Спорт

Бақ шапты ма, бап шапты ма?..

(Ширек финалдың қорытындылары)

«Жанкештінің» жеңісі

№25. Чехия-Португалия — 0:1.

21 маусым. Варшава. «Национальный» стадионы.

Топтық кезеңнен ширек финалға бұл екі құрама бірдей ұпаймен, тіпті Чехия бірінші орынды иемденіп шыққанмен, Португалияның жөні бөлек еді. Бұлар жанкүйерлер шошына қараған «жанкештілер тобына» тап болып, Голландия мен Данияны ұтқан, Германияға да азу көрсетіп, тек 1:0 есебімен ғана ұтылған нағыз мықтылар еді. Сол себепті де Роналду мен оның командасының жеңісі заңдылық ретінде қабылданды.

Гол авторы: Криштиану Роналду (Португалия), 79-минут (0:1).

Мүлтіксіз машина

№26. Германия-Грекия — 4:2.

22 маусым. Гданьск. «Арена Гданьск» стадионы.

Гректердің биыл топтық кезеңнен де аса алмайтындығын болжағандар көп болып еді. Сөйткен бұл құраманың алаң иесі Польшамен тең ойнап, алғашқы ойындағы төрт голымен масаттанған Ресейді тізерлеткенінің өзі аз олжа емес секілді болды. Ал тап қазір гректердің «неміс машинасын» тоқтатарлық күші жоқ екені және мәлім.

Гол авторлары: Филипп Лам (Германия), 39-минут (1:0); Гиоргос Самарас (Грекия), 55-минут (1:1); Сами Хедира (Германия), 61-минут (2:1); Мирослав Клозе (Германия), 68-минут (3:1); Марко Ройс (Германия), 74-минут (4:1); Димитрис Салпингидис 89-минут, пенальти (4:2).

Мерейлі сый

№27. Испания-Франция — 2:0.

23 маусым. Донецк. «Донбасс-Арена» стадионы.

Бұл кездесуде де Испания өз мәнерімен ойнады. Бұл мәнерді бұзуға француздардың шамасы жетпеді. Ұлттық құрама сапындағы жүзінші ойынын өткізген Хаби Алонсоның екі голы өзіне де, өз құрамасына да лайықты мерекелік сый тәрізді болды.

Голдардың авторы: Хаби Алонсо (Испания), 19-минут (1:0); Хаби Алонсо (Испания), 90+1-минут, пенальти (2:0).

Жүйкелер бәсекесі

№28.Англия-Италия — 0:0 (2:4).

24 маусым. Киев. «Олимпийский» стадионы.

120 минутқа созылған бұл кездесу жанкүйерлердің жүйкесін сымдай ширықтарды. Әрине, футболшылардың жүйкесіне де аз салмақ түскен жоқ. Бұл, әсіресе, төрт таймнан соңғы пенальтилер соғу кезінде ерекше байқалды. Ағылшындар Эшли Янгтың соққан добы қақпа маңдайшасына тиіп кері серпілсе, Эшли Коулдың добын қақпашы тырп еткізбей ұстап алды. Сөйтіп Италия футболшылары мен әйгілі қақпашы Джанлуиджи Буффонның мерейі үстем болды. Расына келгенде де, итальяндық футболшылар ағылшындардан гөрі тәуір ойнаған еді.

ЖАРТЫЛАЙ ФИНАЛ

№29. Португалия — Испания

27 маусым. Донецк. «Донбасс-Арена» стадионы.

№30. Германия — Италия

28 маусым. Варшава. «Национальный» стадионы.

Қазақстан Кубогы

5:0 — БЕРЕКЕЛІ ЕСЕП

Өткен сәрсенбі күні, 20 маусымда Қазақстан Кубогы үшін өтіп жатқан бәсеке барысында, ширек финалдың алғашқы ойынында «Ақтөбе» командасы өз алаңында Қаратау қаласының «Лашын» командасын қабылдады. Бірінші лиганың тәжірибесі аз футболшыларын ұту жерестерімізге аса қиындық әкелген жоқ. Жауапсыз бес гол — соның куәсі.

Гол авторлары: Тимур Кападзе, 12-минут; Марат Бикмаев, 33-минут; Марат Хайруллин, 57-минут; Мұрат Тілешев, 86-минут; Петр Бадло, 52-минут.

Қарымта ойын ертең, 27 маусым күні Қаратауда өтеді.

Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button