Спорт

Бақ шапты ма, бап шапты ма?..

Жартылай финал

 Қос қате

 №29. Португалия-Испания — 0:0 (пенальти бойынша 2-4)

27 маусым. Донецк. «Донбасс-Арена» стадионы.

Сөз жоқ, португалдар испандарға ерік берген жоқ. Тіпті бұлардың гол соғып кетерліктей мүмкіндіктері де болды. Сол себепті де бұған дейін қарсыластарын өз өрнектерімен қиратып келе жатқан испандар Паулу Бентудың сайыпқырандарын пенальти арқылы ғана жеңді. Португалдықтар екі рет қателесті, Жоау Моутинью испандық қақпашы Икер Касильястан айласын асыра алмай бармақ тістесе, Бруну Алвеш тепкен доп қақпа маңдайшасына тиіп кері серпілді.

Пенальтиді орындағандар: Испания — Хаби Алансо (-); Андрес Иньеста (+); Херард Пике (+);  Серхио Рамос (+); Фабрегас (+); Португалия — Жоау Моутинью (-); Пепе (+); Луиш Нани (+); Бруну Алвеш (-).

 

«Неміс машинасы» мен Марио

 

№30. Германия-Италия — 1:2.

28 маусым. Варшава. «Национальный» стадионы.

Шашасына шаң тимей келе жатқан «неміс машинасын» итальяндар кілт тоқтатты. Чемпионат басталғалы ұтылыс түгілі тең ойынды місе тұтпаған, 9 гол соққан Германия құрамасы бірінші таймда Марио Балотелли соққан екі голдан соң есеңгіреп қалғандай болды. Еш пайдаға аспаған Подольски мен Гоместің орнына екінші таймда шыққан Клозе, Ройс, Мюллерлер де шарасыздықтан шаршады. Кездесу соңында соққан он бір метрлік айып добы немістерге, әрине, қуаныш сыйлай алған жоқ.

Гол авторлары: Марио Балотелли (Италия), 20-минут (0:1); Марио Балотелли (Италия), 36-минут (0:2); Месут Озил (Германия), 90+2 минут, пенальти (1:2).

 

Финал

 

Естен кетпестей есеп

 

№31. Испания-Италия — 4:0.

31 маусым. Киев. «Олимпиский» стадионы.

Мұндай финалдық ойындар тым сирек кездеседі. Итальяндар осының алдында ғана өздері жеңген Германияның кебін киді. Испандарды тежейтін еш айла таба алмады. Ал үшінші рет Еуропа чемпионы атанған құраманың бас бапкері Висенте Дель Боске нағыз команданы қалай жасақтаудың үлгісін көрсетті.

Гол авторлары: Давид Сильва, 14-минут; Хорди Альба, 41-минут; Фернандо Торрес, 84-минут; Хуан Мата, 88-минут.

 

Қысқаша анықтама

 

Бірінші орын — Испания (үшінші рет);

Екінші орын — Италия (екінші рет);

Үшінші орын — Португалия, Германия.

З1 кездесу өткізіліп, оны Польша мен Украина стадиондарында 1 337 726 (орта есеппен әр ойында 44 443) жанкүйер тамашалады.

Кездесулерда барлығы 76 (әр ойында 2,45) гол соғылды.

Сұрмергендер:

Марио Балотелли (Италия);

Марио Гомес (Германия);

Алан Дзагоев (Ресей);

Криштиану Роналду (Португалия);

Фернандо Торрес (Испания).

Бұлардың барлығы да 3 голдан соқты.

Бұл финалдық кезеңге 16 команда қатысқан соңғы чемпионат, 2016 жылдан бастап бұл кезеңге 24 команда қатысатын болады.

 

Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button