Мәдениет

Олжалы сапар

Облыстық өлкетану музейінің бір тобы Алға ауданына үш күндік экспедицияға шығып, ондағы ауыл-ауылдарды аралап, тарихи-мәдени ескерткіштерді көріп, құнды жәдігерлер жинап қайтты. Облысымыздың 80 жылдығына орайластырылған   сапарларынан олжалы қайтты деуге болады. Топты бастап барған облыстық өлкетану музейі директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі  орынбасары Орал Өтеповамен сұхбаттасқан едік.

— Алға ауданын таңдауларыңызға не себеп?

— Бұл негізі жоспарлы экспедиция, екі жылдан бері Алғаға экспедиция шығаруды ойлап жүрміз. Оның үстіне  облыстық музейде Алға ауданы туралы әңгімелегенде: «Міне, мынау Алға ауданынан жинаған  жәдігерлеріміз» деп көрсететіндей көп ештеңеміз жоқ, өйткені осы ауданға экспедицияға шығудың көптен сәті түспей жүрген-ді. Бұрын Рысжан Ілиясқызы да: «Мың бұлақты, көк майсалы, жасыл құрақты, «Бес өзен келіп тоғысқан, Бесқоспа деген жер осы» ақын Ізтай Мәмбетов жырлаған, ақын-жырау Әбубәкір Кердері жатқан киелі топырақ талай сырды ішіне бүгіп тұр-ау, сол жақты бір зерттеу керек еді», — деп жүретін. Соның реті келгеніне қуандық. Ауданның, селолық округтердің әкімдері жол-жоба сілтеп, жұмысымыздың жүруіне ықпал етті.

Алға ауданына барған экспедиция құрамында 7 адам болды, оның алтауы өзіміздің қызметкерлер, біреуі — сол ауданнан ұйымдастырылып жатқан музейдің қызметкері  Айгүл Достанова. Ауданды аралағанда жергілікті жердің арғы-бергісін білетін Айгүлдің де көмегі аз болған жоқ. Мақсатымыз — өлкеміздің тарихына қатысты жәдігерлерді жинақтап, оны көпшілік назарына ұсыну.

— Сонымен Алға ауданында не көрдік, не білдік?

— Алға дегенде алдымен есімізге түсетіні, бағдарға алатынымыз — Бестамақтағы ту ұстап, тарлан мінген тархан Есет Көкіұлының кесенесі. Баба аруағына құран бағыштап, одан әрі  кеттік.

Жадымда тұрсың, Табантал,

Жасырын ағып жылысқам.

Жайқалып өскен жағаң тал,

Жанымнан алғаш жыр ұшқан, — деп жырға қосқан  Ізтай Мәмбетов ағамыздың туған жері Бесқоспа, Табанталға келгенде, ақынды таныр ма екен, танымас па екен деп, бір-екі шумақ өлеңін оқып бердім, ауылдастары оның өлеңдерін жатқа білетін болып шықты.

Одан шыққасын жері ойлы-қырлы, таулы-қыратты, қатпар-қатпары көп  Қатпар деген ауылға келдік, мұнда халық жоқтың қасы.  Бірақ сол жерде  шаруа қожалығы бар екен, төрайымы — Мейрамгүл Көшерова. Өзі ірі қара мал бағады, отбасы әлі көшіп келмеген, Бестамақта тұрады. Осы жерде Сәрсенбұлақ деген мөлдір бұлақ ағып жатыр, оның айналасына таспен көмкеріп қойған. Жан-жағы толған көлік. Бақсақ, Ақтөбенің адамдары сол бұлақтан  таза су тасып ішеді екен.  Бұрынғы аты — Қатпарбұлақ. Сәрсенбұлақ болып өзгеруінің себебі былай екен: бұлақтың басына қойылған мәрмәр таста зәмзәм судың құрамы жазылыпты, оны зерттеген Арыстан Сәрсенов деген ғалымның әкесінің атына байланысты өзгерген болуы мүмкін. Бұлақтың төменгі жағында ел іші «Әулиеағаш» деп атап кеткен ғасырлық тарихы бар жалғыз ағаш тұр, айналасы ми батпақ. Діңгегі айқыш-ұйқыш дәу ағашқа қарасаңыз, бейнебір шынтақтап жатқан адамға ұқсайды. Ауыл адамдары бір кезде осы ағашты шаппақ болған адамның өзіне қарай құлап, бой бермегенін айтады.

— Сәрсенов деген ғалымды  естулеріңіз бар ма еді?

— Сірә, гидрогеолог не геолог болса керек, Ақтөбенің жергілікті адамы деп естідік, сұрастырамыз ғой.

Музей үшін құнды жәдігер қолдарыңызға ілікпеді ме?

— Құр қол қайтқан жоқпыз, оны да айтармын қазір реті келгенде.

Одан әрі басында Павловка, кейін Максим Горький, қазір Есет батыр атындағы ауыл аталатын елді мекенге  жеттік. Бізді оған Бесқоспа селолық округінің әкімі Арман Бошанов бастап барды. Осында Павлов деген көпестің әлі күнге міні құрымаған шымнан салынған еңсесі биік  зәулім үйі сақталған екен, үйдің іргетасының биіктігі бір метр. Оның құрылысына  пайдаланылған бөренелерді Ресейден әкелген көрінеді. Кезінде бұл ғимарат  мектеп, аурухана болыпты, қазір бұл үйдің екі бөлмесінде   егде адамдар тұрып жатыр екен, ол кісілерден алған олжамыз — қос білтелі примус. Алғашқы тапқан жәдігеріміз — осы. Бір қызығы, бұл үйдің алдыңғы жағында да, арт жағында да есік бар, бөлмелері көп. Сол көпестің 1905 жылы салдырған жел диірмені де шығыршығын өгізбен айналдыратын тас диірмені де сақталыпты. Зейнеткер ақсақал Ақылбек Достановтың айтуынша, тас диірмен де  1961 жылдарға дейін халықтың  қажетіне жарапты, жұрттың бидайын тартып берген. Өткен ғасырдың бас жағында қазақ жеріне келген переселендер қоныстанғандықтан, ол жердің атауының Павловка атанғаны белгілі. Бұл ауыл тұрмыс-тіршілікке ыңғайлы, газы, суы бар жер екен.

Алғаға келгенде  көлік құрастырудың шебері, жасы сексеннен асқан Виктор Ковалев деген кісімен жолықтық.  1942 жылдары соғыс кезінде қолына түскен  көліктердің артық бөлшектерінен машина құрастырыпты. Сол машинаны көріп, суретке түсіріп алдық. Виктор Пантелеевичтің де қорасының ішінде су диірмені бар екен, қуаты қайтпаған қарт  1990 жылдары аласапыран уақытта халықтың бидайын ұн қылып бергенін есіне алды. Қазір тағы бір машина құрастыру үстінде екен.

Экспедицияның екінші күнінде Тамды селолық округінің әкімі Амандық Еспағамбетовтің жолбасшылығымен ауылдан 7 шақырым жердегі Алғабас деген жерге бардық, онда  «Алғабас» шаруа қожалығы бар (төрағасы Асхат Өтепбергенов), сол жерде емдік қасиеті бар тұзды су ағып жатыр. Сол судың сайға барып құйған жері  шипалы қара батпаққа айналған. Ауыл әкімінің айтуынша, болашақта осы арадан емдеу-сауықтыру мекемесін ашуға болады екен. Әзір бұл шипалы балшықты Алғадағы «Шипагер» шипажайы пайдаланып отыр. Сайдың бойында  елдің аузында Қызылбас батырдың бейіті деп аталатын қорымды көрдік, ескі қорымда  «Алпыс биұлы Алдаберген батыр, Руы Әлжан Қаракесек, 1597— 1695» деп жазылған құлпытас қойылған. Білетіндер қалақ тастармен қоршалған Тыржан батырдың бейітінің басына барып тәу етеді екен.

Сол қорымда ХІV- ХVІІІ ғасырлардағы құлпытастар бар, олардың әйел адамдардың басына қойылғанын айғақтайтын белгілері бар, бас жағы сәукеле тәрізді, кебістері бейнеленген. Тама, Кете, Табын руларының таңбалары бар.

— Әбубәкір Кердерінің басына бардыңыздар ма?

— Әрине, сапарымыздың үшінші күнін Сарықобдада жатқан Әбубәкір Кердерінің мазарына барудан бастадық. Сол қорымнан кете руының таңбасы бар сынтасты көрдік.  Сарықобда селолық округі бұрын Болгарка деп аталған, оны жер ауып келген болгарлар қоныстанған,  қазір өз атауын алған. Жері шұрайлылығы сондай, картоптың дәні түссе, суармай-ақ мол өнім беретін жер екен. Алға ауданы сулы, нулы жер, ертедегі теңіздің орны көрінеді, кезінде Ақтөбе қаласын сумен қамтамасыз еткен. Сол жердегі мектептің кітапхана меңгерушісі болгар қызы Марина Маглен өз үйіндегі 1 ғасыр болған тас құдықты, алғаш қоныстанғанда ата-әжелері тұрған жертөлені көрсетті. Жертөленің іші таспен өрілген, бүгінде ішінде әлі күнге азық-түлік қорын сақтайды.  Ал құдықта осы уаққа дейін су бар.

Сарықобданың әкімі Жасұлан Үмбетқұловтың әжесі өзінің өзгелерге ұқсамайтын ерекше келі-келсабын, тары былғауышын музейге берді.

Одан әрі Қарабұлақ ауылына бет түзегенде мынадай көріністің куәсі болдық,  ауыл халқы Есет өзенінің бойына киіз үйлер тігіп, құрбандыққа мал шалып, тасаттық беріп жатыр екен. Көктен жаңбыр тілеген жұрт дәстүр ырым бойынша бір-біріне су шашып, у-шу болып жатыр. Бізге қарай да су шашты, біз де тілегімізді білдірдік. Осы жерде экспонат жинаудың сәті түсті. Қарабұлақ ауылының әкімі Талғат Бердалин де сол жерден табылды. Қарақұдық ауылында да Байғанин ауданына көшіп келген тұрғындар келі-келсап, қазан қырғыш, тары былғауышты сыйға ұсынды. Бұл заттарды Балкенже Бөкесова апайдың қыздарынан алдық, ол кісі өзі ауылда жоқ екен. Ал Ахметкерей Қосмағамбетов 1927 жылғы аттың шідерін, ескі шайнек берді.

Балкенже апайдың келісі мен келсабын Алға аудандық мұражайына қалдырдық.

Алға ауданына арналған үш күндік экспедициямыз  олжалы болды, көп нәрсені көріп, көңілімізге тоқып қайттық.

Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button