тарабрин.

Қазақстаннан зілтемір көтеретін 8 саңлақтың бірі — ақтөбелік Фархад Харки. Ол — халықаралық деңгейдегі спорт шебері. Әрі ауыр атлетикадан Қазақстан чемпионы. Фархадтың ендігі мақсаты — ел үмітін ақтау. Жерлестері оның көк Туды желбіретіп ораларына күмән келтірмейді.

Жастайынан спортқа жаны құштар Фархад Талдықорған қаласында өткен ел біріншілігінде өзінің мықтылығын мойындатты. Ең жоғары нәтиже көрсетті. Жұлқа көтеруде – 137 келіні көтерді. Ал, сығымдап көтеру  қорытындысы бойынша 180 келіні еңсерді. Қос сайыстағы қорытынды —  317 келі.

Фархад Харки:

— Ақтөбенің атынан Лондон Олимпиадасына қатысқалы отырмын. Маған қолдау көрсетіп, үміт артып отырған адамдарды жерге қаратпай, алтын медаль алуға күш саламын, — дейді.

Фархад Қытайда туып-өскен. Ұлты — дүнген, діні — мұсылман. Ол біздің елдің туын тұманды Альбионда желбіретсе, жеңісін Ақтөбе облысының 80 жылдығына тарту етпек.

Лондонға баратын біздің елдің құрама командасында тағы бір ақтөбелік бар. Ол — суда жүзудің шебері Александр Тарабрин.

Александр Трабрин Ресейдің Астрахань облысында туған. Ол 2010 жылы күзде Олимпиада резервін даярлау орта­лы­ғымен интернет арқылы байланысқа шығып, сол кезден бастап осында жатты­ғып жүрген көрінеді. Оның жаттық­ты­ру­шысы Азамат Сарбасовтың мәлімдеуін­ше, осы  уақыттан бері  50, 100 және 200 метрге жүзуден ел рекордын бірнеше рет жаңартыпты. Павлодарда өткен Қазақстан Президентінің Кубогы жолындағы жарыс­та 100 метр, ал Қазақстан құрамасы сапында 4х100 метр қашықтықта эстафе­та­лық шалқалап жүзуден лицензия құқын бекітті.  А.Трабрин 200 метр қашықтықта  олимпиадалық нормативті орындады.

100 метрлік қашықтықта Лондон Олимпиадасында жартылай финалға шығу үлкен жетістік болар еді, —  дейді Александр Трабрин­нің жаттық­тыру­шысы Азамат Сарбасов.

Бұрынғы ресейлік Александр Қазақстан азаматтығын биыл ғана қабылдады. Енді халықаралық дәрежедегі спорт шебері Олимпиада ойындарында біздің елдің намысын қорғамақ.

Чемпиондар қанша ақша алады?

Отызыншы олимпиада қарсаңында әр ел жеңімпаз спортшыларына қанша сыйақы беретінін жариялай бастады.

Қазақстан осы Олимпиадада алтын медаль алған спортшыға 250 мың доллар, күміс алғанға 150 мың доллар, қола медаль алған спортшыға 75 мың доллар сыйақы берілетінін мәлімдеді.
Gazeta.ru агенттігінің хабарлауынша, Ресейде алтын медаль алған спортшының сыйақы көлемі Бейжің олимпиадасымен салыстырғанда 30 мың долларға өскен (128 мың доллар немесе 100 мың еуро). Күміс және қола жүлдеге ие болғандар тиісінше 82 мың және 56 мың доллар (яғни 60 мың және 40 мың еуро) алады.
Беларусь үкіметінің тағайындаған сыйақысы да дәл осы көлемде.  Моjazarplata.com.uа экономикалық порталының мәліметіне қарағанда, Украинада сыйақы мөлшері Бейжің ойындары кезіндегімен бірдей: алтынға — 85 мың доллар, күміске — 62 мың доллар, қолаға — 41 мың доллар.

Ал Тәжікстан чемпиондарға  62 мың доллар тағайындап отыр. Күміс (52 мың доллар) пен қола (42 мың доллар) алғандар да құр алақан қалмайды.

«Мир» телеарнасының хабарлауынша, Қырғызстан үкіметі алтын алған спортшыға 150 мың доллар бермек.

Reuters ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Хорватия елі алтын медаль әкелген

​​атлетке 27 мың 500 еуро (35 мың долларға тең), күміске — 17 мың 500 еуро (22 мың доллар), қола алған спортшыға 12 мың еуро (15 мың доллар) ұстатады.
Болгарияда сыйақы мөлшері Хорватияға қарағанда көп: алтын — 102 мың 500 еуро (130 мың доллар), күміс — 82 мың 100 еуро (104 мың доллар), қола — 71 мың 800 еуроға (91 мың долларға тең) «бағаланған».
Литва жеңіске жеткен спортшыға 116 мың еуро (147 мың доллар) бермек. Екінші орын алғандар 72 мың 500 еуро (92 мың доллар), ал қола жүлдегер атанғандар 43 мың 500 еуро (55 мың долар) алады.
Чехияның сыйақы мөлшері Литвадан аз. Чех елі олимпиададан алтын әкелген атлетке 75 мың еуро (95 мың доллар) дайындап отыр. Ал күміс пен қола жүлдені иеленгендердің сыйы екі есе аз — 37 мың 500 (48 мың доллар) және 22 мың 500 еуро (28 мың долларға тең).
Италия алтын әкелген спортшыға 140 мың еуро (178 мың доллар), күміс жүлдегерге 75 мың еуро (95 мың доллар), қола алған адамға 40 мың еуро (51 мың долларға тең) бермек.
Ал The Telegraph басылымының хабарлауынша, Франция чемпионға — 66 мың, Қытай — 55 мың,  Жапония — 36 мың, Оңтүстік Корея — 35 мың,  Австралия мен Германия — 19 мың АҚШ долларын тең сыйақы тағайындапты.
АҚШ-та Олимпиада чемпиондарына берілер сыйақы көлемі 18 жылдан бері 25 мың доллар күйінде өзгермей келеді.
Швеция мен Норвегияда Олимпиада жүлде алған спортшыларға ақша берілмейді. Есесіне чемпиондар құрметіне елдегі географиялық аймақтарды атайды. Жеңімпаздарға демеушілер сыйлық беруі мүмкін. Ал Солтүстік Кореяда жеңімпаздарды арнайы мемлекеттік наградамен марапаттайды. Ұлыбритания да жүлдегерлерге сыйақы тағайындамайды.

Тәуелсіздік алғаннан бергі уақытта біздің спортшыларымыз Олимпиада ойындарында 45 медаль иемденген, оның ішінде 10 алтын, 19 күміс және 16 қола жүлдеге қол жеткізіпті. Олимпиадада Қазақстан қоржынына бұйырған он алтынның бесеуі — боксшыларымыздың еншісінде. Тағы бір дерек: осы он Олимпиада чемпионының төртеуі — қазақ және олардың төртеуі де — боксшылар.

Интернет материалдары бойынша әзірлеген Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button