Мәдениет

Димашты құттықтады

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Астанада өткен республикалық ХХІ «Жас қанат» байқауында ақтөбелік Димаш Құдайберген топ жарып, алтын қанатты иеленген болатын.

Ал тағы бір жерлесіміз — Нұрболат Абдуллинге Астана қаласы әкімінің арнайы сыйлығы тапсырылды.

Димаш пен Нұрболатты және олардың ұстазы — Марат Әйтімовті кеше облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатова құттықтады.

— Сіздердің жеңістеріңіз Ақтөбе үшін — үлкен мақтаныш. Өз басым осындай қуанышты көптен күткен едім, — деді Сара Қайыржанқызы.

Димаш Құдайберген — Ахмет Жұбанов атындағы Ақтөбе музыка колледжінің оқушысы, ал Нұрболат Абдуллин — Ақтөбе педагогикалық институтының студенті. Олардың екеуі де Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі әнші Марат Әйтімовтен дәріс алып жүр.

Сондықтан облыс әкімінің орынбасары алдымен Марат Әйтімовті құттықтап, оған естелік-сыйлық тапсырды.

Ал Димаш Құдайбергенге облыс әкімдігінен Алғыс хат тапсырылды.

— Мен өз жеңісімді ең алдымен ұстаздарымның еңбегінің нәтижесі деп білемін. Соның ішінде Марат Әйтімовтің еңбегі өте зор. Бізге деген тілектес ниетін білдіріп, арнайы қабылдаған Сара Қайыржанқызына, осы қуанышыма ортақтасып отырған барша ақтөбеліктерге алғыс айтқым келеді, — дейді Димаш.

                                                                                                                   И. ӨТЕМІС.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button