Ақтөбенің ең үлкен бассейні

Ақтөбе мұнай және газ колледж базасында салынған ұзындығы елу метрлік бассейннің салтанатты ашылу рәсімі болды. Бұл — аймақтағы ең үлкен бассейн. Салтанатты шараға Ақтөбе қаласының әкімі Ерхан Омаров, облыстық мәслихат хатшысы Сәния Қалдығұлова, бірқатар мемлекеттік басқарма басшылары мен колледж ұжымы, спорт сүйер қауым қатысты.
Ұзындығы 50 метр, тереңдігі 2,5 метр болатын спорттық жүзу бассейнінің құрылысы Ақтөбе мұнай және газ колледжінің құрылтайшысы, кәсіпкер Төлеген Таңатаровтың жеке қаржысына салыныпты. Іргелі құрылыс осыдан екі жыл бұрын басталған. Қазір колледж ауласында оқу ғимаратынан бөлек, спорттық жүзу бассейні, «Айбар» әуесқой-кәсіпқой бокс клубы, көлемі 985 шаршы метрлік спорт кешені мен тир алаңы бар. Бұл — жастардың бос уақытын тиімді өткізіп, салауатты өмір салтын қалыптастыру үшін жасалған шара.
Салтанатты жиында қала әкімі Ерхан Омаров жиналғандарды пайдалануға беріліп жатқан жаңа спорттық нысанның ашылуымен құттықтады.
— Біз Ақтөбе мұнай және газ колледжінің спорттық жүзу бассейнінің салтанатты жағдайда ашылу рәсіміне жиналып отырмыз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз Жолдауында қазақстандықтардың алдына азаматтардың салауатты өмір салтын ұстану, елімізде бұқаралық спортты дамыту үшін бірлескен іс-шараларды жүзеге асыру, сонымен қатар спорттық ғимараттардың санын көбейту және олардың халыққа қолжетімділігін қамтамасыз ету міндетін қойған еді. Бассейн бүгінгі стандарттарға сәйкес толықтай жабдықталған. Айта кететін болсақ, бассейнде компьютерлік, химиялық су тазарту жүйелері орнатылған. Бұл — Ақтөбедегі ұзындығы жағынан ең үлкен тұңғыш жүзу бассейні. Спорттық жүзу бассейні пайдалануға берілгеннен кейін ақтөбеліктердің денсаулығын нығайтуға мол үлес қосатынына сенімдімін. Колледж ұстаздарының еңбектеріне шығармашылық табыс, отбастарына аманшылық тілеймін, — деді Ерхан Болатжанұлы.
Жиында сөз алған кәсіпкер Төлеген Таңатаров былай деді:
— Бүгінде облыста ұзындығы 25 метрден аспайтын үш-төрт шағын бассейн жұмыс жасап жатыр. Бірақ ондай нысандар спорттың судағы түрлері бойынша спортшылар даярлауға жеткіліксіз. Алдағы Лондон олимпиадасына спорттың судағы түрлері бойынша Ақтөбеде бір спортшы лицензияға қол жеткізді. Осындай байрақты додаларда спорттың судағы түрлері бойынша бақ сынайтын спортшыларымыз дайындық үшін Алматы немесе Астана қалаларындағы елу метрлік бассейндерде жаттығады екен. Енді бұл бағытта ақтөбелік спортшылардың алаңсыз жаттығуына мүмкіндік туды. Өйткені спортшылардың өзге қалаға барып жаттығуы үшін жол шығыны өз алдына, әр күнге пәтер жалдау, күнделікті азық-түліктің өзі олардың қалтасын қағатын көрінеді. Спортшылардың қуанышында шек жоқ. Үлкен ризашылықтарын айтып жатыр. Алдағы уақытта спорттың судағы түрлері бойынша облыс намысын қорғайтын мықты-мықты спортшылардың шығатынына сенімім мол. Бұл — мемлекеттің бизнестің әлеуметтік бағытқа арнаған бағдарламасының жемісі деп білемін.
Бассейннің ішінде суға жүзушілер үшін барлық жағдай жасалған. Бассейнде өтетін түрлі жарыстарды көрермендер балконда тұрып тамашалайды. Ерлер мен әйелдердің жеке киінетін орны мен медициналық пункт, жаттықтырушы бөлмесі мен шаруашылық бөлімшесі жұмыс жасайды. Сол сияқты, бассейн оқу-жаттығу кезіндегі барлық қажеттіліктермен қамтылған.
Салтанатты шарада облыстық мәслихат хатшысы Сәния Қалдығұлова құттықтау сөз сөйледі. Бұдан соң салтанатты лента қию рәсімі болып, қала әкімі бастаған топ бассейннің ішін түгел аралап көрді. Жүзу спортының қыр-сыры мен техникасын шебер меңгергендер көпшілік алдында өнер көрсетті.
Арайлым НҰРБАЕВА.



