Басты жаңалықтар

Қауын-қарбыз алдың ба?

Қазір қала базарларында  қауын-қарбыздың саудасы қызған шақ. Әсіресе жұртшылық  жиі баратын Орталық базар секілді сауда орындарында бау-бақша өнімдерінен көз сүрінеді. Көкөніс тасушылар мен сатушылар ерте піскен жемістер мен көкөністердің қауіпсіз екендігіне сендіргенмен, жұрт өнімнің сапасына күдікпен қарайды. Ал мамандар мұндай өнімдерді аса сақтықпен пайдалану керектігін ескертуде.

Сонымен…

Базар және баға

Маусым айынан бастап бақша өнімдері қаламызға оңтүстік өңірлерден келе бастады. Қазір жұртшылық жиі баратын Орталық базар маңында бау-бақша өнімдерін сатып тұрғандар көп. Оның ішінде тау болып үйіліп тұратын қауын-қарбыздар ерекше көз тартады. Сатушылар да бірінен-бірі өтіп, лыпылдап тұр. Қасына жақындағаннан-ақ өнімдерін мақтай жөнеледі.  Бірі «красное мясо» қарбызын алыңыз, іші қып-қызыл» десе, екіншісі «балшекер», «тас қауын» «торпедо» деп аталатын қауындарын алдыңа тартады. Мәселен Орталық базар алдында қауын-қарбыз сатып тұрған Марал есімді  келіншек өнімді 41-разъездегі көтерме базардан алатынын айтты.

—  Ол жақта арнайы мамандар өнімді санитарлық тексеруден өткізеді.  Ал саудамызды осы жерде қыздырамыз. Қазір сатып жатқан қауын-қарбыздар Шымкенттен әкелінген. Қарбыздың келісін алғашқы уақытта жүз елуден сатсақ, қазір елу-алпыс  теңгеден  беріп жатырмыз. Ал жергілікті қауын-қарбыздар әлі пісе қойған жоқ, дейді Марал.

Қарбыз арзан болғанмен, қауынның бағасы әлі түсе қоймапты. Мәселен, «торпедо» деп аталатын ұзын қауынның келісі үш жүз теңге болса, «балшекер» мен «тас қауынның» бағасы да осы қарайлас.

Ал өзін Ермек деп таныстырған жігіт оңтүстіктің тумасы екенін, өнімді Түркістаннан әкеліп сататынын айтты.

Көкөніс сатқаныма биыл — бесінші  жыл. Көкөністің барлық түрін  сатамын. Алғашқы жылдардағыдай емес, қазір саудадан тәуір табыс түсіремін. Жылдың қай мезгілінде де сауда болмай қалған емес. Әр көкөніс пен жемістің өтімді кезі бар. Мысалы, қыста алма, қызанақ, қияр, банан сатамын. Наурыздан бастап  өрік пен қызыл шиенің саудасы жүреді. Одан кейін шабдалы мен алқоры сатамын. Күзде жүзімге сұраныс артады. Яғни төрт мезгілде де сауда жақсы болады. Әсіресе, күзде көп пайда түсіреміз. Қазір қауын-қарбыз  өтімді. Сондықтан осы екі өнімді мол қылып сатып жатырмын. Алушылар көп. Кейде күніге отызға жуық қарбыз сататын кезім болады. Қауын сәл қымбаттау. Сондықтан тез өте қоймайды. Алғашқы уақытта жұртшылық қауын- қарбыздың сапасына күдікпен қарайтын. Бірақ  сын айтып жатқан тұтынушылар жоқ, — дейді Ермек.  

Базар маңында бақша өнімдерін алушылар көп. Олардың бірқатарымен тілдесіп көріп едік, көпшілігі  қауын-қарбыздың сапасына көңілдері толмайтынын айтты.

Бала кезімізде қауын-қарбыздың дәмі тіл үйіретін еді. Әсіресе ыстық күндері қып-қызыл қарбыздың бір тілімін жеп алсаң шөлің  басылатын,  әрі дәмі тәтті болатын. Қауындар шекер татып тұратын еді. Ал қазіргі қарбыздардың дәмі жоқ. Соған қарағанда тыңайтқыштарды көп қосатын тәрізді, — дейді қала тұрғыны Сержан Жалғасов.

Сатушылар да тыңайтқыштардың күшімен өсетін қауын-қарбыздардың болатынын жасырмады. Алайда ондай өнім көбіне сәуір-мамыр айларында кездеседі екен.  Ал қазір қорқудың қажеті жоқ.

Өнім санитарлық талапқа сай ма?

Еліміздің оңтүстік облыстарынан оның ішінде  Шымкент, Сарыағаш, Түркістан қалаларынан келетін өнімге сын көп. Бұны мамандар да растап отыр. Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің қалалық бөлімінің бас маманы Айзат Қырымкерееваның айтуынша, маусым айында «Алтай» базарына жүргізілген жоспарлы тексеру жұмыстары кезінде көкөністердің талапқа сай еместігі анықталған. Өнімдерден алынған 312 сынаманың 44-і ғана талапқа сай келген. Санитарлық талапқа сәйкес емес, яғни құрамында нитраты көп бау-бақша өнімдерінің ішінде қияр, тәтті бұрыш, көк жуа, қызылша, шалқам, картоп және қауын  бар. Сондықтан мамандар 36 келі көкөніс пен 12 келі қауынды сауда сөрелерінен алып тастауға шешім шығарыпты.

Талап бойынша бір келі қауында 90 миллиграм нитрат болу керек. Тексеру кезінде өнімде  нитраттың  116 миллиграмнан 231 миллиграмға дейін бар екені белгілі болды. Ал бір келі шалқамда 1000 миллиграм нитрат болу керек. Сынама кезінде бұл  көрсеткіштің  екі-үш есеге дейін көп екенін анықтадық. Осы орайда  базардағы зертхана мамандары  мен өнімді сатып тұрған кәсіпкерлерге әкімшілік шара қолдандық. Бұдан бөлек қазіргі күні 41-разъездегі көтерме базардың зертханасына тексеру жүргізудеміз. Өйткені қала базарларында саудаға шығатын өнімдердің басым бөлігі осы жерден алынады. Олар сырттан келген өнімді өз зертханаларында тексеріп, санитарлық талапқа сай екендігіне көз жеткізгеннен кейін ғана сатылымға жіберуі керек. Бірақ біз тексеру кезінде сатушылардың құжатында көрсетілген сапа мен өнімнің сапасы екі бөлек екенін анықтадық.  Демек бұл жерде зертхана дұрыс жұмыс істемейді деген сөз. Сондықтан көтерме базарға бау-бақша өнімдері қай жақтан әкелініп жатқанын және олардың сапасының қандай екеніне тексеру жүргізудеміз.  Осы мақсатта арнайы акт жасалып, жұмыс жүріп жатыр. Егер оңтүстік өңірлерден келген өнімнің сапасы талапқа сай келмесе, онда сатуға тыйым салынады. Жалпы бау-бақша өнімдерінде нитраттың көп болуы адам денсаулығына өте зиян. Тіпті адам уланып қалуы мүмкін,— деді Айзат Жұлдызбекқызы.

Ал жұртшылық жиі баратын Орталық базарға тексеру жұмыстары мамыр айында жүргізіліпті. Көкөністің маусым, шілде айында саудаға шығатынын ескерсек, бұндай олқылықтар аталған базарда да орын алуы мүмкін. Бұл туралы Айзат Қырымкереева былай дейді:

Тұрғындардан арыз-шағым түспесе жоспардан тыс тексеру жүргізе алмаймыз. Ал біз тексерген кезде Орталық базардағы көкөністердің барлығы талапқа сай болды. Сондықтан қазір аталған сауда орнына тексеру жүргізуге құқымыз жоқ. Жалпы өнімде нитраттың көп мөлшерде болуы маусым айында жиі кездеседі, — деді.

Сондай-ақ Айзат Қырымкереева  тұрғындарға көше бойынан қауын-қарбыз сатып алмауды ескертеді. Өйткені қарбыз ав­то­көліктерден шығатын улы газ­ды бірнеше сағаттың ішінде өздеріне сіңіріп алады екен. Ал бұндай қарбыздар түрлі жұқпалы ішек ауруына соқтыруы әбден мүмкін. Тұрғындар қауын-қарбызды шілде айының соңы мен тамыз айында сатып алғандары жөн. Бұл — өнімнің нағыз пісетін уақыты. Әрі осы кезде жергілікті өнімдер де саудаға шығады.  Тағы бір ескеретін жайт, ерте піскен жеміс-жидектер мен көкөністерді тек қана арнайы дүкендер мен базарларда сатылған жағдайда тұтынғаныңыз дұрыс. Себебі ол нысандарды қадағалау органдары үнемі тексереді

Қарбыздың пайдасы қандай?

Қарбыздың отаны — Оңтүстік Америка. Ежелгі Египетте де адамдар бұл өнімді жиі пайдаланған. Қарбыз сөзі парсы тілінен аударғанда «харпузак», яғни «Есек қияры» деген мағынаны білдіреді екен.
Қарбыздың адам денсау­лығына пайдасы көп. Мысалы, қарбыздың құрамында магний өте көп болғандықтан, ағзаға қажетті бір күндік магнийді бар-жоғы 150 грам­м­ қарбыз қамтамасыз ете алады. Сондықтан ар­териялық қан қысымы бар жан­дар оны ас мәзіріне міндетті түр­де қосуы керек. Сондай-ақ жү­рек-қан тамырлары ауруларына шалдыққандарға да өте пайдалы, себебі, қарбыз адам бойындағы хо­лестеринді шығарады.Тағы бір ерекшелігі сол, қарбыздың шырынында табиғи қышқылдар мен тұздар болмайды. Бірақ ол сіл­тіге бай. Ал бұл не­сеп жолдары үшін өте пайдалы екен. Сондықтан дәрігерлер бүйрегіне тас байланған жандарға осы жемісті жеуге кеңес береді. Қуықтың, бүйректің қа­бынуы кезінде қарбызды көбірек пай­даланған жөн. Мамандар кү­ніне қарбыздың кем дегенде екі келісін жеуді ұсынады. Бұл қа­наздықты емдеуге жақсы көмектеседі.
Созылмалы ішек ауруымен ауыратындарға қарбызды көп жеудің қажеті жоқ. Ол ішті кептіріп жібереді. Қант диабетімен ауыратындарға да пайдалы емес. Сондай-ақ жүктіліктің соңғы үш айында да одан бас тартқан абзал. Қарбыздың нитраттар жиналатын зиянды бөлігі — қабығына жақын тұрған жұмсағы. Сондықтан, әсі­ресе, балаларға ортасынан кесіп берген жөн. Бірақ 2 жастан кіші балаларға беруге болмайды.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button