Мәдениет

«Жаужүрек мың бала» фильмінің басты рольдерінде — ақтөбеліктер

3 мамырда үлкен экрандарға жол тартқан Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген «Жаужүрек мың бала» фильмі басты рөлдердегі жас актерлерімен ерекшеленеді. Осы кино көрсетілген алғашқы күннен бастап-ақ, Ақтөбеде «басты рольдерде ақтөбеліктер ойнайды екен» деген әңгіме гу ете қалды. Іздестіріп, актерлердің өздерімен сөйлесуді жөн көрдік.  Әлқисса…

Сартай-Асылхан

Қазақ пен жоңғар соғысы кезіндегі ерлік тағдырын паш ететін «Жаужүрек мың бала» фильміндегі басты рольдердің бірі Сартайды сомдаған Асылхан Төлеповті Ойыл ауданының тумасы деп естіп, телефонын іздедім. Ойылдық әріптесімнен анасы Салтанаттың телефон нөмірін алып, хабарластым.

— Иә, біз 1993 жылы Алматыға Ойыл ауданы, Жетікөл ауылынан көштік. Қазір бар туған-туысқандарымыз Ақтөбеде, Ойылдың Жетікөл, Жекенді ауылдарында тұрады. Қайда жүрсек те ауылды сағынамыз. Жол түскенде барып тұрамыз. Жолдасым Сайлау екеуміз үш бала тәрбиелеп отырмыз. Режиссер Ақан Сатаев түсірген «Жаужүрек мың бала» фильміне екі баламыз түсті. Бірі — Сартайды сомдаған Асылхан, екіншісі — Ілиястың роліндегі Артур. 22 мамыр — Асылханның туған күні. Алматыдағы Міржақып Дулатов атындағы №136 орта мектептің 8-сыныбында оқитын қызымыз Айдана да осы күні туған. Артур 1991 жылы, Асылхан 1992 жылы Ойыл ауданында дүниеге келді. Өнерге екеуі де кездейсоқ келген жоқ. Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясы жанындағы колледжді актерлік өнер мамандығы бойынша тәмамдады. Қазір жоғары білім алып жүр, — дейді жас актерлердің мамасы Салтанат.

Мамасынан ұялы телефон нөмірін алып, Асылханға хабарластық. Ол Орал қаласында жүр екен. Оралдықтар «Жаужүрек мың бала» фильмінің басты ролінде батыс өңірінің тумасы ойнады деп, қолдап, қолпаштап, әрі киноның көрсетілімін жасап, актермен сұхбаттасу мақсатында шақыртыпты.

Асылхан бірден: «Ақтөбеден бірінші боп сіз хабарласып тұрсыз», — деді.

— Ойыл ауданында тудым. Ысық Қараның бірімін. Үнемі туған жерім Ақтөбенің Ойылы екенін айтып жүремін. Балалығым Алматыда өтті. Міржақып Дулатов атындағы №136 орта мектептің 9-сыныбын бітіргесін, Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясы жанындағы колледжді професссор Есім Сегізбаевтың сыныбында оқыдым.  Қазір осы академияда актер және диктор мамандығы бойынша оқып жүрмін. «Жаужүрек мың бала» фильміндегі Сартай — менің алғашқы басты ролім, — деп бастады әңгімені Асылхан.

Ол бұған дейін, яғни, 2010 жылы Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының Елбасы туралы түсірген «Балалық шағымның аспаны» фильмінде президенттің досы Ғалидің рөлін сомдады. Осы киноға түсіп жатқан кезде «Жаужүрек мың бала» туындысына кастинг болып жатыр дегенді естиді.

Содан кастингке Асылхан да барып көріпті.

— Әрине, кастингте бірден сүрінбей өтем деген ой болған жоқ. Бір күні жауынгердің киімін кигізіп, суретке түсірді. Киім сұмдық ауыр. Қатты әсер етті. Төртінші рет шақырғанда мен бұған шынымен  көңіл бөле бастадым. Фильмдегі Таймастың рөлін сомдаған Аян Өтепберген екеуміз колледжде бірге оқыдық, өмірде доспыз. Әуелі оны  Сартайдың рөліне бекіткен екен. Бірақ кейін мені таңдады. Режиссер Ақан аға бізге: «Басты рөлге екеуіңнің бірің ғана өтесіңдер, бірақ өтпей қалғаның өтіп кеткеніңе ренжімеңдер», — деді. Біз доспыз ғой, ренжімейміз дедік. Ал фильмдегі Ілиястың роліне актер іздеп жатқасын режиссерге  туған ағам Артурды айтып көріп ем, сынақтан кейін бекітілді. Рольдерге бекітілген соң, түсірілімге дейін XVIII ғасырдың исін сезіну үшін жарты жыл дайындалдық. Әрине, мектепте Аңырақай шайқасы туралы атүсті таныссақ, бұл жолы қазақ тарихының сол кезеңдеріне қатысты шығармаларын сүзіп оқып шықтым. Одан соң Қазақ мемлекеттік циркі жанынан Жайдарбек Күнғожиновтың басшылығымен құрылған «Номад» каскадер тобымен бірге шайқасқа қажетті түрлі трюктерді, яғни, ат құлағында ойнауды, ат үстінде қылыштасуды, садақ тартуды, құйғытып келе жатып айбалта лақтырып, шалма тастауды үйрендік. Кинода трюктердің бәрін өзім жасадым. Актерлік шеберлік, сахна тілі бойынша да дайындығымыз пысықталды. Ал ішкі сезімді көрерменге жеткізуге  тарихи шығармаларды оқығаным көмектесті. Әрі сұмдық ауыр киімді киіп, түсіру алаңына кіріп, шайқасқа еніп кеткенде, батырға тән ержүректік пен қайсар мінез өзі келе қалады екен. Түсірілім уақытында ешкіммен сөйлеспей, томаға тұйық боп, тымырайып, іштей дайындалып жүрген кездерім де болды, — дейді Сартайды сомдаған жас актер Асылхан Төлепов.

— Айтпақшы, киноға түсіп жатқанда Таймастың мерт болатын кезінде мен «Алаш, қазақтар, біз жеңдік!» деп айтуым керек еді, сол кезде қатты күлкім келді. Қарасам, жерде «өліп жатқан» Таймас-Аянның аузына шыбын кіріп кетіпті. Түсірілім кезінде менің де аузыма екі маса кіріп кеткені бар, — деп қызықты сәттерді де әңгімеледі Асылхан.

Кейбіреулер Асылханға «Сартай батыр роліне неге кішкентай бойлы актерді таңдаған?» дейді екен. Бұған жас актердің жауабы дайын: сол замандағы жасөспірімдер қолына найза мен қылышын алып, шайқастарға шығып, елін, жерін қорғаған. «Жаужүрек мың бала» фильмінің басты кейіпкері Сартай да — 15 жастағы жасөспірім. «Ал мен XVIII ғасырдағы белі әлі қатая қоймаған, жасөспірім шақты енді ғана артқа тастаған бозбаланы сомдадым. «Жаужүрек мың бала» тарихи-шытырман оқиғалы фильмінде мыңдап саналған үміткерлердің арасында суырылып  көзге түсіп, басты рөлге ие болғаныма қатты қуаныштымын», — дейді жүрек қағысын жасыра алмаған Асылхан-Сартай.

Осы кино түсіріліп жатқанда ғаламторда «Асылханның әкесі шенеунік, бұл рөлге ақшасы көп болған соң өтті» деген түрлі алыпқашпа әңгімелер де тарапты. Бірақ Асылхан-Сартай мен Артур-Ілиястың ата-анасы — қарапайым жандар. Алматыда тұрады. Мамалары Салтанат — үй шаруасында, ал әкелері Ғалым — «Алтын орда» базарында жеміс сататын шаруа иесі.

Дерек

Асылхан Төлепов

1992 жылы 22 мамырда дүниеге келді.

Таэквондошы, қара белбеу иегері.

Кейде қолға қарандаш алып, сурет салғанды ұнатады.

Аяқ киімнің таза болғанын қалайды әрі аяқ киімдердің түрін жинағанды жақсы көреді.

Көлік жүргізе алады, бірақ әзірге жеке көлігі жоқ. Сондай-ақ Алматыдағы көлік кептелісінен жүрексінетінін де жасырмайды.

Қорлан-Құралай

Қорланды ойнаған Құралай Анарбекова да өзіміздің Ақтөбенің перзенті, Шалқардың тумасы. Тілеу Құлтуманың қызы. «Жаужүрек мың бала» киносын көрген әр адам оның жаугершілік замандағы қазақтың қаһарман қызын керемет сомдағанын айтады. Таразыдай ақын, Ботагөз, Әлия секілді батыр қыздардың елінен шыққан Құралайдың жігерлі, қайсар болуы заңды.

Ақтөбе қаласындағы №40 орта мектептің 9-сыныбын бітірген Құралай Ақтөбе политехникалық колледжінде оқиды. Одан соң Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетіне түседі. Қазір дипломдық жұмыс жазып жатыр.

Болашақ технолог қалай кино әлемінде жүр?

— Өнерге көлденең келген жоқпын. Шығармашылықпен айналысқанды ұнатамын. Себебі мен 6 жасымнан бастап бимен және гимнастикамен айналыстым. 2006 жылы «Ақтөбе политехникалық колледжінің ханшайымы» атандым. Дәл сол жылы «Ақтөбе қаласының ханшайымы» байқауында да жеңімпаз болдым. Содан маған түрлі модель агенттіктерінен ұсыныстар түсті. Тіпті, сол жылы «Kcell/aktiv» байланыс операторынан ұсыныс түсіп, осы компанияны жарнамалау мақсатында Украинаның астанасы Киев қаласына бардым. Кейін Мәскеуде фотосессиялардан өттім. 2010 жылы «Қазақфильм» киностудиясы кастингке шақырды. Мен туралы деректі интернеттегі мәліметтер базасынан тапқан болуы керек. Барсам, режиссер Талғат Теменов «Менің күнәлі періштем» фильміне кастинг өткізіп жатыр екен. Содан маған Айшаның ролі берілді. Сол жылы «Жаужүрек мың балаға» кастинг болды. 20 қыздың ішінен таңдау маған түсті. Сартай-Асылхан, Таймас-Аян бәріміз бірге дайындалдық. Әуелі «Номад» каскадерлар тобының шеберлерінен дәріс алдық, ат үстінде шайқасқа араласуды, қылыштасуды үйрендік. Киноға түскенде барлық трюкті өзім жасадым. Актерлік шеберлік, сахна тілі, бәрінен де дәрістер тыңдадық. Менің басты рольдегі ержүрек қызды сомдауға ынтам ерекше болды. Содан күні-түні тарихи туындыларды оқыдым, тарихи киноларды көрдім. Өзің ойнап тұрған кейіпкеріңнің ішкі сезімін көрерменге жеткізу — ең қиыны. Көп іздендім. Аянып қалмадым. Киноға түскен төрт ай уақытта жоңғар шапқыншылығы кезіне «саяхат жасап», Қорлан болып өмір сүрдім. Әсіресе, Қорлан мерт болғанда, кейіпкеріме «айналып кеткенім» соншалық, көңіл-күй, ішкі сезім, бәрі жүректен өткесін, қатты қиналдым. Түсірілім екенін білсем де, шайқасқа өзің сеніп қалады екенсің,  — дейді Қорлан-Құралай.

Былтыр 11 маусымда Құралай туған күнін ата-анасының қасында қарсы алу үшін Ақтөбеге ұшуы керек екен. Бірақ өзі Қапшағайда киноға түсіп жатады. Содан «чемодан-көңілмен» отырған ол кетейін десе, түсіру жұмыстары әлі аяқталмай, тықыршиды.

— …Бір мезетте атпен шауып келіп, Ілиясты іздесем, оны көре алмадым. Қарасам, бетінде майшамдар жағылған екі үлкен торттың айналасында киноға қатысушылардың бәрі тұр. Олар мені туған күніммен құттықтау үшін солай жасапты. Мен үшін бұл есімнен кетпейтін оқиға болды, — деп бөлісті Құралай.

Құралай — отбасындағы екі баланың бірі. Аслан есімді інісі бар. Ата-анасы Ақтөбеде тұрады. Әкесі Ғалымжан — заңгер, анасы Алтынай Сүгірова — байланыс қызметкері.

Диплом алған соң Құралай бизнес-әкімшілік жұмыстары бойынша білімін жетілдіргісі келетінін айтты.

Дерек

Құралай Анарбекова

1989 жылы 11 маусымда дүниеге келді.

Бимен айналысады.

Үлкен теннисте ойнайды.

Қазақ, орыс, түрік, ағылшын тілдерін біледі.

Көлік жүргізе алады, «Ленд крузер» жеке көлігі бар.

Түрлі жемістердің шырынын сығып ішкенді ұнатады.

Қол сағатын жинаумен айналысады.

P.S. Сартай мен Қорланды мейлінше шынайы ойнап шыққан Асылхан мен Құралай дайындық пен киноға түсу кезеңдерін үлкен тәжірибе, ұмытылмас сабақ болды деп есептейді. Ал көрермен қазақтардың да сапалы кино шығара алатынына қуанып, көзайым болды. Алар асулары әлі алда, бағындырар белестері де көп жалындаған жастар тек тіл-көзден аман болсын!

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

5 Comments

  1. «Мың бала» киносын түсірген адамдарға рахмет. Ал енді осы киноның Ақтөбеге тек қана орысша (қазақша түпнұсқаның үстінен аударасымен) нұсқасын жіберген адамның атасына мың нәлет !!! Қазақ жерінде отырып, «Қазақфильмнің» қазақ режиссер түсірген қазақ тарихы туралы киноны орысша көру қандай қорлық пен сорлылық десеңші……((((( Атаңа нәлет шала қазақтар, қашан ел боламыз ???

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button