Мәдениет

Хас батырын ұрпағы ұлықтады

Ел-жұрт Шалқар ауданы Шолақжиде жерінде қазақ халқының ХІХ ғасырдағы ұлт-азаттық көтерілістерінің басшыларының бірі, алдағы жылы туғанына 210 жыл толатын, батыр, би Есет Көтібарұлы мен Дәрібай Көтібарұлының кесенелері  тұсынан аттылының да, жаяудың да, көлікке мінген кісінің де тоқтамай өтпейтінін баяғыдан біледі. Әруақты батырдың  басына зияраттап келіп, түнейтіндер де көп. Алматыда іс басында жүрген  шалқарлық азаматтар келушілерге арнап Есет батырдың кесенесі жанынан  үлкен кешен тұрғызды. Өткен сенбі, жексенбі күндері  сол ғимараттың ашылу салтанаты өтті, бабаларымызға арнап ас беріліп, құран бағышталды

Шараға адам көп жиналды, Шолақжидеге ауданнан ғана емес, Алматыдан, Астанадан, Талдықорғаннан, Ақтөбеден қонақтар келді.  Сол күні аптап  ыстық та болмады, ара-арасында күн күркіреп, жауын себелесе, біраздан кейін күн қайтадан жарқырап, батыр бабаның аруағы қолдап, ауа райы да жанға жайлы болды. Жаңа ғимаратқа жалғастырыла тігілген 7 киіз үйде  қонақтарды қабылдады. Орталығы  Байқадам селосы болып саналатын Есет Көтібарұлы селолық округінің әкімі Жанболат Үмбетовтің айтуынша, бұл үйлерді Жаңақоныс, Айшуақ, Бозой,  Есет Көтібарұлы селолық округтері мен Шалқар теміржолының электрмен жабдықтау учаскесі, № 41 мектеп, аудандық аурухана ұжымдары тіккен.

Шараның алғашқы күні кешке қонағасы берілді.  Содан кейін  халық жыршы-жыраулардың өнерін тамашалауға мүмкіндік алды.  Ақтаудан келген Есет Көтібарұлының ұрпағы, Наурызбек жыраудың шәкірті Өсербай жырау, шалқарлық жыршы-жыраулар Түгелбай Құдайбергенов,  Әділбек Сариндер ұзақ таңға жырлады.  Таңды таңды ұрып жырлайтын жыршы-жырауларды сағынған халық түн ортасы ауғанша тыңдаудан жалықпады.

Келесі күні Есет-Дәрібай батырлардың кесенесіне қарсы беттен салынған, жан-жағы қоршалған, айналасы тап-тұйнақтай әдемі  қонақүйдің ашылу салтанаты болды. Салтанатты сәт  басталғанша  жиылған жұрт алдында  Нұрболат Жанаманов Қазанғаптың күйлерін бірінен кейін бірін төкпелетті. Өсербай, Әділбек, Түгелбай сияқты жыршы-жыраулар да жыр-термемен сусындатып, көңілдерді бір көтеріп тастады.

Салтанатта сөз сөйлеген Шалқар ауданының әкімі Рахат Сыдықов: «Бұл бір көптен бері көкейде жүрген іс еді. Елге жасаған осы қызметтері арқылы Шалқардан шыққан азаматтар облыс әкімінің «Көркейе бер, туған жер!» акциясына үн қосты деп есептейміз. Туған жердің  киелі топырағынан жаралған тұлғалы азаматтарымыз,  батырларымыз аз емес, болашақта бұл жақсы істің жалғасын табарына сенемін», — дей келіп, халықты кешеннің ашылуымен құттықтады. Одан соң аудан әкімі  құрметті қонақтардың бірі, Алматыдан келген жазушы, Есет Көтібарұлы туралы үш кітаптан тұратын «Керзаман» романын жазған Құрал Тоқмырзинді мерейлі 75 жасымен құттықтап, қазақтың дәстүрімен  астына ат мінгізіп, иығына шапан жапты.

Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразбай Әділбаев, Сансызбай Құттыбаев, Есет Көтібарұлы атындағы селолық округтің ардагерлер кеңесінің төрағасы Аманқұл Манасовтар сөз сөйледі.  Ақын, ардагер ұстаз  Шайқышбулла Ыбырайымов өзінің генерал Болат Жанасаевқа арнаған өлеңін оқыды. Одан кейін осы  еңселі ғимараттың бой көтеруіне тікелей атсалысқан, ұйымдастыру жұмыстарымен айналысқан шалқарлық азамат, Алматыдағы «КВОиТ» зауытының бас директоры Сағит Жантөреновке сөз кезегі тиді:

— Ел егемендік алғалы тарих әділ бағасын әлдеқашан беріп қойған Есет-Дәрібай сынды  батырларымыздың, билеріміздің кесенелері қалпына келтіріліп, оларды ерекше дәріптейтін күнге де жеттік. Мұның кейінгі ұрпақ үшін тәрбиелік мәні зор.

Осындай белгілі тұлғалардың басына зиярат етіп барғанда көріп жүрміз, олардың қасында  келушілерге арналған үйлер бар екен. Есет Көтібарұлы бабамыздың кесенесі жанынан  кешен салу туралы бастаманы көтерген —  Шалқардан шыққан алматылық кәсіпкер Айбек Бектұрғанұлы. Оны төрт шалқарлық ағасы — Болат Жанасаев, Алтынбек Үмбетов, Әлібек Есіркегенов және мен бар, бәріміз қостап, осы іске кірісіп кеттік. Есет Көтібарұлын біздің бесеуміздің еншілеп алған ештеңеміз жоқ, батыр ортақ, бәріміздің бабамыз, бұл ойымыздан елдегі жұртты, азаматтарды  хабардар етейік дедік. Сөйтіп, қолға алған шаруа еді.  40 жылдан бері елден алыста, сыртта жүрсек те, ел дегенде ішер асымызды жерге қоямыз.

Содан Есет Көтібарұлы атындағы қор құрдық, оның директоры етіп жігіттер мені сайлады. Көппен бітетін іс қой, осы елдің адамдары бір кісідей атсалысты.

Осымен бұл ғимараттың барлық жұмысы біте қойды деуге әлі ерте, жан-жағын көгалдандыру міндеті тұр. Айналасын жасыл желекті саябаққа айналдырсақ деген жоспарымыз бар . Сосын ауыз су мәселесін ретке келтірсек. Жарық беруге қатысты істелетін шаруалар бар, әзірше күн көзінен қуат алатын генератор шырақшының үйін, кешенді жарықпен қамтамасыз етуге жарап тұр.

Жұмыстарының бәрі біткен соң, бұл үйдің құжатын аудандық әкімшілік жанындағы «Мәдени мұра» қорының қарауына өткізіледі.

Аудан әкімі Рахат Сыдықов інімізге рахмет, үлкен қолдау көрсетті.

Қонақүйдің  ашылу рәсімін жасау құрметі генерал-лейтенант Болат Жанасаев пен Алтынбек Үмбетов,  аудан әкімі Рахат Сыдықовтарға тиді.

Одан әрі  батыр бабаларға арнап ас берілді. Кесене жанында бабалар рухына құран бағышталды.

Шараға келгендер 160 шаршы метрлік ғимараттың іші-сыртын  тамашалады. Үйдің құрылысын «Мирасстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (директоры Айбек Бектұрғанұлы) жүзеге асырған. Ғимарат жобасын Алматыдағы ғылыми жобалау институты мамандары жасаған. Есет Көтібарұлының атақ-абыройына сай еңселі үйдің  іші кең де жарық, құран оқылатын үлкен бөлмесі, екі жатын бөлме, асүй, жуынып-шайынатын бөлмелер бар. 200 адамға есептелген, қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған. Ас үй жиһазын кезінде аудандық оқу бөлімінде қызмет істеген марқұм Қуанышбай Жантөриннің  ұлдары, бүгінде Талдықорғанда тұратын  Бауыржан, Ғалымжан сыйға тартыпты. Шараға Қ.Жантөриннің зайыбы, шалқарлық оқушылардың сүйікті ұстазы Шекер Жантөрина жеңгеміз де келіпті.

Шырақшыға арналған екі бөлмелі  үй де осы кешеннің артқы жағында  екен. Есігінің алдында жазғы үй сияқты төбесі жабық  сәкілі орын бар. Есік алдынан кесенеге дейін тас жол тартылған.

Үйдің құрылысына 16 миллион теңге жұмсалған.

Осындай үлкен шараларда қазақтың менмін деген жігіттері аянып қалмапты, мәрттік танытыпты, олардың атын атаған жөн секілді.

Шалқарлық азаматтар Әбдіманап Кәрібаев 500 мың теңге бөлсе, Жеткерген Жақсыбаев бір жылқының құнын санап беріпті. Әшім, Аманғали, Қайрат деген Ақтөбеде тұратын азаматтар бұл шараға бір жылқы сойысқа беріпті. Ал Марат, Болат Жанасаевтар да жылқы әкелген.

Ал кешеннің ашылу салтанатында «Жомарт» шаруа қожалығының төрағасы Жомарт Сатыбалды атына сай жомарттық  көрсетіпті, 100 литр шұбатымен, 100 литр қымызымен жиылған жұртты қарық қылды. Осы үйдің құрылысы басталғалы 4 рет қой сойып, оның  құрылысшыларын қонақ қылған қонақжай Жомарттың қожалығында қазір 500 қой, 50 түйе, 80 бастай сиыр бар екен. Үйдің құрылысына қатысты ұйымдастыру жұмыстарымен жүрген алматылық Ақылбек Болысбеков екеуі достасып үлгеріпті.

Қонағасы кезінде облыстық мұрағат директоры Қанатбай Елеусіз былай деген еді:

— Осыдан он тоғыз жыл бұрын, яғни 1993 жылы рухани жаңғыру кезінде күре жолдың бойында жатқан  Есет-Дәрібай батырлардың кесенесін салу мәселесі көтеріліп, сонда  комиссия төрағасы болғанмын. Сол шараға қонақ болып қатысқан азаматтар бүгін өздері осындай игілікті іс жасап, мен енді оларға қонақ болып келіп отырмын. Бұл үй халыққа  керек еді, аруақты батырдың кесенесін тұрғызу кезінде талай таңқаларлық жайлар болғаны есімізде. Тегін адам емес қой. Халықтың ықылас-ниеті керемет болды. Тіпті Қарақалпақстаннан, Орынбордан, Қазаннан адамдар келді. Бүгін де елдің қуанышында шек жоқ.

Шара кезінде  Есет бидің патша үкіметінің жалдамалы әкім-сұлтаны Арыстан Жантөринмен алғаш бетпе-бет кездескенде айтқан  мына өлеңі, тағы да  басқа  өлеңдері  жазылған кітапшалар таратылды:

Мен, мен едім, мен едім,

Қатарға салсаң қайыспас,

Қас қара нар мен едім,

Шабуыл салса шаршамас.

Шыны тұлпар мен едім,

Су шашырап жел тимес.

Аударылмас қара кеме едім,

Қасарысып келгенде,

Қап түбіне сыймаған,

Қара болат мен едім.

Қияннан ұшқан қу ілген,

Анық сұңқар мен едім.

Тегеурінім теріс біткен,

Тепсем жілік сындырған

Қыран бүркіт мен едім, — деген екен.

Қазақтың тот баспайтын асылы, елді бодандықтан құтқаруды көксеген есіл ерлердің бірі, өзі әулие, өзі би Есетті дәріптеу  — елдігіміздің белгісі.

Тарихшы ғалым Зәкіратдин Байдосовтың «Үш ғасыр перзенттері» кітабында  Есет туралы мынадай сөздер бар: «Мәселен, Петербордағы Тимм шығаратын «Русский художник» листогында (1858 жылы қараша айында шыққан №31 нөмірінде) белгісіз қаламгердің «Би Есет Көтібаров» деген мақаласында  атақты батырды сипаттай келіп, ол «55-тер шамасында, ұзын бойлы, сирек қара сақалды, қодірен мұртты адам. Есеттің бет-жүзінен қайырымдылық пен сергектіктің, тұнық әрі сабырлы көздерінен терең ой, ақылдылық, салмақпен айтқан әңгімелерінен оның қазақ болмысын терең білетіндігі және кең парасаттылығы байқалады. Оның әділдігі мен туралығы — мол  адамгершілік иесі екендігін көрсетеді», — деп жазған. Ал орыстың атақты ғалымы әрі жазушысы Е.П.Ковалевкий 1839 жылдың аяғы, 1840 жылдың  басында Арыстан мен Есет батырға кездесіп,  олар жайлы өз пікірлерін ұрпақтан ұрпаққа паш еткен». Есеттің дене бітімі Геркулеске келеді, оның шойыннан құйылғандай кесек пішіні, табиғатына сай сұлулығы, жанкешті батырлыққа толы әдіс-айласы Еуропа адамын қайран қалдырса, өз отандастарын тәнті етіп, табындырып қоярдай еді. Ол жөнінде ел аузында талай-талай қызықты хикаялар бар»  деп жазған екен».

Осындай батырын ұлықтап жатқан ұрпақтарының өнегесі көпке үлгі.

Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button