Ақтөбе татамиі жеңімпаздарды анықтады

Өткен аптада Ақтөбеде 23 жасқа дейінгілер арасында дзю-додан Қазақстан біріншілігі өтті. Оған Астана мен Алматыдан және 14 облыстан келген 16 команда қатысты.
Екі күн бойы «Қоныс» спорт сарайының түңлігін желпілдеткен сайысқа кіл мықтылар келіпті. Өйтпегенде ше, жарыс жеңімпаздары ұлттық құрамаға қабылданатын болса! Бірнеше жылдан кейін негізгі салмақ осы буынның иығына түсері хақ. Сондықтан да Ақтөбеде өткен біріншілікке осы саланың майын ішкен мамандар түгел келіп, әр балуанның аяқ алысын бақылады.
Бір кезде татамидың шаңын қаққан даңқты Асхат Шахаровтың ізбасарлары тәп-тәуір өнер көрсетті. Өз ауылыңда күрескеннің жақсы жағы да, жаман жағы да бар. Жақсысы — өз үйіңнің қабырғасы да көмектессе, жаманы — сол жауапкершілікті көтере алмай қалатындар да бар. Дегенмен ақтөбелік палуандар жарады. 60 келіде Рустам Ибраев, 81 келіде Бекжан Әбдуалиев, 100 келіде Шыңғыс Шоқпытовтар топ жарса, 90 келіде Нұрсұлтан Иманғазин күміспен күптелді. Ал 66 келіде Дамир Жиенбав, 73 келіде Қажымұқан Өтеулиев, 81 келіде Әділет Мысиндер қола жүлдені місе тұтты.
Ерлердің жеңісті жолын қыздар да жалғастырды. 48 келіде қарсыластарын қақыратып ұтқан Айгүл Байқұлованың болашағына бапкерлер үлкен үмітпен қарап отыр. Сондай-ақ 52 келіде 3-орын иеленген Жұлдызай Бауыржанова, 78 келіде үштікке ілінген Рамуза Насыровалардың да аяқ алысы тәп-тәуір.
Жалпы Ақтөбе кілемі «күш атасын танымайтынын» көрсетті. Небір азулы балуандар аты белгісіз қарсыластарының «қанжығасында» кетіп жатты. Әрине, бір жеңіліске бола, мықты балуаннан күдер үзуге болмайды. Бірде бақ, бірде бап шабатын спортта сәттілік үнемі серік бола бермейді.
Ал жарыстың ұйымдастырылу жағына қонақтар риза болып кетті. Бұл — Асылбек Құлмағамбетов басқарып отырған облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармасының жасап отырған жұмысына берілген тікелей баға!
Бек СҰЛТАН.



