Мәдениет

Қазақ поэзиясының сәулеткері

Құлбек ЕРГӨБЕК

(Соңы. Басы №64-65 сандарда)

Кеше Сіздің Ахметтің кітабы туралы жазғаныңызды оқып, қуанып қалдым. Тамаша жазылған пікір айтыпсыз. Ырзамын. Кітап бірақ әлі келген жоқ. Жаңа кітаптарыңыздан жіберіңізші.

Телеграмманы ұмытпаңыз.

Әлі көп етіп, ойдағыны айтып, хат жазамын.

Сағынышты сәлеммен –

Сіздің Қуандығыңыз.

30/VІ-43.

Адресім. Актюбинск, Карла Либкнехта, 146″

– Осындағы Бейсекеңнің Сіз табынып отырған «әулиелігінің» мәнісі не? «А. жоқта жіберіп қойсаңызшы, аға жан-ау»-ды қалай түсінеміз?

– Әй, сен Тахауи, мені тергеуге кіріскеннің қай жағындасың? Ана «А…» – Ахмет Өтеев. Баспаның директоры. Оңбаған кісі еді. Бейсақа, солай ма? Ол біздің жасырып «Абай» романын шығарғанымызды кешпеді. Романның жарыққа шыққанын білмей қапы қалған ол менің соңыма шам алып түсті. Ахмет Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Скворцовқа «М.Әуезовтің «Абай» романы шықпайтын болды. Құрттық!» – деп рапорт берген директор ғой. Бейшара еді.

Бейсақаң «әулиелігі» мынадай: менің Ақтөбеге кетуіме Бейсақаң қарсы болды. «Алматыдан ешқайда кетпе, – деді. – Бір күн өтер. Соғыс та тоқтар». Тіпті мені Ленинградтан эвакуациямен ығысып келіп, Қадыр Хасановтың үйінде бір бөлмесін алып тұрып жатқан С.Е.Маловқа алып барып таныстырды. Малов арқылы Қазақ ССР Ғылым академиясының  аспирантурасына да түстім ғой мен. «Ақтөбеге барма» дейді Бейсақаң. «Барған соң әкеңді білетіндер, өз ағайындарың сені көзтүрткі етеді, тіпті «ГПУ»-ға көрсетеді. Өлең адыра қалып, басыңмен қайғы болып кетесің» – деген. Ең басты бір мәселе бар. (Ақын жан-жағына қарап алаңдап қойды.) Бернияз туралы тапсырма берген ғой Бейсақаң! Екеуіміз бірлесіп Бернияз Күлеевтің шайырлық өнерін зерттемекші едік… О, көп қой мәселе. Мен Бейсақаңды тыңдамай Ақтөбеге кетіп қалдым. Бейсақаңның айтқаны келді. Шайырлық қалды. Сенімсіздік деген пәлеге ұшырадым. Қайғы-мұң басты мені…

– Е, е, сені мен Мағжан болады деп күтіп едім…

Бейсекең кемсеңдеп кетті. Қуан аға әбіржіді.

… «Айтсам ба, айтпасам ба?» – деген оймен аз-кем тоқталып барып: «Маған Бейсекең Мағжанның жалғасы болуға тиіссің» деген қадап. Мені Зылиха шешейге жолықтырған. Сол сенімнің бірін де орындай алмадым ғой мен». (Зылиха шешемізді бұдан сәл бұрын үйге келген бейшара татар кемпір кейпінде көзге елестетіп мен отырмын.)

Қуан аға отырып қалды. Бейсекең үнсіз. «Дәрімді әкелші», – деді Бейсекең. «Клофелин» дәрісін әкеліп бердім. Бір таблеткасын жұтты.

– Сіздің жасыңызда, біздің жасымызда «таблеткасыз» да болмас.

– Е, қойшы, сен баласың ғой, Қуандық.

– Балалықтан Алла-тағалам айырмасын. Сіз аман тұрғанда баламын.

Ақын биязы жымиды. Сөйтті де бокал толы шарабын жоғары көтерді. Мен ілестім…

Мен сөз арасында «арақ» деп қалдым. «Шараф» деп түзеді ақын. «Шараф»! «Ф» қарпіне салмақ сала сөйледі.

Қуан аға әңгімесін жалғады.

– Ей, Тахауи, сен менің Омар Һәйәм аудармашысы екенімді білесің бе?

– Білгенде қандай? «Бәһра үлгі» (М.Әлімбаев бағасы) емес пе?! – деп қалдым.

– Білсең, мені Омар Һәйәммен таныстырған да, табыстырған да Бейсақаң. Оны білесің бе сен?

– Оллаһи білмедім, оллаһи!

Сұлуды қанша сүйсем, көпсінбеймін,

Өмірім шарап ішіп өтсін деймін.

Күнаңды құдай кешер! – дейді маған, –

Кешпесін, керегі жоқ, кештірмеймін!

Мен өлеңдеттім.

Ақын саусағын жоғары көтерді. «Сен рубайдың бұрынғы вариантын оқыдың. «Өмірім шарап ішіп өтсін деймін» деген жолды мен кейін қайта сөйлеткем. Өмірді шарапқа арнап жібергендей етпейін деп… Қазіргі нұсқа «Шараппен өмір шалқып өтсін деймін». Ақын «білдің бе?» дегендей сұқ саусағын  әуеге қайта бір іліп, ақырын түсірді. Сабасына түсіп әңгімесін жалғады.

– «Қазақтың мемлекеттік біріккен баспасында»  істеп жүргенде үйіне келіп жатамын. Бейсақаң әңгіме арасында «Қуандық, мына кітапты қарашы. Шығыста Омар Һәйәмнан (Ақын саусағын көкке қарап шошайтты. «Біреулер Омар Хайям» дейді. Онысы дұрыс емес. Дұрысы «Һәйәм», – деді де әңгімесін әрі жалғады.) асқан лирик жоқ. Осыны аударсаң қайтеді? Оқып көрші – деп маған шағын кітап берді. Ол иран тілінен орыс тіліне Румер тәржімалаған өлең кітабы екен. Бәрі де содан басталды. Бәріне «кінәлі» Бейсақаң.

– Осындағы шарапты ана жылы Брагинский «поэтикалық код» деген.

Бейсекең бір ауыз сөз қосты.

– О, мен әкемнен көрмеген жақсылықты көрдім ғой Бейсақаңнан.

Қуан ағаның кәдімгідей көңілі босап қоя берді. Мен сасқалақтадым. Шарапқа жүгіндім. «Ұлы ақын Қуандық Шаңғытбаевтың денсаулығы үшін!». Ұстазым Зейнолла Қабдоловтың мәнеріне салғаным… Алып кеп жібердім. Тіпті орнымнан тұрып алдым рюмкедегі арағы құрғырды. Байқамаппын. Ақын «алмай» қойды.

– Әдепсіздік жасадың, Құлбекжан!

– О, неге, Қуан аға? О, неге?

Мен сасқалақтадым.

– Бейсақаңдай ағам отырған жерде мен жайында  тост көтеріп… Жо, жоқ. Ол әдепсіздік болады. Одан да Бейсақаңды баладай бәйек болып күтіп жүрген Сен және Баян келін үшін, то-есть келін мен сен үшін  көтеремін! Мен жесір шалмын. Жесір шал күтудің оңай емесін мен өзімнен білемін.

– Қуандық, маған да құйшы. Сөзің ақылды шықты. Балам мен келінім үшін мен де аздап қана…

Бейсекең қосылды қатарға. Шамасы кезінде өзі  сейіс болып тәрбиелеген тайы тұлпарға айналып айналасынан шауып өтіп бара жатқан сәтте дүбірге шыдамады білем. Һәм бізге ризалығы шығар, жарықтықтың!

Қуандық Шаңғытбаев Алексей Толстоймен үш кездесуін әңгімеледі. Ақтөбе обкомының үшінші хатшысы Куприянов, тағы басқа кісілер жайында әңгіме өрбіді. (Мен бұл жазбаларды есіме еміс-еміс қана түсіремін. Ақтөбеде 101-ұлттық бригаданың жасақталуы. Оған Қуандық ағаның Нұрпейіс Байғанинді алып баруы. Нұрпейіс Байғаниннің командирге қамшы беруі. «Осымен жауды қойдай қу» – деп тапсыруы. Тағы басқалар. Бірақ сол кезде күнделік дәптерге толық түспегендіктен долбарға барғым келмей отыр. Обалсынамын.)

Неге екені есімде жоқ,  әдеби сында әңгіме бола бермейтін «Мен – қазақ» аталатын өлеңін оқыдым.

Мен – қазақ! Тал бойымда – қазақ қаны,

Кеудемде – мейірбанды қазақ жаны;

Салдыртып сар белінде Сарыарқаның

Жаңғыртып салған әнім – қазақ әні.

Мен – қазақ! Жалқы емеспін, сүйеуім бар,

Ағайын, нағашым бар, жиенім бар,

Қандасым, жандасым көп жүз халықта,

Бәрінен келінім бар, күйеуім бар.

 

Мен – қазақ! Қымбат маған бабам жері,

Тырналар қиқу салған самал көгі,

Бедер жоқ айдынында айнадайын,

Ақ алқа айналайын шаған көлі,

Алатау, Ақ Жайықтың қалың нуы,

Қария Қара Ертістің ағын суы.

Ыстық қой қона кетер көкейіме

Ордалы ормандардың сарын-шуы.

 

Жұтқанда жанға дауа желім ыстық,

Қиырсыз Бетпақдала шөлім ыстық,

Шаңғытып шаңдағында шапқан талай

Боз дария бетегелі белім ыстық.

Сен десем, туған елім, бар ма тағат!

Өзің деп өтіп жатыр барша сағат.

Білемін сынамал дос бауырыңды,

Жауыңды кеткен талай аңша талап.

 

Ойқастап құба жонда салған сүрен,

Азнатып толқын жалды мінген күрең.

Білемін ел қорғаған ерлеріңді,

Мақтан ғып есімдерін елеп жүрем.

 

Арқада аққан сел боп жасты білем,

Шұбырған ақ табан боп ашты білем,

Қан иісі қолқаны атып, Аңрақайда

Жер қапқан атанәкес қасты білем.

 

…Мақтанам, ұлыңмын деп сенің, қазақ,

Сүйемін жерімді абат, елімді азат.

Жолыңа жаным пида, тума мекен,

Бір саған бағышталған пейіл таза-ақ.

 

Орыстың орманында, қан майданда

Қаһарман кәрі дәстүр қалған жайда.

Мен сені жүрмін қорғап аждаһадан…

Перзентің сәл қартайып қалғандай да.

 

Ел даңқы, Көсем-Отан – жаныма пір.

Сене бер, түспек емес арыма кір.

Біздерге кездесу жоқ дұшпан барда,

Байтағым, барғанымша сағына тұр.

 

Мен – солдат, тағдыр тартқан сыбағам сол,

Түн қатып жүрмін, намыс сынаған соң.

Аяма ақ батаңды, асыл елім,

Арманым – бақыт қана, сұраман сор.

 

Бұл кездің дәстүр-даңқын ғасыр жаттар,

Жә, хайыр, жазық жайлау, жасыл бақтар.

От барда өзегімде өтем сен деп,

Туған ел, мен қазақпын атыңды ақтар.

Қуан ағаның осы өлеңін кітаптан оқып алдымен сонау қырқыншы жылдары қорықпай, бұқпай осындай өлең жазғанына сүйсінетінімді, өлеңнен романтик ақын Абдолла Жұмағалиев әсерін, әмсе Қасым Аманжоловтың «Ақын өлімі туралы аңыз» поэмасының ықпалы бар-ау дегендей ой айтып, Жұбан Молдағалиевтің «Мен – қазақпын» поэмасына тіреліп тоқтадым. Жұбан аға поэмасынан бір-ер шумақты жатқа оқығанымды қайтерсің. Білгішсіндім. Ақын өлеңі қырқыншы жылдары жазылған. Қалғаны – кейін туған туындылар. Білмегім – осының сыры… Кім-кімнен?… «Абад», «атанәкес» секілді тілдік қолданыстардың жайы?…

Ақын анадан  туғандай балбырап жайылып отыр.

Кенет Бейсекең өлең оқысын:

Мен қазақ, қазақпын деп мақтанамын,

Ұранға Алаш деген атты аламын.

Сүйгенім қазақ өмірі, өзім қазақ,

Мен неге қазақтықтан сақтанамын?

 

Ерікті ен даланың құсынша ұшып,

Ержеттім кеңшіліктің сүтін ішіп.

Сен құсап сармасадай ілбиткен жоқ,

Қаланың көшесінде жоқтық қысып.

 

Алтай, Ертіс, Сырдария, Есіл, Жайық,

Арасын қоныс қылдым ірге жайып.

Елім, жерім, қорғайтын ерім болып,

Ер жеттім ен далада лықа байып.

 

Ер түрік ұрпағымын даңқы кеткен,

Бір кезде Европаңды тітіреткен.

Кіргені есік, шыққаны тесік болып,

Күнбатыс, Күншығысқа әмәрә жеткен.

 

Кешегі хан Шыңғыстың ұрпағына,

Талай царь, талай князь тәжім еткен.

Мен қазақ, қазақпын деп мақтанамын,

Ұранға Алаш деген атты аламын,

 

Сүйгенім қазақ өмірі, өзім қазақ,

Мен неге қазақтықтан сақтанамын?!

Екіленіп өлең оқыған Бейсекең көзі шапыраштанып барып, айбарланып барып тоқтады. Біле бермейтін өлеңнен. Аңырып екі шалдың аузына қарадым. Қуан аға  көзі шырадай жанып арқаланып отыр. Кенет рюмкесін жоғары көтерді.

– Сұлтанмахмудтың әруағынан айналайын. Оны жауға бермей даудан басы екі елі ажырамай келе жатқан Бейсақаң үшін. Міне, саған жауап, Тахауи!

Қуан аға рюмке  көтерді. Мен ілестім. Бейсекең қалыс. Сырқат.

Бейсекең жыламсырады. Сырқаттың әсері.

Қуан аға әңгімесін сабақтады.

– Соғыс жылдарында Бейсақаң үйінде жаттым дедім ғой. Сонда маған Сұлтанмахмудтың (Ол осылай атады ақынды.) 1933 жылғы латынша басылған бір кітабын берді. Ой, от қой ол, от қой! Онда ақынның «Айтыс» аталатын поэмасы бар екен. Сұмдық сүйіп оқыдым. Менің де, Жұбанның да, бәлкім Қаскеңнің де трамплині осы – «Айтыс». Өкінем. «Айтыс» қайтып басылмай кетті.

– Қайдан басылсын, Сәбит, Қажым, Ысқақ бәрі қарсы?

Шал шашалды. Ыза буды шамасы. Әдебиетте көп-көп еңбегі бар аты аталған үш кісіні біраз жерге апарып тастады екі шал… Сәбитке келгенде ішімді жиып мен отырмын. Үлкенді тыңдамақ парыздың құлына айналып…

– Сен мен көздеген межеге жете алмадың, Қуандық, – деді Бейсекең басын әнтек көтеріп. – Мен көздеген меже қайда биік еді, басқа еді. Рас, сен саясатты тым жалаң жырламадың. Жырладың бірақ. Рас, сен әдебиеттен оңай олжа табуға қызықпадың. Бірақ, уақыттың алдында отырмын деп өзіңді-өзің алдарқаттың. Шынында кей мәселеде сен уақыттан қалып қойдың. Сен  Мағжан мен Сұлтанмахмұттың  жазылмаған жыры емес пе едің? Сен Бернияздың, Ғұбайдолла  жырының жалғасы емес пе едің? Қайда солар, қайда солар?! Мен сенің алғашқы адымыңдағы өлеңдеріңнен соларды көрген жоқ па едім? Соларды жалғадым деп ойлайсың ба?!

Сенің өлеңдеріңді мына Құлбек жақсы көреді. Несіне жақсы көретінін білмеймін. Өлеңдеріңнің әлеуметтік жүгі жеңіл. Мағжан сазын ұстадың, бірақ тереңіне тереңдей алған жоқсың.

…Бейсекең қазымырланып барады. Қуандық шәкірт баладай бұға түскен. Ақынды тығырықтан шығару қажет болды.

– Ойнаған жоқпын мен бірақ

Өлеңмен оңай сайқалдай,

Сондықтан кейде солбырап,

Тасада қалдым байқалмай, – деп ақын өлеңін орта жолдан қосылып соғып кеп жібердім.

– Пәлі, сен немене атаққа бола ақын болып жүрмісің? Рас, кейде өз мүмкіндігінен жоғары танылып, туған елдің, шет елдің  зияфатын көріп жататын ақын-жазушылар болады. Атағы жоқ деп Абайды мойындамай қоямыз ба, қайтеміз?!

Өзің өлеңдерін тәржімалап жүрген Омар һәйәмда да жоқ атақ. Мадияр Шандор Петефи – Сұлтанмахмұт сияқты  жақсы ақын. Бірақ, елінде Шандор Петефиден де жоғары тұрған ақын болған. (Оның кім екенін күні бүгінге дейін білмей келемін – Қ.Е.)

– Бірсыпыра жай – қазақ оқырманына да байланысты. Күрделі әдебиетті қабылдай бермейді бүгінгі оқырман. Ал даңғыраған түбі түскен шелек секілді өлеңдерді тәуір көреді. Өзің білесің, кезінде Тайырдай дабыра ақын болған жоқ қой қазақта. Қазір қайда сол Тайыр? Дабыра мақтауды малданбай, есін жисын, ойлансын деген оймен кезінде мен Тайырды қаттырақ сынағанмын. Кең отырып кеңесудің  орнына Мұқаңа барып шағымданып, Сәбитке барып шағыстырып, екеуміздің арамызға от жақты. Қанша даңқты дегенімізбен көп ақын тарихта қалмайды. Тарих ешкімге ойыншық емес қой. Ал, сен қаласың, Қуандық. Сенің өлеңдерің – сұлу, сенің тілің мәйекті. Шығыс әдебиетінің тіл өрнегін табиғиландырып тәуір қолданасың. Сен өз өлеңдерің арқылы қазақ тілін байытып жүрген ақынсың. Өзіңді күт! Халқыңа керексің, Қуандық!

Қанабек қандай дарынды еді. Арақ қой оны құртқан. Бірге пьеса жаздыңдар. Дұрыс-ау. Уақытыңның біразы екеуіңнің бірге пьеса жазғаныңнан гөрі бірге ішуге кеткен жоқ па? Оны түсінемін, Күләштай ұлы жарын жоғалту оңай емес еді. Сенде де бар ондай жағдай…

…Ол екіленіп барып басылды…

Мен сейілту үшін Қуан ағаның өлеңдерін оқып кеп жіберемін.

Нұр қағып күннің көзінен,

Жұлдызды жұлқып үздім мен.

Қазақтың гауһар сөзінен

Өлеңнің зерін ыздым мен!

Қуан аға қалыпты. Бейсекең көңілі сейдін. Алайда, сәл жадырап қайта түнереді. Шамасы, сырқаттың мінезі…Әйтпесе, Қуандық баласына дән риза. Жайшылықта мақтап отырар шал бүгін қыңырайып отыр. Өзімсінгені. Мен де қарап отырмай ақынның өзін-өзі бағалауы формасында туған өлеңдерін оқып, ақынды ұстап бергендеймін бе, қалай? Тағы бір өлеңін оқыдым.

Екеуі бірдей жымиды. Қарт жібіді, ақын насаттанды.

– Бисақа әке десем де жарасар, аға десем аузым толар жүдә. Өз басым

Сізге дән риза. Үйіңізде жүрдім соғыс жылдарында. Тұла бойы тұңғыш кітабыма  Мұхтар Әуезовтей ұлы адамның ақ батасын алып бердіңіз. Әрине, Сәкем алғысөзді қырықтырып тастады. Ахмет Өтеев «боғын пышақтады» жарыққа шығып кеткен кітапты көріп. Омар һәямның кітабын сыйладыңыз.   Менің қойған атым «Менің жүрегім» болатын. «Ар» атадыңыз да бүкіл ақындық бағытымды арналандырып жібердіңіз. Одан кейін нашар өлең жазуға Сізден қорықтым, Бисақа. Омар һәйәмді тәржімалауды сол кезде бастап едім, әлі аяғына жете алмай келемін. Сонда Сізге мен бүкіл тағдырыммен қарыздар болмағанда қайтемін?! Ей, құй, Тахауи!

Мен  рюмкені толтыра құйдым.

– Толтырмай құй, Тахауи! Бұл – Омар һәйәм жырлаған шарап. Оны маскүнемдерше ернеулетіп ішпей, сәнге айналдырып әдемі ішуіміз керек. Тем более, Бисақаң денсаулығы үшін. Мен де шыңжаулаумын, аға, мен де жетіммін, аға! Бірақ, Сіз  алдымда аман жүрсеңіз жетімдігім білінбес, аға! Тартып жіберейік, Тахауи!

– Алматы маған ұнамайды. Аралға кетемін, – деді Қуан аға ендігі бір кезекте.

– Арал тұрғындары Алматыға көшіп келіп жатыр, Қуан аға, – дедім мен.

Ағай екеуі әйел мәселесін еркін әңгімелесті. «Келіншек әперейік, аға», «Менің жасым асты. Өзің ал келіншекті. Бұлай жүрме» секілді болып келіп жатыр екеуара әңгіме. Тыңдап қана отырмын.

– Қуандық, менің жататын уақытым болды.

Бейсекең қолсағатына қарады.

Әлсіз жанарымен үңіліп қарады. Сөйтті де орнынан тұрып таяғына сүйеніп, бір аяғын сүйрете басып үйдің ішінде әрлі-берлі жүре бастады.

Қуан аға да орнынан тұрып, ағасын қолтығынан алды.

– Жоқ, өзім…өзім жүремін. Сен Құлбек екеуің әңгімелесе беріңдер, – деді

Бейсекең. (Жатар алдында кең залда жарты сағаттай жүретіні бар. Оны еш уақытта бұзған емес.)

Шәй ішілді. Пәйі және бар.  Мені әңгіме әуезі  әлдиледі.

Байқамай да қалыппын. Ақын орнынан көтерілді. Қайтуға ыңғайланғаны. Ыңғайланған Қуандық бір тізерлей отырып Бейсекеңнің түйежүн жадағайының етегінен алып маңдайына тигізді.»Тәбәрік қой!» – деді сосын орнынан тұрып жатып. Бейсекең ыңғайсызданып қалды. Таяғымен жасқаған болды. «Қой, әй, Қуандық, қой әрі…» «Бейсақа, аман тұрыңыз!» «Аман бол, Қуандық!» Құшақ ажырады.

«Бейсақаңның да сәби болған кезі», – деді сосын Қуандық аға маған қарап.

Такси шақыртып Қуан ағаны үйіне шығарып салдым. Үйіне жеткізіп салғым келген, ақын қарсы болды. «Бейсақаң іздеп қалады». Таксиге отырған ақын жүріп кетті.

Ағайды сүйемелдеп кереуетіне жатқыздым.

– Қуандық балаңыз қандай ақын, аға?

– Е, ол – кербез ақын. Аз жазады. Көркем жазады.

– Сынап жіберген жоқсыз ба?

– Сынасам,  өз балам. «Енесі тепкен құлынның еті ауырмайды…» Ақынның төресі еді ғой. Өлеңдерін оқығанда Мағжанның өлеңдерін оқығандай болғанмын. Әттең…

– Не, әттең?

– Қуандық ана бір жылдары Қанабекпен бірігіп пьеса жазды. Сол жылдары көп ішті. Ол Қанабектің Күләштан қапияда айырылып араққа салынған қапалы  кезі болатын. Қуандықты да ішкілік құртты… Әйтпесе, қандай дарынды бала.

– Қайырлы түн, аға!

– Қайырлы түн, қайырлы түн, айналайын!

Эпилог

Бейсекең бақилық. Оған да бірсыпыра уақыт. Қуан ағаға бір жолыққанда «Ағаңыз жайында естелік жазып беріңіз» – деп қиылдым. Жо-жоқ… Қиылған жоқпын. Міндеттей сөйледім. Еркелегенім болар, шамасы. Бейсекеңе деген сағыныш та бар. Әрі асығулымын. Бейсекең – көп жасаған кісі. Үлгеріп естелік жаздырып алмасам, замандастары кәрі ағаштай морт-морт сынып өмірден өтіп жатыр. Қуан аға да жас емес. Жасамыс. «Жазамын. Бейсақаң жайында естелік жазбағанда ше?!» Ұзатпай естелік мақала жазып берді. Естелігіне «Ағаның жақсылығы (Бейсембай Кенжебаев және «Абай» романы, есте қалғандар)»  деген есім беріпті. ( Қолжазбасы менде сақтаулы.) Ақын естелігін әрі оқып-бері оқып, сүйсініп оқып, атын «Абай» романы қалай  жарық көрген еді?» атап өзгерттім.  Қуан аға естелік мақаласын  «Егемен Қазақстанға» апарып бердім. Естелік  газеттің  1992 жылғы 21 тамыздағы номерінде жарық көрді. Оған дейін дәл осындай атаумен жазған мақаламның атын «Абай» романы былай жарық көрген…» деген атпен «Қазақстан – Заман» газетіне ұсындым.

Ақынмен жиі хабарласып жүрдім.

Күнделіктер сөйлейді.

28 қараша 1993 ж.

«ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті» хрестоматиясын құрастыру үстінде  Бернияз туған «Бөрте» елді мекені қазір қай  аймақтағы жер екенін білу үшін Қуан ағаға (Шаңғытбаев) телефондадым.

– Берниязды білесіз ғой?

– Білгенде қандай!? Білмесем ол жөнінде өлең жазбаймын ғой.

– Көп білесіз бе?

– Көп деген сөзге атымен қарсымын. Көп білетін кісі Бейсақаң (Б.Кенжебаев) еді ғой. Менің Бернияз жайында өлең жазуыма себепкер болған адам Бейсақаң. Әйтпесе Қарабұтақта жүріп Берниязды қайдан білейін? Одан кейін Ғалым Ахмедов көп біледі Берниязды. Білесің ғой шалды?

– Білгенде қандай?! Бейсекеңнің досы. Келіп тұрады.

– Әне соған жолық. Шет тілдер институтында бір немере қарындасы істер еді? Бары-жоғын Ғалекең біледі.

– Бернияз туған «Бөрте» ауданы Ақтөбеге қарай ма, Қуан аға, әлде?..

– Жоқ. Орынбор облысына қарайды. «Бөрте» өзен ғой.

– Тәмам.

– Тәмам, айналайын!

25.ХІ.1993.

Қуан ағаға (Шаңғытбаев) «Бәйгөбектің насыбайын» әкеліп беріп бір қуанттым. Бәйгөбек – «Түрікстан уалаятына» даңқы кеткен насыбайшы. Қуан аға осы насыбайшыны «МАЭСТРО» атайды.(Солай деп маған хат та жазғаны бар. – Қ.Е.) «Насыбайды жақсы үгеді. Кәсібіне адал» – деп жақсы көреді.

Көше бойлап әңгімелесіп келеміз.

– Қалам қарекеті қалай? – деймін әңгімеге тартып.

– Құлбек-ау, бұл өзі қызық, – дейді Қуан аға біртүрлі қуана сөйлеп. – Өлең маған күнде келе бермейді. Келген кезінде ұстап қалуға тырысамын. Мен саған шынымды айтайын, соңғы үш күнде екі өлең жаздым. Хрестоматиный!

Байзақов/Бөгенбай көшелерінің қиылысына келіп жеттік. Ақын үйіне шақырғыштайды. Насыбай әкеліп бердім деп қайдан кіре қояйын? Бала көңіл ақынды қуанттым да қайттым.

27 қараша 1994 жыл.

Қуан ағаға телефондадым.

«Бәйгөбектің насыбайын» ала келгенмін Түркістаннан. Қуанағаң Түркістан насыбайын өте жақсы көреді. Амандық-саулықтан соң:

– Он бес минөттен кейін шық. Мен сейілге шықпаймын. Үйге келесің. Ерте шықпа. Он бес минөттен кейін.

– Жарайды, Қуан аға!

Зейнол (Бисенғали) досқа телефондап, Байзақов/Бөгенбай батыр көшелерінің қиылысында кездесуге уағда қылдық. Әлгі «15 минөттен кейін шық» деген сөзде гәп бар… Әрі әңгімелесейік деген оймен телефондадым Зинолға! Қуан ағаның әңгімесін тыңдасын.

Қуан аға қуанып қарсы алды. Жеңгейге (Ханшайым) дастархан жайғызған. «Бәйгөбектің насыбайын» иіскеп, рахаттанып жатыр. Мұздатқышқа салып қоюға алып кетті.

Шәй іштік. Әңгіме соқтық. Қуан ағаң сөйлейді. Біз тыңдаймыз. Сорайып орыс арағы да келіп қалды. Құюшы – мен. Ішпейтін кісі – арақ құюшы. Ара-тұра қалжыңдаймын. Қуанағаң мәз болады.

– Әй, Тахауи, «Егемен Қазақстан» Бейсақаң жайлы өлеңімді бермеді ғой.

– Береді. Сәл-пәл кешіктіріп жатыр.

– Ей, Тахауи…(Тахауи деп сөйлеу – ол кісінің қашанғы дағдысы). Ол орнынан тұрып барып, бір парақ қағаз әкелді.

– Оқы! – деді маған.

– «Бейсенбай Кенжебаев еске түскенде» аталатын өлең.

Жүрегім ысып жүре берді. Өткенде ақын өтінішімен «Егемен Қазақстандағы» жігіттерге апарып бергенмін.

Барымды салып, мәнерлеп оқыдым.

Шап-шала шаға шағымда, аға,

Басып ең мені бауырға, аға.

Сондағы сенің жұп-жұмсақ кеудең,

Биязы бейнең жадымда, аға.

 

Жадымда жомарт пейілің, аға,

Мөп-мөлдір тұнық мейірің, аға,

Ботасын қарпып сүйетін нардай

Жадымда кейде кеюің, аға.

Мен сенен алғаш бата алдым, аға,

Оңаза жанға от алдым, аға,

Ақынсып кердең жүргенмен қазір,

Мен сенің әлі ботаңмын, аға.

 

Сен жоқсың бүгін, мен шалмын, аға,

Көңілде – кірбің, кем-шәумін, аға,

Ағалар сиреп кетті ғой, кетті,

Мен сені жиі аңсаймын, аға.

Дауысым дірілдеп мұңға беріле оқыдым. Қуан аға басын төмен сала мұқият тыңдап отыр. Әуеден әуен, ырғақ аулайтындай… Ақырын басын көтерді ақын.

– Қалай?

– Жақсы, жақсы, – дедік Зейнол дос екеуміз жарысып.

– Бір сөз орнында тұрған жоқ. То-есть ырғақтың бір жері келмей тұр.

Әрі іздеп, бері іздеп,  құйылысы келмей тұрған ырғақты таба алмадық. Бәрі орын-орнында тұрған сияқты. Ал Қуан аға болса сәл ғана саңлаудың өзі өлеңнің ішкі ағзасына суық тигізеді деп ойласа керек…

– Енді жүз грамм ішсек, оны өзім табамын, – дейді Қуан аға.

Лекілдетіп құямын арақты лүпілдетіп ішпекке!

«Халық кеңесі» газетіне бір топтамасы шығыпты. Екі-үш өлеңін оқытты.

– Өзіме-өзім келе алмай жүрмін, – деді Қуан аға сосын. – Хизмет өлімі бір

ойсыратып кетіп еді. Онымен отыз жыл есікпе-есік көрші отырдық қой. Ғажап адам еді. Сосын Сағи қазасы отырғызып кетті. Енді-енді өзіме келе бастағанда Тахауи құлады. Бала кезден бірге өсіп едік. Оның өлімі тұралатып кетті. О, аруағыңнан айналайын Тахауи! («Өлген кісінің өзінен айналмайды», – деді.)

Бір қызық бар. Үйге бірде Тахауи келді. Отырдық. Кетерінде жүрек тұсы томпаяды. Қоштасып тұрып, қолымды қойнына сұғып кеп жіберіп едім, кітап. Кітабымды «ұрлап» барады. «О, сволочь» – деп суырып алдым. «Сұрағанмен бермейсің ғой!» – деп күледі, Тахауи. Құлын-тайдай тебісіп бірге өскен осындай достан айырылдым ғой.

Сәл үнсіз қалды ақын. Біз де мұңға батып мүдірген жерінен қозғап жіберуге қорқып іштен тынып отырмыз.

– Жақында бір кісі  үйіне қонаққа шақырып, бәріміз бардық. Төртінші

қабатта еді. Көтеріле алмады Тахауи. Содан менің Жәнібегім төртінші қабатқа көтеріп шығарды. Арқалап шықты.

Көп әңгіме айтылды. Сөз арасында Қуан ағаның келер жылы жетпіс жасқа

толатынын айттым. Қандай ойы барын сұрадым.

– Тойламай-ақ қойсам деймін.

– Неге?

– Мынадай жағдайда той тойлаудың өзі біртүрлі ғой.

– Жоқ. Дұрыс емес, Қуан аға! Біз комиссия құрамыз. Жетпіс жастық мерейтойыңызды тойлаймыз. Хамаң қалай болады төраағалыққа?

– Атама! Алпыс жылдыққа комиссияға төраға болған. Тойдың жақсы

өтпеуіне қызмет етті.

– Онда Зекеңді сайлаймыз.

– Зейнолла ма? Өздерің біліңдер!

Көп әңгіменің аяғын Қуандық ағамыздың 70 жылдық тойына тіреп қайттық.

Р.С. Бұл дастархан басындағы дуылдақ әңгіме емес. Біздің шын ойымыз.

Қуандық Шаңғытбаев – қазақ поэзиясының маңғаз тұлғасы! Сұлу поэзия жасаған адам. (Сөз арасында «мәйін» деп қалып едім, ерінбей орнынан көтеріліп барып, ақ қағазға түсіріп қойды. «Соңғы кезде көп өлең жаздым» деп отырды Қуан аға.)

…Қуан ағаңның  сұлу поэзиясының астарын ашып, ажарын айқындап айтпақ – міндет. Қазақ поэзиясында Қуандық Шаңғытбаевтай ақын аз. Ол – зерек зергердің бірі, бірі емес бірегейі!  Орыс әдебиетінің білгірі  В.Брюсов: «Өлең – адам сырын айту әдістерінің ең жетілген түрі. Оны ұсақ-түйекке жұмсап құнын түсіру, кәкір-шүкірге пайдалану – һәм ұят, һәм күнә!» деген еді. Осы пікір біздің Қуан ағаға арнап айтылғандай болады да тұрады. Өлеңді ерекше қастерлей білген ол ақындық кербездіктің әдемі үлгісі. «Қуандықтың санаулы ғана жинақтарының өзінен татаусыз төгілген тілдің, дәл табылған теңеудің, айшықты дыбыс үндестігінің, сөзбен салынған суреттің, музыкаға айналып кеткен сөздің небір ғажап» (С.Абдрахманов) үлгілерін оп-оңай тауып алуға болады. Ол – қазақ поэзиясының сәулеткері!                                                                         1981-2012 ж.

                                                                        Алматы-Түркістан.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button