Ақтөбе бүлдіршіндері қайда ойнап жүр?
Тұрмыстық әлеуеті тәуір саналатын ақтөбеліктер бүлдіршіндерін қай жерлерде ойнатып жүр? Әсіресе, жаз шыға үйде отырғысы келмейтін балдырғандар қандай аттракциондарға барғанды жақсы көреді? Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында осы сауалдарға жауап іздедік.
«Сәттілік сағаты» қуантады
«Мега-Ақтөбе» сауда-ойын-сауық кешенінде «Babylon» ретінде танылып үлгерген бүлдіршіндерге арналған жабық ойын-сауық бағы бар. Қазір «Happylon» бағы болып атын өзгертіпті.
Корпорация болғандықтан әр қаладағы өкілдіктер белгілі бір тақырыпқа сай безендіріледі екен. Аталған бақтың өзге қалалардағы аттастарынан ең басты ерекшелігі — оушен, яғни, мұхит, су асты әлемі стилінде безендірілгендігі. Бұл жерде операторлар да теңізші киімін киіп жүреді.
Аттракциондар бағы жабық кешенде орналасқандықтан ауа райының қандай болғанына қарамастан жыл бойы жұмыс істеп, балаларға көтеріңкі көңіл күй сыйлайды.
«Happylon» ойын-сауық бағының супервайзері Бақытжан Ниязбековтің айтуынша, қазір мұнда «Теңіз шайқасы», «Посейдон сарайы», «Гейзер», «Ясли», «Тритон мұнарасы», үрлемелі батут секілді 10 аттракцион мен ойын автоматтары жұмыс істеп тұр. Бұлардың кейбіреулерін бүлдіршіндер ересек адамдармен бірге пайдалана алады.
— Бақ қызметкерлері ақшамен жұмыс істемейді. Алғаш келген адам толтырылмалы карточка сатып алады. Оны арнайы осы бақ ішінде орналасқан терминалдар арқылы немесе кассаға төлеу арқылы толтыруға болады. Сосын бақ ішіндегі аттракциондарды еркін пайдалана береді. Біздің бақта дүйсенбі-бейсенбі күндері аралығында ертеңгі сағат оннан он бірге дейін, түскі екіден үшке дейін, кешкі оннан он бірге дейін «Сәттілік сағаты» шарасы өтіп тұрады. Шара кезінде аттракциондарда ойнау бағасы әдеттегі бағадан төмен болады. Сондай-ақ біздің қызықты әлемде балдырғандардың туған күнін немесе бітіру кештерін де ұйымдастыруға болады. Ал 1 маусым күні бүлдіршіндерді қуанту мақсатында «Ауа шарлары» күнін ұйымдастырмақпыз. Бағдарламаны сол күні қызықтай аласыздар, — дейді Бақытжан Мұхамеджанұлы.
Балаларын ертіп жүрген кейбір ата-аналарды әңгімеге тартқан едік. Осы жерде Болатбек Қадырбаев отбасымен жүр екен. 6 жастағы Абылайхан мен бір жастағы Әмірханды ертіп келіпті. Жары Гүлжанат Қуанышева:
— Ақтөбеде балаларды апаратын аттракциондар саусақпен санарлық. Сондықтан да осы «Мега-Ақтөбедегі» балалар бағына әкелеміз. Былай күндері Абылайхан велосипед тебеді. Кей күндері балаларды арнайы осындай жерлерге әкеліп, еркелетіп аламыз. Абылайхан бұл баққа келгенде көбіне мотоциклде отырады. Ал Әмірхан әлі кішкентай болғандықтан, тікұшаққа отырғызып, ойнатамыз. Карточкамызды терминалдар арқылы толтырамыз, әр кезде әртүрлі, мың теңге, кейде екі мың теңге жұмсайтын кездеріміз болады. Ойын автоматтарындағы ұтыстарына тикерлер беріледі, оны көп қылып жинап, ірі сыйлыққа ауыстырамыз. Осы уақытқа дейін біраз тикерлеріміз үшін мотоцикл, пистолет, жұмсақ ойыншықтар алдық. Арасында Абылайхан жетон салып ойнайтын ойындарды да ойнайды. Балалар ойнайтын қауіпсіз аттракциондар, қызықты ойын алаңдары көбейгені жақсы ғой. Әрі қаламыз көркейеді, әрі балалардың демалысы қызықты өтеді, — дейді.
Бір жарым жастағы Томирис тікұшаққа мініп отыр екен. Әкесі Алмас Сүлейменов Әйтеке би ауданы, Талдысай елді мекенінен қалаға қонаққа келгендерін айтады. — Бұл жерге бірінші рет келіп тұрмыз. Қалаға келгесін балалар көрсін, ойнасын деп арнайы әкелдік. Ауылда мұндай қайдан болсын. Әрі қалаға күнде келе бермейміз. Топ болып жүрміз. Қызымнан басқа жанымда Айжан, Алма есімді қарындастарым да бар. Балалар өздеріне ұнаған аттракционға мініп, біраз қызық көріп, ойнады, — дейді ол.
Жақында Түркиядан тағы бір аттракцион әкелінеді
Көктем шыға өз жұмысын бастайтын «Нұрдәулет» алдындағы аттракциондар алаңына кішкентай ақтөбеліктер өте көп келеді. Бұл жердегі ойын алаңын Ақтөбе қаласындағы ірі кәсіпкерлердің бірі Мақсат Байжарқынов ұйымдастырып отыр.
Әуелі піл, құлыншақ, тікұшақ, паровоз, карусель, лабиринт, батут секілді аттракциондар орналасқан ойын алаңын аралап көрдік. Ойнау үшін кіру билеті — 100 теңге. Тек машинаға міну үшін 200 теңге төлесеңіз болғаны. Бүлдіршіндер алаңсыз ойнап жүр. Әр аттракционның қасында бір-бір адамнан тұр. Олар балаларды отырғызып, қауіпсіздік белбеулерін тағып береді.
Екі жастан асқан Диас батутта секіріп ойнап, сырғанап, түрлі-түсті шариктердің ортасына күмп етіп түскенін қызық көріп жүр. Оны бұл жерге мамасы Нұрсәуле Асанова ертіп әкеліпті.
— Негізінен үйімізге жақын болғандықтан Диасты ойнатуға осы жерге әкелемін. Әрі балалар үшін қаладағы тиімді демалыс орны — осы жер. Бір келгенде кейде 800-1500 теңге жұмсап кетеміз. Өзім онколог- дәрігермін. Жолдасым — заңгер. Алайда апта сайын осындай ақша жұмсау оңай емес. Меніңше, әлеуметтік-экономикасы тәуір қалалардың бірі саналатындықтан, біздің Ақтөбеде бір бюджеттік аттракциондар алаңы болуы қажет. Әйтпесе, қаншама бала заманауи жабдықталған ойын алаңдарының есігінен «сығалап» қарап жүр. Айтпақшы, жақында Хромтау қаласында болдым. Ол жақта Дөң кен байыту комбинатының ұйымдастырып қойған ойын алаңына бардық. Бағалары тиімді екен. Бүлдіршіндерге арналған батутта ойнау үшін 40 теңге, ал бала карусельге мінсе, өзгелерде ойнаса, әрі кеткенде 80 теңге төлейсің. Балаларға қызықты демалысты арзан ұйымдастырып отырғандары үшін қуанып қалдым, — дейді Нұрсәуле.
Үш жастағы Бибатпа құлыншаққа мініп жатыр екен. Бүлдіршіннің қасында мамасы Гүлнәр Құлжанова жүр. Оның айтуынша, Ақтөбеде, әсіресе, бүлдіршіндерді ойнататын ойын алаңдары жоқтың қасы.
— Пушкин саябағына барайын десек, аттракциондары өте ескі. Ескі болғаны ештеңе емес, түрі қорқынышты. Сынып кетуі мүмкін ғой. Ал «Мега-Ақтөбедегі» балалар бағына жиі барып тұруға кез келгеннің қалтасы көтере бермейді. Біздің қалада балаларға арналған қазіргі заманға сай жабдықталған, қолжетімді ойын алаңдары дамымаған. Сондықтан да осы жерге келеміз, — дейді Гүлнәр.
Кәсіпкер Мақсат Байжарқыновтың айтуынша, «Нұрдәулет» маңында ойын алаңын ұйымдастырыла бастағанына он жылға жуықтапты.
— Ең алғаш Италиядан піл аттракционын әкелдік. Ойын алаңы содан басталды ғой. Кейін өзге де заманауи жабдықтарды Түркиядан, Ресейден сатып алдық. Құлыншақ аттракционы Аспан асты елінен әкелінді. Бәрінің де рұқсат қағаздары, сертификаттары бар. Түркия еліне тағы бір аттракционға тапсырыс бердік. Жақында келу керек, күтіп отырмыз. Ең ескісі — піл ғой. Мүмкін сол пілді ауыстырамыз әлде лабиринтті ысырып, орнына қоятын шығармыз. Ал 1 маусымда аз қамтылған отбасы балалары топ болып келеміз деп жатса, олар үшін бұл күнгі ойынды тегін ұйымдастырамыз. Әрі сол күні «Алақай» қуыршақ театры мен өзіміздің «Серпантин» театрының әртістері бүлдіршіндерге мерекелік бағдарлама ұсынбақ. Мерекелік думан кешкі сағат алтыда басталады. Сондай-ақ «Нұрдәулет» қайырымдылық қорының төрағасы ретінде мен сауда үйінде орналасқан кәсіпкерлерге хат жазып, игі іске шақырдым. Олардың әрқайсысынан жиналған киілмеген киім-кешектерді Дәстүр үйінде әлде мешіттегі неке бөлмесінде қала тұрғындарына үлестіретін боламыз. Былтыр далада үлестіреміз деп, айқай-шуға тап болғанымыз бар, — дейді Мақсат Байжарқынов.
Мешітке кірген әр адам ол жерде 7 жәшік орналасқанын көргені анық. Ол жәшіктер облыстық Алға балалар үйі, «Үміт» сәбилер үйі, Тамды көмекші мектеп-интернаты, Қурайлыдағы туберкулез-санаторий интернаты секілді мекемелерге тиесілі. Мешітке игі ниет тілеп келген кей пенде садақаларын сол жәшіктердің біріне тастайды. Аталған мекемелер жәшіктерін тоқсан сайын қарап тұрады. «Кеше Қурайлы мен Тамдыдан келген өкілдер жәшікке жиналған қаражатты алып кетті, енді «Үміт» сәбилер үйі мен облыстық Алға балалар үйінің өкілдері келулері қажет. Осы жолғы жиналған қаржы балалар мерекесі қарсаңында алынғандықтан, балалардың игілігіне жұмсалатын шығар», — дейді «Нұрдәулет» қайырымдылық қорының төрағасы.
Одан әрі кәсіпкер балалардың ойын алаңы маңында шағын зообақтағы керікті, түйеқұстар мен қояндарды ойын алаңына келген әр бүлдіршіннің қызықтап көретінін айтады. «Бұл да өсіп келе жатқан балдырғанның қоршаған ортаны танып-білуіне септігін тигізері анық», — дейді Мақсат Байжарқынов.
Суретке түсіргелі жатқанымда, кәсіпкер ойын алаңына кіріп келе жатқан бейтаныс бүлдіршінді көтеріп алды. Суретке бірге түсті. Бүлдіршіннің аты-жөні Томирис Нұрбергенова екен. Мамасы Райгүл Бисенова алып келіпті. Үшке енді толған Томирис бірден жүргелі тұрған піл аттракционына мінді.
— Осы жер арзан әрі менің қызымның жасына арналған ойын жабдықтары бар. Әйтпесе, ірі аттракциондарға мінгізуге жүрексінемін, — дейді Р.Бисенова.
Біз барған «Мега-Ақтөбе» сауда-ойын-сауық кешенінде орналасқан «Happylon» бағы мен «Нұрдәулет» маңындағы аттракциондар алаңы ертеңгі сағат 10.00-ден кешкі 22.00-ге дейін бүлдіршіндерге қызмет көрсетеді.
Айтпақшы, кішкентайларға мына бір хабарды айтып, қуантайық. ҚР тұңғыш Президенті саябағында орналасқан «Капитан Бриг» аттракциондар алаңы маусым айының ортасында ашылмақ. Бірақ кіру бағасының қаншалықты тиімді болатыны әзірге белгісіз.
Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.



