Басты жаңалықтар

Бәсекелестікті қалай дамытамыз?

Нарықтық заманда өндірісті дамытудың негізгі жолы бәсекелестік екендігі белгілі. Яғни бәсеке­лес­тіксіз экономиканың дамуы мүмкін емес. Еліміз нарыққа көшкен уақыттан бастап осы бағытқа ерекше назар аударылып, бәсекелестікті қоғау, яғни монополияға қарсы агенттік жұмыс жүргізе бастады. Осы орайда агенттіктің Ақтөбе облысы бойынша монополияға қарсы инспекциясы бастығының орынбасары Гүлнұр Масинаны әңгімеге тартқан едік. 

Бәсекелестік —  нарықты дамытудың тиімді жолы

Облыстағы монополияға қарсы инспекция теріс монополистік қимылдарға қарсы жұмыс жүргізеді. Мақсат — бәсекелестік саладағы мемлекеттік саясатты іске асыру, нарық субъектілерін және  тұтынушыларды монополистік қызметтен қорғау. Аталған инспекция бастығының орынбасары Гүлнұр Масина жұртшылықтың көп жағдайда  табиғи монополияларды реттеу департаменті мен инспекцияны шатастырып алатынын айтады. Ал шын мәнінде табиғи монополияларды реттеу агенттігі баға мен тарифтерді бекітсе, инспекция жұмысы монополистік қызметті шектеуге бағытталған. Сондай-ақ инспекция монополист субъектілердің тізімін жасап, олардың қызметін бақылайды.

Талдау қорытындысы бойынша нарықта үстем жағдайға ие субъектілер анықталып, олар мемлекеттік тізілімге енгізіледі. Заң бойынша тізілімге енген субъектілердің белгілі бір қызмет түрлеріне шектеу қойылады. Бұл жерде субъект дегеніміз жеке кәсіпкерлік субъектілері немесе мемлекеттің қатысуымен құрылған кәсіпорын болуы мүмкін. Яғни қай субъект нарықта жоғары үлеске ие болса, ол үстем жағдайға ие немесе монополист болып есептеледі. Алайда жеке кәсіпкерлер заңды білмегендіктен шатасады. Олар «мен кәсіпкермін, бағаны қалай қойып, қалай сатсам да өз еркім» деген қағиданы ұстанғысы келеді. Егер кәсіпкер мемлекеттік тізілімге енгізілсе, ол барлық тұтынушыға бірдей бағамен қызмет көрсетуге міндетті. Қазіргі күні мемлекеттік тізілімге облыс бойынша 30-дан астам кәсіпорын енгізіліп отыр. Талап бойынша тізілімге нарықтағы үлесі 15 пайыздан жоғары кәсіпорын ғана ене алады.  Ал 5-10 пайыз үлесі бар субъектілер тізілімге енбейді. Жалпы нарықтағы барлық кәсіпкерлерді тізілімге енгізу мүмкін емес, — дейді Гүлнұр Масина.

Өткен жылы  инспекция — 24, биыл 12 тауар нарықтарына талдау жүргізіпті. Оның ішінде  азық-түлік, жанар-жағармай, сұйытылған газ секілді әлеуметтік маңызы  бар салалар қамтылған.  Алайда бір қынжылтатыны, бұл салалардың барлығында  бәсекелестік кенже қалып отыр. Мәселен, бір қарағанда, азық-түлік немесе жанар-жағармай саласында бәсекелестік дамыған секілді болып көрінеді. Өйткені қалада жанар-жағармай бекеттері мен азық-түлік сататын сауда желілері, көтерме базарлар көп. Бірақ олардың  барлығы монополияландырылған, яғни бір субъектінің қармағына кіреді. Мәселен, қалада бір ғана «Анвар» серіктестігінің 10-нан астам сауда желісі болса, нарықтағы жанар-жағармай бекеттерінің  негізгі бөлігі «Гелиос», «Синоойл», «Қазмұнайгаз» АҚ-на тиесілі. Осыған қарап-ақ біздегі бәсекелестіктің қандай деңгейде екенін аңғаруға болады.

Бәсекелестіктің дамуына не  кедергі?

 Бәсекелестік бар жерде нарық дамиды. Бұл тауарлар мен қызмет бағасының төмендеуіне, олардың сапасының артуына, түрлі ғылыми жаңалықтардың ашылып, ел экономикасының дамуына ықпал етеді. Бірақ елімізде бәсекелестіктің дамуына кедергі келтіретін жайттар көп. Бұндай жағдайға мемлекеттік органдардың да қатысы бар.  Мәселен, облысымызда мемлекеттік органдардың  қатысуымен құрылатын кәсіпорындар көп.  Оларға мемлекеттік кәсіпорындар, мемлекеттің үлесі бар жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер мен акционерлік қоғамдар жатады. Бұлар мемлекет қаржысы арқылы жұмыс жүргізеді және жеке кәсіпкерліктерге қарағанда бәсекеге қабілетті. Бірақ  мемлекеттің бұлай нарыққа араласуы көп жағдайда бәсекенің дамуына кедергі келтіреді.

Аталған инспекция 2009 жылдан бастап мемлекеттің қатысуымен құрылған кәсіпорындардың тиімділігін анықтау және нарыққа мемлекеттің қатысуын төмендету мақсатындағы жұмыстарды қолға алды. Қазіргі таңда облыста 400-ге тарта мемлекеттік кәсіпорындар мен заңды тұлғалар бар. Олардың бірқатары сәулет, жер қатынастары, елді мекендерді көгалдандыру, қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару секілді бәсекелестік дамыған орталарда қызметін жүзеге асыруда.

— Және бір айта кетерлігі, мемлекеттік қатысуымен құрылған кәсіпорындардың басым бөлігі мемлекетке пайда емес, керісінше шығын келтіріп отыр. Соған қарамастан олар қызметін тоқтатпайды және  жеке кәсіпкерліктің сол нарыққа кіруіне кедергі келтіреді. Бұған қоса бірінің атқаратын жұмысын бірі қайталайтын кәсіпорындар бар. Мәселен, кәсіпорын белгілі бір мақсатқа құрылады. Соған сәйкес қызметін жүзеге асырады. Алайда кейбір кәсіпорындардың қызметі  қолданыстағы заңға және құрылу мақсаты мен жарғылық қызмет түрлеріне сәйкес келмейді. Мәселен, қалада  топографо-геодезиялық, картографиялық және жер ұйымдастыру жұмыстарын жүзеге асыру мақсатында «Ақтөбе Геозем» мемлекеттік қазыналық кәсіпорны құрылған. Кәсіпорын жер учаскелерінің бар немесе жоқ екендігі жөніндегі анықтамалар әзірлеу үшін құжаттар дайындап, кәсіпорынның таратылғандығы жөнінде анықтамалар берген. Жер учаскесін таңдау актісін картографиялық жоспарға түсіру арқылы құжат беру секілді жұмыстармен айналысқан. Ал аталған кәсіпорын атқарған жұмыстардың барлығы  «Ақтөбе қалалық жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің құзырына кіреді.  Сондай-ақ  Шалқар қаласындағы  «Сәулет» коммуналдық қазыналық кәсіпорны да бәсекелестік дамыған ортада қызмет жүргізіп, мемлекетке шығын келтірген. Сондықтан инспекция тарапынан олардың қызметіне талдау жүргізіліп, екі кәсіпорын да  таратылды. Тағы бір мысал, осыдан біраз уақыт бұрын облыстық әкімдік жанынан  компьютерлер мен сайттарға техникалық қызмет көрсету үшін «Ақпараттық жүйелер мен технологиялар орталығы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорыны құрылды.  Бұл өз кезегінде «жасырын» монополияны тудырды. Өйткені мемлекеттік органдар орталықтың қызметін конкурс өткізбей, «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заң нормаларын қолданбай жүзеге асырған. Ал конкурс өткізген жағдайда бұған өзге жеке компьютерлік орталықтар қатыса алатын еді.  Сондықтан инспекция аталған орталықтың қызметін әрі қарай жалғастыруға келісім берген жоқ. Қазіргі күні оның орнына  жеке кәсіпорын жұмыс жүргізіп жатыр.

Жалпы мемлекеттік органдар  өз жандарынан қажет емес, яғни пайдасы жоқ кәсіпорындар құруға құштар. Бұл өз кезегінде мемлекетке үлкен шығын. Өйткені кәсіпорынды құру үшін қыруар қаржы жұмсалса, ондағы қызметкерлерге жалақы, салық төлеу секілді жұмыстарға да қомақты қаражат кетеді. Ал мемлекеттік кәсіпорындар қай уақытта құрылуы керек? Яғни мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігін, қорғаныс қабілетін, қоғам мүддесін қорғауды қамтамасыз ететін жағдайда, мемлекеттік меншіктегі стратегиялық объектілерді пайдаланғанда, қоғамдық өндірістің бәсекелестік жоқ немесе жеткілікті дамымаған салалардағы тауарлар өндірісіне қоғамдық қажеттілік болған жағдайда қоғам мен мемлекеттің қажеттіліктеріне қарай құрылады. Алайда елімізде осы талапты орындап жатқан органдар аз , — деді Гүлнұр Масина.

 Тәртіп пен талап

 Кез келген мемлекеттік кәсіпорын құрылар алдында инспекцияның келсімін алуы тиіс. Егер кәсіпорын заң талабына сай болмаса  нарықта қызмет ете алмайды.  Мәселен, инспекция 12 мемлекеттік кәсіпорын мен 6 заңды тұлғаға келісім беруден бас тартқан. Себебі, біріншіден, кәсіпорын бәсекелестік дамыған ортада болса, екіншіден, қызметі заңға сәйкес емес. Бұған қоса 31 мемлекеттік кәсіпорын мен 4 заңды тұлға кейбір қызмет түрлерін алып тастаған жағдайда ғана жұмысын жалғастырмақ.

—  Мемлекеттік кәсіпорындардың қызметін талдау жұмыстары 2009 жылы басталып, 2011 жылы аяқталды. Бұл жұмыстар әлі де жалғасады. Қызметін тоқтатқан мемлекеттік кәсіпорындардың мүлкі сауда-саттыққа, заңды тұлғалардың үлестері, акциялары аукционға шығарылуда.  Мәселен, қазіргі күні емдеу мекемелерінің ішінде  муниципалды дәріханалар көп. Бұлар кезінде  ақысыз кепілдендірілген медициналық көмек көрсету үшін құрылды. Ал бұндай қызметті мемлекеттік тапсырыс арқылы  жеке дәріханалар да жүзеге асыра алады. Бұл уақытта мемлекеттен шығатын шығын көлемі де аз болмақ. Сондықтан қазіргі күні муниципалды дәріханалардың жұмысын тоқтаттық, — деді Гүлнұр Масина.

Сондай-ақ инспекцияның атқаратын жұмыстарының бірі – монополияға қарсы заңнама талаптарын бұзудың алдын алу, жолын кесу, олар орын алған жағдайда тергеу жүргізу болып табылады. Биыл 10 нарық субъектілері мен 3 мемлекеттік органға қатысты тергеу жүргізіліп, екі лауазымды тұлғаға, алты нарық субъектісіне қатысты әкімшілік іс қозғалыпты және 3 нарық субъектісіне заң бұзушылықты жою туралы нұсқама шығарылыпты. Бұл мақсатта   салынған айыппұл бойынша биыл жыл басынан бері бюджетке 3 миллион теңге пайда  түсірген.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button