Мәдениет

Мәди Айымбетов: «Жазушының бағасын билік емес, халық береді»

Жолы түсіп өзінің туған жері Байғанин өңіріне ат басын бұрған жазушы жерлесіміз, ҚР мәдениет қайраткері Мәди Айымбетов ағамызбен жолығып, аз-кем сұхбат құрудың орайы келіп еді.

Қазақ мемлекеттік университетінің түлегі, әдебиетке өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының басында келген жазушы Мәди Айымбетов оқырман қауымға жиырмаға жуық прозалық кітаптары арқылы жақсы таныс.

Мәди аға, туған жерге жиі келіп тұрасыз ба? Бұрынырақта жазушылар ел аралап, оқырмандармен кездесулер өткізіп жатушы еді. Қазір жұртты жазушының не жазғанынан гөрі қоғамда өтіп жатқан түрлі оқиғаларға қатысты табанды пікір білдіргені, не айтқаны қызықтырады. Жазушы саясатпен айналысуы тиіс пе? Осы жайында ой бөліссеңіз.

— Әрине, туған жерге түрлі себептермен ара-тұра болса да келіп тұрамын. Бұрын елге жазушылар жоспарлы іссапармен, жазатын тақырыбына қажетті материалдар жинау үшін, енді бірі шығармасына арқау болған кейіпкерінің өмірін зерттеу үшін, әлеуметтік тапсырыспен дегендей елге жиі жолға шығып тұратын.

Жазушы саясаткер емес, алайда ол өз заманының шежіресін жазатын адам ретінде сол саяси оқиғаларға баға беруші дер едім. Болып жататын әртүрлі маңызды мәселелерге, оқиғаларға ештеңеден тайсалмай, өзінің көзқарасын шығармасында болсын, басқаша болсын, ашық білдірсе, оның қоғамды жақсы жағына қарай өзгертуге септігі тиіп жатса, одан жазушының бағасы түспейді. Ал мәселенің байыбына бармай, асығыс ұшқарылау пікір білдіретіндей болса, онда елдің алдында қадірі кетеді. Жалпы бәріне төреші — халық. Ешкім халықтан үлкен емес.

Сіз алғашқы қадамыңызды балалар әдебиетінен бастадыңыз, «Көгілдір соқпақ», «Көлге шомылған Ай», «Нәзік жаңғырық» деген кітаптарыңызды жас оқырмандардың қызыға оқығанын білеміз. Драматургияға да ат ізін салдыңыз, Қазақ радиосының Алтын қорынан беріліп тұратын «Бөтен адамдар» атты радиопьесаңызды талай тыңдағанбыз. Басқа драматургиялық шығармаларыңыз бар ма?

— Алғашқы кітаптарымды балаларға арнап жаздым. Кейін үлкен прозаға қалам тарта бастадым. Қалтай Мұхамеджановтың: «Прозалық шығарма деп бастаймын-ау, бірақ соным драмаға айналып кетеді» деген сөзін оқып едім газет тілшісіне берген бір сұхбатынан. Сол айтпақшы, сахналық шығарма жазу ылғи да ойымда жүреді, алайда әзір сәті түсе қойған жоқ. Бұл жанрдың прозаға қарағанда өзіндік ерекшелігі бар. Тартыс, іс-қимыл, көрініс және диалогтың үйлесімін табу оңай шаруа емес. Кітаби шығармадай емес, көрермен драмадағы өмірдің шындығын, оқиға болмысын сол сәтте ой-санасынан, жүрегінен өткізіп қабылдауы тиіс. Мұндай үддеден шығу — қиынның қиыны, жалаң диалогтан сахналық драма тумайтыны белгілі. Ал енді өзің еске салып кеткен әлгі «Бөтен адамдарды» Қазақ радиосында жұмыс істейтін бір әріптес досымның өтінішімен жазғам кезінде. «Қазақстан» радиотеатрында танымал театр режиссер Жақып Омаров қойған сол радиоспектакльде Әуезов атындағы академиялық драма театрдың белгілі артистері ойнайды. Туған ұлы мен соғыс кезінде асырап алған ұлы бар бір әйелдің тағдыры жайында. Үлкен ғалым болып кеткен туған ұлы қалада тұрады, оның анасымен шаруасы шамалы. Ал екінші ұлы ауылда жұмысын істеп, анасын алақанына салып бағып отыр. Ғалым ұлы анасын іздемейді, ал алда-жалда іздей қалса, өздері курортқа кеткенде үйін күзеттіру үшін ғана іздейді, қалаға шақырады. Спектакльдің қозғайтын мәселесі — имандылық тақырыбы. Ана рөлін Қазақстанның халық артисі Бикен Римова ойнайды. Бұл спектакль қазір Қазақ радиосының алтын қорында сақталған, оқтын-оқтын беріліп тұрады. Мемлекеттік Баспасөз комитетінде қызмет істеп жүрген кезімде Шахмет Хұсайыновтың драмалық шығармаларын кітап етіп шығару мәселесімен Бикен апаймен әңгімелесудің сәті түскен еді (Ш.Хұсайынов — ол кісінің жұбайы болған адам). Сонда апай менің аты-жөнімді естіп: «Сол пьесаның авторы сен бе едің, мен сені іздеп жүр едім, шығармаң ұнады, диалогтарың мен монологтарың маған өте ұнаған. Бір-біріне ұқсамайтын қос ұлы бар кемпірдің тағдыры нанымды шыққан. Сахнаға арнап пьеса жазуға күшің жетеді ғой, байқап көрмейсің бе тағы да. Ауылдан қалаға келіп, қалалық өмірді, адамдарды жатсынып жүрген, жаны таза әрі аңғалдау келген әйел кейіпкердің образын беретіндей пьеса жазып берші маған. Әкемтеатрға өзім қоям. Менің кіші залға арнап қойған «Қос мұңлық» деген драмамды көрген боларсың» дегені бар. Уәде бере алмадым. Жүрексіндім.

Қазір қазақ жазушылары не жазарын білмей абдырап қалды дейтіндер бар, бұған не айтасыз?

— Жазушылардың бәрі бірдей жазбай жатыр деуге болмас. Танымал жазушылардың да, кейбір жас қаламгерлердің де қазіргі қоғамдағы адамдардың тірлігін арқау еткен шығармалары аз емес. Әсіресе, публицистика, көсемсөз жанры әжептәуір дамыды, бұрынғы бағытын өзгертті. Мемлекеттік тіл, қазіргі ауыл, адами ізгі құндылық және тағы да басқа бүгінгі күн мәселелеріне алаңдаушылық білдірген шынайы дүниелер молынан болмағанымен, бар. Мерзімді әдеби басылымдарды үзбей оқып отыратын адамның мұны байқамауы мүмкін емес.

Ал жалпы көркем әдебиетті журналистикамен қатар қойып, бүгінгі өмір тақырыбы жедел, шұғыл жазылуы керек деу — оншалықты ақылға сыя қоймайтын нәрсе. Қандай кезеңнің болмасын көркем шежіресі сол уақыттың аясында жазылып, оқырманға жедел ұсынылуы көркем шығарманың басты шарты емес. Халқымыз басынан кешірген өткен ғасырлардағы, заманалардағы тарихи оқиғалар туралы жазылған шығармалар енді-енді ішінара көрініп жатқан жоқ па? Тіпті сақ, ғұн мемлекеттері, түркі қағанаттары өмір сүрген замандарындағы ежелгі тарихымызды былай қойғанда, бергі ХVII-ХIХ ғасырлардағы, ХХ ғасыр басындағы қазақ ұлтының тағдыры, тарихына қатысты оқиғалар да, осы кездері өмір сүріп, халық жадында қалған тұлғалардың бейнесі де әлі де толықтай әдебиеттің көркем шежіресіне айнала қойған жоқ. Әр кезеңнің шындығы, адамдарының әрқилы образы уақыт сынынан өтіп, қаламгер зердесінде қорытылуы, екшелуі, жинақталуы қажет. Осылайша жазылған шығарма ғана өміршең болмақ.

—    Ал енді жазушылардың жазған шығармаларын қазіргі күндері кітап етіп шығару мәселесіне не айтар едіңіз?

— Жазушы — кітабымен жазушы. Кітап шығару оңай емес. Тендермен шығарылатын кітаптардың тиражы өте аз. Әрі кетсе 2 мың, ол қай оқырманға жетеді, тіпті кітапханаларға да жетпейді. Ал кейбіреулер кітабын өз қаражатымен 500 данамен де шығартып жатыр, әйтеуір кітап болып шыға берсін дейтін шығар. Кеңес үкіметі кезінде жазушылардың прозалық кітаптары ең аз дегенде 10 мың, өлең кітаптары ең кем дегенде 3 мың данамен шығатын…

Ал қаламгерлерге көмектесетін, қол ұшын беретін Жазушылар одағы – қоғамдық ұйым, оны үкімет қаржыландырмайды. Жазушылар үйінің үш қатары жалға берілген, одақтың басшылығы, аппараты содан түскен қаржымен ілдалдалайды. Жазушылардың шығармашылықпен алаңсыз айналысуына бұрынғыдай жағдай жоқ. Мемлекет тарапынан әдебиетке, өнерге, мәдениетке тиісінше қамқорлық жасалмайынша, бұл солай бола береді. Шетелде үлкен баспагерлер талантты шығармаларына өздері тапсырыс береді. Ондай жеке баспалар бізде жоқ. Сондықтан жазғаны оқырманға жетпеген, жазушыда қандай талпыныс, ынта болуы мүмкін.

— Өзіңіз Тәуелсіздік алған жылдарда қандай шығармалар жаздыңыз?

— Осы жылдар ішінде мемлекеттік қызметте болдым, алаңсыз отырып шығарма жазудың толық мүмкіндігі болмады. Жұмыстан соңғы сағаттарды, жыл сайынғы еңбек демалысын, жексенбі күндерін ғана пайдаланып, жазуымды жаздым. Бірталай нәрсе жазылды. Олардың дені кітап болып шықты. Өзімді толғандыратын тақырыптарды ғана шығармаларыма арқау етуге тырыстым. Бүгінгі өмірді, өзім көзбен көріп, көңілге түйген шындықты хал-қадарымша қағазға түсірдім. Мені, әсіресе, өз тіршілігінің әрқилы жағдайларында, өз басының мұңымен, ойымен бетпе-бет қалып өмір кешетін адамдардың әртүрлі болмысы қызықтырды. Соларды бақылап, зерделеп, образдарын жиынтықтауға ұмтылдым. Олардың бүгінгі қоғамдағы әлеуметтік орны қандай деген ойдың төңірегінде де ізденістерге баруға тура келді. Соның нәтижесінде «Тылсым», «Аспан асты, жер үсті», «Құла түздегі үнсіздік», «Құмөзек хикаялары» сияқты шығармалар жазылды.

— «Жазушылар одағының 700-ге тарта мүшесі бар, бәрі бірдей шын жазушы ма?» деген сөздер жиі айтылады. Бұған не дейсіз?

— Негізі шын жазушы, өтірік жазушы деген ұғым — қате. Қандай жанрда болсын, көркем шығарма жаза алатын адам ғана — жазушы. Сондықтан бұл тұрғыдан келгенде адам — жазушы немесе жазушы емес. Ал кейбір қалам ұстағандардың жазушылық өнерге ішкі дайындығы аздау болып келетін жағдай болса, мұны Анатоль Франстың «Искусству угрожают два чудовища: художник, который не является мастером, и мастер, который не является художником» деген сөзімен орайластыру керек. Әдебиетке кездейсоқ келген, ананы, мынаны албаты жаза беретін, жазушылардың қатарын көбейтіп жүргендерді осылай деп бағалаған дұрысырақ болар. Десе де, жазушының бәрі бірдей шетінен классик болуы да шарт емес. Түптің түбінде кім классик, кім классик емес, мұның да бағасын оқырман береді, халық береді. Биліктің қолынан атақ алып, әртүрлі сыйлықты иемденіп, классик болуға ұмтылатындардың әрекеті, әрине, пендешілік.

Қоғамда көптеген пікірталастар тасқынын тудырып келе жатқан ана тіліміздің мәселесіне байланысты көзқарасыңызды білгіміз келеді?

— Жазушы болғандықтан, осы елдің азаматы болғандықтан, ұлтыңның тағдырына, ана тіліңнің жай-күйіне бейжай қарай алмайсың. Мемлекеттік тілдің мәселесі созбаққа салынып тұр, тіл білмейтін ұрпақ ұлтын қалай сүйеді? Мемлекеттік тілге қиянат жасап отырғандар — өзіміздің шалақазақтар, оның ішінде зердесіз, біліксіз шенеуніктер. Қазір — жаһандану заманы, ағылшын, қытай тілін білуге тиіспіз, орыс тілін одан әрі көркейтуіміз керек дейміз, ал өз тіліміз қайда қалады? Пәленбай жылы қазақшамызды пәленбай пайызға арттырамыз деп, өзімізді өзіміз жұбатып отыра бергеннен ұтарымыз не? Өз елінде өгей баланың кебін киген тіліміздің бүгінгі жағдайына байланысты тіл ұшына оралар сауал көп, жауап аз…

— Елге сапарға шыққанда, ауылдарды аралағанда қандай ойға келесіз? «Сырт көз — сыншы» дейді, ауыл халқының жайы көңіл көншітерлік пе? Жазушы ретінде жаныңызды ауыртып, жүрегіңізді сыздататын жайлар бар шығар…

— Ел жаққа барғанда көзіңмен көріп, көп нәрсені көңілге түюге тура келеді. Айталық, «Жол картасы» бағдарламасы бойынша көп шаруа қолға алынып жатыр. Қозғалыс, ілгерілеу бар. Мектептер, ауруханалар салынуда. Кейбір жерлерде жаңадан салынып, кейбір тұстары жамалып, жасқалып дегендей, қала мен қаланың ортасындағы жолдар да біртіндеп түзеліп келе жатыр. Бірақ ауыл арасындағы жолдар сын көтермейді. Әлі күнге ауыз судан тарығып отырған ауылдар бар. Ауыл адамына үкімет өркениетті елдердегідей шынайы жағдай туғызуы тиіс. Бюджеттен жұмсалатын қаржыға қатаң бақылау орнатып, есеп-қисабының дұрыс болуы қадағалануы қажет. Қазір ауылда жұмыссыз жүргендердің қатары артпаса, кеміген жоқ. Жұмыс іздеп ауылдан қалаға келгендердің көбі үйсіз-күйсіз, базарда арба сүйреп жүр. Көңілге еріксіз қаяу ұялататын осындай жайттар бар, өкінішке орай.

Былайша қарағанда, бүгінгі таңда мемлекеттік тұрғыда білім, денсаулық, экономика саласына қатысты үлкен-үлкен бағдарламалар қабылданып, солар іске асырылып жатқан сияқты, ал бірақ солардың нәтижесін халық әлі сезіне қойған жоқ. Бәлкім, бұған уақыт керек те шығар. Ең бастысы, халықтың билікке деген сенімі жоғалмаса екен. Тәуелсіз мемлекетімізді нығайту үшін халықтың тұрмысы, әлеуметтік жағдайы да жақсарған үстіне жақсара түсуі керек.

Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button