Басты жаңалықтар

Хромтау — 27 моноқаланың бірі!

Басты мақсат не?

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев биылғы «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту — Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Үкіметке бір салалы шағын қалаларды дамыту туралы арнайы бағдарлама жасауды тапсырамын» деп атап көрсеткен болатын. Осыған байланысты Экономикалық даму және сауда министрлігі моноқалаларды дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған бағдарламасының жобасын әзірлеп, наурыз айында Үкімет отырысында таныстырды.

Аталған министрліктің мәліметінше, монобейінді қалаларға өнеркәсіптік өндірісі мен еңбекке жарамды тұрғындарының негізгі бөлігі (20 пайыздан астамы) бір бейіндегі және бір шикізаттық бағыттағы қала құрушы кәсіпорындарда шоғырланған қалаларды, сондай-ақ қала құрушы кәсіпорындары жұмыссыз тұрған немесе жартылай жұмыс істеп отырған қалаларды жатқызу туралы ұсыныс жасалған еді.

Бағдарлама аясында жалпы тұрғындарының саны 1,5 млн. адамды құрайтын (еліміздегі жалпы халық санының 16 пайызы) 27 моноқала іріктеліп отыр. Талдау қорытындысына сәйкес моноқалалар үш бағытқа жіктелді: қала құрушы негізгі кәсіпорынның ағымдағы жағдайы;  салалық бағыт бойынша;  халық саны бойынша.

Міне, осы топқа біздің облысымыздан Хромтау қаласы кірді. Теміртауда шағын қалаларды дамыту бағдарламасын орындау жөніндегі республикалық жиында моноқалалардың проблемаларын шешу үшін төмендегі міндеттер орындалуы керектігі атап көрсетілді: жұмыс істейтін кәсіпорынның өндірістік сыйымдылығына байланысты моноқалаларды оңтайландыру; экономиканы әртараптандыру және шағын және орта бизнесті дамыту; еңбек күштерінің жинақылығын арттыру арқылы өсу нүктелеріне еңбек әлеуеттерін орналастыру; әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдарды қолдау.

Аталған бағдарлама аясында шағын және орта бизнесті қолдау жөніндегі бірқатар шаралар қарастырылған, атап айтқанда, төмен және орташа әлеуетті моноқалалар үшін салалық шектеусіз несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау, несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялаудың көлемін 7 пайыздан 10 пайызға дейін ұлғайту көзделген. Сонымен қатар жаңа өндірістер ашуға 1,5 млн-нан 3 млн. теңгеге дейінгі көлемде гранттар беру; шағын кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі әріптестік бағдарламаларды іске асыру; шағын несиелендіруші ұйымдармен бизнес-инкубаторлар құру, кәсіпкерлікті қолдау орталықтарын құру, өздерін жұмыспен қамтып отырған азаматтарды, жұмыссыздарды және тұрмысы төмен халықты оқыту, оларға консультация беру және шағын несиелендіру, сондай-ақ инженерлік-өндірістік инфрақұрылымдар тартып беру арқылы кәсіпкерлікті дамытуға қолдау көрсету жоспарланған.

Кеңесте сөз сөйлеген бірінші вице-премьер Серік Ахметов: «Бұл бағдарлама  моноқалалардың әкімдері  үшін емес, адамдар  үшін жасалып  отыр»,—  деп атап көрсетті және бағдарлама орындалмаған жағдайда тиісті адамдардан жауап алынатынын атап айтты.

Серік Ахметов белгілегендей, Бағдарламаны  қабылдаудағы мақсат  — моноқалалардағы тіршілікті жандандыру  болып табылады. «Елбасы  осы мәселеге айрықша  назар аударып отыр және Үкімет пен  әкімдерге нақты тапсырмалар берді», —  деді ол.

Хромтау неліктен таңдалды?

Жоғарыда аталған өлшемдерге сай келетіндіктен Хромтау қаласының бағдарламаға енуі былай қарағанда көп сауал тудырмасы анық. Дегенмен бірқатар мәселелерге әдейі тоқтала кеткеннің артықтығы болмас.

«Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы — Дөң тау-кен байыту комбинаты осында қала құраушы кәсіпорын ретінде белгілі. Мұнда ауданның еңбекке қабілетті тұрғындарының отыз пайыздан астамы еңбек етеді.

Комбинат қазіргі уақытта қаржы-шаруашылық қызметі нәтижелері бойынша рентабельді жұмыс істеп келеді. Жыл сайын бюджетке салық төлемдерінің өзі 3,0 млрд. теңге шамасын құрайды. Және оның келешегі де кемелді деп есептелуде. Бүгінгі зерттеулер кәсіпорынның даму перспективасын тоқсан жылға жеткізіп отыр. «Қазақстанның Тәуелсіздігінің 10 жылдығы атындағы» шахта құрылысының 1-ші және 2-ші кезегі жұмыстары жалғасуда. Феррохром өндіретін №5 цехтың құрылысын жүргізу жоспарлануда.

Қала құраушы кәсіпорынның өнімдеріне сұраныс бүгінгі тұста әлемдік мәнге ие болуда, өнім өндіру негізінен тұтынушылардың тапсырыстары бойынша жүргізіледі.

Аталған мәселеге орай «Нұр Отан» ХДП аудандық филиалы ұйымдастырған дөңгелек үстел мәжілісінде аудан әкімі Аязбай Османғалиев жиналғандар назарын қаланы дамытудың келешегіне қатысты бағыттарға аударды.

Бүгінгі күні Хромтау қаласы тұрғындарды жұмыспен қамту мүмкіндігі біршама жетілген, шағын және орта кәсіпкерлікті бұдан әрі дамыту жолдары бар аумақ болып есептеледі. Бұған кен байыту комбинатынан басқа да кәсіпорындардың жетіліп, жұмыс ауқымын молайтып келе жатқанын қосуға болады. Мәселен, кірпіш зауыты қазіргі уақытта Қазақстан бойынша өнімдерін өткізуде, оның негізгі тұтынушысы Дөң тау-кен байыту комбинаты болып табылады. Зауытта жергілікті шикізаттар пайдаланылады, бұл ретте жылдық қажеттілік 40,0 мың текше метр құм мөлшерімен айқындалады. Мұндағы кәсіпорын даму перспективасы 40-50 жылға есептелген.

Хромтаудың келешегін көркейтуге жол ашатын тағы бір бағдар «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізімен бірігетін «Самара — Шымкент» республикалық маңызы бар жолының аудан аумағынан өтетіндігі. Осы жол мына бетте Ақтөбеге, ары қарай Арал, Қызылордаға қатынасты жеңілдетуде.

Сондай-ақ тағы бір көңіл аударатын жайт — қала аумағына қарайтын Донское станциясында хром рудалары мен басқа да тауарларды жөнелту жүзеге асады. Осында басқа да жүктерді қабылдау мүмкіндігі бар.

Дөң тау-кен байыту комбинаты алдағы уақытта қосымша теміржол желісі құрылысын жүргізуді жоспарлауда, бұл өткізу қабілетін кеңейтуге жол ашады.

Хромтауда келешекте шағын және орта кәсіпкерлікті дамыта түсудің мүмкіндіктері аз емес. Қазірдің өзінде мұнда 122 дүкен, 17 ресторан мен кафе, 10 шаштараз, 6 нотариус, 10 дәріхана, 7 қоғамдық моншалар, сонымен бірге тігін және аяқ киім шеберханалары жұмыс істейді.

Жалпы алғанда, қала бойынша 1300 шаруашылық жүргізуші шағын және орта кәсіпкерлік нысандары жұмыс істейді, оларда 4535 адам еңбек етеді. Бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан өндірістік лицейден жыл сайын 350 оқушы білікті маман болып шығады, олардың көбі Дөң тау-кен байыту комбинатына жұмысқа орналасады.

Дөңгелек үстелде кеншілер қаласында әлеуметтік-мәдени нысандар құрылысын жүргізудің, оларды жылумен, сумен қамтудың ерекшеліктері кеңінен сөз болды.

Келешекте не атқарылады?

Хромтау қаласының әкімі Арман Бітегеновтің осы қызметке келгеніне бір жылдай уақыт болыпты. Бүкіл жылу жүйесі Дөң тау-кен байыту комбинаты секілді алып кәсіпорынға тәуелді қаланың өзіндік проблемалары аз емес екендігі сырт көзге де айқын білінеді. Соның бастыларының бірі — тұрғын үй бірлестіктері жұмыстарын жандандыру. Осы бағытта қолға алынатын жұмыстар бар екендігі жиында да атап көрсетілді.

Биыл қалада республикалық бюджеттен бөлінген қаржыға сәйкес көп қабатты тұрғын үйлерді жаңғырту бағдарламасы жүзеге асырылмақшы. Бірінші кезекте 5 үй қажетті жөндеуден өткізіледі.

Жиырма бес мыңдай халқы бар қалада әлі күнге дейін заманауи талаптарға сай қызмет көрсететін азық-түлік супермаркеттері ашылмай келеді. Бұл да — бір қажеттілік.

Қалада қоғамдық көлік қозғалысын ұйымдастыру да жоспарда тұр. Қала басшысы таяудағы екі-үш жыл ішінде қала көшелерін асфальттау жұмыстары негізінен тиянақталып қалатындығын тілге тиек етті. Әзірге 30 көше жолдарының сегізі ғана жөнделген, жолжиектер де толығымен қайта қарауды қажетсінеді.

Қазір қай жерде де тазалық мәселесіне ерекше назар аударылып отырғандығы мәлім. Бұл жағынан алғанда, Хромтауда қатты тұрмыстық қалдықтарды жинақтайтын полигонның болмауы аумақтың санитарлық-эпидемиологиялық ахуалына кері әсерін тигізуде.

Өркендеп келе жатқан аудан орталығында осы кезге дейін Мәдениет үйінің болмауы — бұл да көп уақыттан бері шешімін күткен мәселе. Мұндағы қандай да бір ауқымды шара өткізу барысында Кеншілердің мәдениет үйін жалға алуға тура келеді. Аудандық Салтанат үйін ашу да күн тәртібінде тұр.

Қаланың бас жоспарына қатысты проблемалар да шешімін таппай келеді. Онсыз көптеген жұмыстарды ілгерілету мүмкін еместігі байқалуда. Соның бірі бас жоспардың болмауынан тұрғын үй салушыларға жер учаскелерін бөлу кешіктірілуде.

Бірқатар әлеуметтік ғимараттарды күрделі жөндеуден өткізу үшін қаржыландыру көздерін іздестіру қажет. Сондай-ақ әбден тозығы жеткен ескі мекенжайларды бұзып, олардың орнына жаңа құрылыстар салу қала көркін жаңғырта түсер еді.

…Дөң тау-кен байыту комбинаты келер күндерде де қала үшін маңызды ролін жоғалтпайды. Жиында сөз алған кәсіпорынның бас директоры Кемал Османов аудандағы кәсіпкерлерді қолдау тұрғысындағы әріптестік бағдарламасы концепциясын ұсынды, басқа да өзекті мәселелерді қозғады.

Жиынға қатысқан «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мирлан Жалғасбаев шағын қалаларды дамытуды қолдауға қатысты партиялық бағдарлама жөнінде әңгіме қозғады.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ,

Хромтау қаласы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button