Спорт

Аршаттың жолдамасы

Еуро — 2012

 Жақында «Exclusive» газеті мен «Carlsberg Kazakhstan» компаниясының ұйымдастыруымен журналистер мен блоггерлер арасында өткен «Carlsberg Kazakhstan»-мен бірге Евро-2012» байқауының қорытындысы шықты.  

Жеңімпазға 24 маусым күні Киевте өтетін «Еуро-2012» футболының ширек финалы кездесуіне баруға жолдама тігілген болатын. Үміткер журналистер мен блоггерлер «Евро-2012» футболына қатысты жазған материалдарын сынға салды.

І орынды блоггерлер арасында «Менің Евроблогым» жұмысы үшін республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің сайт басқарушысы, блоггер Аршат Оразов, ал журналистер арасында «Германияның сәтсіздікке ұшырауы» жұмысы үшін журналист Евгений Гайдамакин жеңіп алды. Енді жеңімпаздар 24 маусым күні Украинаның астанасы Киевте өтетін футболдың ширек финалдық ойынына барады.

ІІ орынға «Жас футболшылар» тақырыбында мақала жазған журналист Маралбек Сағынғанов ие болды. Оған жүлдеге планшет берілді. ІІІ орынды «Футбол — это повод для Carlsberg» тақырыбындағы орыс тілді жазылған мақаласы үшін  журналист Жанель Бейсембаева иеленді. Ол электрондық кітапшаға ие болды.

Сонымен бірге «Оқырмандар таңдауы» жүлдесі оқырмандардың дауысын көп жинаған жанкүйерлер туралы жазылған жұмысы үшін Ерлан Оспанға берілді.

Айта кету керек, бұл байқауда футбол десе ішер асын жерге қоятын жанкүйер ақтөбеліктер белсенділік танытты. Олар — ойылдық Аршат, ырғыздық Маралбек пен шалқарлық Ерлан. Айтпақшы, байқауға барлық жұмыс орыс тілінде ұсынылыпты. Тек Аршаттың жұмысы ғана таза қазақ тілінде жазылған.

— Кішкентайымнан футболдың жанкүйерімін. Сосын да  өзімнің «Керек инфо» блогымның бір тармағын бұрыннан үнемі футболға арнайтынмын. Байқауды естігесін «Еуро-2012» тақырыбына арнайы жаңа материалдар жазып, блог бастадым. Блогта Еуроға қатысты мақалалар, сараптамалар, жаңалықтар орналастырып отырдым. Ойын кестесін, стадиондар туралы ақпараттарды да енгізіп қойдым. Блогты қашаннан да қазақ тілінде жүргіземін. Сондықтан да бұл жеңісті қазақ тілінің де жеңісі деуге болады. Байқауға қатысқанда қазақ тілді блогтың өзге тілдегі блогтармен тең екенін көрсетуге тырыстым, соны дәлелдедім. Әрдайым ұлтшылдықты құр сөзбен емес, іспен көрсетуге тырысамын. Бала күнімнен осындай ірі футбол турниріне барып келуді армандайтынмын. Әрі мұндай байқауға да бірінші рет қатысып тұрғанымды жасырмаймын. Сәті де түсті. Бұйырса, Қазақстаннан баратын өзге де жанкүйерлермен бірге қазақтың көк туын Украинада желбіретіп қайтармын, — дейді жолдама иесі Аршат Оразов.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

2 Comments

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button