Спорт

Тең есеппен біткен текетірес

17-турдың кездесулерінен соң қостанайлық «Тобыл» қайтадан көш бастады, бұның бір себебі — бұл турда қарағандылық «Шахтер» ойнаған жоқ. Павлодарлық «Ертіс» екінші орынға көтерілді. «Ордабасы» мен «Қайсар» да бір адымнан ілгері аттады.

Енді ретімен баяндайық.

Бұл турда «Ақтөбе» Шымкентте «Ордабасымен» кездесті.

Еуропа Лигасының сұрыптау ойындарына қатысып жатқан екі команда бұл кездесуде күштерін іркіп ойнауға тиісті сияқты болатын. Олай етпеді. Турдағы ең текетірес өткен ойын осы болды.

Бірінші таймда допқа көбірек иелік еткен алаң иелері үздіксіз шабуылдап, 13-минутта Мансур Гуйе шапшаң есеп ашып кетті. Ал екінші таймда өзіне өзі келген ақтөбеліктер «Ордабасыға» аса ерік бере қоймады, 71-минутта Лукас Байер соққан гол осының нәтижесі еді. Рас, шымкенттіктер қалайда ұтысқа ие болу мақсатында біздің қақпамызға бірнеше қауіптер төндірді, бірақ Андрей Сидельников қорғаған торды одан әрі тулата алмады. Ақтөбеліктер де қарсыластар қақпасын жиі торуылдаумен болды. Бірақ толық үстемдік жасай алмады.

Осылайша екі команда биылғы чемпионаттағы екі кездесуді де тең аяқтады. 8 сәуірде Ақтөбеде өткен ойында есеп ашылмаған (0:0) болатын.

Жалпы сырт алаңдардағы ойындарында «Ақтөбе» 3 рет жеңіп, 4 рет ұтылды, 2 рет тең ойнады.

Сонымен, «Ордабасы»-«Ақтөбе» — 1:1.

Гол авторлары: Мансур Гуйе, 13-минут (1:0), Лукаш Байер, 71-минут (1:1).

Ескерту қағазы көрсетілгендер: Махамед Арури, 29-минут; Андрей Карпович, 45-минут — Эмиль Кенжесариев, 24-минут; Петр Бадло, 85-минут.

«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Андрей Сидельников, Петр Бадло, Роберт Праймус (Александр Гейнрих, 49-минут), Самат Смақов, Лукаш Байер, Марат Хайруллин, Эмиль Кенжесариев, Сергей Лисенков, Юрий Логвиненко, Сергей Ковальчук, Тимур Кападзе.

*   *   *

Енді басқа кездесулердің қорытындыларына келейік.

«Тобыл»-«Атырау» — 1:0.

Гол авторы: Йованович, 60-минут (1:0).

«Ертіс»-«Астана» — 3:0.

Гол авторлары: Иванов, 33-минут (0:1), Бақаев, 50-минут (2:0), Эссомба, 62-минут (3:0).

«Қайрат»-«Сұңқар» — 1:3.

Гол авторлары: Густаво, 3-минут (1:0); Джокич, 34-минут (1:1); Савенас, 58-минут (1:2); Недашковский, 76-минут (1:3).

«Ақжайық»-«Қайсар»» — 0:0.

«Тараз»-«Жетісу» — 1:3.

Гол авторлары: Мехмедович, 8-минут (1:0); Белич, 62-минут (1:1), Михайлов, 62-минут (1:2), Тілешев, 86-минут (1:3).

«Шахтер»-«Оқжетпес» кездесуі кейінге қалдырылды.

*   *   *

17-турдың ерекшеліктері.

Біріншіден, бұл турда 14 гол соғылды. Екі кездесуде алаң иелері, екі ойында қонақтар жеңіске ие болды, екі кездесу тең аяқталды. Бір ірі есеп нәтижесі (3:0) тіркеліп, 1:3 есебі екі рет қайталанды. Кездесулерде 15 рет ескерту қағазы көрсетіліп, ойын ережесін өрескел бұзғаны үшін Марко Джорджевич («Қайрат») жасыл алаңнан қуылды. Чемпионат басталғалы 0:0 есебі оныншы рет қайталанды. Әзірге ең көп қайталанған (32 рет) есеп — 1:0.

Екіншіден, «Жетісу» сырт алаңда алғаш рет жеңіске жетті. Бұған дейін олар сегіз кездесу бойы тек ұтылып келе жатыр еді.

Үшіншіден, «Тобыл» өз алаңындағы тоғыз ойынның барлығын ұтылыссыз, бұл жолы жеңіспен аяқтаса, «Ордабасы» да өз алаңындағы жеті кездесудің барлығын жеңіліссіз, бұл жолы тең есеппен аяқтады. Әзірге өз алаңында ұтылмаған командалар — «Тобыл», «Шахтер», «Ордабасы».

Төртіншіден, «Ертіс» қарсыластарын өз алаңында төртінші рет ірі есеп нәтижесімен жеңді.

Бесіншіден, «Атырау» мен «Астана» сырт алаңда үшінші реттен жеңілуге мәжбүр болса, сырт алаңда «Қайсар» үшінші рет тең ойнады.

ОЙЫН КЕСТЕСІ

Командалар           О         Ұ         Т         Ж        Д         Ұп

1 «Тобыл»               17       10       3          4          26-18  33

2 «Ертіс»                  17       9          5         3          32-15  32

3 «Шахтер»             16       10        1         5          31-12  31

4 «Тараз»                 17       9          1         7          17-21  28

5 «Ақтөбе»             17       8          4         5          23-13  28

6 «Астана»              16       8          3         5          17-18  27

7 «Ордабасы»        15       7          5         3          19-12  26

8 «Ақжайық»           17       8          2         7          22-19  26

9 «Атырау»              17       5          4         8          13-18  19

10 «Қайсар»                        16       5          3         8          11-17  18

11 «Қайрат»                        17       4          6         7          16-24  18

12 «Сұңқар»                       17       4          6         7          10-16  18

13 «Жетісу»             17       4          2         11       20-34  14

14 «Оқжетпес»       16       2          1         13       11-31  7

(О — ойын, Ұ — ұтыс, Т — тең, Ж — жеңіліс, Д — доп айырмашылығы, Ұп — ұпай).

Сұрмергендер:

1. Бауыржан Жолшиев («Тобыл») — 7 доп.

2. Ұлықбек Бақаев («Ертіс») — 7 (екеуі — он бір метрлік айып добы);

3. Игорь Зенькович («Ақжайық») — 7 (3);

4. Эдин Юнузович («Жетісу») — 6 доп.

5. Андрей Финонченко («Шахтер») — 6 доп.

6. Игорь Юрин («Ертіс») — 6 доп.

*   *   *

«Ақтөбе» футболшыларының еншісі:

Марат Хайруллин — 4 доп (үшеуі  — он бір метрлік айып добы);

Брана Илич — 3;

Сергей Лисенков — 3;

Петр Бадло — 2;

Тимур Кападзе — 2;

Лукаш Байер — 2;

Арунас Климавичус — 1;

Дарко Малетич — 1;

Самат Смақов — 1;

Зоран Костич — 1.

Юрий Логвиненко — 1;

Александр Гейнрих — 1;

Сергей Ковальчук — 1.

*   *   *

29 шілде, жексенбі күні «Ақтөбе» өз алаңымызда «Ақжайықты» қабылдайды.

Қалған кездесулер:

«Тараз» — «Шахтер»;

«Жетісу» — «Ордабасы»;

«Сұңқар» — «Ертіс»;

«Қайсар» — «Қайрат»;

«Атырау» — «Оқжетпес»;

«Астана» — «Тобыл».

Әзірлеген Ертай АШЫҚБАЕВ.

Алмастың асығы алшысынан түсті

Астана күні мерекесіне байланысты Астана қаласының әкімдігі мен «Астана қаласының туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасы» мемлекеттік мекемесі бірлесе отырып қала тұрғындары мен қонақтардың қатысуымен бірнеше бұқаралық спорттық іс-шаралар өткізді. Соның бірі — ғалым, жазушы Ақселеу Сейдімбекті еске алуға арналған асық атудан «Алтын сақа» IV қалалық ашық чемпионаты. Бұл жарыста ақтөбелік Алмас Жолшора жүлделі орынды қанжығаға байлап қайтты.

Бадамша балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушісі Алмас Жолшора асық ату ойынына қатысқан 78 үміткердің ішінде үшінші орынды иеленді.

—    Бала кезімнен асық ойнадым. Қазір жастардың көпшілігі асық ату ойынын біле бермейді. Асық ату — ата-бабаларымыздан келе жатқан ұлттық ойын түрі. Бұл ойын өзінің түрлеріне қарай жігіттің мергендігін, шапшаңдығын, ептілігін және қырағылығын жетілдіреді. Бір мезгілде бірнеше бала ойнайтындықтан, қатарымнан озсам деген талпынысты бойға қасиет қылып сіңіруге тырысасың,  —   дейді Алмас.

Астана күнін мерекелеу аясында өткен «Алтын сақа» асық ату ашық қалалық турнирі ұлттық спорт түрлерін насихаттау мақсатында осымен төртінші рет ұйымдастырылып отыр. Облыстық деңгейде өткен ойындарда асығы алшысынан түсіп жүрген Алмастың Астанада ұйымдастырылатын жарысқа алғаш қатысуы.

—    Ойынға республиканың түкпір-түкпірінен үміткерлер келді. Кейбіреулері асық ату ойынының тәртібін бұзса, арасында төрешілердің көмегіне жүгінгендер де болды.  Асық ойынында кімнің сақасы алшысынан түссе, сол бірінші атады немесе басымдыққа ие болады. Бұл жарыста асығым алшысынан түсіп, сәттілік маған «жолдас» болған сияқты,  —    дейді Алмас.

Бір қызығы, Астанада өткен асық ату ойынына Алмастың ағасы Ақылжан Жолшора да қатысыпты. Ойын барысында ағасынан асып түскен Алмастың ептілігіне қызығушылық танытқандар көп болыпты.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Жүлде — мұғалжарлықтарда

Ақтөбе қаласында пауэрлифтингтен жатып көтеру әдісі бойынша әр түрлі жастағылар арасында чемпионат өтті.

Спорттың осы түрінен мұғалжарлық спортшылар әлем чемпионаттарына дейін қатысып, жоғары нәтижеге қол жеткізіп жүр. Қандыағаш қалалық балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы С.Ведюшкиннің шәкірттері өздерінің жетістіктерімен лайықты түрде мақтана алады.

Ақтөбедегі чемпионатта жасөспірімдер арасында әлем чемпионы Д.Ведюшкина, Қ.Елеусіз, Н.Турмолдинов, Н.Рахманов, Е.Адаев, З.Жолмұрзина әр түрлі салмақ бойынша топ жарды.

Ал жасөспірімдер арасында жалпы командалық есепте биікке көтерілген қандыағаштықтар қыркүйек айында Алматы қаласында өтетін Азия чемпионатына қатыспақшы.

Осы чемпионатта Д.Иманов пен Д.Тоқмұрзаев спорт шеберлігіне кандидат, Ж.Қайырбаев спорт шебері, Т.Теңелов халықаралық дәрежедегі спорт шебері нормативтерін орындады. Ал Д. Ведюшкина қыздар арасында абсолюттік біріншілікте алтын медальға қол жеткізді.

Жандос АЙТЖАН.

Мират — дойбы дүлдүлі

7-15 шілде аралығында Болгарияның Балчик қаласында балалар мен жасөспірімдер арасында дойбыдан өткен әлем біріншілігінде ақтөбелік Мират Жекеев жүлдегер атанды.

10-19 жас аралығында өткен әлем біріншілігіне 16 мемлекеттен 183 үміткер қатысыпты. Атап айтсақ, жарысқа Әзербайжан, Беларусь, Болгария, Камерун, Эстония, Венгрия, Қазақстан, Латвия, Литва, Молдава, Польша, Румыния, Ресей, Түркменстан, Украина және Өзбекстаннан ойыншылар қатысты.

А.НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button