Спорт

Бақ шапты ма, бап шапты ма?..

Данияның өкініші

 №11. «В» тобы. Дания-Португалия — 2:3.

13 маусым. Львов. «Арена Львов» стадионы.

Әрине, жеңіс қай командаға да керек. Дегенмен өткен кездесуде Германиядан жеңілген (0:1) португалдықтар үшін үш ұпай тым қымбат еді. Олар екі гол соққан соң сол мақсат орындалғандай да болған. Бірақ даттар да қарап қалмады. Никлас Бендтнер екі доп соғып, теңесті. Негізі алаңдағы қимылдарды саралағанда ойынның әділ есебі осылай болуы керек сияқты еді. Әттең, кездесу аяқталар сәтте португалдықтар тағы бір гол соқты да, Дания қолға түскелі тұрған бір ұпайдан айрылып сан соғып қалды.

Гол авторлары: Пепе (Португалия), 24-минут, (0:1); Элдер Поштига (Португалия), 36-минут (0:2); Никлас Бендтнер (Дания), 41-минут (1:2), Никлас Бендтнер (Дания), 80-минут, (2:2); Силвестре Варела (Португалия), 87-минут, (2:3).

 

Гоместің қос голы

 

№12. «В» тобы. Голландия-Германия — 1:2

13 маусым. Харьков. «Металлист» стадионы.

Екі кездесуде де бір ұпайға да ие бола алмаған алғашқы команда Голландия болды. Бірақ бұл жолы олардың Германиядан ұтылуында тұрған таңқаралық ештеңе жоқ екені және рас. Немістер расында да қарсыластарынан бір иық жоғары тұрды. Тіпті екінші таймда әжептәуір шабуылдар ұйымдастырып, жан сала ойнағанымен Голландия тізгінді тартып ала алмады.

Гол авторлары: Марио Гомес (Германия), 24-минут (0:1); Марио Гомес (Германия), 38-минут (0:2); Робин ван Перси (Голландия), 73-минут (1:2).

 

Әділ нәтиже

 

№13. «С» тобы. Италия-Хорватия — 1:1

14 маусым. Познань. «Мейский» стадионы.

Бұл кездесуде Италияның жеңіске жететіндігіне сенімділер көптеу болды. Бірінші таймда бұлар, расында да, жасындай жарқылдады, гол соқты. Әйтсе де екінші таймда хорватиялықтар да тым осал команда емес екендіктерін аңғартты, есепті теңестірді. Осы тең есеп екі құраманың бұл кездесуіндегі ең әділ нәтиже болды.

Гол авторлары: Андреа Пирло (Италия), 39-минут (1:0); Марио Манджукич (Хорватия), 72-минут (1:1).

 

Ең ірі есеп

 

№14. «С» тобы. Испания-Ирландия — 4:0.

14 маусым. Гданьск. «Арена Гданьск» стадионы.

Ирландия бұл кездесуде ең дәрменсіз құрама қалай ойнайтынын көрсетті. Олардың қақпасына кірген төрт доп — осының айқын дәлелі. Ал Испания ең тәуір құрама шамамен қалай ойнауы керектігінің көрнекі құралы болды.

Гол авторлары: Фернандо Торрес (Испания), 4-минут (1:0); Давид Сильва (Испания), 49-минут (2:0); Фернандо Торрес (Испания), 70-минут, (3:0); Сеск Фабрегас (Испания), 83-минут, (4:0).

 

Нөсерден кейін

 

№15. «Д» тобы. Украина-Франция — 0:2

15 маусым. Донецк. «Донбасс-Арена» стадионы.

Жойқын нөсердің кесірінен алғашқы минуттарда тоқтатылған кездесу жарты сағаттан астам уақыттан соң ғана қайта жанданды. «Манчестер Юнайтед», «Реал», «Бавария», «Челси» секілді атақты клубтардың ойыншыларынан құрылған Франция құрамасының отандық футболшылармен ғана шектелмеске амалы жоқ Украина құрамасын жеңуі күтпеген оқиға емес. Екі голға қарымта жауап қайтарудың тіпті де мүмкіндігі болмағандығының бір себебі осы да  шығар.

Гол авторлары: Жереми Манез (Франция), 53-минут, (0:1); Иоан Кабайе (Франция), 56-минут (0:2).

 

Алғашқы автогол

 

№16. «Д» тобы. Швеция-Англия — 2:3.

15 маусым. Киев. «Олимпийский» стадионы.

Швеция 2008 жылдағы сияқты бұл жолы да топтық кезеңнен аса алмайтын болды. Тіпті ағылшын футболшысы Глен Джонсонның өз қақпасына өзі гол соғып алып, алғашқы автогол иесі атанғаны да бұларға көмек болмады. Алдағы үшінші кездесудің нәтижесінен бұл құрамаға келіп-кетер пайда да, зиян да жоқ.

Гол авторлары: Эндрю Кэролл (Англия), 23-минут (0:1); Глен Джонсон (Англия), 49-минут, автогол, (1:1); Улоф Мельберг (Швеция), 59-минут, (2:1); Тео Уолкотт (Англия) 64-минут, (2:2); Данни Уэлбек (Англия), 78-минут, (2:3).

 

Қожайынның қоштасуы

 

№17. «А» тобы. Чехия-Польша — 1:0.

16 маусым. Вроцлав. «Мейский» стадионы.

Чемпионаттың қос қожайынының бірі, алаң иесі, тең ойындармен жұбанып келе жатқан Польша «ширек финалға жетіп жығылуының өзі аз табыс емес» екені туралы болжамды да ақтай алмады. Бірінші таймда жеңіске жетуге толық мүмкіндігі бар сияқты көрінген поляктар екінші таймда күрт әлсіреп, тұсаулы аттың кейпін көрсетті де қойды.

Гол авторы: Петр Ирачек (Чехия), 72-минут, (1:0);

 

Ресей жеңілді

 

№18. «А» тобы. Грекия-Ресей — 1:0.

16 маусым. Варшава. «Национальный» стадионы.

 

Жеңілмей жатқан кім бар?! Бірақ небір білгірлер ширек финалға бірінші орынмен шығатындығына сенімді болған ресейліктердің бұл жеңілісі күтпеген оқиға болды. Ал, расына келгенде, тіркесті «Ресей жеңілді» деп емес, «Грекия жеңді» деп құраған жөн секілді. Бір-ақ ұпайы бар бұлардың төрт ұпайы бар Ресейді омақастыра құлатуы 2004 жылы дәл осындай «А» тобында ширек финалға дәл осындай екінші орынмен, дәл осындай төрт ұпаймен шығып, яғни Испания (4 ұпай) мен Ресейден (3 ұпай) озып, кейін чемпион болған Грекияны еске сала береді.

Гол авторы: Гиоргос Карагунис (Грекия), 45+2-минут (1:0).

 

«А» тобы. Қорытынды есеп.

 

1-орын. Чехия 2 жеңіс, 1 ұтылыспен  6 ұпай жинады. Доп айырмашылығы — 4:5.

2-орынға 1 жеңіс, 1 тең ойын, 1 ұтылыспен 4 ұпай жинаған (доп айырмашылығы — 3:3) Грекия шықты.

3-орын. Дәл осылай ойнаған (1 жеңіс, 1 тең ойын, 1 ұтылыс, 4 ұпай, доп айырмашылығы — 5-3), бірақ Грекиядан ұтылып қалған Ресей үшінші сатыға түсті.

4-орын. Польша 2 тең ойын, 1 ұтылыспен 2 ұпай жинады Доп айырмашылығы —2-3.

 

Үш ұтылыс

 

№19. «В» тобы. Португалия-Голландия — 2-1.

17 маусым. Харьков. «Металлист» стадионы.

Үш кездесуде бір де бір ұпай жинамаған алғашқы команда Голландия болды. Дания мен Германиядан тауы қайтқан бұл құрама соңғы ойында үш ұпай «сыйлап», Португалияны ширек финалға шығарып салды.

Гол авторлары: Рафаэль ван дер Варт (Голландия), 11-минут, (0:1); Криштиану Роналду (Португалия), 28-минут. (1:1); Криштиану Роналду (Португалия), 74-минут (2:1).

 

9 ұпай

 

№20. «В» тобы. Дания-Германия — 1:2.

17 маусым. Львов.

Дания құрамасын жеңген Германия, енді қалған барлық ойындардың нәтижелеріне қарамастан, топтық кезеңде 9 ұпай жинаған жалғыз команда болып қалып отыр.

Гол авторлары: Лукаш Подольски (Германия), 19-минут, (0:1); Микаэль Крон-Дели (Дания), 24-минут, (1:1); Ларс Бендер (Германия), 80-минут, (1:2).

 

«В» тобы. Қорытынды есеп.

 

1-орын. Германия үш жеңістен соң 9 ұпай жинады. Доп айырмашылығы — 5:2.

2-орын. Португалия 2 жеңіс, 1 ұтылыспен 6 ұпай жинап, екінші орынға шықты. Доп айырмашылығы — 5:4.

3-орын. 1 жеңіс, 2 ұтылысы бар Дания 3 ұпай ғана жинады. Доп айырмашылығы — 4:5.

4-орын. Үш кездесуде де ұтылған Голландия еш ұпай жинай алмады. Доп айырмашылығы — 2:5.

 

Ширек финал. Алғашқы екі кездесу.

 

№25. Варшава. 21 маусым. Чехия — Португалия.

№26. Гданьск. 22 маусым. Германия — Грекия.

 

Ертай АШЫҚБАЕВ.   

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button