Мәдениет

Еңбекті елеу деген — осы

Құрмет

Жақында облыс халқы есімін жақсы білетін Серік Ботағаринге «Мәртөк ауданының құрметті азаматы» атағы берілді. Бұл мәселені  ауданның халқы көтеріп, аудандық мәслихаттың қарауына ұсынды. Депутаттар сессияда қарап, бірауыздан шешім қабылдады.  Мұнан кейін мәслихаттың кезекті отырысына  марапат иесін Ақтөбеден арнайы шақыртып, тиісті құжатын және төсбелгісін салтанатты жағдайда тапсырды.

Салтанатқа аудан әкімі Мәди Елеусізов, аудандық мәслихаттың депутаттары, кәсіпорындар басшылары,  ардагерлер мен зиялылар қауымы қатысты. Көпшілік алдында ауданның құрметті азаматы болып отырған бұл өңірге сіңірген еңбегі жарқыратып айтылды.

Расында да, Серік Көшерұлы бұл ауданды кешегі өліара шақта, тұралап жатқан жерінен тұрғызған еді.  Ауданға әкім болып, 1999 жылы, қиын кезде келді. Халықтың көңіл-күйі төмен еді. Соның өзінде жергілікті ұлт өкілдері аудан тұрғындарының  бары-жоғы  28 пайызын ғана құрайтын. Тіпті сол өзге ұлттың өкілдері де қоныс аударып, үдере көшіп жатты. Себебі, ауданда жағдай мүшкіл еді. Шаруаның берекесі кетті, өндірістер тоқтап жатты. Газ, ауыз су жоқ. Электр жарығы бірде бар, бірде жоқ. Айнала жұмыссыздық жайлап бара жатты. Қоғамдағы енжарлық, ертеңгі күнге деген сенімсіздік еңсені басты. Содан да халық басқа жақтан жәрдем іздеп кетіп жатты. Халықты тоқтату, аудандағы теріс қалыптасқан  жағдайларды жедел өзгерту керек болды. Сол тұстағы облыстың әкімі Аслан Мусин мұны түзеу тек Серік Ботағариннің қолынан келеді деген тоқтамға келді. Бұған дейін тәжірибелі басшы бұрынғы Комсомол, Әйтеке би, Қарабұтақ аудандарында лауазымды қызметтерді талап деңгейінде атқарып көзге түскен еді. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының  бастығы болатын. Осы білікті басшыны тұралаған ауданға баруға көндірді.

Алғашқыда онша ықыласты болмаса да, жауапкершіліктен бойын алып қаша алмаған Серік Көшерұлы  ауданның тізгінін қолға алды. Жұмысты кабинетте отырмай, халықпен жұмыс істеуден бастады. Кей жағдайда кеңес уақытындағы тәжірибелерге де сүйенді. Тікелей өзі барып қатысып, әр мекемеге кәсіпорын күндерін өткізді. Бұл шақта кейбір кәсіпорындарды  жекешелендіру де бастап жүріп жатыр еді.  Қалай дегенде де, халыққа жақындаудың жолы еді бұл. Сол арқылы адамдарымен жақын танысудың, олардың ойларын, пікірлерін білудің, тіпті әр кәсіпорын шығаратын өнімдердің жайын білудің мүмкіндіктері  туды. Тек таза шаруаны қарап қоймай, көркемөнерпаздардың концерттеріне де ықылас қойды. Сол арқылы халықтың көңіл-күйін көтеруге тырысты.

Кәсіпорын күні өткен кезде, онда жұмыс істейтін адамдар клубқа жиналатын.  Шаруаның жайы, кәсіпорынның ертеңгі болашағы ақылдасылып, талқыланатын. Соңы көңілді концертке ұласатын. Мұның кейбір кәсіпорындарды қайта құрып, қалыптастыруға да ықпалы аз болған жоқ. Мысалы,  қазіргі  Мәртөктің іргелі кәсіпорнына айналған «Алғабас» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы, белгілі кәсіпкер  Самат Садуанов сол кезде жаңа шаруа бастап жатты. Аудандағы  май зауытын жекешелендіріп, өз қолына алды.  Шаруа бірден зырылдап еткен жоқ. 150 адамды жұмысқа тартып, столға қатар отырғызып,  қолмен тұшпара жасап, саудаға шығарды.  Мәртөктің орман шаруашылығында өткен күндер де табысты болды. Ол кезде бұл кәсіпорын күшінде еді, тәп-тәуір бұйымдар жасайтын. Кейін бір қолдан бір қолға көшірудің салдарынан әлсіреп, құрал-жабдықтары қолды болып кетті.

Осындай бастаманың арқасында  жаңа әкімге ауданның еңбек ұжымдарымен жақын танысудың сәті түсті. Әр кәсіпорын өнімдерінің көрмесі жасалды.

Әкім өзі жұмыс жасаған алғашқы жылдарда бұқаралық спортты дамытуға күш салды. Бұған да өзі жүрді. Спорт залдарға барды. Ауыл спортшыларымен бірге волейбол ойнады, әкімдіктің командасын құрды. Уақыт белгілеп, әр ауылда спорт жарыстарын ұйымдастырды. Бұл да халыққа жақындаудың бір жолы еді. Сөйтіп, әлеуметтік шараларды нығайтуға халықтың өзін көтерді.

Осы тұста Елбасы  «Адамдарға  балық емес, қармақ бер» деген даналық сөзді айтып жатты. Әкім де ел аралап, ауылда ештеңе жоқ деп отыра берудің пайдасыздығын халыққа түсіндірді.  Бұрынғыдай елді картоп, көкөніс егуге көтерді. Соған жағдай жасады.

Кеңестік дағдыны жойып, кәсіпкерлікті өрістету керек болды. Қазақ жігіттерін осы жолға үгіттеді, қолдау көрсетті. Ресейден «Шадрин» сүтін шығаратын зауыт мамандары келді. Мәртөктен  филалын ашпақ болды. Бірақ бұған жергілікті кәсіпкер көнбеді. Сөйтіп бір кәсіпорын құратын жерден айрылып қалғандарына әлі күнге дейін өкінеді. «Егер кәсіпкер келіскенде, қазір жағдай басқаша болатын еді, жабдық алатын едік, Мәртөкте қалайы қалбырға сүт түретін бір кәсіпорын орнап қалатын еді», — дейді Серік.  Бірер жыл өткенде жағдайдың түзелгені сондай, Мәртөкке шаруаны үйренуге көрші Ақбұлақ ауданының әкімшілігінің басшылары келетін болды.

Аудан шамалы әл жинағаннан кейін, Серік түбегейлі мәселелерді қолға алды.

Хлебодар мектебіне бір жылдың ішінде газ апарды.  Тіпті осы ауылдың Мәртөктің  әкімшілік аумағына кіруіне де еңбек сіңірген Ботағарин еді. Себебі, ол енді ауданға газ апаруды ойлай бастаған. Сонда Астанадағы құзырлы орындар аудан халқының саны жетпейді деген сылтауды алға тартты. Сөйтіп облыс әкімімен келісе отырып Хлебодар ауылын ауданның қарамағында қалдырды. Әрине, мұны халықтың да  өзі таңдады. Себебі, ауылға көрсетілетін жеңілдіктер бар еді… Хлебодар ауылының қазақтануына да әкімнің қосқан үлесі өлшеусіз. Ол үшін мұнда оралмандардың қоныстануына жағдай жасалды. Сөйтіп, аз уақытта бұл ауыл іргелі елді мекенге айналды.

Бүгінде мәртөктіктер  тұщы су ішіп отырса, бұл да сол тұстағы әкімнің еңбегі еді. Аудан орталығына Астанадағы министрлердің есігін тоздырып, елден сайланған Сенат, Мәжіліс депутаттарын қосып, су құбырын тартудың мәселесін уақытылы шешіп еді. Электр қуатының үзілісін болдырмас үшін аудан орталығына, бірнеше ауылға екінші желі тарттырды.  Айта берсек, халықтың тілін білетін  іскер басшының өзі әкім болған алты-жеті жылда ауданда атқарған, жүзеге асырған шаруасы  жеткілікті.

Бұл азамат тұралаған ауданды қолға алып, алты жыл өткенде жаңа әкімге іргелі ауданның тізгінін ұстатып еді. Міне, осы еңбек жерде қалмай, пәлен жыл өткенде құрмет боп қайтып отыр.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button