Мәдениет

«Балдәуреннің» базары

Жақында Халықаралық отбасы күні өтті. 1 маусым — Халықаралық балаларды қорғау күні. Осындай мерекелерге арналған «Біз сенің балаларыңбыз, Қазақстан! Біз жаңа әлемде өмір сүреміз!» республикалық науқан шеңберінде облыстық Достық үйінде облыстық «Балдәурен» фестиваль-байқауы өтті.

Фестиваль-байқауға Қобда, Темір, Хромтау отбасы үлгісіндегі балалар үйінің, психикалық дамуы тежелген балаларға арналған Жайсаң мектеп-интернатының және Тамды көмекші мектеп-интернатының тәрбиеленушілері қатысты.

Облыстық балалар құқықтарын қорғау департаменті директорының орынбасары Зүлфия Байғаниева қатысушыларға сәттілік тіледі. Интернаттық ұйымдар мен отбасы үлгісіндегі балалар үйлері өзара тәжірибе алмасты. Әрі олар бірге балалардың шығармашылық қабілетін айқындауға тырысты.

Әуелі ортаға Қобда отбасылық балалар үйінің 11 баласы шықты. Олар өз ұяларын таныстырып, таныстыруларын «Бақытты елде туған соң, бақытты өмір сүреміз!» деп аяқтады.  Ал Темір ауданынан келген отбасы үлгісіндегі балалар үйінің бір баласы Жұбан Молдағалиевтің сөзіне жазылған «Мен қазақпын!» әнін орындап, ұлттық ою салынған киім киген төрт бала билеп тұрды. Хромтау отбасылық балалар үйінен келген Света, Тамара, Дәулет, Ерлан, Аслан, Болат, Наташа, Гриша өздерінің «бірлігі жарасқан отбасы» екендіктерін айтып, Қобда мен Темірден келген тағдырлас бауырларына сәлем жолдады. Тамды көмекші мектеп-интернатынан алты тәрбиеленуші ортаға шығып, тәрбиешілері «Баланың бәрі бақытты болу керек» ұранын ұстанатындықтарын хабарлады. Дамуында кедергісі бар балалардың Жайсаң мектеп-интернатының тәрбиеленушілері атынан Мария Лоскутникова туған өлкелеріне арналған «Жайсаң» өлеңін оқып берді.

Өнерлерін ортаға салатын кезеңде әр жақтан келген балалар аянып қалмады: биледі де, ән де салды.

Одан соң мектеп-интернат және отбасы үлгісіндегі балалар үйлерінің тәрбиеленушілерінің өмірін бейнелейтін «Үміт пен қуанышқа толы үй» бейнематериалдары үлкен экран арқылы көрермен назарына ұсынылды.

«Өз үйім — өз қорғаным!» фотоальбом сайысында қазылар алқасы балалардың қызықты сәттерін бейнелейтін суреттерді тамашалады.  Байқау барысында Қазанғап атындағы өнер мектебінің кішкентай өнерпаздары да ән айтып, би биледі.

Барлық кезеңдерден сүрінбей өткен Жайсаң мектеп-интернаты І орынды жеңіп алды. ІІ орынға Хромтау отбасылық балалар үйінің тәрбиеленушілері ие болды. ІІ орынды Қобдадан келген отбасылық үлгідегі балалар үйінің тәрбиеленушілері иеленді. ІV және V орындарды Темір отбасылық балалар үйінің тәрбиеленушілері мен Тамды көмекші-интернатының балалары місе тұтты. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды.

Марапаттау рәсімінен соң балалар «Антарес» мейрамханасында мерекелік дастарқан басында түстенді.

Одан әрі бағдарлама бойынша балаларды тосын сый күтіп тұрды. Олар Ақтөбе қаласының мәдени орындарын аралап, «Мега-Ақтөбе» сауда-ойын-сауық орталығындағы «Мега-айс» мұз айдынында көңіл көтерді.

Аталған шараға Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институты, С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университеті, Ақтөбе көлік, коммуникация және жаңа технология колледжі, «Антарес» мейрамханасы, «Мега-Ақтөбе» сауда-ойын-сауық орталығы демеуші болды.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button