«Жаман түйе жабуын жейді»

«Ақтөбе» газетінің биылғы жылғы 21 маусымдағы санында Кемейдулла Төлеубайұлының «Мұныңыз қалай, Жұманазар бауырым, досыңызды мадақтау ма, әлде?..» деген мақаласы жарияланған болатын. Онда айтылған жайлар көзі қарақты оқырман қауымның жадында болар.
Қысқаша айта кететін болсақ, Кемейдулла Төлеубайұлы «Ақтөбе» газетінде 2012 жылғы 12 сәуірде жарияланған «Азамат» деген мақаланың авторы Жұма-Назар Асанның пайымдауларымен келіспейтіндігін білдірген еді. Сөз түйінін «…шындық пен үйлеспейтін нәрселерді, істелмеген істерді, болмаған жағдайларды «істелді», «болды» деу халықты адастыру, ондай істерді істеген адамдар үшін қиянат, біреулерге жалған абырой әперуге тырысу азаматтық адалдыққа қайшы, ел алдындағы ар-ұят деген қасиетті ұғымдармен жараспайды» деп тұжырымдаған осы хатқа байланысты жақында редакциямызға Жұма-Назар Асаннан және оның «Азамат» деп аталатын мақаласының кейіпкері Бердібай Кемалдан қарсы пікірлер келіп түсті.
«Бұқаралық ақпарат құралдары» туралы Заң талабына сәйкес осы хаттарды жариялай отырып, мәселенің мәнісі екі жақ тарапынан да шегіне жеткізе айтылды, осымен бұл әңгімеге нүкте қойылар деп есептейміз.
«Ақтөбе» газетінің 21 маусым 2012 жылғы санында Кемейдулла Төлеубайұлының «Мұныңыз қалай, Жұманазар бауырым, досыңызды мадақтау ма, әлде?…» деген, бізді сынаған мақаласын оқып аң-таң қалдық. Сөкет дүние екен. Ағамыз «Мен сөйттім, мен бүйттім» дей беріпті, бастан-аяқ «ал, ал» деп қойып, өзін дәріптепті. Қазақ «Өзін-өзі мақтаған — өлімнің қара басы» дейтін еді.
Мөңке бидің жетінші ұрпағы журналист Бердібай Кемалды 50 жылдық мерейтойында мақтадың деп жоқ жерден дау шығарыпты. Құдай-а, тәубә, «Дауды жастың жайсаңы, кәрінің шайтаны даулайды» деп тағы да айтқан біз емес, әлгі Қазақ…
Ағамыз «Бәрін жалғыз өзім істедім» дегеніне еш пенде сенбейтінін ескермепті, Ақтөбедегі Мөңке би ескерткіші көптің күшімен қойылғанын, одан соңғы шаруалардың да жалғыз Кемейдулланың еншісінде қалмағанын аз да болса аңғаруы керек еді. Аңғармапты. Ескерткіштің халық ақшасына жасалғанын, «Мөңке би мейрімділік қорының» төрағасы Болат Тәмпеновтің, 2006 жылы Мөңке би аулында өткен дүбірлі шараның бас ұйымдастырушысы болған Есенғали Жүгіністің игілікті істерін көп «менінің» арасына ең болмағанда елеусіздеу жаза салғанында дұрыс болатын еді. Өйтпепті. Өзін мадақтап лағып кетіпті.
Ал әділіне жүгінсек Ақтөбедегі Мөңке би атындағы көше атауын алуды ұйымдастырған — Бердібай. Көше сұралған өтінішке белгілі-белгілі азаматтар құптап қолдарын қойғанда, осы күнгі «белгілі мөңкетанушы» К.Төлеубайұлы қол қоюдан бас тартқан. Маған «Сенген серкем сөйтті» деген еді Бердібай. Ағамыз аталған мақаласында бастан-аяқ өзінің істеген ісін баяндаған соң, әділдікті сақтап, мұнысын да айта кеткен жөн еді. Қол қоймағанын. Айта қоймапты.
Бұл — бір, екіншіден, Кемейдулла бар шаруаны өзім тындырдым дегенімен, облыс әкімінің рұқсатын ала алмады. Әкімнің рұқсатынсыз ештеңе шешілмейтіні ересек адам түгілі балаға аян. 2002 жылы 1 тамыз күні сағат 15:00-де сол кездегі облыстың мәслихат хатшысы, досы Қасымжан Байсадақовты әкім Е.Имантаевқа кіргізіп рұқсатын алып, қолын қойғызған — Бердібай. Мұны 14 мамыр 2012 жылы 200 адамның алдында Қасымжан мақтанышпен тағы қайталап айтқан еді.
Мөңке би туралы деректерді тірнектеп жинап Мұхтар Құл-Мұхаммедке жіберген — тағы да Бердібай. Белгілі журналист Нұрмұханбет Дияровтан беріп жіберген-ді, университет бітіргендерінің 20 жылдық тойында. М.Құл-Мұхаммед — Дияровтың 5 жыл бірге оқыған курстасы, сыйлас досы. Мөңкенің ескерткішінің ашылу салтанатына келгенде Мұхтардың К.Төлеубайұлының емес, құшақтап Нұрмұханбеттің бетінен сүйіп жүргені содан.
Ағамыз мені өтірікші қылмастан бұрын Қасымжан Байсадақовтан, Нұрмұханбет Дияровтан ақиқатын сұрап біліп алуы керек еді, екеуі де тірі және алыста емес, осы Ақтөбеде.
Ал К.Төлеубайұлының «8 жыл бойы жазған кітабына» келсек, оның ішіндегі жарым дүние Бердібай Кемалдікі, кітаптағы «Кіші және Орта жүз билері мен батырларының Елизавета патшайымға хаты» (22-бет), «Ахмет Байтұрсынов — Мүңке би» (26-бет), «Мәшһүр Жүсіп Көпеев — Ноғайлыдан шыққан Мөңке бидің тақпақтап айтқан сөзі» (30-бет), «Жұбанов Ахмет Қуанұлы — Сары» (35-бет), «Әбіш Кекілбаев — Елең-алаң» (37-бет), «Серғали Толыбеков, Балқы Базар Оңдасұлы — Қазақ шежіресі» (40-бет), «М.М.Тілеужанов — Сырым Датұлы және оның шешендік сөздері» (47-бет), «Балтабай Адамбаев — Шешендік сөздер» (49-бет), «Шәмшадин Керімов — Ақырзаман болғанда» (53-бет), «Кәкішев Тұрсынбек — Мөңке би» (56-бет), «Нұржан Наушабаев — Шекті Мөңке би сөзі» (58-бет), «Авторлар ұжымы — Мөңке би» (62-бет), «Негимов Серік — Шешендік өнер» (65-бет), «Бауыржан Омарұлы – Зар заман поэзиясы» (92-бет) (Қараңыз: Кемейдулла Төлеубайұлы. Шекті Мөңке би Тілеуұлы. — Ақтөбе, 2008. — 432 бет) дегендердің бәрін Бердібай жинап маған берген, мен К.Төлеубайұлына бергенмін. Ол — ол ма, «кітабындағы» Амантай Утегеновтің «Заветы бия Монке» деген еңбегін 2000 жылы Амантайға 5000 теңге қаламақысын төлеп жаздырған да Бердібай. Амантай да тірі, ағамыздың әдейі барып сұрауына болады.
Кемекең Бердібай екі-ақ мақала жазды дейді, мұны айтпас бұрын 8 жыл бойы «жазған» кітабын парақтап қарауы керек еді. Онда Бердібайдың төрт мақаласы тұр, яғни ағамыз айтқаннан екі есе көп, есеп тілімен айтқанда 200 пайыз артық. Тілеу Айтұлы туралы алғаш мақала жазып, 1996 жылы сәуір айында «Ақтөбе» газетінде жариялаған да Бердібай еді, К.Төлеубайұлы оны «кітабына» енгізбей тастапты. Әділдікті сақтамапты. Адам дау дауламас бұрын алды-артын қарап алар болар еді. Кемеке, келесіде сөйтіңіз. Әуелі қалай «мөңкетанушы» болғаныңызды пайымдап алыңыз…
Жұма-Назар АСАН,
Тілеу Айтұлы атындағы қоғамдық
қордың төрағасы.
Суретте: Далалықтағы Құрақбайдың қосының есігінің алдында. Мөңке бидің кеуде мүсіні, мүсінші Құрақбай және Мөңке бидің жетінші ұрпағы Бердібай Кемал.
Жақсы ағасын кім бере қояды
немесе жамандыққа қимайтын ағам Кемейдулла Төлеубайға інілік наз
«Құлға құлсың десе, өлгісі келеді, мырзаға құлсың десе, күлкісі келеді» деген, аға, сіздің мақалаңызды оқып күлкім келді. Пендешілік қой дедім. Жауапсыз да қалдыруға болар еді. Көп ойландым. «Айтсайшы, айтып өлтіргеннің арманы жоқ қой» дегенді өзіңіз көп айтатынсыз. Үнсіз қалмауды жөн көрдім.
Аға-еке-ау, мен сізге соншалықты не жаздым? Қашан алдыңызды кесіп едім, қай жерде сөзіңізді бөліп едім? Қайта сіз қазымырланып, адамның сүйегіне жететін сөз айтып жатқаныңызда «Жасы үлкен ағамыз ғой, үндемей-ақ қой» деп жанымдағыларды тежеп отыратынмын. Тіпті мені «нөл» қылып қойыпсыз ғой, аға. Мұныңыз қалай? Соншалықты мені, менің азды-көпті ісімді жоққа шығаратындай сізге не болған? Мектептегі де, өмірдегі де ұстазым Жұбаназар Асановтың менің мерейтойыма орай жазған мақаласында «Кемейдулла Төлеубай ештеңе істемеді» деген сөз жоқ қой. Маған бір мақтауды қимадыңыз ба?
Сыйлайтын ағам осылай дегенде, басқалар не демейді деп қорландым. Назаландым. Өкіріп тұрып жылағым да келді. Шыным — осы! Егер сіз жеке өзіме айтсаңыз, айтқаныңызға келісермін, келіспеспін, не болса да өз арамызда қалар еді. Енді газет арқылы бүкіл елге жайылды. Мен осыған назаландым. Мен туралы айтқаныңыз үшін емес, ағайынды адамдар, әкесі мен баласының арасында не болып жатыр деп жұрт шулайтын болды деп қамықтым. Ұялғаннан көшеге шыға алмадым. Өз басымды емес, ағайын арасындағы бірлікті ойлағандықтан. Оның үстіне «Ағаң не деп жазған?» деп күле қарағандар көбейді. Ұлттық емес, кәдімгі «қазақбайский» (Мейірхан Ақдәулетұлы) рулық деңгейде пасық мысқылмен телефон соғушылар жиіледі. Мен осыған күйіндім. Бірақ сонда да оларға қосылып сізді сөге жамандаған жоқпын. «Халық біледі ғой, жауап жазып не істеймін» деп жүрдім ондайларға.
Сізді, қазақшылыққа салғанда, Тілеудің ішіндегі бас көтергені, сауаттысы, үлкені деп сыйлаушы едім. Қайтейін, аға-еке! Мөңке, Тілеу аталарымызға қатысты шараларды өткізу жөніндегі ұйымдастыру комитетінің басшылығына да сайлаған мен секілді інілеріңіз еді ғой. Ешкім қарсы шыққан жоқ. Кері тартпадық. Оның үстіне, шындығын айтқанда, сіздің Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық ұйымының төрағасы қызметіңіз біз үшін пайдалануға керек болды. Әрі сіздің еңбек жолыңызды НКВД-дан бастап, ұзақ жылдар аудандық партия комитетін басқарған өмірлік тәжірибеңіз, сөзіңізбен кез келгенді тоқтата алатын қасиетіңіз қажет болды.
Мені ешқандай істің басы-қасында болмады депсіз. Алғаш Мөңке атамыздың атына көше аламыз деп Ақтөбе қалалық ономастикалық комиссиясына өтініш жазып, күзгі жаңбырдың астында жаяулатып жүріп қол жинаған Жұбаназар Асанов, Жоламан Алдияров үшеуміз еді. Қазіргі «Нұр Отан» ХДП ғимаратының төртінші қабатында отырған сізге барғанымда «Мөңке деген кім?» деп қол да қоймадыңыз. Содан беделі жүріп тұрған Жасарал Қуанышәліге барғанымызда, ол сөзге келместен қол қойып, саясаткер деп жазып берді. Сонда сізге көңілім қалып еді, «Қазақ тілі» қоғамының төрағасына не болғаны деп. 100-ден астам адам қол қойған сол өтініштің көшірмесі менде сақталыпты.
Одан кейін 2000 жылы наурыз айында Мөңке атамыздың ескерткішін Алматыдан Болат Тәмпенов алдырды. Сәуір айының не алтысы, не жетісі, әйтеуір сенбі екені анық, ертеңгі сағат онның шамасында сол кездегі облыстық мәслихаттың хатшысы Амангелді Есіркепов келіп Тәмпенов басқаратын мекеменің гаражынан ескерткішті көріп кетіп еді. Сонда 312-атқыштар дивизиясы көшесінің бойында қарсы алып, ескерткішті көрсеткен мен едім ғой, аға-ау! Соған бірге қуанғанымыз есіңізде қалмады ма?
Бірақ ескерткіш қойылмай жатып қалды. 2002 жылы облысқа жаңадан келген ҰҚК облыстық департаментінің басшысы сізді емес, мені шақырып, осында Мөңке бидің ескерткіші бар көрінеді, көрсете аласың ба деп сұрады. Сол күні кешкі 8.30-дың шамасында Болат Тәмпенов, тракторшы Азамат деген жігіт және мен үшеуміз ескерткішті көрсеттік. Облыс басшысымен сөйлесемін, көп ұзамай қойылады деп қуантты. Мен ол кісіге «Осында Кемейдулла деген басшы ағамыз бар» деп, сіздің телефоныңызды бергенмін. Мен осы хабарды телефонмен сізге айтып, сүйінші сұрағанмын. Бұл да есіңізде жоқ па? Аға-еке, өкінішті-ақ!
Жалпы Мөңке атамыздың есімін көше атауына беру, ескерткіш орнату жөнінде қыруар адам еңбек етті. Олардың бәрін атап өту мүмкін емес. Ақтөбе қалалық мәслихатының хатшысы болған марқұм Әділ Өмірзақовпен бірге депутаттарды ұйымдастырып, Үкіметке, Мәдениет министрлігіне және басқа құзырлы органдарға да хат жазған едім. Оны да біле тұра ескермейсіз. Сол кездегі облыстық мәслихаттың хатшысы Қасымжан Байсадақовтың облыс әкіміне кіріп, қол қойдырып алғанын қалай ұмытасыз?
Аға-еке-ау, сол жылдары бір күн мені көре алмай тұра алмайтын едіңіз ғой. Кей кездері күніне кемінде төрт-бес рет телефонмен хабарласатын едік қой. Күндіз бе, түн бе, қарамаушы-ек, басты шаруа бітсе болды деп. Бұл қалай жадыңызда қалмаған?
Менің бар айыбым — «Мен!» деп көкірек қақпайтыным. Бірақ бұл менің «Менім жоқ» деген сөз емес. Есіңізде ме, Мөңке атамыздың атында қайырымдылық концертін өткізгелі жатқанымызда марқұм Рамазан Нұржанов ағамыз: «Осының бәрін үндемей, көрінбей жүріп тындырып отырған мына Бердібай. Нағыз саясаткер!» деген болатын. Сонда сіз риза болып: «Ау, бұл деген әулиенің ұрпағы емес пе», — деп едіңіз.
Айтқандай, ешкімге мені мақтап жазшы деген емеспін. Ондайдан аулақ адаммын. Ж.Асановтың жазып жатқанын курстас жігіттердің аты-жөнін сұрағанынан білдім. Ал Ертай Ашықбаевтың «Керек.info» газетіне жазған мақаласын өзім сол басылымда жұмыс істесем де, газет шыққан күні бір-ақ білдім. Бас редактор Бақыт Жаншаева тосын сый болсын деп маған көрсетпепті. Ал «Ана тілі» газетіне жазған Жанғабыл Қабақбаев ағаммен «мен туралы жазбай-ақ қойшы» деп, сөзге де келіп қалдым. Авторлардың өздерінен сұрауыңызға болады.
Қайтейін, жасы үлкен ағамсыз. Өз қолымды өзім кесейін бе?! Бүгінде Қаракесек Ораз би, Төртқара Былшық би, Жақайым Жетес би, Шыманның Мырзағұлы жоқ барып жүгінетін. Газетке жазуға тура келді. Ренжімеңіз. Жүз жасаңыз! Маған жақсы ағасын кім бере қояды? Бұл сізді жаман дегенім емес, сөздің реті ғой.
Өзіңізге деген әлі де суымаған көңілмен,
ініңіз Бердібай КЕМАЛ.




ағаларың әбден алжи бастаған екен…
Ол шал НКВД-да жүріп неше адамды аттырды екен? КНБ-ға запрос жіберіп, жауабын газетке жариялау керек.