Мәдениет

Диананың жеңісі

Өзге ұлт өкілдері арасында өткен «Мақсұтым — тіл ұстартып, өнер шашпақ…» атты облыстық Абай оқулары байқауының бірінші орын жүлдесіне неміс қызы Диана лайық деп танылды.

Ұлты неміс Диана Кремер Алға ауданының Тоқпансай елді мекенінде тұрады. Биыл 9-сыныпты тәмамдаған Диананың болашаққа деген сенімі нық.

Отбасымызда бір-бірімізбен немісше де, орысша да  сөйлеспейміз. Тек қазақша тілдесеміз. Жанымдағы құрбыларымның барлығы — қазақ. Мен немісше қалай амандасып, қоштасуды да білмеймін. Жастайымнан Абайдың шығармаларын оқып өстім. Көптеген өлеңдерін жатқа айтамын. Ұстазым, мектебіміздің тіл маманы Гүлшат Сұлтанбекова осы байқауда маған жан-жақты бағыт-бағдар берді. Тіл тазалағына ерекше мән берді, — деді бірінші орын иегері Диана Кремер.

Бұл байқау облыста осымен жетінші рет ұйымдастырылып тұр.  Байқау талаптарына сәйкес, Ақтөбе қалалық және аудандардың мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдері алдын-ала іріктеу сайыстарын өткізген болатын. Іріктеу сынынан жеңімпаз атанған 16 үміткер облыстық байқауда бақ сынады. Үміткерлердің арасында мектеп оқушыларынан бастап мекеме, кәсіпорын қызметкерлері, қарапайым тұрғындар да болды.

Байқаудың салтанатты ашылу рәсімінде облыстық тілдерді дамыту басқармасының қызметкері Қайрат Сұлтаналин үміткерлерге сәттілік тілеп, шараның маңыздылығына тоқталды.

Талап бойынша үміткерлер Абай шығармаларын қазақ және өз ана тілінде жатқа оқуға тиіс болды. Бұл орайда талапкерлерге поэзия немесе проза таңдауға еркіндік берілді. Жазушы Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романынан үзінді оқу — байқаудың негізгі шарттарының бірі саналды. Қазылар алқасы үміткердің өнерін бағалауда  олардың көркем мәтінді оқу шеберлігіне, қазақ тілінде орфоэпиялық тұрғыдан таза сөйлесуіне, сахнада өзін-өзі ұстау мәдениетіне баса назар аударды.

Осы сындардың барлығынан сүрінбей өткен Диананың өнерін қазылар алқасы жоғары бағалап, бірінші орынға лайық деп тапты. Байқауда Диана Абайдың «Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да» және «Өкінішті көп өмір кеткен өтіп» өлеңдерін жатқа оқыды. Ал Темір ауданының Шығырлы селолық округінен келген ұлты украин Амангүл Середа облыстық байқаудың екінші орын жүлдегері атанды. Үшінші орын Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының 2-курс студенті Артем Рузавинге бұйырды. Жеңімпаздардың барлығы басқарма басшысы атынан арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтарға қол жеткізді. Қалған қатысушыларға құрмет көрсетілді.

Енді Диана осы жылдың қыркүйек айында Астана қаласында өтетін республикалық байқауда бағын сынайтын болады.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button