ҰСТАЗДАН ҚАЛҒАН ІЗ
Ол ұстаздық еңбек жолын Бөгетсай орта мектебінде қатардағы мұғалім болып бастады. Осында мектеп директорлығына дейінгі жолдардан өтті. Білімімен, білігімен, ұйымдастырушылық қабілетімен көпшілік құрметіне бөленді.
Оның жемісті еңбек жолы содан кейін аудандық білім бөлімінің меңгерушілігі қызметінде жалғасты.
Өз ғұмырын халық ағарту ісіне арнаған Достан Сейсекенов үлгісі бүгінгі күні де ел ішінде үздіксіз айтылады.
Оның өмір жолдарында талай қиындықтар алдынан шыққанын екінің бірі біле бермес. Ол да тағдыр тосқан сындардан өтті. Сөйтіп жүріп, жақсы күндерге ұмтылды, соның бәріне білім арқылы жетсем деді.
Достан аға 1932 жылдың 24 мамырындағы қысылтаяң күндерде Алматы қаласында өмірге келді. Сот орындарында белді қызметтерде қызмет атқарған әкесі жаппай жала жабудың құрбаны болып, 1936 жылы атылып кетті. Артында қалған отбасы көптеген қиыншылықтармен Ырғыз ауданына анасы Балқияның туыстарын сағалап көшіп келеді. Достан ағаның балалық шағы Алматы қаласында өтсе, оқушылық шағының бір бөлігі Ырғыз, Қарабұтақ аудандарында жалғасты. Жетінші сыныпты Ақтөбе қаласында оқыды. Тоғызыншы сыныпты бітірісімен Орал қаласындағы педагогикалық институттың орыс тілі және әдебиеті факультетіне оқуға түсті. 1956 жылы пединститутты аяқтап, жолдамамен Бөгетсай орта мектебіне мұғалім боп келді.
Бөгетсай орта мектебінің білім жолына серпін берген, жаңаша көзқараспен шәкірт тәрбиелей бастаған жас маман басшылықтың көзіне көп ұзамай-ақ іліге бастады. Бір жыл ғана ұстаз болып қызмет жасаған соң келер жылы оқу ісінің меңгерушісі болып тағайындалды. Ол қара қылды қақ жарар әділдігімен, парасаттылығымен, салиқалы санасымен айналасындағы барлық әріптестеріне осы игі қасиеттерді сіңіріп отырды. Арада бірер жыл өткен соң Бөгетсай орта мектебінің директоры болып тағайындалды.
Директор боп тағайындалған соң, ауылды көгалдандыруды мақсат етті. Ауылда бұған дейін тек құм суырып қана тұратын. Бір көгалданған тал да, дарақ та жоқ. Достан аға көктемге салым көшет отырғызуды қолға алды. Әрбір балаға көшет ектіріп, оны суарып, күтім жасауға міндеттеді. Әрбір егілген талға еккен оқушының аты-жөні жазылып, олардың қалай күтім көріп жатқанын әдейі өзі бақылап жүрді. Егер тамыры өркен жая алмай қалған тал дарақ болса, қайтадан отырғызып отырды. Арада екі үш жыл осындай ерекше күтім көрген өскіндер Бөгетсай өңірінің табиғатын құлпыртты.
Ішкі жан дүниесіндегі тұнықтығы секілді оның бойындағы ерекше қасиеттері де сырт көзге бірден шалынатын. Тапсырылған іске белсене кірісуі, соңына дейін жеткізе орындайтын жауапкершілігі жұмыста табысқа жетуіне жол ашты. Ұйымдастыру қабілеті зор, ал, іскерлігі үлкен асуларды қиналмай бағындыруына жәрдемдесті 1980 жылы Достан аға Қарабұтақ аудандық білім бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды.
Тың игеру жылдарында яғни, 1956 жылы Орск пединститутының түлектері он тоғыз қыздың бірі Валентина Семеновна жолдамамен осында келеді. Олар Бөгетсай орта мектебінде бірге қызмет жасай жүріп, жүрек табыстырады. Екі жас қосылып ұрпақ өсіріп өркен жаяды.
Достан аға отбасына берік, балаларына мейірімді әке бола білген жан. Отбасылық тәрбиенің өнегесімен алты баласы қазір, Астана, Ақтөбе қалаларында абыройлы қызметтер атқаруда. Үлкені Серік Астанада белді кәсіпкерлердің бірі. Он үш немересінің бірі Руслан Көлік және коммуникация министрлігінде департамент директоры.
— Ол пендешілікке бой алдырмайтын. Тұла бойы тұнған кісілік пен кішілік, пайым – парқы, парасаты аса биік жан еді. Халқымызға тән асыл қасиеттерді жас ұрпақ бойына сіңіре білді. Осындай адамгершілік асыл қасиеттері оны елге сыйлы азамат атандырды. Бүкіл саналы ғұмырын ізгілікке арнаған Достан халқы үшін көп қызмет атқарды, — дейді жолдасы Валентина Семеновна.
Достан Бүркіталыұлы осыдан бес жыл бұрын өмірден озды. Оның артында елге арналған риясыз еңбегі, жарқын істері қалды. Қазіргі Бөгетсайдағы орта мектеп Достан ағаның тікелей басшылығымен салынған еді. Көк шығып, жер түлегенде-ақ Достан ағаның қолымен, басшылығымен еккен ағаштар жайнап шыға келіп, төңіректі жасыл нұрға бөлейді.
Достан аға туралы Бөгетсай селосының тұрғыны М. Қазтуғанова былай дейді: «Ол туралы айтқанда, ең алдымен, ар алдындағы тазалығын, әділдігін, шыншылдығын тілге тиек етуге болады. Расында, ол пендешілдік ойлардан ада азамат еді. Мен отыз бес жыл мұғалім болып еңбек етіп, қазір зейнеткерлікке шығып отырсам, ұстаздық жолға түсуіме Достан ағаның көп көмегі болды. Орта мектепті бітіріп, педагогикалық институтқа сырттай оқуға түстім. Сол кезде мені Бөгетсай орта мектебі жанындағы интернатқа тәрбиеші етіп жұмысқа алып, зор сенім артты. Ол осылайша көптеген жас буынға қамқорлық жасады».
Бөгетсайдағы мектеп түлектері қазірде республикамыздың түкпір-түкпірінде ел игілігі үшін белсенді қызметтер жасауда.
Достан аға еккен теректер ауылды әлі көгертіп тұр.
Ендігі бір тілек Бөгетсай орта мектебі Достан Сейсекенов есімімен аталса нұр үстіне нұр болар еді…
Бұл — көп тілегі.
Л.МҰХАМБЕТЖАНҚЫЗЫ.



