Спорт

Ақтөбелік ауыр атлет — олимпиада жолдамасының иегері!

Сүйінші

 Ақтөбелік зілтемірші ел құрамасының сапында олимпиадада өнер көрсетеді! Бұл туралы кеше Талдықорғанда ауыр атлетикадан өткен ел біріншілігінің қорытындысын жариялаған сәтте ҚР дене шынықтыру және спорт жөніндегі агенттігінің төрағасы Талғат Ермегияев хабарлады. 

Бапкерлер құрамы мен ұлттық федерация жетекшілері олимпиадада ауыр атлетикадан сынға түсетін ел құрамасының тізімін жария етті. Лондон төрінде біздің 8 зілтеміршіміз — 4 ер, 4 әйел — бақ сынайды. Осы сегіз орын үшін Талдықорғанда нағыз жан алып, жан беріскен «шайқас» болды. Әйелдер арасындағы сында Зульфия Чиншанло, Майя Манезе, Анна Нұрмұхамбетова және Светлана Подобедовалардың бағы жанды.  Республикалық ауыр атлетика федерациясының президенті Қайрат Тұрлыханов атап өткендей, жолдама үшін тер төккен аруларымыз өз рекордтарын бірнеше келіге жаңартты.

Ерлер арасындағы айқас та тартысты өтті.  Серпе көтеруде өзінің өткен жылғы рекордын 3 келіге ұлғайту үшін даңқты зілтемірші Илья Ильин алаңға екі-ақ рет шықты. Қоссайыс нәтижесі бойынша 410 келі зілтемірді алақанында ойнатқан баһадүр — біздің басты үмітіміз. Ильямен бірге 94 келі салмақта сынға түсіп, қоссайыс нәтижесінде 405 келі зілтемірді бағындырған тағы бір қызылордалық Алмас Өтешевтің де олимпиадада аруағы басым болатынына сенеміз. Сондай-ақ құрама сапына 56 келі салмақта Оңтүстік Қазақстан атынан сынға түскен Чортен Арли мен 62 келі салмақта Ақтөбе облысы атынан бақ сынаған Харки Фархад та еніп отыр. Харки Фархад — Қырғызстанда туып, бірнеше жыл бұрын Қазақстан азаматтығын алған саңлақ. Өткен жылдың күзінен бері Ақтөбеде тұрып жатыр.

Талғат Ермегияев ел құрамасының олимпиадаға бас жаттықтырушы Алексей Ни мен түрік кеңесшісі Энвер Түркелеридің басшылығымен Алматы қаласында әзірленетіндігін айтты.

— Басқа да мықты атлеттерімізді резервте ұстаймыз. Құрамадағылар жарақат алып қалған немесе допинг-тесттен өтпей қалған жағдайда ғана оларды ауыстырамыз, — дейді Талғат Ермегияев.

Абат  ҚАРАТАЕВ,

Талдықорған қаласы.  

Суретті түсірген — автор.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button