Спорт

Бақтыбай — “Ақтөбенің барысы”

Ақтөбенің “Түйе палуаны” атану Қазақ күресінен әлемнің екі дүркін чемпионына оңайға соққан жоқ. Ақтық сында оған қарсылас атанған мұғалжарлық “жас пері” Нұрсұлтан Иманғазин Бақтыбайды едәуір терлетті. Бірақ бесіктен белі шықпай белдескен “Шөмекей Аюының” (Бақтыбайдың лақап аты) тәжірибесіне қоса бағы мен бабы қатар шауып, облыстық туризм, спорт және дене шынықтыру басқармасының бастығы Асылбек Құлмағамбетов Қисықовтың беліне Барыстың белдігін тағып, облыс әкімінің сыйлығын қолына ұстатты.

Спортшылар мен спортсүйер қауым облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің төл спортымыздың жанашыры екендігін жақсы біледі. Оның айқын дәлелі ретінде жаттықтырушылар құрамы мен Қазақ күресінен облыстық федерация басшылығын қабылдаған облыс әкімі Ұлттық спортты дамытуға арналған жоспарларды тыңдап, өз тарапынан кәнігі шахматшыға тән жүріс қимылдарын нақтылап берді. Жас спортшыларға батасы ретінде қомақты қаржы бөлгізіп, сыйлық тағайындауға пәрмен етті. Өңір жетекшісінің бұл көмегі Қазақтың намысын қайрай түсетіндей жәрдем еді.

Мойындау керек — қазір Бақтыбайдың атақ-даңқы Қазақ даласын кезіп кетті. Солай бола тұра, төл күресіміз бойынша әлемді екі дүркін мойындатқан қапсағай денелі жігіттің алар асуы әлі де алда екендігіне дау айту қиын. Өзі жаттықтырушылық жүгін қоса арқалағандықтан, үнемі спорттық бабында жүретіні рас. Бірақ бұл жолғы жарысқа тыңғылықты дайындалуға да мұршасы болмағандығын мойындайды. Өйткені өзі жеткен биіктікке шәкірттерін де шығару — чемпионның басты мұраты.

Естеріңізге салсақ, “Қазақстан барысы” (әуелгіде “Қазақ барысы” аталды — С.Ә.) додасының тұсауы былтыр кесілген болатын. Республикалық телеарналардың бірінің ауқымды жобасы елдің назарын аударып, жүлдеге тігілген қомақты қаржы қазақ күресінің беделін асқақтатып жіберді. Тәуелсіз елдің тарихында Түйе палуанға АҚШ-тың 150 мың доллары берілген бәйге бұрын-соңды болған емес. Ол сында қызылордалық Ұлан Рысқұл “Қазақ барысы” атанған болатын.

Биыл бұл игі дәстүр жалғасын тауып, Қазақ күресінен Нұрсұлтан Назарбаевтың жүлдесі сарапқа салынатын бұқаралық дода Астанада тағы өтеді. Ақтөбедегі сияқты аймақтардың іріктеу сайыстарының жеңімпаздары қыркүйек айында  Елорда төрінде боз кілемге шығады. “Күш атасын танымас” деген нақыл дәл осы белдесуге арналған сияқты. Өйткені еліміздің түкпір-түкпірінен шығатын палуандар белдесуінде уақыт пен салмақ есепке алынбайды. Қай жыққаны — жеңімпаз. Тіпті, ұйымдастырушылар “Барысқа”  берілетін жүлдені қазірден-ақ жайып салды. Ол — Тайтұяқ алтын мен Алтын белбеу! Қаржылай жүлдесі — 150 000$.

Сонымен, Ақтөбенің намысын арқалап, бұл додаға Бақытбай Қисықов пен дзюдо күресі бойынша бірталай табыстарға қол жеткізген Нұрсұлтан Иманғазин аттанады.

Жексенбі күні “Жастар” спорт сарайында өткен Қазақ күресінен облыс біріншілігінің нәтижесі осындай. Ал, осы үздіктерге қарап бой түзейтін палуандар бір-бірін алып та, шалып та жығып жатты. Осы жарысты бағалап, төрелігін айтушылардың қатарында Республикалық Қазақ күресі федерациясының басшылығы да жүрді. Мәселен, бас төрешінің міндеті ел құрамасының аға жаттықтырушысына жүктелді. Белдесулердің арасында қонақтарды сөзге тартып, Ұлттық спортымыздың бүгіні мен ертеңі туралы ой-толғамдарын жазып алдық. Ал құраманың аға бапкерімен қысқаша сұхбат құрудың сәті түсті.

Марат Жақып, Қазақ күресінен мемлекеттік бапкері:

ЕЛГЕ ЕҢБЕГІ СІҢГЕН ҮШЕУДІҢ БІРІ — АҚТӨБЕДЕ

— Қазақстанның он төрт облысы мен Астана және Алматы қалаларында Елбасының жүлдесі сарапқа салынатын “Қазақстан барысы” додасына іріктеулер өтіп жатыр. Агенттік тарапынан осы сынды қадағалау үшін аймақтарға өкілдер аттандырылды. Менің еншіме Ақтөбе облысы тиді. Сонау жылдары бұл өңірде қазақ күресінің деңгейі төмендеп, федерацияда басшы тұрақтамаған соң, спортшылар да қожырай бастап еді. Ал федерацияның жаңадан сайланған президенті Мырзабай Нұртазин аз уақытта қыруар жұмыс тындырып үлгерді. Осы жарыстың алдына облыс әкімінің қабылдауында болып, қомақты қаржылай көмек алып шықты. Соның нәтижесінде, жарыстың деңгейі жоғары болуы да заңдылық. Жас спортшыларға облыс әкімінің атынан сыйлық беріліп жатыр.

Бұрын Ақтөбеден тек Бақтыбай Қисықовтың аты аспандап тұратын. Енді жуырда Еламан Қойшыбаев деген жас палуан Бразиялияда әлем чемпионы атанды. Сондықтан қазақ күресі даму үстінде деп айтуға толық негіз бар. Бақытбайдың соңынан еретін палуандардың көптеп шығуына тілектеспіз. Бұған дейін Ақтөбеде Қазақстан бірінішілігі жоғары деңгейде өтті.

Қазақ күресі бойынша Қазақстанға еңбегі сіңген үш спортшы болса, соның біреуі — Ақтөбе облысында. Бірі — Астанада, үшіншісі — Алматыда. Бұлар — әлемнің екі дүркін чемпиондары! Қалған спортшыларға солардың жолын берсін! Қазақ күресіне ықыласы жоғары облыс әкімі Архимед Бекежанұлына республикалық федерация атынан рахметімізді айтамыз.

— Ақтөбелік палуандардың деңгейі қандай екен?

— Деңгей туралы айтар болсақ, ауыр салмақта көзге түсіп жүрген палуан жоқ. Бірді-екілі шыққандары республикада жүлдеге іліге алмай жүр. Бұрындары қарсыластарына оңайлықпен алдыра қоймайтын Мейрамбек Базылбеков деген жігіттің қазір жасы келіп қалды. Бірақ жасөспірімдер арасындағы кесек денелі жігіттерден үміт күтуге болады. Дегенмен, кіл мықтылар жиналатын біріншіліктерде олардың жүлдеге ілінуі қиын.

— Республикалық додада палуандар күшпен алып кете ме, әлде тәжірибе керек пе?

— Күшпен де алады, тәжірибенің де орны бөлек. Салмақтары да қомақты. 140-150 келі тартатын палуандар бар. Тіпті, бойлары екі метрге жуықтайтын нағыз кәсіби шеберлермен белдесу оңай емес. Олар Қазақ елін әлемге танытып жүрген апайтөс жігіттер. Халықаралық жарыстарда олжа салып жүрген баҺадүрлер — біздің мақтанышымыз! Мысалы, Жамбыл облысының өкілі Сываев деген жігітіміз — халықаралық деңгейдегі 25 үлкен жарыста ұтып, 25 тұлпар мінген палуан. Әлем мен Азияның чемпионы. Былтыр екінші орынға ілігіп, биыл дайындығын қайта пысықтап жатыр. Сол сияқты палуандар көп. Семейден, Астанадан жақсы палуандар шығып жатыр.

— “Қазақстан барысы” жарысының жүлде қоры қомақты. Осындай ірі жүлде тігу қазақ палуандарын қаншалықты ынталандырды?

— Бұл дода тек палуандарды ғана емес, облыс әкімдерін де ынталандырып отыр. Қазақ күресі осы арқылы футбол тәрізді рейтингілік жарысқа айналды. Осы дода жеңімпазының суреті еліміздің басты қалаларында ілулі тұрады. Енді қараңызшы, Ақтөбе палуанының даңқы аспандап жатса, жаман бола ма?! Мәртебесі олимпиада жүлдегерінен кем түспес. Қазір облыс, аудан әкімдерінің қызығушылығы басым. Жанкүйерлер де, жоғары лауазымды қызметкерлер де, ірі-ірі қаржылық ұйымдар да ат салысып, қолдарынан келген көмектерін беруге даяр. Тіпті, жүлде тігуге таласып жатыр. Мысалы, банктердің бірі “Алтын тұяқ” жасатып жатса, қалталы бір азамат өз атынан жеңімпазға “ДЖИП” мінгізетіндігін айтты. Соған қарағанда, қазір көкірегінде намысы бар жігіттердің барлығын оятты.

— Күреске қатысып жүрген кез келген баладан қандай арманың бар деп сұрасақ, Қазақ күресін олимпиада ойындарының қатарынан көру деген жауап аламыз. Ол арманның орындалар күні алыс па?

— Ол күн жақын емес. Қиындығы, ауыртпалығы көп. Өйткені бес құрлықты мойындатуымыз керек. 70-80 мемлекетті қамтуымыз керек. Олардың басын қосып жарыс өткізіп тұруымыз керек. Әйтеуір, керектеріміз көп. Бірақ алдымен Азия немесе Еуропа ойындарының қатарына енгізсек, жүгіміз жеңілдей түсер еді. Алдағы асу — Азия ойындарын бағындыру. Қазір ұмтылып жатырмыз. Бұл — алдағы төрт жылдықтағы меже!

— Былтыр “Қазақстан барысы” додасына қатысқан жігіттердің көбі дзюдо, самбо сияқты күрес түрлерінен олжа салып жүрген жігіттер екенін көрдік. Қазақ күресіне бейімделу оңай ма?

— Жүлде қоры қомақты болғандықтан қатысуға ниеттілер көп болды. Облыстың жеңімпаздары болған соң, біздің де іріктеуге, сұрыптауға мұршамыз жоқ. Ынталылардың барлығы қатысты. Аудан, ауылдарда жүлделі жарыстар әлі аз. Дзюдо олимпиада ойындарының қатарында болған соң солай қарай бет бұруға дайын. Демек, қазақ күресі тағы көлеңкеде қалады. Бірақ соңғы жылдары бұрын болмаған күрес ережелерін жасадық. Спортшыларға бірыңғай киім үлгісін бекіттік. Қазір палуандардың жағдайлары жаман емес. Үйірмелер саны көбейіп келеді. Еліміз бойынша 40 мыңдай бала күреске қатысады. 1 мыңнан аса жаттықтырушы бар. Қазақ күресі бапкерлерінің жалақылары басқа спорт саласы жаттықтырушыларынан жоғары. Әрине, қазақ күресі палуандарының халықаралық жарыстардағы бәсі де жоғары. Жүлделері қомақты. Екі жыл сайын өткізілетін Әлем біріншілігінің жеңімпазы Қазақстанға еңбегі сіңген деген атақты иеленеді.

— Қазақ күресі ережелерінде өзгеріс бар ма?

— Ата-бабамыздан мирас болып қалған әдіс-айланың негізгілері өзгермейді. Мысалы, жауырынды жерге тигізу немесе аяқтан ұстауға салынатын тыйым — өзгертуге келмейтін қағида. Іштен шалу мен сырттан шалудың да маңызы жоғары. Басқа күрес түрінен келіп, қолданылып, сіңісіп кеткен жаңа әдістер де бар. Оны қолдануға қарсылық білдірмейміз. Бірақ біздің мақсат — төл спортымызды сақтап, дамытып, болашақ ұрпаққа жеткізу!

ҚАЗАҚ КҮРЕСІ ЖӘНЕ НАМЫС

 Осы турнирдің басы-қасында жүрген лауазым иелері де жарысты бастан-аяқ тамашалап, қым-қуыт тұстарында додаға араласып жатты. Сондықтан жауапты тұлғалардың пікірлерін де білгенді жөн көрдік.

Асылбек Құлмағамбетов, облыстық туризм, спорт және дене шынықтыру басқармасының бастығы:

— Турнирдің басты мақсаты — Елбасы жүлдесіне өтетін үлкен додаға нағыз бабындағы жігіттерді іріктеу. Турнир шарты бойынша финалға шыққан екі спортшы “Қазақстан барысы” додасына жолдама алады. Бөлінген қаржы жеткілікті. Биыл іріктеу жұмыстары кең көлемде алғаш рет өткізіліп отырғандықтан, келесі жылы жарыстың ауқымын кеңейтеміз. Қазір қазақ күресі қарқынды дамып келеді. Мысалы, бұрындары бұл спорт бойынша Байғанин ауданы алда болатын. Қазір жүлделі орындардың көбі Әйтеке би ауданына ауды. Соңғы жылдардағы нәтижеміз жақсы. Қисықов әлемнің екі дүркін чемпионы болса, мұғалжарлық жас палуан Қойшыбаев жасөспірімдер арасында әлем чемпионы атанды. Бірақ бұл жетістіктерге бола арқаны кеңге салуға болмайды. Бәсеке өсіп келеді.

Мырзабай Нұртазин, Қазақ күресінен Ақтөбе облыстық федерациясының президенті:

— Қазақ күресінің дамуына облыс әкімінің өзі бас болып көмектесіп жатыр. Осы турнирдің өзіне көп жәрдемін тигізді. Сондықтан да, бұл турнирдің деңгейі жоғары. Менің білуімше, Архимед Бегежанұлы ұлттық спорттың қай түріне болса да жанашыр. Жалпы, ұлттық спортты дамытуға әр қазақ шама-шарқынша үлес қосуы керек. Қазір федерация күресті дамытуға бағытталған нақты іс-шаралар жоспары бекітілді. Бағытымыз айқын, мақсатымыз межелі. Бірақ, әр қазақ күреске жанашыр болса, айымыз оңынан туар еді. Қазақта той-томалақ аз емес, енді солардың барлығында күрес ұйымдастырылса, төл спортымыздың дамуына серпін болар еді.

Орынбасар Жолмағамбетов, Қазақ күресінен облыстың бас бапкері:

— Ақтөбе облысында қазақ күресімен 500-дей адам тұрақты түрде айналысады. Бірақ оларды жаттықтыратын — тоғыз-ақ бапкер. Тіпті, жаттықтырушысы жоқ аудандар да бар. Облыс бойынша ересектерді даярлайтын — жалғыз өзім. Қарамағымдағы қалған сегіз адам — жастар мен жасөспірімдердің “ұсталары”. Сондықтан аудандарда, ауылдық жерлерде штаттық бірлік ашылса, құба-құп. Мысалы, Ақтөбе облысының құрамасы ел көлемінде жетінші орында. Ал 100 бапкері бар Оңтүстік Қазақстан облысы — тоғызыншы. Ақтөбедегі тоғыз бапкер теңізге құйылған тамшыдай ғана күш. Бірақ мойыған емеспіз — нәтижеміз нақты, жетістіктеріміз — жүйелі!

Ғалым Құлекешов, Республикалық Қазақ күресі федерациясының бас хатшысы:

— 2002 жылы Қазақ күресінің жаңа ережесі бекітіліп, қолданысқа енгізілді. Қазір дамуы көңіл қуантады. Бірақ насихаттау жұмыстарының ауқымын әлі де кеңейте түскен жөн. Мысалы, насихат арқылы жапондықтар ұлттық күресін әлемдік аренаға шығарды. Осы мақсатта спорт агенттігінің де, күрес федерациясының да нақты жұмыстары жанданып отыр. Мысалы, соңғы он жылда үш әлем чемпионаты, Үндістанда әлем кубогы, Иранда жастар арасындағы чемпионат, Бразилияда жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаттарын өткізіп үлгердік. Бірақ әлі күнге кей облыстардың Қазақ күресіне атүсті қарайтындығы қынжылтады. Біздің тағы бір міндетіміз — төрешілердің біліктілігін арттыру.

Еламан Қойшыбаев, Қазақ күресінен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы:

— Қазақ палуандарының аяқ алыстары жаман емес. Өзім төртінші сыныптан бері боз кілемдемін. Қандығаш қаласында бапкерім Эдуард Саламатовтың қол астында жаттығамын. Биыл Бразилияда жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігінде жеңімпаз атандым. Бұрын дзюдо мен самбодан өткен жарыстарда жүлдеден құр қалмайтын едім. Биыл оныншы сыныпты бітірдім. Болашақтағы арманым — Қазақ барысы атану!

Әзірлеген Серік ӘБДІБЕК,

Ақтөбе облыстық Қазақ күресі

федерациясының баспасөз хатшысы.

Суретке түсірген Бердібай КЕМАЛ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button