Ашаршылық ақиқаты 1919-1922 жылдардағы аштық
Облыстық мұрағат құжаттарына қарап отырсақ, ашаршылық жылдардың ақиқаттарына көзіміз жете түседі. Етек алған ашаршылыққа байланысты РК(б)П Орталық Комитеті 1921 жылғы 17 шілдеде партияның барлық мүшелеріне арнайы үндеу жолдады. «Ашаршылық, — делінді үндеуде, — тек құрғақшылықтың нәтижесі емес, оның себебі аграрлық сектордың артта қалуында, ауыл шаруашылық білімі деңгейінің төмендігінде, ауыспалы егіс нысандарының ескілігінде, бұл және соғыс пен әскери қоршаудың, сондай-ақ помещиктер мен капиталистердің және олардың итаршыларының бізге қарсы күресінің бәсеңсімей отырғанының да салдары».
Елдегі жаппай ашаршылық осы партия құжаттарында көрсетілген себептермен бірге, халық шаруашылығына, әсіресе ауыл шаруашылығы саласына қатты соққы болып тиген «әскери коммунизм» саясатының нәтижесіндегі төтенше экономикалық жағдайларға да байланысты туындады. Ашаршылықтың салдары адамдарды ауруға, індетке ұрындырды, қырғынға ұшыратты. Демек, ашаршылық жеке адамның, жеке отбасының қорексіз қалуы ғана емес, ол бір аймақтың, бүтіндей бір халықтың, мемлекеттің нәубетке түсуі болды.
Енді осы нәубет жылдар қалай келді? Мұрағат құжаттарына үңілелік. Қазақстандағы 1919-1922 жылдардағы аштықтың бір себебі — елдің бірнеше аймақтарында орын алған егіннің шықпай қалуы болды. Осы жағдайға байланысты кеңес үкіметі 1919 жылдың қаңтар айынан бастап «азық-түлікті тәркілеу» саясатын бастады. Бұл саясат кеңес үкіметінің 1918 жылдың 13 мамырынан бастап жүргізіле бастаған азық-түлік саясатына сайма-сай дәл келген еді. Қазақстанда егіншілікпен айналысушылардың көп болмауына байланысты большевиктер қазақтың малын кәмпескелеп алуды басты мақсат етіп қойды. 1919-1922 жылдардағы аштықтың негізінен алғанда Ақтөбе облысын қалай шарпығанын мұрағат қорында сақталған құжаттарға сүйеніп әңгімелер болсақ, облыстық губерниялық атқару комитетінің төрағалары Ряхов, Назаров, Сердюковтардың ашаршылыққа қатысты Ленинге жазған хаттарында мынадай мәліметтер бар. Олар егіншілікті губерния қолға енді алып жатқанын, ал мал шаруашылығы мықты қиындықтарға кезігіп отырғанын көрсетеді. Малдардың ауруға ұшырап қырылып жатқанын, мал дәрігерлердің жоқтығын басты мәселе етіп хабарлайды.
Губкомиссияның орталыққа жіберген тағы бір баяндамасында: «Ақтөбе губерниясы 2 жыл қатарынан астық пен жалпы шөптің шықпауынан зардап шегіп келеді. 1920 жылдары Темір, Ойыл аудандарында, жалпы Ақтөбе губерниясының оңтүстік аудандарында астық пен шөп жәндіктердің зиянынан түгелдей жойылды. Сондықтан мал жаппай шығынға ұшырап, жергілікті халық мемлекет тарапынан нан өнімдерінен көмек алды. 1921 жылы егін егілді, бірақ ол да нәтиже бермеді. Сол жылдың шілде айында елде нан өнімдері қалмағандықтан, болашақта қуаңшылықтың салдарынан ашаршылықтың болатынын білген жергілікті тұрғындардың кейбірі көшуге мәжбүр болды. Қазақтар (құжатта қырғыздар деп көрсетілген) Өзбекстанға (сол кездегі Хорезм республикасына), Түркістанға, орыстар Украинаға, Ресейдегі өздерінің келген жақтарына қоныс аударды. Губерниядан 23 пайыз халық көшіп кетті. Оның ішінде тек Қарабұтақ ауданында 75 пайыз тұрғын басқа жаққа қоныс аударды.
1921 жылы Ақтөбе губерниясында ашаршылыққа душар болған, көмекке зәру адамдардың нақты санын білу қиын. Дегенмен біздің қолымызда губкомиссияның ішінара мәліметтері бар. Ол бойынша Ақтөбе губерниясында 15-27 қазан аралығында 116 679 адам көмекке зәру болған. Олардың ішінде 26 661 ересек адам, 89 991 бала ашыққан. Оның 22 077-сі қазақ ұлтынан, 94 602-і орыс ұлтынан деп көрсетілген.
Осындай жағдайға байланысты арнайы губкомиссия құрылып, ашаршылықта көмекке зәру жандарды есепке алып, оларға көмек қорын жасау барысында жоспар құрылды. Сонымен қатар аудандардағы аш адамдарға қажетті азық жеткізу жолдары қарастырылды. Губкомиссияның араласуымен 1921 жылдың қазан айында 300 бала мен 120 мүгедек адам астықты губернияға көшірілді. Сонымен қатар күніне 400 адам тамақтанатын балалар асханасы ашылды. Ақтөбе қаласында 500 орындық тамақтану орындары 1200 адамға кеңейтілді.
Шалқар мен Ырғыз аудандарына 1 вагон картоп жіберілді. Ырғызда екінші 500 адамдық тамақтану орны ашылды. Сонымен қатар ауданда балық аулауға адамдарды бейімдеу мәселесі насихатталды. Темір ауданында да 700 адамдық тамақтану асханасы ашылды. Ауданмен байланыстың нашарлығынан нақты қанша адамның азықсыз қалғанын тап басып айту қиын болды. Ал Шалқар ауданында аштыққа деген шағымнан басқа ешқандай мәлімет алудың мүмкін болмағандығы құжаттарда ашық жазылған. Ойыл ауданында 400 адамдық асхана ашылып, онда да аш адамдар қатары 24754 адамға жеткендігі көрсетілген. Аштыққа киліккен адамдарға балық аулауға бейімделу қажеттігі барынша түсіндірілген. Алайда мал баққан елге бұл насихат қона қоймады. Сонымен бірге, бірен-саран ауқатты адамдардың көмек қолын созғанын да көреміз. Мәселен, Қарабұтақ ауданында қолда малы бар азамат 1 сиырды аштыққа ұшыраған халыққа сойып беріп, ел басына түскен қиыншылықты бірігіп жеңуге тырысады.
Аштықпен күресетін комитеттер құрылады. Орталық төтенше жағдай комитетінен 315 миллион рубль қаржы бөлініп, аш адамдарға көмек көрсетіледі. Аталған қаржы Ақтөбе қаласына, Темір, Шалқар, Ырғыз, Ойыл, Қарабұтақ, Ақбұлақ аудандарына бөлініп беріледі. Сонымен қатар осы бөлінген қаржыдан Ақтөбе қаласында 100 адам түнейтін үй салынды. Мәскеуден 2 вагон бидай және Ташкенттен 1 вагон ұн, 1 вагон жеміс-жидек, 2 цистерна мұнай жеткізіліп, губерния тұрғындарына таратылады.
1921 жылы 46 тамақтану асханасы ашылып, губерния бойынша 15043 адам осы асханалардан тамақтанған. Сонымен қатар Түркістанға 12785 ересек, 4209 бала, 1102 мүгедек жандар көшіріледі. Мұндай адамдардың барлық саны 18096 адамға жетеді.
Күн өткен сайын аштық күш ала береді. Адам өлімі көбейеді. Ақтөбе қаласының өзінде 1921 жылдың қараша айында 469 ересек адам, 320 бала қайтыс болады. Сонымен қатар ауруханада аштықтан 294 адам қаза тапқан. Жергілікті жерлерде аштықтан қаза болғандардың нақты санын белгілеу, әрине, мүмкін болмады. 1921 жылдың қараша айына дейін малдың 55 пайызы қырылды. Малсыз қалған тұрғындардың саны 75 пайызға жетті.
1921 жылдың қараша айына дейінгі мәлімет бойынша 87725 бала, 28649 ересек адам аштықтың зардабын шеккен. Ал шілде айында еліміздің Орталық атқару комитетінің Мәскеуге жолдаған жеделхатында 5 губернияда ашаршылық белең алып бара жатқаны хабарланады. Олар Ақтөбе, Орынбор, Орал, Бөкей және Адай губерниялары еді.
Нәубет жылдарының басында Ақтөбе губерниясы халқының саны 525249 адамды құрады. Олардың ішінде 291547 ересек адам, 233702 бала болатын. Ашаршылыққа душар болған адамдардың маусым айына нақты саны белгісіз, бірақ қаңтар айында шамамен 361051 адамға жетсе, олардың 97309-ы ересек адамдар, 263743-і балалар болды. Ашыққан азаматтарға көмек ретінде губернияның басқару бөлімі 640000 рубль қаржы бөлген. Сонымен қатар басқа да азықтай және тұрмыстық көмектерін көрсетеді. Әрине, мұның бәрі ашыққан халыққа жұқ болмайтын мардымсыз шаралар еді.
Негізгі аштыққа ұшыраған азаматтарға көмек көрсету губерния бойынша 1921 жылдың қараша айынан бастау алады.
Қараша айына дейін 21800 ересек адам, 6348 бала егінді алқаптарға көшіріледі. Олардың ішінде өз еркімен қоныс аударғандар да аз емес еді. Бірақ олар санаққа енбей қалған.
Бұл жылдардағы ауру-сырқау, өлім бірыңғай аштықпен байланысты болды. Ақтөбе губерниясы бойынша 1922 жылы халықтың 50 пайызы өлімге, 28 пайызы ауруға ұшыраған.
1921 жылдың 1 желтоқсанына дейін Ақтөбе губерниясы бойынша 37140 адамға тамақ жеткізілді. 1921 жылдың тамыз айы мен 1922 жылдың қаңтар айлары арасында Ақтөбе губерниясынан Түркістанға 10 мың адам, Орынборға 1000 адам эвакуацияланды. Сонымен қатар Ақбұлақ және Жұрын аудандарынан 3907 адам Түркістан өлкесіне көшірілді.
Көмек қолын созбады
1921 жылдың қараша айынан бастап американдық балаларға көмек көрсету әкімшілігінің көмегі сұралады. Бұл ұйым алғашқыда қызметін Ақтөбе губерниясына ұсынды. 1921 жылдың 26 желтоқсанынан бастап америкалық ұйым балаларды тамақтандыруға кіріседі. 1922 жылдың ақпан айында 25 мың құрғақ азық (паёк) бөледі. Олар Ақтөбе қаласы бойынша — 3000 құрғақ азық, Ақтөбе ауданына — 6000, Ақбұлақ ауданына — 7500, Темір ауданына — 6500, Қосестек ауданына — 2000 құрғақ азық бөледі. Ал қалған аймақтардағы балаларға көмек көрсетуден американдық ұйым мемлекет аралық қашықтықты сылтау етіп бас тартады.
Ақтөбе губерниясы Ойыл уездік атқару комитетінің 1921 жылғы 16 шілдедегі шешіміне сәйкес, ауқатты және күйлі адамдар ашыққандардың белгілі бір бөлігін жатын жаймен, тегін тамақпен қамтамасыз етуге міндеттеледі.
1922 жылдың қазан айында Ақтөбе губерниясының халқының саны 57000 ғана болады. Негізінен қазақ халқы қалады. Осы жылы Ақтөбе, Темір қалаларында аш адамдарға арналған 700 адамдық қонатын үй ашылды. 1922 жылы аш адамдар қатары 13000-ға дейін өседі. Қазан айы мен қараша айының ортасында адам өлімі 2 есеге көбейген. Сол айларда Ақтөбе қаласындағы коммуналдық бөлімде 496 адамның, ауруханада — 294, балалар үйінде — 125 адамның мүрдесі шығады. Бұл тек арнайы мекемелердегі есеп, болмаса, өзге орындарда аштықтан өлгендердің саны тіпті көп болады. Қарапайым тұрғындардың өлім санағын жүргізу мүмкін болмайды. 1922 жылдың көктемінде аштықтан губерния халқының 50 пайызы эпидемияға, 28 пайызы өлімге душар болған. Аштықтың салдарынан эпидемиялық ауруға ұшыраған адамдар күн өткен сайын көбейген. Осыған орай губернияның денсаулық сақтау бөлімі шағын бөлімшелерді көбейтуге тырысады.
Аштықтың әртүрлі себептерінен ата-анасыз қалған балалар саны өсті. Оларға арнайы губкомиссия балалар үйі мен асханалар ашуды ұйғарды. Сонымен қатар балаларды астықты аймақтарға көшіру мәселесі қаралды. Алайда балалар мен ашыққан жандарға мемлекет тарапынан жеткілікті дәрежеде көмек көрсету мүмкін болмай отырғаны губкомиссияның баяндамасында көрсетілген. Сондай-ақ бұл жетімсіз шаралардың адамдарды аштықтан құтқара алмайтыны баяндалған. Губернияда аштықтан эпидемиялық ауруларға шалдыққандарға көмек көрсету мүмкін болмайды. Оларға дәрі-дәрмек жеткізу қиындап, адамдар жаппай қаза болады. Осы жылдың тек бір ғана ақпан айында Ақбұлақ ауданында халықтың 12 пайызы аштықтан қаза болса, Түйетөбе уезінде 50 пайызы аштықтан қырылды. Ақбұлақ ауданында күніне 300 адам аштықтан өлгені құжаттарда тіркелген. Тамды, Қобда, Жиренқопа болыстарының кейбір ауылдарында тырысқақ және оба аурулары белең алады. «Шалқар ауданында тұрғындардың 50 пайызы аштықтан ауруға ұшырап, 20 пайызы қаза болды» делінген біздің қордағы құжаттарда.
Бұл нәубетпен күресу жергілікті жерде қиынға соғады. 1922 жылдың көктемінде су тасқынына байланысты шалғай ауылдарда 2 ай бойы қатынас үзіледі. Сол себепті сырқат тұрғындарға қандай да бір көмек көрсету, тіпті опат болғандардың сандарын білу мүмкін болмайды.
Аштықтан қырылғандардың саны 361051 адамға жетті. Бұл дегеніңіз — барлық губерниядағы халықтың 65 пайызын құрайтын еді. Қыс мезгілінде болыстар мен ауылдарға азық-түлік жеткізу тым ауырға соқты. Ақтөбе, Ақбұлақ, Мәртөк, Жұрын және Шалқардың азық-түлік қоймаларынан ауылдарға азық-түлік жіберіліп тұрды. Дегенмен де ол жетімсіз еді, айына 2 рет қана азық жеткізілді. Оның өзі де аз мөлшерде болатын.
Осы жылы Ақтөбеде – 359326, Адай уезінде 75 мың адам аштан бұратылды. Мүрделер өзен бойында, ауыл арасында, елді мекендердің көшелерінде тарыдай шашылып жатты. Бұл жан түршігетін құбыжық көрініс еді.
Елді мекендердегі мешіт, шіркеулердің бұйымдары жиналып, Мәскеуге мемлекеттік қоймаға жіберілді. Өйткені осылай жасау туралы губерния төрағасы Ряховқа 1922 жылдың 24 сәуірінде жоғарыдан бұйрық келеді.
Тығырыққа тірелген адамдар аштық құрсауынан өз беттерімен сытылып шығуға тырысып бақты. Ырғыз, Шалқар және Ойыл аудандарында жаппай көшу белең алды. Олар жаяу-жалпылап көрші Ресей жеріне өтті.
1922 жылдың қараша айында Ақтөбе халықының 50 пайызы аштыққа ұшырады, ол шамамен 285000 адамды құрады. 1923 жылдың маусым айындағы есеп бойынша 14 жасқа дейінгі 18049 бала, 21429 ересек адам аштыққа ұшырады. Ал маусым айында Ақтөбе қаласы бойынша 13480 адамды ғана тамақтандыруға мүмкіндік бар еді.
Республиканың Денсаулық сақтау халық комиссариатының деректері бойынша Орынбор, Орал, Ақмола және Ақтөбе губернияларында 1921 жылдың 1 қарашасы мен 1922 жылдың 1 шілдесі арасында 37 657 адам ашаршылық құрбаны болды.
Отызыншы жылдардағы аштық
Қазақ өлкесін басқарған Ф.И.Голощекин (1925-1933) елді индустрияландыру және ұжымдастыру саясатын мерізімінен бұрын тездетті. Соның салдарынан қазақтардың дәстүрлі мал шаруашылығы күйзелді. Қазақ зиялыларының мәліметтері бойынша, сол кезде 40,5 миллиондай мал 4,5 миллионға қысқарғаны белгілі болды. Оған ауа райының қолайсыздығы араласты. Осы нәубет жылдарында аштықтан босқан халықтың 24 пайызы, яғни әрбір төртінші адам қазаға ұшырады.
1928-1932 жылдардағы бірінші бесжылдық тұсында қазақ байларын тәркілеу саясаты күшіне еніп, оның арты кеңестік билікке қарсы «әлеуметтік қауіпті элементтерді» іздестіруге, оларды күштеп жер аударуға ұласты. Әсіресе, қазақ қудаланды. Ақтөбе облысы бойынша да байлар мен қазақтың зиялы азаматтарын қудалау көптеп кездесті. Алдындағы малын тартып алған жұрт жұтқа ұшырап, ел үдере көшіп нәубетті кезеңді бастан кешірді.
1933 жылы облыс бойынша аштықтан бұратылып өлген адамдар саны күн өткен сайын артты. Біздегі бір мұрағаттық құжатта аудандық милиция басқармасы 14 іс көтеріп, олардың ішінде 4373 аштан қырылған адамның мәйітінің көмілгені көрсетілген.
Қараусыз қалған балалардың саны көбейген. Облыста 1933 жылдың шілде айында 44 балалар үйі жұмыс жасайды. Онда ата-анасы аштықта қаза болған балалардың саны 8237 жанға жеткен. Сонымен қатар қараусыз қалған 545 бала жатады.
1933 жылдың шілде айындағы жағдай бойынша облыста аштан өлген 4373 адамның мәйіті жерленген. Бұл тек милицияның ресми деректері. Аштықтың қиындығынан шығудың адамдар мың сан айласын, амалын іздестіреді. Тіпті көне былғарыларды қайнаған суға жібітіп, талшық еткен жағдайлар да болған.
Адам төзгісіз ашаршылық азабы халықты өз-өзіне қол жұмсауға, адам өлтіруге жеткізеді. Адам етін жеген жағдайлар тіркелген.
Ойыл ауданы бойынша бір айда 520 адам аштан бұратылып өлген. №7 ауылдың тұрғындары жан сақтау үшін қолға түскеннің бәрін қорек қылады. Темір ауданының 6 ауылы қатты аштыққа ұшырайды.
Міне, жиырмасыншы, отызыншы жылдардағы нәубет-ашаршылық мұрағат құжаттарында осылай сақталып қалған. Мұндай зұлмат жылдардағы ел қасіреті қазақ әдебиетінде, әсіресе, Бейімбет Майлиннің, Ғабит Мүсіреповтің шығармаларында айқын сипатталды. Қазақтың сүттей ұйып отырған талай отбасы ашаршылық қасіретін тартып, жоқ болды. Бүгінде сол ел қасіретін тартқан аштықтың алғашқысына 90, соңғысына 80 жыл толып отыр. Бұл естен шығаратын кезеңдер емес. Мұндай қасіретті тарихты, 31-мамырда ашаршылық құрбандарын да әрқашан еске алып отыру — бүгінгі және кейінгі ұрпақтың аруақтар алдындағы басты борышы.
Айнұр МАҚСАТҚЫЗЫ,
облыстық мұрағат қызметкері.
Нәубетті бастан өткергендер
Қайсыбір күні жұмыс столымдағы қағаздарды ақтарып отырып, марқұм Досниязов Батиқ ағаның өз қолымен жазған естелігін тауып алдым. Ұзақ жылдар ауылда бала оқытқан қарт ұстаз, Ұлы Отан соғысының бірінші әлде екінші топтағы мүгедегі екі мыңыншы жылдардың басында Ақтөбе қаласынан жеңілдікпен пәтер алып қоныс аударып тұрып еді. Қолы қалт еткенде өлкенің тарихы, шежіресі, басқа да оны-мұныны жазып, редакцияға жиі соғып тұратын. Ойыл өңірінің алыс ауылдарында 1931-1933 жылдары өткен ашаршылық нәубетке байланысты екі бет естелік сондай бір ретпен менде сақталып қалған болуы керек. Сондықтан мен мұнан әрі сөзбұйдаға салмай, сол қолжазбаны бөлмей-жармай тұтас келтіре кетуді жөн көрдім. Отызыншы жылдардағы аштықты өз басынан өткерген ағамыз естелікке «Аштықта жеген құйқаңды тоқта ұмытпа!» деп тақырып қойыпты. Сонымен оның бас-аяғы мынау:
«1932 жылы Сарбие атанған ауылымыздан 40 шақырым қашықтықтағы Ақшатау орталау мектебінде мұғалім болып жұмыс жасайтын тумамыз Атағали Дінқуатов менің әкем Төлеуұлы Досниязды және Сәдірбайұлы Үмбет атамызды отбасымен көшіріп әкелді. Бұл кезде атышулы аштық есік қағып тұр еді.
Мектеп жанындағы интернат балаларына шарт бойынша күніне 750 грамм тарыны қайнатып, қуырып, ағаш келімен түйіп, әбден талқан, кебегінен тазартылған тарыны ертеңгісін өлшеп қабылдап алады. Өлшем бірлігі — кесе. Еңбекақыға әр отбасына 4 кеседен тары, 4 кесе талқан береді.
Орынбор қаласындағы Қарғалы медресесін үздік бітіріп халфе деген діни атақ алған руы Байұлының танасы Сұлтанғали: «Құрлық жерде — тышқан, құмақта — балпақтардың жейтіні — шөп, ішетіні — су. Бірақ олар іннің түбіне қарап жатқандықтан харам деп есептеледі. Не болғанда да, аштан өлуге болмайды, саршұнақ, балпақтарды жеңдер» деп насихаттады.
Алайда Ақшатауда біз өскен Жетікөл, Жекендідей емес, саршұнақ, балпақ өте аз екен. Осы жағдайды ескеріп, 1932 жылдың жазында қайтадан туған жеріміз Жетікөл, Жекендіге көштік. Жекенді өзенінде балық бар. Қаракөл ауылында атшоңқай өседі. Оны құмға араластырып қуырып жейді. Оппасор, Бақабай, Шорман, Жүндібайда сарымсақ, ащы жуа, қой жуа көп өседі. Жүндібай, Бақабай шағылдарында қоянның жымына ( жүретін жолы жаяу адамдардың жолы сияқты сайрап жатады) тұзақ немесе қақпан құрып алады.
Аштық қысқан кезде біз де қатқыл жерлердегі — саршұнақ, құмақ жерлердегі —балпақтарды қой сияқты үйітіп жейтін болдық. Майын шыжғырып, таза шөлмекке құйып сақтауға дағдыландық.
Біздің естуімізше, Жүндібай, Бақабай, Шорман, Қызылащы бір кездерде шалқыған көл болыпты. Ол көлдерде құстың түрлері көп болғанын, жыртылып айрылғанын көнекөз қариялар жыр қылып айтушы еді. «Ақыр заман болғанда су тартылар, қарап тұрған жігітке қыз артылар» деген ғой бұрынғы қариялар. Сол заман басталды десек қателеспейміз.
1932 жылдың жазынан бастап ашаршылық Сарбие, Қаракөл, көршілес Құбасай ауылдарын жайлады. Аштықтан өлгендердің санын ешкім дәл айта алмайды. Жиенбет тана Рахым Нұрғалиев Ойылдан Сарбие ауылына жаяу почта тасып келе жатқанында Жошыбай Алтықарасудың маңында бір қарайған нәрсені көріп, жақындап келіп, шешесі өліп, соның жанында қисайып жатқан баланы мойнына мінгізіп ауылға алып келеді. Оны кейіннен Ойылдағы балалар үйіне тапсырады. Міне, адамгершілік, міне, кісілік деп осыны айт.
Сарбие ауылының шығыс жағындағы Нәбіреш қыстауының қасында өлген адамдардың сүйегі шашылып жатқандығын аға ұрпақ жақсы біледі.
Жетікөлдің Құбасай елді мекенінде 80 үй Ысық Қара руы ашаршылықтың алдында біртұтас қауым болып топтанып отырған. Аштық оларды да бытыратады. 1932 жылы Қами деген сол 80 үй Қараның бірі аштықтан орнынан тұра алмаған 4 баласын киізге орап, аштан өлетініне көзі жеткендіктен Құбасайға тірілей тастап кетеді. Емшектегі баласын және жаяу жүруге толық жарайтын 10 жасар қызын жолға алып шығады. Қамидың 4 баласын көзі қиып тірілей тастап кетуі асқан қатыгездік, мейірімсіздік деп есептеуге әбден болады.
Ол ол ма, емшектегі баланы Ақтай ауылымен екі ортадағы бір қыстаудың көлеңкесіне тастап кетуге бұйрық береді. Әйелі көнгісі келмеген сыңай білдіргенде, әлгі безбүйрек Қами: «Таста баланы, тастамасаң өзіңді өлтіремін!» дейді. Әйелі баласын шырқырап жылағанына қарамастан тастап кетуге мәжбүр болады. Сонымен қатыгез де қаныпезер әке бес баладан тірілей айырылып, бесеуінің қанын мойнына артып, қайыр-садақа сұрап Орынбор қаласына жетеді. Аштықтың аймағы Қазақстан жері ғана екеніне көздері жетеді.
Сол аштыққа ұшырайтын 80 үй Қараның беделді азаматы, Ойыл мешітінің бұрынғы имамы Тілепқали ақсақалдың айтуына қарағанда, Қами өлмейтін жерге, Орынборға іліккенмен, екі жылдан кейін ажалынан қайтыс болған. Ал қызы мен әйелінің күні кешеге дейін тірі, бар екенін еске алатын».
Мұнда әңгіме болған жерлер, адамдар маған жақсы таныс. Өйткені кешегі кеңес тұсында кеңшар аталған Жетікөл — біз туып-өскен өңір. Құбасай, Қуырдақты — ата қонысымыз. Жекенді, Сарбие — біздің «Жетікөл» кеңшарына бір қосылып, бір бөлінген іргедегі ауыл.
Соғыстың тынуымен іле-шала дүниеге келген біздің ұрпақ жалпақ аштық туралы үлкендердің аузынан естіп өстік. Әлгі Жетікөл деп отырған кеңшардың орталығы Қараой ауылының оңтүстік-батыс бетінде алпысыншы жылдарға дейін Құмшық аталатын шағын елді мекен болды. Төбе-төбе қалың еспе құм шағылдар. Баланың әдеті ғой, сол жерге барып «ақ — қызыл», «совет — неміс» болып бөлініп, «соғыс ойынын» ойнаймыз. Сонда сусылдаған еспе шағыл құмның арасынан сүйектер шығып жататын. Біз мұны, әрине, бастапқыда адамның сүйегі деп ойлағанымыз жоқ. Сөйтіп жүргенде, кейін адамның бас сүйектері де көрініп қалып жүрді. Соның өзінде де, ересек балалар бұрын қорым болған жер шығар дейтінбіз. Кейін үлкендер: «Отыз екіде аштықтан қырылған адамдардың сүйегі. Аш адамдарда қайбір әл болсын, құммен бетін жасырған ғой» деп күрсінетін болды. Бірақ аштық жайындағы әңгімені қалай бастаса, солай қысқа қайыратын. Бақсақ, бір жағынан, өздері бастан кешкен, жүрекке із қалдырған зұлмат жылдарды көп еске алуды қаламайды, екінші жағынан, үкіметтің саясатынан да қорқады екен ғой. Әрине, ол кезде біз мұны білмейміз, кейін, тіпті едәуір кеш түсіндік.
Берігіректе шешемнің ауызекі айтып отырған әңгімелерінен талай естідім. Ол кісі 1911 жылы туған, 82 жасында дүние салды. Әкем мен шешем соңғы аштықтың ішінде болған, иығымен көтерген адамдар. Әкем марқұм — әңгімеге жоқ кісі. Ал шешем әңгіме арасында ауылдың көзі тірі кей адамдарын, замандастарын сыртынан анау тышқан жеді, мынау тышқан жеді деп отыратын. Сондағысы өздерінің тышқан жемей, тығырықтан шыққанын «қуаныш етеді»… Батиқ ағамыздың жоғарыда жазғанындай, ол кезде біздің ел Құбасайда қауым болып ұйысып отырады екен. Аштықтың сыңайының жаманға бет алғанын аңдаған, аз-кем сауаты бар Елемес деген атамыз: «Бұлай отырып аштықтан аман қала алмаймыз. Іш жаққа, Ресейге енеміз. Маған ергендерің жүресіңдер!» деген. Содан он бес-жиырма үй үдере көшеді. Атырау барып, Астрахан асады. Сығандар құсап шұбап, жаяу-жалпылап, ит қорлығын көріп Горький деген қалаға жетіп тоқтайды. Аңдаса, орыс жерінде аштық жоқ. Артельдер жұмыс істеп жатады. Соларға кіріп ерлер артельдің сауын сиырын бағады, әйелдер сиырын сауады, бала-шаға бұзауын бағады. Сөйтіп үш-төрт жыл жан сақтайды. Бір күні көш бастап келген ақсақал қол астындағы әулетті жиып алып: «Маған жазылмайтын сырқат жабысты. Көп кешікпей жүремін, мені осы жаққа немеремнің жанына жерлеңдер де (алдында бір сәби шетінеген екен), елге көшіңдер. Ол жақта жағдай түзелді. Бұдан кідірсеңдер, орыс жерінде қалып қоясыңдар» депті. Айтқандай, қалған жұрт солай жасап, туған жерге оралып, елмен қауышады. Шынында да, қала жағалаған, шет жерге кеткендер ғана тірі қалғанда, ауылда қалғандар түгел дерлік аштан қырылған. Бір атамыз жасы ұлғайған молда кісі екен. «Мен не болғанда да елде қалайын» деп, көшке ермей жұртта жалғыз қалыпты. Ақырында аштан өлген сол атамызды әйелдер үйінің алдына жүзін топырақпен ғана жасыра алыпты. Бұлай жүзін жасырған шүкіршілік, көмусіз қалғандар көп болған.
«Торғай жаңбыр жауса балапанын қорғайды, тас бұршақ жауса қара басын қорғайды» дейді қазақ. Әрине, адам торғай емес қой, бала-шағасын аман сақтау жолында шыбын жанын салған. Бірақ мүмкін болмаған. Оның мысалы көп. Бір әжеміз Батиқ ағамыздың естелігінде әңгіме болатын аштыққа ұрынған Ақшатаудан ығысып, жан қала ма деп Көкжарға қарай босады. Қолында — екі сәбиі. Түннің іші. Өзі аш. Ойыл өзенінен өтер жерде, су терең, ағыс қатты болып қиналады. Бір баланы сумен сүйрейді, бір бала арқада. Әлі бітеді. Одан әрі аттаса өзі де, екі сәби де жағаға шыға алмайды. Не істеу керек, жан дәрменде ақылға келеді. «Қой, бұлай түгел өлгенше, ең болмаса бір баланы сақтайын» деп, арқадағы ұлды алып қалып, суда сүйреп келе жатқан қыз баланы қоя береді. «Жүрегім қан жылап үзіліп кеткендей болды сонда» дейтін марқұм. Шарасыздық, қалайда ұрпақ сақтап қалу күресі ғой… Сондықтан мұндай жағдайларды қатыгездік деп айыптауға бола ма…
Бір тайпа елді аштықтан Ресей жеріне ала қашып аман алып қалған Елемес атамыздың әрекеті де соған жатады. Құбасай ауылының іргесіндегі атамыздың қонысы әлі де Елемес деп аталады. Кейінгі адамдар атамыздың жат жерде қалғанын білмейді, осындағы қорымда жатыр деп ойлайды әлі күнге. Сол жақтан, Ресей жерінен орыс тілін біліп, сауаттанып келген ұлы Айсақымет Елемесов Қызылқорған ауылының басшысы болған.
Орынғали, Шаңдыбай ағам едің,
Басқадан көзі қараң надан едің.
Ауылдың жігітінен басқа кетіп,
Жүр екен қай жерлердің дәмін татып, — деп, ағаларының қамын жеп майданнан өлеңмен елге хат жазады екен. Сол соғыстан оралмай, оның да сүйегі әкесі сияқты елі, халқы үшін күресте орыс жерінде қалды.
Азаттық жолында арпалысқан азаматтардың, ұрпақ жолында күрескен осындай-осындай адамдардың арқасында еліміздің тәуелсіздігіне, тоқшылық заманға жеттік. Тоқшылық деген аз сөз бұл жерде, халқымыздың басынан өткен аштық нәубетті еске алғанда, біз көріп отырған қазақтың дәуірі қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман деуге болады. Тойға барсаң — ас та төк тамақ. Адам — пенде, бардың қадірін біле бермейді. Жарықтық Абай атамыз қалай айтқан:
Аш қарын жұбанар ма майлы ас жемей?
Тоқ тұра алмас дәмдіден дәмді іздемей, — деп. Қайсыбіреулер мол дастарқаннан тамақ таңдап, кекірейіп отырғанда, ойыма осы өлең жолдары оралады. «Аштықта жеген құйқаңды тоқтықта ұмытпа» деп отыратын аштықты, нәубетті көрген аға буын бізден ұзап барады. Біздің өзіміз аштықты, жоқшылықты көрмей өскен буынбыз. Ал бізден кейінгілер ұрпақ тіпті молшылықта өсіп келеді. Ләйім, солай бола бергей…
Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ,
Қазақстанның Құрметті журналисі.
Айтып еді ел мұңын…
Еңіреп көшіп ел кетті,
Кіндік кесіп, күл төккен,
Берік қорған жер кетті.
Еркек қойдай бөлініп,
Бас сауғалап ер кетті.
Ілгері басқан аяғы,
Шаруаның кер кетті.
Толықсып тұрған елімді,
Толқындай соғып меңдетті.
Әулие, ишан, пірлердің,
Сүйегін көрде тербетті.
Сап күмістей жүректі
Қайғы басып шерлетті…
Бұл — ел ішінен шыққан белгілі ақын Әкімәлі Қаржауовтың сонау зұлмат заман жылдарында аузынан аһ ұра шыққан мұң-зары.
Осылай басталатын ұзақ жырды жасы тоқсаннан асқан әкем Қанапия әне бір жылдары мүдірместен айтып отыратын.
— Әкімәлі ел-жұртының қамын ойлаған үлкен ақын еді ғой, — деп күрсінетін әкем, — сондықтан да болу керек, айналадағы аласапыранға бейжай қарай алмады.
Әкемнің айтуынша, өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарының аяғында Ақтөбеден уәкілдер келіп, «бірігіңдер, малдарыңды ортаға салыңдар, сонда бәрі жақсы болады» деп үгіттепті. Басында ерікті дегенмен, соңынан колхозға кірмегендердің соңынан май шам алып түсіпті белсенділер. Жұрттың соңғы сауып отырған сиырын, қорадағы тауығын да қалдырмапты. Қолында түгі жоқ кедейлерге салық салып, аузындағы аз-кем тамағын жырып алған.
Сол тұстарда Әкімәлі ақын Ақтөбе қаласында тұрыпты. «Кедей» газетіне өлеңдері жарияланып тұрған.
«Талай өлеңдерін газет бетінен көріп, қуанышқа бөленгенбіз, біз бұл ақынмен жерлеспіз, туыспыз деп масаттанғанбыз», — әкем әңгіме арасында осы жайға да көңіл бөліп қоятын.
Ақын жүрегіне ел жағдайы ауыр жүк болып соғады. Сондықтан да болса керек, ол арбасына отырып, ел аралауға шығады. Өзінің туған өңірі — қазіргі Хромтау жеріне де келіп, адамдармен кездесіп, басу айтқанымен, көңілдегі қынжылысын жасыра алмайды.
Ол сөзі жүреді-ау деген белсенділер мен шабармандарға «байқасаңдаршы» деп айтқанымен, одан ештеңе шықпайды, елді тонау жалғаса береді. Бұған қатты қапаланған ол сол сапардан өте ауыр жағдайда қайтады. Сол тұста ыза мен кекке суарылған ащы өлеңдер туады.
Көп ұзамай, дәлірек айтсақ, 1931 жылдың маусым айы шамасында оның «халық жауы» деп ұсталғандығы туралы хабар елге жетеді. Ақынын сыйлайтын, жақсы көретін елдің бірсыпыра белгілі азаматтары «қиын сәтте көмегіміз тие ме?» деп шапқылап Ақтөбеге келгенімен, одан ештеңе шықпайды.
Сол тұста Әкімәлі айтты деген мына өлең жолдары ел құлағына жетеді:
Нелер күндер өткен жоқ,
Қара істі ақ деген.
Есалаң ерге тап болдық,
Қолдағы жоқты тап деген.
Өткенің бе, дүние-ай,
«Әттеген-ай, қаппенен».
Кәрі құдай, қайдасың,
Үкімет салды найзасын.
Тонап алып халықты,
Әркім көрді пайдасын…
Мұндай ащы айтылған, ашына айтылған сөздерді билік кешірмейтін еді. Сондықтан да олар ақынның тіліне тұсау сала алмағанымен, оның қолын кісенмен бекітуге құдіреттері жетті.
Арада бір жылдай уақыт өткенде Әкімәлі түрмеде қаза болады. Кең далада еркін өскен бұлбұл құс секілді, көмейін кенен өлеңге кенелдірген ақын тар қапасқа төзе алмаған болуы да мүмкін.
Баянғали ҚАНАПИЯҰЛЫ.



