Спорт

Біздің «Намыс» — чемпион!

Қол добынан (гандбол) жоғарғы лигадағы ерлер  командаларының арасындағы еліміздің кезекті чемпионаты аяқталды. Биыл Ақтөбе облысының «Намыс» командасы чемпион атанды.

Облыстық әкімдіктің және туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасының қолдауымен құрылған спорт түрлері ойындарының клубы осылай аталады. Клуб өзінің жұмысын 2011 жылдың тамыз айынан бастады. Мұндай клуб құрылғанға дейін  еліміздің чемпионатына «Қандыағаш» командасы болып қатысып келді.

Қол добын дамыту 2002 жылы осы ауданның орталығында  басталды. Яғни, бұдан  он жыл бұрын қазақстандық гандболдың  екі ардагері, Қазақ ССР құрамасының бұрынғы ойыншылары, Алматы командасының құрамында сан мәрте Қазақстан чемпиондары болған Е.Әміржанов пен М.Зәкіржанов Қандыағаш қаласында балаларды жаттықтырып, команда жасақтауды қолға алған еді. Олар— спорттың осы түрінен бір кездегі ақтөбелік спортшылардың даңқын қайтаруды мақсат етті. Жетпісінші жылдардың аяғы мен сексенінші жылдардың басында Ақтөбенің «Строитель» командасы КСРО чемпионатының бірінші лигасында табысты ойын көрсеткенін жанкүйер қауым жақсы біледі.

2005 жылы Қандыағаш қаласының жасөспірім балалары еліміздің чемпионатына алғаш қатынасты. Бірінші жылдары кестенің төменгі жағында болған команда жыл сайын  көрсеткіштерін жақсарта берді.Соңғы екі чемпионатта қола жүлдегер болды. Ал өткен жылғы Қазақстан спартакиадасында екінші орын алды. Енді, міне, қол добын жаңғыртқан он жылдың ішінде ақтөбеліктер Қазақстан чемпионы атанып отыр.

Жаңа маусымда да осындай шебер ойын көрсетсе, команда ойыншыларының спорт шебері атағын алуға мүмкіндіктері бар. Мұндай табысқа жетуге негіз де бар. Қандыағаш қаласында қазіргі кезде 4 жаттықтырушы жұмыс істейді. Олардың қарамағында жақсы жабдықталған спорт зал бар.

А.ҚАЗЕКЕНОВ.


Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button