Спорт

«Ақтөбе»: бір гол, бесінші орын

Футбол

 Премьер-лиганың 14-туры голға тым сараң болды. Алаң иелері айқын басымдылық көрсете алған жоқ. «Ақтөбе» тағы да алға жылжыды.

Енді ретімен баяндалық.

Бұл кездесуде «Ақтөбе» 6-минутта-ақ табысқа жетті. Самат Смақов он бір метрлік айып нүктесінің тұсына тастаған оңтайлы пасты Александр Гейнрих әдемі голға айналдырды.

Рас, бұдан соң да есепті еселейтіндей мүмкіндіктер болды. Бірақ осы Александрдың өзі немесе Марат Бикмаев әйтпесе Марат Хайруллин мен Юрий Логвиненколар бірде қақпашыдан айлаларын асыра алмады, бірде допты қиыс тепті. Әрине, біздің қақпашымыз Андрей Сидельников те жұмыссыз қалған жоқ. Әйтсе де Самат Смақов сауатты басқарған команда өз алаңымызда үш ұпай олжалап қала алды.

Ойын барысында екі қақпаның да айып алаңында он бір метрлік айып добы белгіленуге тиіс сияқты көрінетін сәттер болды, бірақ төреші ондай қатаң шешім қабылдауды қажет деп таппады.

Осылайша «Ақтөбе» өз алаңында төртінші рет жеңіске жетті.

«Ақтөбе»-«Шахтер» — 1:0.

Гол авторы: Александр Гейнрих, 6-минут.

«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Андрей Сидельников, Роберт Праймус, Самат Смақов (капитан), Марат Хайруллин (Петр Бадло, 90-минут), Эмиль Кенжесариев, Юрий Логвиненко, Сергей Ковальчук (Арунас Климавичюс, 86-минут), Александр Гейнрих, Исламбек Қуат, Марат Бикмаев (Антон Землянухин, 88-минут), Тимур Кападзе.

Ескерту қағазын алғандар: Юрий Логвиненко, 80-минут; Андрей Сидельников, 80-минут.

 *   *   *

Енді басқа кездесулердің қорытындыларына келейік.

«Қайсар»-«Жетісу» — 1:0.

«Сұңқар»-«Тараз» — 0:1.

«Астана»-«Ордабасы» — 1:0.

«Атырау»-«Ақжайық» — 0:1.

«Оқжетпес»-«Қайрат» — 0:0.

«Тобыл»-«Ертіс» — 2:2.

*   *   *

14-турдың ерекшеліктері.

Біріншіден, бұл турда чемпионат басталғалы ең аз гол соғылды — 9 доп, ірі есеп нәтижесі тіркелген жоқ, 1:0 есебі бір турда алғаш рет бес мәрте қайталанды. Алаң иелері басымдылық таныта алмады, үш кездесуде ғана жеңіп, екі кездесуде ұтылды, екі ойын тең есеппен аяқталды.

Екіншіден, екі жеңіске шапшаң голдар арқылы («Қайсар», Әбділкәрім Фатхали — 3-минут; «Ақтөбе», Александр Гейнрих — 6-минут), екі жеңіске қосымша минуттар басталған шақта («Астана», Сергей Гридин — 90-минут; «Тараз», Абдалай Дикате — 90-минут) қол жетті. Және бұл төрт ойын да 1:0 есебімен аяқталды.

Үшіншіден, өз алаңындағы жеті ойында да тек жеңіске ие болып келе жатқан «Тобыл» бұл турда, сегізінші ойында тең есепке жүгінді. Өз алаңында ұтылмай ойнап келе жатқандар — «Шахтер», «Ордабасы».

Төртіншіден, бұл турда 1:0 есебі ерекше мәнге ие болды. «Қайсар» мен «Астана» өз алаңдарында үшінші рет 1:0 есебімен ұтып, «Шахтер» сырт алаңда бесінші рет, оның ішінде төртінші рет 0:1 есебімен ұтылса, «Жетісу» сырт алаңда үшінші рет 0:1 есебімен (жалпы алғанда сырт алаңдағы барлық сегіз ойында да) ұтылуға мәжбүр болды.

Бесіншіден, «Оқжетпес» өз алаңында, жалпы чемпионат басталғалы, алғаш рет тең ойнады.

Алтыншыдан, «Тараз» сырт алаңда үшінші рет жеңіске ие болып, «Ертіс» сырт алаңда үшінші рет тең ойнаса, «Сұңқар» өз алаңында үшінші рет ұтылды.

 Ойын кестесі

Командалар           О          Ұ        Т       Ж          Д        Ұп

1  «Тобыл»             14         8          3          3          24-15  27

2  «Шахтер»            14       8          1         5          23-11  25

3   «Ақжайық»         14       8          1         5          22-17  25

4   «Тараз»               14       8          1         5          14-14  25

5   «Ақтөбе»           14       7          2         5          17-10  23

6   «Ертіс»                14       6          5         3          25-15  23

7   «Ордабасы»      13        6          4         3          16-10  22

8   «Астана»            13       6          3         4          14-14  21

9   «Атырау»            14       5          3         6          12-14  18

10  «Қайсар»           14       5          2         7          11-16  17

11 «Қайрат»            14       4          5         5          13-18  17

12 «Сұңқар»            14       2          6         6          5-13    12

13 «Жетісу»             14       3          1         10       15-27  10

14 «Оқжетпес»       14       2          1         11       11-28  7

 (О — ойын, Ұ — ұтыс, Т — тең, Ж — жеңіліс, Д — доп айырмашылығы, Ұп — ұпай).

 Сұрмергендер:

Бауыржан Жолшиев («Тобыл») — 7 доп.

Игорь Зенькович («Ақжайық») — 7 (үшеуі — он бір метрлік айып добы);

Эдин Юнузович («Жетісу») — 6 доп.

Андрей Финонченко («Шахтер») — 6 доп.

Мирослав Лечич («Тараз») — 5 доп.

Давид Чегашвили («Оқжетпес») — 5 доп.

Игорь Юрин («Ертіс») — 5 доп;

Ұлықбек Бақаев («Ертіс») — 5 (2);

Йосип Кнежевич («Қайрат») — 5 (2).

*   *   *

«Ақтөбе» футболшыларының еншісі:

Брана Илич — 3 доп;

Марат Хайруллин — 3 (екеуі  — он бір метрлік айып добы);

Сергей Лисенков — 2;

Лукас Байер — 1;

Арунас Климавичус — 1;

Дарко Малетич — 1;

Петр Бадло — 1;

Самат Смақов — 1;

Зоран Костич — 1.

Юрий Логвиненко — 1;

Тимур Кападзе — 1;

Александр Гейнрих — 1.

*   *   *

1 шілде, жексенбі күні «Ақтөбе» Талдықорғанда «Жетісумен» кездеседі.

Қалған кездесулер:

«Шахтер» — «Тобыл»;

«Ертіс» — «Оқжетпес»;

«Қайрат» — «Атырау»;

«Ақжайық» — «Астана»;

«Ордабасы» — «Сұңқар»;

«Тараз» — «Қайсар».

 УЕФА

 Таныс «Торпедо»

 УЕФА штаб-пәтеріндегі (Ньон қалашығы, Швейцария) жеребелер барысында «Ақтөбенің» Еуропа Лигасындағы алғашқы бәсекелесі анықталды.

Біздің жерлестеріміз бірінші іріктеу кезеңінде Кутаисидің «Торпедо» командасымен кездесетін болды.

Алғашқы кездесу 5 шілдеде Грузияда, қарымта ойын 12 шілдеде Ақтөбеде өтеді.

Заманында КСРО чемпионатының жоғары лигасында (1962-1970; 1982-1983; 1985-1986) ойнаған, аға буын әжептәуір танитын «Торпедо» бірнеше рет Грузия чемпионы да болды, Грузия Кубогы иегері де атанды. Анзор Кавазашвили, Отари Габелия, Георгий Мегреладзе, Малхаз Асатиани, Рамаз Шенгелия сияқты әйгілі фуболшылар осы кутаисилік командадан түлеп ұшқандар.

Бұрын КСРО құрамында болған елдің клубы «Ақтөбеге» ғана бұйырыпты. Себебі басқа үш командамыздың әріптестері сырт жұрт өкілдері.

5, 12 шілдеде осы Еуропа Лигасының іріктеу ойындары кезеңінде «Жетісу» Польшаның «Лех» командасымен, ал «Ордабасы» Сербияның «Ягодина» клубы футболшыларымен шеберлік сынасады.

Өткен жылғы (қазіргі де) чемпионымыз, Чемпиондар Лигасында ойнайтын «Шахтердің» қарсыласы — Чехияның «Слован» командасы. Бұл екі клубтың арасындағы кездесулер 17/18 және 24/25 шілде күндері өтеді.

 Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button