Мәдениет

Қазақтың бір жоғын түгендеген шара

Өткен аптада Қызылорда облысы, Қазалы ауданы,  Қазалы ауылында қазақтың даңқты перзенті, өз заманының көрнекті тұлғаларының бірі  Самырат Алматұлының рухына бағышталған шара өтті.

Ниет

Қазір екі облыстың аумағында демесеңіз, әкесі Алмат пен Самыраттың мәңгілік байыз тапқан мекендері — бір кездері бір  рудың көшіп-қонып жүрген аймағы. Кеңес өкіметі екіге бөліп тастаған кезде Самыраттың бейіті көрші облыстың аумағында қала барған. Жаңа өкіметпен «бірге келген» небір зұлматтың
кесірінен төрткүл дүниеге тарыдай шашыраған  Алмат әулетінің де оған қайрылуға мұршалары болмаған. Бірақ Алматтың  Махан (азан шақырып қойған аты  — Мұқамбетқали — Б.Б.) атты баласының ұлы, ашаршылықтан кейін балалар үйінде тәрбиеленген Рахи өткен тарихты қағазға түсіріп, ұрпағының құлағына құя беріпті. Жай ғана әңгімелеп  қоймай, аманат етіп тапсырған. Әке аманатын орындауға асыққан Рахидың үлкен ұлы Роман 2010 жылдың тамызында Тельман Шағатаев ағасы екеуі Қазалыға барып, «Үшмырза» аталатын қорымда жат-қан Самырат атаның бейітіне дұға оқып қайтады. Сол жердегі Молдабек Сүйінов  ақсақал: «Шырағым, Самыраттың кім екенін білетін адам қалмай барады. Қазір біз шырақшысы секілді боп отырған кесененің болашақта кімге тиесілі екенін де жұрт білмей қалуы мүмкін. Сондықтан да әрекет жасағандарың дұрыс» — деп ақыл айтады. Міне, содан бері Ақтөбе мен Қазалының арасын жол қылған Роман Рахиұлының арқасында кесене осыдан үш-төрт ай бұрын мемлекет қарауына өтті. Рахидың тағы бір баласы Шәміл кесенені қоршатып, қара граниттен құлпытас қойды. Енді баба ұрпағының  һәм тілектес жұртшылықтың басын қосып, бір шара өткізу керек-тін. Қазақстанның түкпір-түкпірінен Қазалыға қарай жұрттың ағылуының мәні осы еді…

Әкесіне жете туған ұл

Самырат Алматұлы туралы өткен номерімізде біршама дерек келтіргенбіз (Қараңыз: «Алмат сардар және оның ұрпақтары».  «Ақтөбе» газеті. 31 мамыр. №70-71). Сол деректерге һәм ғылыми конференцияда айтылған мағлұматтарға тағы бір үңіліп көрелік.

Ақ патшаның ықыласына бөленіп, қазақтың да қыбын тапқан, халықты отырықшылыққа, өзге елдер жетіп отырған биікке қарай сүйреген
Алмат Тобабергенұлының есімі орыс тарихында зор құрметпен аталады. «Қазақтың қыбын тапқан» деуіміз де негізсіз емес. Өмір бойы орыспен арпалысып өткен дала көкжалы Кенесары хан да бәйбішесі Күнімжан жау қолына түсіп, ата дұшпанмен  келіссөз жүргізуге мәжбүр болғанда, қарсы жақтың құрамында Алматтың бар екеніне көз жеткізгесін ғана илігіпті деседі. Бұл — орыс жазбаларында таңбаланған тарих. «Шахнамені» қазаққа жеткізген тарлан Тұрмағамбет Ізтілеуовтің, «Әлім менен Шөменнің, Мен едім даңқты шайыры…» деп шалқыған Балқы Базардың, айтулы жүйрік Тұрымбет Салқынбайұлының Алматты дәріптеп,  өлең арнауы оның сол замандағы қазақтың арқа сүйер тұлғасы болғанын көрсетеді.

Заман ыңғайын ерте аңғарған, орыс өкілдігінің атынан Бұқар, Хиуа, Қоқан хандықтарына бірнеше рет елші ретінде барған Алматтың кез келген ортада өзін ұстай білетін дегдарлығы, өз халқын қалай қадірлейтіндігі де орыс шенеуніктері тарапынан  тасқа түсіпті.

Алматтың кіндігінен тараған бес ұлдың үлкені — Самырат. 1845 жылы дүниеге келген. Азан шақырып қойған есімі — Шахмұрат. Әкесі ел билеу ісіне ерте баулыған Самырат 19 жасында Шөмекейдің биі атаныпты. Қазіргі тілмен айтсақ,  «еңбек жолын 1861 жылы түтін пұл жинауды басқарудан» бастаған. 1869 жылы Кенжеғара болыс басқарушылығына кандидат, 1875 жылы болыс болған. 1889 жылы Торғай облысы әскери губернаторының №105 бұйрығымен облыстық басқармада және осы жылы Ырғыз уезінде мемлекеттік қызметте болады. 1896 жылы жасының егде тартқанын айтып, зейнетке шығу жөнінде арыз жазыпты. Орыс құжаттары оның 41 жыл мемлекеттік қызметте болғанын айғақтайды. Осы жылдар ішінде ол Орынбор, Самара генерал-губернаторларымен етене араласқан. Тақ мұрагері Николай Александровичтің екі мәрте — Торғай, Орынбор губерниясын аралаған сапарында — қасында жүрген. Ұлы князь Николай Константиновичті күтіп алған жер кейін «Князь» аталып кеткен. Ресейдің I Мемлекеттік Думасына сайлаушы, 1913 жылы Романовтар әулетінің таққа отырғанына 300 жыл толуына орай өткізілген салтанатқа құрметті қонақ ретінде шақырылған. 1881-1887 жылдары патша ағзам оны  екі рет күміс медальмен, төске тағатын Станиславский, Анна ленталарымен мадақтаған. Ал 1891 жылы Самыраттың өңіріне  алтын медаль және Станиславский лентасы тағылыпты.

Патша өкіметі осылай ерекше сыйлаған  Самырат Алматұлы қазақ арасында да зор беделге ие тұлға болыпты. Өз тұсындағы Жетес, Бақа билермен әзілдері жарасқан, сыйлас адамдар болыпты. Ел арасында «Самырат айтыпты» деген әңгіменің де көп болуы оның ділмарлығынан да дерек береді. Мысалы оның: «Биден бидің артықшылығы жоқ. Бірақ Жетестің басқалардан өзгешелігі, ол — бимен бидің тілінде, құлмен құлдың тілінде сөйлесе алады. Иншалла, о дүниеге барғанда да, тілге келсе, Жетес пейіштің төрінен орын алары хақ…» деген сөзін Қазалы жақтың адамдары әлі күнге дейін аңыз ғып айтады екен.

Қоғамның айнасы — ақындар. «Есім сені есірткен, Есіл де менің кеңесім…» — деп арындаған Жиембеттің,  «…түйесін баққан құл едің» — деп Абылайға ақиған Бұқардың,   «Хан емессің,  қасқырсың…» — деп Жәңгірге шүйліккен Махамбеттің, Есқали сұпыны тарихта қалдырған Қашағанның жырлары арқылы сол заманның бейнесі халық жадында қалды. Осы тұрғыдан келгенде, көзі тірісінде басын тауға да, тасқа да соққан Батақтың Сарысы мен белгілі жүйрік Құрманалы ақынның Самыратты ел ағасы етіп көрсетіп, жыр арнауы — оның жұртшылыққа аса қадірлі болғанын көрсетеді.

Самырат 1922 жылы Қазалы
уезінде дүниеден өтеді. Өз өтінішімен сүйегі сондағы Үшмырза аталатын қорымға жерленген.

Ас

Біз Төретамнан түскенде  «қара қарғаның миы қайнайтын» (Дулат Исабеков — Б.Б.) ыстық екен. Ақтөбеден барған делегацияны теміржол бекетінен Қазалы ауылына алып келе жатқан «Газельдің» әйнегінен от еседі. «Қайта бүгін қағу болып тұр…» — деп қояды жолбасшы жігіттер…

Біз жеткенде, Қазалы ауылындағы мектепте, «Самырат Алматұлы және оның атқарған қызметтері туралы» атты конференция басталып кеткен екен. «Түркістан» газетінің тілшісі, белгілі зерттеуші-этнограф  Тынышбек Дайрабай осы тақырыпта тұшымды баяндама жасады (жоғарыда келтірілген Самырат Алматұлы туралы деректің бірсыпырасы сол баяндамадан алынды — Б.Б.). Ауыл әкімі Шудабай Рахметов тізгін ұстаған мәжілісте  Әйтеке би аудандық мәслихатының хатшысы Ақансері Ермағамбетов, Ырғыз аудандық мәслихатының хатшысы Көптілеу Қосаяқов,  «Қазақавтожолы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны
Ақтөбе облыстық филиалының директоры  Әкімжан Өтемұратов, «Желдорформация» АҚ президенті  Құдайберген Бекеновтер   бабаны  есте қалдыру үшін жасалған және жасалатын шаруалар хақында баян етті. Қазалы аудандық мәслихатының хатшысы Талайлы Бөріқұлақов аудан жұртшылығының да осы шараға құлақ тігіп отырғанынан құлағдар етіп, ынтымақтаса жұмыс істеуге шақырды. Аудан әкімі Мұрат Имандосов та бір күн бұрын арнайы келіп, ұйымдастырушыларға ықыласын білдіріпті.

Шараны ұйымдастырушы Роман Рахиев осы  мұратты іске қол ұшын берген, тілектестік танытқан барша жұртқа баба ұрпақтары атынан
алғыс айтып, сый-сыяпат жасады.

Әдемі әңгіме ас үстінде де жал-ғасты. Ақтөбелік делегацияны бастап барған Ағыбай Бекназаров
Самырат Алматұлының Петербургке барған сапарындағы қызықты хикаяларды әңгімеледі. Тынышбек Дайрабайдың әңгімесін тереңдете түскен ақсақалдың әңгімесін жиыл-ғандар ұйып тыңдады.

Жан-жақтан жиналған бір ата балаларының шұрқырай табысқанын көру де ғанибет екен.  Мысалы,
Самыраттың тікелей ұрпағы Әлмағамбет Өзбекстанда ержетіпті.
Самыраттың үлкен ұлы Әбдіқадырдан туған Қазтайдың баласы. «Заман аунап кеткен кезде әр республикаға бөлініп кеткен ғой, әйтпесе, Тамды да біздің аталарымыз жайлаған жер. Онда Тобаберген тауы, Алматқазған деп аталатын құдық бар. Еліміз Тәуелсіздік алғанда оралман атанып, елге оралдық…» — деп күледі бүгінде Астанада тұратын  Әлмағамбет. Баба тойына Қазтайдан туған он баланың тоғызы келіпті.

Түс ауа жиналған жұртшылық баба басына  беттеді. Ауылдың сыртында 7-8 шақырымда орналасқан «Үшмырза» қорымындағы Самырат ата кесенесі анадайдан көзге түседі. Формасы бөлек кесененің  кіре беріс есігі бар. Содан соң оңға бұрылып, ішке кіресіз. Іште төрт бейіт жатыр. Оның бірі Самыратқа, екіншісі оның ұлы — Әбдікамал Самыратұлына, ал екі кішкентай бейіттің бірі — Әбдікамалдың баласы Әлсабырға тиесілі. Төртінші бейітте кім жатқанын ешкім білмейді.  Дөңгелеленіп біткен  кесененің дәл төбесінде: «Құлмұхаммед Темірзадаұлы 1922 жылы 2 маусымда салып бітірді», — деген жазу тұр. Кесененің дәл алдында марқұмдардың аты-жөні, руы, туған-өлген жылдары жазылған қара граниттен жасалған құлпытас тұр (бұл құлпытасты Шәміл Рахиұлы қойғанын жоғарыда айттық — Б.Б.). Жұртшылықтың бірден назарын аударған дүние — марқұмдардың бір жылда — 1922 жылы қайтыс бол-ғандығы. Тынышбек Дайрабайдың баяндамасында: «Самырат Алматұлы 1921-1922 жылдардағы ашаршылық кезінде қайтыс болды…» — делінген. Бұл дерекке сенгіміз келгенімен, бір әулеттен төрт адамның бір жылда қайтыс болуының негізгі себебі ол емес сияқты. Өйткені аштан өлген кісінің басына дәл сол жылы мынадай зәулім кесене салынбайтыны анық. Сондықтан сол жерде айтылған тағы бір әңгіме — сүзек ауруынан болған деген болжам шындыққа келетін сықылды. Әрине, бұл да — анықтауды қажет ететін дерек…

Өкінішке қарай, кесене құрылысы туралы айтып беретін адам табылмады. Бірақ Роман Рахиевтің айтуынша, бұл кесене — Самыраттың өзі салдырған Ырғыздағы Алмат тамының кішірейтілген көшірмесі іспеттес. Ал Алмат тамының гректер мен римдіктердің пантеондық тәсілімен салынған сәулет өнерінің озық туындысы екені мәлім. Тағы бір назар аударарлығы, екі кесенені де бір шебердің тұрғызғандығы.

…Сонымен қазақтың тағы бір жоғы түгенделді. Ендігі жерде қазалылық жастар да ауыл сыртындағы бейітте кім жатқанын, оның өмірде кім болғанын біле жүрері хақ. Ал қазақ үшін қыруар іс тындырған, замана дүмпуімен дүниенің төрт бұрышын сағалаған Алмат әулетінің тарихын түгендеу — алдағы күндердің еншісі. Ас үстінде бір ақсақал әзілге сүйеп айтқандай: «Бұл — Рахидың Роман-ға тастап кеткен 16 папкасының бірі» екеніне біздің де сенгіміз келеді….

Қазалылық бір ақсақал айтқан мына бір әңгіме де құлағымызға жылы тиді: «Бұл — пәлен жылқы сойғанын айтып, атақ жарыстыратын емес, ұрпаққа пайдасы бар, тағылымды шара болды».

Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ,

Ақтөбе — Төретам — Қазалы ауылы — Ақтөбе.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button