Облыс әкімі спортшылармен жүздесті

Өткен аптаның жұма күні облыс әкімі Архимед Мұхамбетов Тұманды Альбион жерінде өтетін ХХХ жазғы Олимпиада ойындарына лицензия алған ақтөбелік спортшылармен кездесті.
27 шілде мен 12 тамыз аралығында Ұлыбритания астанасы Лондонда өтетін ХХХ жазғы Олимпиада ойындарында өнер көрсетуге лицензия алған спортшылардың бірі — Александр Тарабрин. Суда жүзуден халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстан Республикасының рекордшысы, 2011 жылы болған Қазақстан Республикасының Жазғы олимпиадасының чемпионы Александр Олимпиада ойындарында 100, 200 метр қашықтықта және 4х100 метр эстафетада сынға түспек.
Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, ауыр атлетикадан Қазақстан Республикасының чемпионы ақтөбелік Фархад Харки әлемдік рейтинг бойынша үшінші орында тұр. Ол олимпиадашыларды іріктеу турында 62 келі салмақта жұлқа көтеру нәтижесінде 137 келіні, серпе көтеру нәтижесі бойынша 180 келіні еңсеріп отыр.
Ақтөбелік төреші Рахымжан Рысбаев Лондон төрінің шаршы алаңында бокстан төрешілік ететін болды. Ол — бокстан халықаралық дәрежедегі және АIBA төрешісі.
Спортшылармен және төрешімен кездесу кезінде облыс әкімі Архимед Мұхамбетов қоғамда дене шынықтыру мен спорттың көптеген әлеуметтік мәселелерді шешуге оң ықпал ететінін атап өтті. Архимед Бегежанұлының айтуынша, спорт жастарды тәрбиелеуге, мәдениетті қалыптастыру мен халықтың денсаулығын нығайтуға, олардың бос уақытын тиімді өткізуге игі ықпал етеді.
— Ақтөбе облысы спорттық аймақ саналады. Бұл аймақтан дүбірлі жарыстарға көптеген жеңімпаздар мен жүлдегерлер әзірленді. Ақтөбелік боксшылар мен футболшылардың, ауыр атлеттердің, сондай-ақ спорттың басқа да түрлерінен бақ сынап жүрген спортшыларымыздың есімдері елімізге ғана емес, шет елдерге де мәлім, — деді Архимед Мұхамбетов.
Кездесу барысында облыс әкімі аймақтағы спорттық базалардың жай-күйі мен бұл салада атқарылатын алдағы жұмыстар жайында айтты. Сонымен қатар, облыс әкімі Олимпиада ойындарына қатысушылардың қазақстандық спорттың даңқын асыруда лайықты өнер көрсететіндеріне сенім білдіріп, сый-құрмет жасады.
Арайлым НҰРБАЕВА.



