Мәдениет

«Сүйдің екен, от шықсын, жалын шықсын!»

Т.Ахтанов атындағы драма театрда Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университеттің көп салалы колледжінің актерлік өнер бөлімін бітіріп жатқан түлектердің «Ғашықтық хикаясы» атты дипломдық қойылымы көрсетілді. Спектакль көрермендерге, әсіресе, жастарға ұнаған сыңайлы, зал ішін  соғылған шапалақ үні кернеп кетті.

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университеттің көп салалы колледжінде «Актерлік өнер» мамандығы бөлімінің ашылуына мұрындық болған сол бөлімнің оқытушысы, Жастар сарайының директоры Орал Байсеңгірдің еңбегін айтпай кетуге болмас. Т.Ахтанов атындағы драма театрдың әдебиет бөлімінің меңгерушісі болып қызмет жасап жүргенде Орал Ноғайбайұлы Ақтөбеге сырттан келген маман актерлердің тұрақтамай кетіп қалатынына  қынжылып, 2008 жылы  облыстық мәслихатқа Ақтөбеде актерлер дайындайтын оқу бөлімін ашу керектігі жөнінде ұсыныс айтып хат жазды. Одан облыстық мәслихат шешім қабылдап, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университеттің ректоры Кенжеғали Кенжебаевтың қолдауымен осы «Актерлік өнер» бөлімі ашылған еді. Оқу ордасының  ректоры болашақ актерлерден қамқорлығын аяған жоқ. Музыкалық аспаптармен қамтамасыз етіп, Жастар сарайындағы кең залда «Сахна тілі», «Сахна қозғалысы» (оқытушысы — Асқар Тоқпановтың шәкірті Сержан Аманқұлов), «Актерлік шеберлік»  (оқытушысы —  «Тамашаның» тарланы Бақыт Айтова) пәндерін өткізуге мүмкіндік берді. Болашақ актерлер Алматыдан арнайы шақырумен келген Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының проректоры Аман Құлбаев бір апта шеберлік дәрісін оқыды. Режиссер Нұржан Сәндібеков «Сахна қозғалысы» бойынша шеберлік сабақтарын өткізді. Содан бергі үш жылда 30 шақты бала осы бөлімде білім алып жатыр.

Биылғы бітіріп жатқан түлектер 2010 жылы Жеңістің 65 жылдығына арналған Ж.Нәжімеденовтің өлеңдері бойынша қойылған музыкалық-поэтикалық қойылымға (режиссері — Орал Байсеңгір) қатысты.

Соңғы кездері Ахтанов театрына жастардың беті бұрыла бастады. Оның себебін театрдың бас режиссері Елтай Кемалдың жастар, махаббат тақырыбына арналған жас драматургтердің шығармаларын сахналауымен түсіндіруге болады. Ондай спектакльдерде негізгі рольдерде көбіне жас актерлер ойнайды.

Астанадағы Қ.Қуанышбаев атындағы академиялық  қазақ музыкалық драма театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі Қанат Жүнісовтің «Махаббат мелодрамасы» пьесасын сахналаған Елтай бұл жолы осыған үндес «Ғашықтық хикаясын» қойыпты. Елтай алғашында ақтөбеліктерге актер ретінде жақсы танылса, кейін білімін одан әрі жетілдіріп, өзін режиссурада сынап жүр. Алғашқы спектаклі жапон драматургі Минору Бэциякудің «Драма на углу улицы. Японский театр абсурда» шығармасы бойынша қойылған «Дерт» қойылымы болатын.

Одан кейін қойған біз айтып отырған  екі спектаклі де сәтті шықты. «Ақсарай» театрының режиссері Болат Атабаев, Астанадағы Жастар театрының көркемдік жетекшісі, белгілі режиссер, актер Нұрқанат Жақыпбаевтар сынды ізденістерге барып, Елтай Кемал сахнада сөзден гөрі іс-әрекетке, қимыл-қозғалысқа көбірек  мән береді.

Екі спектакльдің билерін қойған — Т.Ахтанов атындағы драма театрдың балетмейстері Қаршыға Дандағариев. Спектакльді көрген кісі Қаршығаның өлшеусіз еңбегін бағалайтыны анық. Сахна суретшісі — Айбек Орынбасаров.

«Ғашықтық хикасында» жатақхананың бір бөлмесінде тұратын  актерлік бөлімде оқитын жастардың өмірі баяндалады. Жоғары курстың үш жігіті бірінші курсқа енді түскен «первашты» ( Нұржауған Алтыбайұлы) ашса — алақандарында, жұмса — жұдырықтарында ұстайды. Сахнадағы актерлердің қимыл-қозғалыстары, билері әрі көркем, әрі әуенге сай, әрі шалт. Аса ептілікті, ыждағаттылықты  қалайтын қимылдарды жастар жан қинамай орындайтындай көрінеді. Олар сахнада өздерін судағы балықтай еркін сезінеді. Спектакльдің алып бара жатқан оқиғасы жоқ. Ондағы әрекеттің бәрі әдемі үйлесімділікпен жүзеге асады. Дастан рөліндегі Нұрболат Өтеғұлов өзінің ылдым-жылдым әрі көркем қимыл-қозғалысымен, керемет биімен, әдемі әзілімен көрерменін баурайды. Дастан Қымбат (актерлік бөлімнің ІІІ курс оқушысы) деген қызға ғашық, оған сезімін білдіруге келгенде жүрегі дауаламайды. Ал жанындағы екі досы болса, олар да  екі қызға ынтызар, бірақ көңілдерін білдірудің ретін таппайды. Қыздарды өздері тұратын пәтерге қонаққа  шақырайын десе, олар келісе қоярына сенбейді. Қыздардың көріпкел-балгер дегендерге  сенгіштігі бөлек, олардың айтқандарына қатты ұйиды. Қыздарды қайтсек қаратамыз деген жігіттер  есебін тауып балгерді  үйлеріне шақыртады, соның сылтауымен қыздарды да қонаққа шақырып қалмақ. Бірақ жеме-жемге келгенде  Ақмақта балгердің қолы тимей, келе алмай қалады. Ермектің ұнататын қызы Айым (Айзат Әбдіғаниева) мен Рүстемнің сүйгені Мәдина (Жарқынай Есберген) балгер келеді деген соң, екі өкпелерін қолына алып жетеді. Сол кезде жандары мұрнының ұшына келген екі досы Дастанды балгердің рөліне енгізіп жібереді. Қыздар емші әйел кейпіндегі Дастанның айтқанына имандай сеніп қалады. Қас қылғандай балгерді іздеп, тіпті, Қымбат та  келеді, Дастанның есі шығып кетеді. Сонда да реті келіп тұрғанда жайшылықта айта алмай жүрген арманын айтып қалады. Дастан рөлі арқылы Нұрболат өзінің болашағынан үлкен үміт күттіретін сахнагер екенін көрсетеді. Бұрын  түсініксіздеу сөйлейтін оның әр сөзі көрерменге айқын жетеді. Бойынан жастыққа тән қызбалық, тазалық, өткірлік байқалады. Ермек рөлінде ойнаған Мәди Қолашев, Рүстем кейпіндегі Нұрбек Әділбек, «перваш» Тұрсынбекті сомдаған Нұржауған Алтыбайұлы, деканды ойнаған Болат Жұмабаевтар керемет актерлік ансамбль құрайды. Олардың ойынына қарап отырып, актерлердің бесаспаптығына риза боласың. Ән де, би де, көркемсөз оқу да қолдарынан келеді.

Тұрсынбектің рөліндегі Нұржауған Алтыбайұлының сахнадағы қимыл-қозғалысы, сөйлеген сөзі әрі күлкі тудырады, әрі кісіні еріксіз өзіне тартады. Режиссер албырт, шапшаң, қиыннан жол тауып кететін Нұржауғанның  әбден «иін қандырған», жас жігіт өз ісіне тас-түйін, бір артық-ауыс  қимыл байқалмайды. Жасынан сахнада келе жатқан Нұржауған  рөлін жандырып ойнайды.

Спектакль соңында сөз алып, осы істің басы-қасында жүрген Орал Байсеңгіровке Алғыс хат тапсырған облыстық мәдениет басқармасының бастығы Нәзира Табылдинова сөзінің соңында :«Осындай дарынды жастарды Ақтөбедегі  Т.Ахтанов атындағы драма және «Алақай» қуыршақ театрларына жұмысқа тартамыз», — десе, драма театрдың  көркемдік жетекшісі Мағзом Бақытжанов: «Осы жастарды түгелдей театрға қабылдаймыз», — деп, көпшілікті қуантып тастады.

Ақтөбенің мәдени өмірінде әжептәуір сілкініс тудырған қойылымды көрген жас та, ересектер де ұтылмайды, бірі өзінің жастық шағын сағына есіне алса,  енді бірі замандастарының өнеріне тәнті болары сөзсіз.

Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button