Басты жаңалықтар

Алмат сардар және оның ұрпақтары

Кіші Жүз қазағы «Алекең қырға шығып айқайласа, Болады Әлім-Шөмен бір-ақ уыс…» деп дәріптеген әйгілі Алмат Тобабергенұлының  бес ұлының үлкені, өз заманындағы көрнекті тұлғалардың бірі Самырат (Шахмұрат) Алматовтың дүниеден озғанына биыл  90 жыл толды.

1906 жылы Ресейдің I Мемлекеттік Думасына сайлаушы, 1913 жылы Романовтар әулетінің таққа отырғанына 300 жыл толған салтанатына құрметті қонақ ретінде қатысқан Самырат Алматұлының бейіті Қызылорда облысы, Қазалы ауданы аумағында екені мәлім.  Өткен ғасырдың ең үздік архитектуралық үлгілерінің бірі болып табылатын бұл мазар жақында мемлекеттің қарауына өтті. Демек, оның ендігі «тағдыры» — мемлекеттің қолында! Дегенмен ұрпақтары да бұл мәселеге бейжай қарай алмақ емес. Маусым айының 2-і күні олар Самырат атаның рухына бағышталған еске алу шараларын өткізбек.  Қазалы ауданы, Қазалы ауылындағы орта мектептің конферец-залында «Самырат Алматұлы және оның атқарған қызметтері  туралы» атты ғылыми-практикалық конференция өтпек. Сол күні жиылған қауым атаның басына барып, зиярат етеді. Ұрпақтары бейітті қоршап қоюды ұйғарып отыр екен.

Біз осы шара қарсаңында қазақ үшін ұланғайыр іс тындырған әулеттің тарихына тағы бір рет үңілгенді жөн көрдік.

«Аржағы да атақты ер…»

Тарихшылар халқын отырықшылыққа, «өнер-білім бар жұрттардың» тірлігіне жетелеген, осы жолда қыруар істер атқарған тұлға ретінде атап жүрген Алмат Тобабергенұлының есімі жұртқа жақсы таныс.

Кеңес заманында патшаға адал қызмет етіп, шен-шекпен киген шонжар ретінде ғана аталып, ел-жұртына сіңген еңбегі жоққа шығарылған, ұрпақтары қуғынға ұшыраған Алмат Тобабергенұлы туралы деректер тек беріде ғана жинала бастады. Сол деректер қатарында Алмат сардардың (жұрты оны «сардар» атаған — ред.) арғы аталары жайлы мәліметтер де бар. Алдымен оқырмандарымызбен осы мәліметтерді  бөліссек:

«Түркістан» газетінің өткен жылғы алғашқы санында зерттеуші, этнограф Тынышбек Дайрабайдың «Киікбай Керқұладай екпіндеткен…» атты мақаласы жарыққа шықты. Мақала тақырыбына айналған өлең жолы Базар жыраудан алынған екен.

Шумақты толығымен келтірер болсақ:

«Киікбай Керқұладай екпіндеткен,

Бәйгеден озық келер демікпестен.

Төрт шөмен жиналғанда, туын ұстап,

Жауымен жағаласып, кескілескен…»

Мақалада келтірілген деректерге сай, Киікбай Әлібекұлы — Әбілқайыр хан тұсында өмір сүрген белгілі батырлардың бірі. Ол ХVІІІ ғасырдың орта тұсындағы қалмаққа қарсы ұрыстарда көзге түскен. Оның есімі ақын-жыраулар шығармашылығында беріге дейін аталады. Мысалы, Балқы Базар (1842—1911 жж.) Киікбайдың немересі Алматқа:

«Жылқысы ауылыңның ала-құла,

Өсірдің балаларыңды етіп бұла.

Атаңыз Киікбайға оқ тигенде,

Өз аттан түсіріп ед анаң Қына» — десе;

Тұрымбет Салқынбайұлы (1868 — 1946 жж.) былай деп жырлаған:

«…Қазақтың ханы жиып көп халықты,

Ар көріп «Алаш» ұран аттаныпты.

Қалмақтың қамалына тиеміз деп,

Жиылып талапкерлер топталыпты.

Абырой Алла беріп Киікбайға

Дұшпаннан сол сапарда бақты алыпты».

Ал Әбіш Кекілбаевтың «Үркер» романында Киікбай батырдың есімі Әбілқайыр ханға қолдау көрсеткен ықпалды жандардың қатарында аталады.

Киікбайдың ұлы — Тобаберген батыр әйгілі Арынғазы ханды қолдағандар қатарында болған. Ол — 1819 жылы Орынбор генерал-губернаторы П. К. Эссенге жіберілген Арынғазыны Кіші жүзге хан етіп қою жөніндегі хатқа қол қойғандардың бірі. Тобаберген Киікбайұлы қазақ пен башқұрт арасында болған шабуылдардың бірінде қаза тапқан. Зерттеуші Тынышбек Дайрабайдың айтуынша, ол Ырғыздан 27 шақырымдай жердегі Майтөбе аталатын төбе басына жерленген.

Тұрмағанбет Ізтілеуов (1882 — 1939 жж.) Алматқа арнаған лебізінде:

«Ауазасы Алматтың —

Жайылған жұртқа теп-тегіс.

Күркіреген күндей ед,

Дер дейсің оны кім «кеміс»?

Аржағы да атақты ер,

Алашқа болып астана,

Жегізген жұртқа май, жеміс…» — дегенде, өзінің бір ауыз сөзімен, ел басына күн туған шақта қол бастаған Киікбай, Тобаберген сынды батырлардың өшпес даңқын меңзесе керек.

 

Иманды жұрттың иесі

Алмат Тобабергенов 1804 жылы дүниеге келген. Өзінің алғырлығымен, іскерлігімен замандастары арасында жастайынан үлкен беделге ие болған. Жас күнінде Ресей мен Бұхар, Хиуа, Қоқан хандықтары арасындағы сауда керуендеріне ілесіп, орыс тілін үйренген. Және аталған мемлекеттерге орыс өкілдігі атынан дипломатиялық миссияларға қатысқан. 1830-1846 жылдары Қоқан, Хиуа, Бұхар хандықтарында бірнеше рет болыпты. Әрине, мұндай маңызды әрі қауіпті, тәуекелді қажет ететін сапарларға ел-жер жайын жақсы білетін, тіл білетін, адамдармен қарым-қатынасты жолға қоя алатын жандар таңдап алынатыны белгілі. Сондай сапарлардың бірі —  П. Демезон жетекшілік еткен экспедиция. Экспедиция 1833 жылдың қарашасында Орскіден Бұхарға қарай бет алған.

П. Демезон 1833 жылғы 21 қарашада күнделігіне былай деп жазыпты: «…проводник нашего каравана Алмат, киргиз чумекейского рода, опасался как бы этот ветер не принес с собою и снега, тогда наше движение приостановилось бы на многие дни. Поэтому мы непременно хотели своевременно, изо всех сил пробиваться к берегам Чилкара (Шалқар — ред.), где могли бы найти дрова».

Сондай-ақ, Алмат Тобабергенұлының патша шенеуніктері мен Кенесары хан арасында жүргізілген келіссөздерге де араласқаны жөнінде мәлімет қалыпты.

Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газетінің 2001 жылғы 30 мамырдағы санында жезқазғандық журналист Қуаныш Ахметов жазды. «Күнімжан ханымның тұтқындағы күндері» атты мақаласында ол Кенесары ханның сүйікті әйелі Күнімжанның орыстарға тұтқынға түсуі туралы баяндаған. Ханымды Кенесарыға қайта табыстау поручик Гернге тапсырылыпты. Осы Герннің жазбаларында: «За день перед обратным отправлением моим в Орскую крепость, Кенесары пожелал видеть находившегося при мне  почетного киргизца,  караванбашу Алмата; говорил с ним несколько часов и отправил с  письмами к Вашему высоко­превосходительству и  ко мне» — деген жолдар бар…

Жалпы, орыс шенеуніктерінің жазбаларынан Алмат Тобабергенұлы туралы пікірлер кезігеді. Мысалы, генерал-лейтенант Ф. Бларамберг: «А. Тобабергенов необыкновенный человек, обладает превосходной выдержкой и широким умом…» — деп жазса, Ырғыз уезінің бастығы болған А. Богак: «А. Тобабергенов истинный патриот киргиз-кайсакского общества» — деген пікір қалдырыпты.

Сонымен бірге, Алмат сардар 1867 жылы орыс суретшісі Василий Верещагинді қонақ еткен. Ал бұл суретшінің қазақ тұрмысын бейнелейтін туындылары бар екені белгілі…

Тек қазақ арасы емес, басқа да халықтардың тұрмысымен жақсы таныс Алмат сардар туған халқының отырықшылық өмірге, егіншілікке бейімделуін жақтаған.

Тәуелсіздік алған жылдарда осы тарихи тұлға туралы алғаш қолға қалам алған жандардың бірі — бүгінде дүниеден өткен ырғыздық ұстаз Сейілхан аға Оразымбетов 1993 жылы былай деп жазыпты: « …Алматтың ең алғашқы қолға алған әлеуметтік шарасы — жерге иелікті сақтау үшін елді отырықшылыққа тәрбиелеу болды. Осы жоспарын іске асыруды көздеп, өзі бас болып, 1840 жылдары осы күнгі Ырғыз ауданының Шөмішкөл, Қарақоға, Сарыөзек деген қопалы, сулы жерлерінен Төремұрат деген баласына 12 бөлмелі, немересі Әбдісаламға 7 бөлмелі, Әбдіразаққа 6 бөлмелі,  қалалық үлгі-жобамен қаңылтыр төбелі үйлер салғызды. Жер көлемін мол қарпу үшін, осы күнгі Комсомол ауданына қарасты Аққұм деген жерден баласы Самыратқа арнап қарағайдан қиылып құрастырылған 12 бөлмелі үй тұрғызды. Осы ғасырдың 30-жылдарына дейін, кешегі кеңес заманының белсенділері қиратқанша өмір сүрген бұл үйдің көркемдігін көзімен көргендер тамсана айтады… Адал көңілмен айтсақ, мұнан бір жарым ғасыр бұрын орыстың сол кездегі Орынбор, Жаманқала сияқты шеткі қалаларынан шығанда жатқан көшпелі елдің ұшан даласында Орынбор үйлерімен бәсекеге түсе алатын құрылыс тұрғызған азаматқа қайран қалмасқа шара жоқ. Алмат Тобабергенұлының бұл бастамасы елі үшін отырықшылық шаруаны орнықтыруға, тұрмыс мәдениетін жетілдіруге жол салған жыл басындай жаңалық болды». («Ақтөбе», 1993 жыл, 1 сәуір.)

Меккеге барып, қажы атанған Алмат Тобабергенұлы өз әулетіне, өзіне қарасты ел-жұртқа имандылыққа, тұрмыс мәдениетіне қатысты үлкен талаптар қойған. Мысалы, С. Оразымбетов ел арасынан жиған деректерін былай деп келтіріпті: «…Алмат ауылында бейқам сөзге, дау-жанжалға, ұрлық-қарлыққа, зинақорлық сияқты жөнсіздіктерге бару айып танылып, биязы қарым-қатынастың уағыздары орныққан. Егер имандылыққа жат іске баратындар болса, ауылдың ішкі антын бұзушы ретінде сардар ұйғарымымен жазаланатын болған. Сондай жазалардың бірі бір жылға дейін ер адамдар үшін сардар шаңырағына кіріп сәлем беруге, әйелдер үшін қазақ ауылында жиі болып жататын жиын-тойларға баруға тыйым салу екен».

Алыс-жақын жұрттардың арасында көп болып, олардың тұрмысымен жан-жақты танысқан Алмат сардар балалары мен немерелерінің өнерге, қолөнерге жақын болуын қалаған. Балалары Самырат пен Махан қобыз, домбыра тартқан. Өнерге деген құштарлық ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, осы әулет өкілдері кейін қазақ мәдениеті мен өнерінің алға басуына өз үлестерін қосқан. Бірақ бұл туралы кейінірек…

Алмат Тобабергенұлының патшалық Ресейге қызметіне келсек, ол 1846 жылы түтін салығын жинау тобының жетекшісі, 1851 жылдан 1869 жылға дейін Орынбор губерниясы №54 дистанциясының бастығы, ал 1869 жылдан 1875 жылға дейін Қожакөл болысының басқарушысы болды. Осы жылдарда бірнеше рет Станислав лентасы, алтын медаль, т.б. марапаттарға ие болған. Ал 1849 жылы оған орыс қауымындағы дворян дәрежесіне тең атақ берілген.

Алмат сардар 1892 жылы дүниеден өткен.

 

Сардар ұлы — Самырат

Алмат сардар бес ұл, алпысқа жуық немере сүйген. Екі ұлы ерте қайтыс болған, ал басқа үш ұлы — Самырат, Төремұрат, Мұхамбетқали (Махан) — ел тізгінін ұстаған. Солардың ішінде үлкен ұлы — Самыраттың орны бөлек болған.

Алмат сардар үлкен ұлын жастайынан өзімен бірге ел ісіне араластырып, тәрбиелеп, кейін өзі қартайған шағында тізгінді осы ұлына тапсырған деседі.

Жұртшылық ХІХ ғасырдағы сәулет ескерткіші ретінде білетін Ырғыз жеріндегі «Алмат тамын» да осы Самырат салдырған.

Жоғарыда аталған С. Оразымбетов жазғандай, Алмат сардар өзіне арнап там салуды баласына көзі тірісінде-ақ тапсырыпты. Бұл үшін қазіргі Ырғыз селосының терістігінен 27 шақырым қашықтықта жатқан Майтөбе деген төбе таңдап алынған. Көлемі 12,70 м х 12,10 м болатын «Алмат тамы» сирек кездесетін үлгімен салынған. Кесене құрылысы 1886-1888 жылдары жүргізілген. Құрылыс аяқталғаннан кейін, әкесін әкеліп, «Әке, там қалай?» — деген Самыратқа Алмат сардар ризашылығын: «Сендей перзенті бар мен қандай?» — деп жеткізіпті деседі.

Өмірбаян деректеріне келсек, Самырат ( шын аты — Шахмұрат) Алматұлы 1842 жылы дүниеге келіп, 1922 жылы қайтыс болған. Туған жері Ырғыз уезі аумағында деп көрсетілген. Әкесі оны 1861 жылдан бастап қызметке тартқан. №54 дистанция бастығы болған әкесінің қол астында бірнеше жыл қызмет еткен. 1869-1910 жылдар аралығында Ырғыз уезінің Қожакөл, Кенжеқара болыстарында басқарушы; Ырғыз уезі бастығының кіші көмекшісі; уезд биі сынды, т.б. қызметтер атқарған.

Сондай-ақ, ол патша әулетіне қатысты түрлі салатантты жиындарға — (тақ мұрагерінің үйленуі; Романовтардың Ресей тағына отырғанына 300 жыл толу салтанаты) — қатысты делегация құрамында бірнеше рет Петербургке барған.

1905 жылы Орынборда өткен қазақ құрылтайына қатысып, сөз сөйлеген.

Ел ісіне келгенде, ол әке жолын жалғастырып, жұртты отырықшылыққа, егіншілікке баулуға ерекше ден қойған.

Сейілхан Оразымбетовтің жоғарыда аталған мақаласынан үзінді: «Самырат та әке өсиетінің ізімен отырықшылықты мақсат етіп, егіс шаруасын дамыта түседі. Көктемде ұтырлы тұстардан бөгет салдырып, шабындыққа су шығарудың технологиясын игере бастайды. Егін шаруасының өнімі, жайылымның шөп түсімі Самырат балаларының және тұтастай ауылының тұрмысы мен әл-ауқатын жедел көтереді».

Самырат Алматұлы — қазақ даласында алғашқылардың бірі болып мұғалім ұстап, мектеп ашқан жандардың бірі.

Заманында Самыраттың қыстаудағы, жайлаудағы үйлерінің сән-салтанаты, өзінің кісілігі, сөйлеу мәнері, тіпті жүріс-тұрысына дейін Орынбор мен Қызылорда аралығындағы қазақтарға аңыз боп тараған деседі.

Өлкетанушы Молдияр Серікбайұлының «Ана тілі» газетіне шыққан жер атауларына қатысты зерттеулеріне көз жүгіртсек: Самырат Алматұлының  «… жаз жайлауы «Торы ат бидайығы» деген жер көрінеді… Самыраттың әйгілі жүйрік торы аты болған. Ауылдың жанындағы шағын көл табанға бидайық өседі екен.Соны шалғымен шаптырып, қысы-жазы тек осы атына бергізген. Бұл ат 25 жасқа келгенше бәйге бермеген көрінеді».

Ғасырларға созылған соғыстардан, жаугершілік кезеңдерден кейін, сол тұста халқымыз өркениет көшінен, тұрмыс мәдениеті, сән-салтанат жағынан кенжелеп қалған  болатын. Самырат сынды азаматтар осы олқылықты түзеудің, қазақты басқалармен тезірек теңестірудің қамын ойлаған болар? Және осы мақсатқа жетуді жеке басынан, өз әулетінен бастап қолға алып, жалпақ жұртқа таратсам деп ниеттенген болар?

Қайткенде де:

«Алматтан туған белгілі,

Мынау жүрген Самырат.

Әлім-шөмен ішінде

Бәйгеден келген тарлан ат» — деп, Құрманалы ақын жырлағандай, ел-жұртының ықылас-ниетіне қарағанда, Самырат сән-салтанат асырып, атақ қуған жан емес, осындай үлкен мұратты көксеген жан болса керек.

Самырат өз әкесінің имандылық жолындағы істерін де жалғастырған. Қариялардан жеткен дерекке сай, ол қазіргі Әйтеке би ауданындағы Жабасақта мешіт тұрғызған. Сондықтан 1996 жылы осы Жабасақ ауылында ашылған мешітке Самырат есімі берілді.

Самырат Алматұлының ел аузында аңыз болып қалған тағы бір мінезі — ағайын арасындағы татулық пен бірлікті сақтау жолындағы кешірімшілдігі, кішіпейілдігі екен. Сапарда жүрген шақтарында ол жұртты алыс-жақын деп бөлмей, ат басы тура келген үйге түскен. Ал Наурыз мерекесі келгенде, жасы үлкен ақсақалдарға кіріп, құтты болсын айту — жыл сайынғы әдеті болған деседі.

Самыратты түрлі қиындықтарға ұшырап, қуғын-сүргін көрген жандар да көп төңіректеген. Мысалы, әйгілі Батақтың Сарысы былай депті:

«Бөбейлік қамшы бастым Тарлан атқа,

Басыма қауіп-қатер туған шақта.

Алыстан ат терлетіп іздеп келіп,

Жолықтым тауып алып Самыратқа.

Дүние, әттең, сенің жалғаның-ай!

Балтаның батыр едің Жалманындай!

Ағаға арқа сүйер жолығысып,

Жеттім ғой, енді, міне, арманыма-ай!»…

Самырат Алматұлы Қызылорда облысының Кеңтүбек деген жерінде дүниеден өткен. Осы жердегі Самұрат кесенесі сәулет өнерінің бірегей туындыларының бірі ретінде аталады.

 

Скрипкашы Алмат

Жоғарыда Алмат әулетінен көптеген өнерлі жандар шыққанын жазған едік. Солардың арасында домбырашы Әбдіабыл Маханұлы мен скрипкашы Ғалымжан Әбдісаламұлы 1936 жылы Мәскеуде өткен Қазақстан мәдениеті мен өнерінің онкүндігіне қатысқан. Сондай-ақ, Ырғызда тұңғыш халық театрының ашылуына осы әулет өкілдері ат салысқан. Қазақтан шыққан алғашқы кинооператор Файзулла Әбсаламов (Әбдісаламов)  та — осы әулеттің өкілі.

Бұл әулеттен шыққан өнерлі жандардың арасында Ғалымжан Әбдісаламұлының тағдыры ерекше. Ол — Төремұрат Алматұлының баласы. «Темір нарком» атанған Темірбек Жүргенов кезінде Ғалымжанның болашағынан үлкен үміт күткен екен.  1939 жылы ол әскерге шақырылып, Брест қамалына жіберіледі. 1941 жылдың маусымында осында немістердің қолына тұтқынға түседі. Музыкант екенін білгеннен кейін, неміс әскерилері оны Берлин консерваториясына жіберген. Елге оралса, өзінің аман қалмайтынын білген Ғалымжан соғыстан кейін, КСРО-ға емес, Францияға бет алады. Осында Мұстафа Шоқайдың жесірі — Мария Яковлевнаға келіп жолығады.

Бұл туралы Мария Шоқай естеліктерінде жазып қалдырылған. Былай депті: «Бір жылдан кейін, 1947 жылы, Германиядан скрипкашы Әлім Алмат келді. Ол скрипкада шебер ойнайтын. Оған консерватория бітіргені жөнінде диплом қажет еді. Соғысқа дейін ол Мәскеу консерваториясында оқыған. Соғыстың кесірінен оқуын бітіре алмапты. Мен оны Париждегі Рахманинов атындағы орыс консерваториясына жаздырдым».

Кейіннен Ғалымжан Түркияға барып тұрақтапты. Осы жерде аты-жөнін өзгертіп, Әлім Алмат атанады. Музыкант ретінде ол — Еуропа елдерінде, АҚШ-та танымал адам.1974 жылдан туған елдегі туыстарын іздестіре бастапты. Ал 1992 жылы Алматыда өткен Дүниежүзі қазақтарының І Құрылтайына қатысқан…

Кеңес заманындағы дүрбелеңдерде Алмат сардар ұрпақтары да қуғын-сүргінге ұшырады. Алдымен 1928 жылы кәмпескеге ілікті. (Сол тұста ел-жұрты: «Алмат әулетінің малы ортақ еді ғой» деп жылапты.) Одан соң — 1932-33 жылдардағы ашаршылық… Сосын 1937-нің ызғары соқты…

Сөйтіп, сыйлы әулеттің ұрпақтары жан-жаққа қуылды. Бүгінде олар Ақтөбе, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Алматы облыстарында, Ресейде, Өзбекстанда Түркияда жүр.

Мұрағат жазбаларында, жер атауларында, сәулет ескерткіштерінде, ақын-жыраулар шығармашылығы мен ел аузындағы әңгімелерде іздері сайрап жатқан бұл әулет шежіресінде көп сыр бар: қазақтың үміті, арманы, қасіреті…

Бұл шежіре тек өлкетанушылар, журналистер тарапынан жазылып жүрген шағын-шағын дүниелермен шектелмей, болашақта үлкен бір еңбекке айналар деп үміттенеміз.

«Егемен Қазақстан», «Ақтөбе», «Түркістан», «Ана тілі» газеттері тігінділерін парақтаған — Айна Сарыбай.

Суретте:

Санкт-Петербург, 1902 ж.

Солдан оңға қарай:

  1. Баймұханбетов… генерал-майор, Батыс Қазақстан облысы
  2. Алматов Шахмұрат (Самырат) — Шөмекей руы, Торғай обл., Ырғыз уезі, управитель
  3. Барабаш Я.Ф. — Торғай облысының генерал губернаторы
  4. Наурызбаев Баеке, Қыпшақ руы, Би
  5. Беримжанов Қорғанбек, Арғын руы, Торғай обл. жауапты тапсырмалар жөніндегі кіші чиновнигі

(Орынбор, госархив)

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button