Басты жаңалықтар

Қазақ поэзиясының сәулеткері

Құлбек Ергөбек

 Жүрек қозғайтын нәзік лирика мен көңілді нұрландыратын сәулелі сөз бұйырған санаулы ақындарымыздың бірі Қазақстанның халық жазушысы Қуандық Шаңғытбаев еді.

Қуан ағаның ақындық ерекшеліктері туралы талай мақалалар мен ғылыми еңбектер жазылғаны да мәлім.

Сөйтсе де филология ғылымының докторы, профессор, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің вице-президенті Құлбек Ергөбектің «Ақтөбе» газетіне арнайы жолдаған төмендегі дүниесінің орны бөлек екен.

Бұл деректі туынды ақын ағамыздың өміріндегі нақты сәттерді бейнелеумен бірге қаламгердің әдебиеттегі ғұмырлық ұстанымы жайында да байыпты сыр шертеді.

                                         

Пролог

 

Алматыға арман жетелеп келген көп көгенкөздің бірімін. Өзге қазақ баласы секілді қаланың бір мүйісінде, орыс кемпірдің үйін (үйшік десе де болады) жалдап тұрамыз. Мекенжайын нақтылау керек болса, Ақтөбе көшесі 51-інші үй. Есік алдында шағын бақшалық. Көзге ыстық тартып, көңілге тыныс берерлік бір ғана көрініс сол. Әйтпесе, кәдімгі жатаған үй. Тіпті үйдің төрттен бірі. Замана жүрісіне жаңа ілесе бастаған қаламдас қанаттастар секілді «Орыстың баспанасы, ұйғырдың асханасы, қазақтың астанасы…» — деп ыңылдап ән айтып қойып жүре береміз. Жастар басылымы – «Лениншіл жаспен» хош айтысып, «Сәбит Мұқановтың мемориалдық музей-үйіне» қайта оралған шағым. Жанымда — жарым, бауырымда  — ұлым. Қолымда — қарт анам!

«Алты ай бұрын қырғыз достар келіп осы жатаған жаппада қона жатып еді-ау», — деп ойлап қоямын.  «Лениншіл жас» газетінде екі  номерге жалғаса жарияланған «Алыс көкжиектерді аңсаймын…» аталатын Шыңғыс Айтматовтың балалық шағы туралы жазылған эссемді қырғыз тіліне «қотарған». Қазақ басылымын үзбей оқитын Қушубек Омуралиевтің әрекеті. «Кыргызстан маданияты» газетінің журналисі. Шыңғыс Айтматов десе ішкен асын жерге қояды. Эссені көрген де Алматыға қарай тұра шапқан…  1932-33 жылғы ашаршылық жылдарында қырғыз ауып аман қалған анам Бибі-Ғайша шат-шадыман. Үлкен басымен қырғыз журналисін «төркін» танып, қиын-қыстау жылдары зарығып та тарығып жер ауа жеткенде қырғыз ағайындардан көрген қамқорлығын әңгімелеп мәре-сәре. «Аштықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпес». Тіпті «Сендер білмейсіңдер ме?» — деп отызыншы жылдары қазақтарға құшағын айқара ашқан бауырмал жандардың атын атап сұрау салатынын қайтерсің?!

Аяқ астынан толғақ қысқан жарым Баянды «жедел жәрдем» перзентханаға ала жөнелді. Ұлды болдық. Сәбиге ат қою рәсімін аяулы анам Қушыбек «төркініне» бұрды. Қушыбек болса, ойланбастан «Құлбек бәйке, Сіздің Шыңғыс Айтматов жайындағы эссеңізді қотарып жатқанда өмірге келген сәбиге Чікемнің есімін ырым етелік. Чікем секілді қазақ-қырғызға бірдей  даңқты перзент болсын!» — деп философия соғып кетті. «Чікемі» — Шыңғыс Айтматов! Оған кім қарсы? Шілдехана! Ұл — бесікте.

Ойланып отырған оңаша сәтте үйге «қырылдақ» сыншы Төлеген Тоқбергенов кіріп келеді. «Ұрының үйі» сияқты. Зорға жеттік…» — деп қояды өзімсініп. Төкеңнің  ту сыртынан қияқ мұртты сұңғақ кісі еңкейіп ене берді. Ол сөйлей келді: «Әкем-ау (Қуан ағаның әкесінің есімі — Төлеген. Сол себепті Тоқбергеновті «әке» деп еркелей атайтын — Қ.Е.), олай демегін. Көшесінің аты қандай жақсы. «Ақтөбе көшесі». Мен ауылыма келгендей болып тұрмын.» Таныс дауыс. Мәйін жұмсақ үн. Қуан аға! Ақын Қуандық Шаңғытбаев! Орыстанып бара жатқан салтымызға қарамай құшақтасып амандастық. Қонақ келді. Бәйекпіз.

Амандық-саулықтан соң Қуан аға: «айналайын ақ бесік» — деді. «Бізді тербеткен, біздің аталарымызды, бабаларымызды тербеткен…» Ақын бесікте былдырлап жатқан алты айлық сәбиге таяп барды. Шақалақ шықылық атады. Қуан аға баламен балаға айналып мұртын жыбырлатып күлдіреді. «Мына Тахауи бір көңілді бала  болғалы тұр. Ғұмырлы бол, айналайын! Қытық-қытық…»

— Аты кім балақанның?

— Шыңғыс, Қуан аға?

— Шыңғыс?

— Иә.

— Сен Шыңғыс туралы мақалаңды өзіне жібердің бе?

— Қайтемін?! Ұят-ты.

— Жібер. Ұялмайсың. Тамаша жазылған. Құттықтадым ғой өткенде. Пікірім сол күйі. Жібер өзіне. Ә, кстати, мен саған Шыңғыс туралы әңгіме айтып беремін.

Бір әудемде аулаға жүзімдіктің көлеңкесіне шықтық. «Әй, Тахауи, қалам, қағазың бар ма?» Мен дереу Қуан ағаға блокнот пен шарикті қаламсап ұсындым. Үйге жайылған дастарханды тысқа шығаруға тура келді. Қолқабыс жасай бастадым. Анам немересін шешіп алып үлгеріпті. «Түкіртіп алайық. Бұл немеге ит тигіш қой…» — деп қояды. Ұлымды анамның қолынан алып Қуан аға отырған орындыққа бір аунатып алдым. «Енді түкіртпесеңіз де болады…» Анам «бісімілда» — деді діндарлығына салып кішкентай Шыңғысты бауырына басып жатып.

Жүзімдіктің астында әңгімелесіп отырмыз. Қазан көтеріліп жатыр. Төкең Қуан аға алдындағы блокнотты алып маған ұзатып салды. Мен көз қиығымды қыдырттым. Қыдырттым да ақынның маржандай жазу мәнерімен мөрленгендей өлең жолдарын оқи бастадым.

«ШЫҢҒЫСҚА: 1981 ж. 31 августа Төлеген екеуіміз талтүсте Құлбектің  бағында отырып жазылды.

Баян мен Құлбек! Күн қысқа.

Асығу керек тұрмыста.

Төлен мен Қуан аттансын:

— Баянды бол, — деп, — Шыңғысқа.

Шыңғыстың атасы –

Қуанд. Шаңғытбаев.»

деп өлең жазыпты Қуан аға. Қуана қолыма алып тағы бір қайтара оқып шықтым да блокнотты қойныма тықтым…

Қуан аға әңгіме сабақтады.

— Мұқаң ауруханада жатыр. Жақында ғана «Литературная газетада»  «Қазіргі заман және оның геройы» аталатын мақаласы жарық көрген. Ол өзі әдебиетте түбәлай  бетбұрыс жасаған мақала еді ғой. Қуанып оқыдық. Сүйіп оқыдық Мұқаң мақаласын. Содан кейінгі кездесіп отырғанымыз.

Көңілін сұрап бардым. Мұқаң — менің «Ар» аталатын ең алғашқы өлең жинағыма алғысөз жазған кісі. Құдайдай сыйлап өтіп келемін. Ауырған адам көңілшек болатын әдеті. Мұқаң баладай қуанып қалды.Менің есімімді аялап айтып, ұлы Абай ауылының ру атына апарып сабақтастырып, «Саған Қуандық деп ат қойған аталарың мықты болуы керек. Асылында сәбиге жақсы ат беру керек. Атына қарай өседі көкше құрақ…» — деп төгіле сөйлеп жатты, аруағыңнан айналайын дана адам. «Әй, Тахауи, сен өлген кісінің өзінен емес, аруағынан айналатынын білесің ғой…».

Қуан аға сөзін мақұлдатып алды.

— Сонда Мұқаң көп әңгіме айтты. Шыңғысты сондай жақсы көреді екен. «Сен қолың тиіп жатса Шыңғысқа арнайы барып менің сәлемімді жеткіз. Ағасынан сақ болсын!» — деді. Алықұл Османов туралы, Бөлебасов туралы қызық әңгімелер айтты. Сөйтсек, Шыңғыстың даңқы шыға бастағаннан көре алмаушылық бірге шыққан екен ғой. Соны біліп қалған Мұқаң Шыңғысты сақтандырған екен-ау деп ойлаймын осы күні.  Сол жылы Мұқаңнан айырылып аһ ұрдық. Көп ұзамай,  мойныма қарыз болмасын деп, 1961 жылы Мұқаңның аманатын арқалап Бішкекке арнайы бардым. Барсам, Шыңғыс Финляндияға кетіп қалыпты. Ұстай алмадым. Мұқаң Шыңғысты үш нәрседен сақтандырып еді…»

Қуан аға бипаздап әңгіме айтып отыр.

Дәм келді. Орыстың үй-кепесіне сыймай жүзімдіктің астында отырмыз. Әрі қысыламын. Әрі  Қуандықтай өлеңді өмірден сүзіп-сүзіп алатын, алатын да сұлулыққа жүздіріп алатын, өлеңді сұлулық деп білген сырбаз ақын мен Төлегендей  кең құлашты сыншы үшін  табиғат аясында осылай отырудың өзі дұрыс та шығар деп ойлап қоям. Қуан аға қасындағы Төкеңді «әке» деп те,  «Төке» — деп те көкке көтеріп отыр. Бір рет те атын атамады-ау, сабазың!. Төкең де өзімсініп «Әй, бала!» — деп қатқыл сөйлеген болып отырып-ақ бауырына тарта түседі. Бала боп бірі еркелейді. Бала деп бірі еркелетеді. 1937 жылдың зұлматында ұсталып атылып кеткен әкеге деген сағынышын ақын жүрек сөйтіп басады-ау шамасы! Айтылған әңгіме көп еді. Көбі соның ақ еден сыр дерлік шын еді. Бір әттеңі-ай, айызды қандырғанымен ауызды қаритын кермек еді…

Ақын ағаның «Дала» деп бастап бала болып еміренетін өлеңін өзіне  жатқа оқи жөнелдім.

Дала, дала, ұшан дала,

Мен далада келемін.

Алсам, әттең, құшағыма

Қысып байтақ көлемін!

 

Бұлты көшіп, самалы есіп,

Тұр ғой толқып тамаша,

Боз көдесін келем кешіп,

Гүлін терем балаша.

 

Дала менің есі-дертім,

Көрсем көңіл жадырар,

Сүйем оның азат көркін,

Менде дала жаны бар.

 

Сол даланың сызы еді ғой

Арқам алғаш тигені,

Сол даланың қызы еді ғой

Жүрек алғаш сүйгені.

 

Дала, дала, ұшан дала,

Мен далада келемін.

Алсам, әттең, құшағыма

Қысып байтақ көлемін! — деп, обалы не, сазға бөлей оқыдым. Әсіресе, «Сол даланың сызы еді ғой Арқам алғаш тигені, Сол даланың қызы еді ғой Жүрек алғаш сүйгені» деген сазды жолдарды өз жүрегімді жарып шыққан өз жырым, өз сырымдай сағынышқа бөлеп, аса бір бөлек мәнермен айрықшалай оқысам керек. Өлеңді қаусырмалап дөңгелентіп өзара қауыштырып (қаусырып) тұрған басқы шумағын – бір, түйін райында қайталанар шумағын екінші бір  дауыс ырғағымен орындадым. Қуан аға,  әм қуанды, әм жабықты. Қуанатыны — өзек жарды перзенті — өлеңі оқырманын тапқаны, жабыққаны — жастай қасіретке ұшыраған әкеге деген сағыныш балалық, жастық шағы өткен далаға алып қашып тіпті мұңайтып жіберді-ау, шамасы. Үнсіз отырып қалды. Сыншы Төлеген де тым-тырыс. Мақтау дәметіп мен отырмын. Шіркін, балалық! Әнтек басын көтеріп алып, үнсіздікті сырбаз ақынның өзі бұзды: «Дала менің есіл-дертім емес», «есі-дертім»…. Ішкі ағынмен құйылып келетін тұтас музыка дерлік өлеңнің ырғағы әрбір әріпке сүйеніп тұрарын, ақынның өлеңді солай сылдыраған ішкі үйлесім, өзгеше бір құйылысқа құрарын аңғарып, жанымнан бір әріпті қалай ғана  қосып едім деп жабырқадым. «… бәрібір, айналайын, сені тапқан анаңнан!» — деді ақын аға. Деді де рюмкені қолға алды. Одан кейін…

Одан кейін Қуан ағаның  «Қыз қуу» секілді төгіліп бір деммен туған, өн бойын  мөймілдеген мөп-мөлдір сезім буған, ойнақы ырғақты тұтастай көз тұнар суретті құя салған өлеңін жатқа айттым. «Айттым» деген де қатқылдау сөз. «Қуан аға, өзі қалай оқыр еді?» деген сұрауды іштей жұптап алып, ақынның  баяу үнінен сәл жоғары алып, бірақ-бірақ жұмсақ дауыспен орындап шықтым.

Төрт өрме қамшы сарт етті,

Арғымақ атқып жұлқынды.

Жанары қыздың жалт етті.

Жарысып желмен ұмтылды.

 

Жігіт те шықты сыдырып,

Орамал таңып басына.

Жұмылған бейне жұдырық

Жабысып ердің қасына.

 

Топылдап тиген тұяқтан

Тозаңы жердің өрілді.

Дүйім ел тұрып бұл жақтан

Күледі гулеп көңілді.

 

Сырбай-ау, әне қарап бақ,

Қуалай өрлеп даланы:

Айтылмай жүрген махаббат

Құйын боп ағып барады.

Бозбала сезімі болып төгілген, шынайы сезіммен егіз қатар өрілген өлеңді біріміз оқып, екіміз еліге тыңдап, сезімге шым бойлап, шын тереңдеп тебіреніп отырдық-ау сол бір сәттерде! Өзі де өлең-ақ қой, шіркін! Өлеңмен бірге сен де қыз қуған жігітке ілесіп жүйрік мініп шаба жөнелердей денең қызына ысынып, қимыл-қозғалысқа түсіп, ақырында әлгі көз алды толы сурет, көз алды толы желмен жарысқан сұлулықты, Марина Цветаева айтқандай, махаббатты сырт қызықтаушыға айналып, Сырбай ақынмен сыр бөлісіп аяқтайсың-ау, шіркін! Шіркін, өлеңбісің өлең ғой! Өлеңнің төресі ғой «Қыз қуу».

Жасырып қайтейін, ақын мен үшін бірнеше рет бокал көтерді. Төкең қырылдап ұстахана қасындағы көріктей ақынға жел береді, сөйтеді де дем береді. «Аққу әні» аталатын бірөңкей маржаннан түзілген моншақ сынды сылдыраған сазды жырлардан тұратын жыр жинағы болатын менде. Тіпті сызғыланған жинақтан да  ақын өлеңдерін жарылай жатқа айтып, жарылай көз қиығын қыдырта отырып та оқып бердім өзіне.

Иінағашын асынып барады қыз,

Арай шоғы ұялап анарына.

Қарады дүз оянып, қарады құз

Қос арудың тоғысқан ажарына, — секілді небір ғажап  шумақтар ақтарылды.

Ақырында  «Аққу әнін»  қолына алып, бір парақтап өтіп, қолтаңба жазып қайырды өзіме! (Әттең, ол кітап сақталмады.)

Ақшамды жамыратып екі сыйлас аға орнынан тұрды. Қуан ағаның қолы астында қағаз «майлыққа» жазылған бір жазба ағараңдап жатты үстел үстінде. Үлбіреген ақ қағазға (қағаз сүлгі) жазылған ол — ұлы Гетенің «Хафизге» аталатын өлеңінің тәржімасы екен. Тәржіме төгіліп түскен үлбірек қағазды ақырын көтеріп, аялап қарап, сыбырлап ақырын оқыдым.

Гетенің «Хафизге» аталатын өлеңін аударып, үстел үстіне тастап кетіпті.

«Әлі біткен жоқ» — деген сөз қиғаштала тартылған.

ГЕТЕ (ұлы ақын есімінің асты екі рет сызылған.)

«Ой, жырдың жүрсің көгінде,

Ас пен той сенсіз тола ма!

Кермек те тәтті өмірде,

Бастай бер бізді молаңа.

Құлбек!

Гетенің «Хафизу» деген өлеңінің соңғы шумағын таба алмай жүрген кезде осы шумақ Сіздің үйде келді.

Гонорар с меня!»

Тәржіма өлеңді блокноттың арасына салдым.  Шарап буы мен мен өлең нуына бөккен күйімде дертіп отырмын. Беу-дүние!..

Қуан аға қолтума өлеңге ғана емес, телтума (С.Абдрахманов баламасы) өлеңге  де ақ еді, адал еді.  Поэзия піріне қол тапсырған бекзат ақын төлтуманы да, телтуманы да  өнер деп қарайтын еді, сабазың.

 

Күнделік-толғаныс

29 маусым.1984 ж.

Алматы!

Абай көшесінен түсіп Төлебаев бойымен төмен құлдилап келемін. Қойнымда кітап. Кітап от болып жандырады, шоқ болып қариды. Қуанышым қойныма сыймай келеді. Қуаныштың себебі де бар, әкедей әзіз Бейсекеңнің «Жылдар жемісі» («Жазушы», 1984) кітабының  авторлық данасын әкеле  жатырмын. Асып-тасып келемін. Кенет алдымнан Қуан ағаның  шыға келгені. Қуандық Шаңғытбаев! Шамасы, бала кезден бірге өскен бақилық досы Тақаң — Тахауи Ахтановтың үйінен, Гүлшара жеңгейдің шәйін ішіп шығып келе жатқан беті болар.

— Ассалау, Қуан аға?

— Молда бол, Құлбек!

Қайдан келесің жортып?

— «Жазушы» баспасынан келемін. Үйге!

— Е, айналайын, сен Бейсақаң үйінде тұрасың ғой.

— Иә.

— Ой, Бейсақаң әулие ғой, әулие!

— Әулие шалдың 80 жылдығына кітабы шығып, қуандырғалы келемін шалды.

— Өй, айналайын, әрекетіңнен. Әрекетіңнен берекет шыққан екен ғой.

Қоңырқай мата тысты кітапты мақтанышпен Қуан ағаның қолына ұстата салдым. Бейсекең кітабын көріп Қуан аға өз кітабы шыққаннан бетер қуанды. Қолына ұстап тұрып, әңгіме сабақтады:

— Бейсақаң әулие ғой. Қартайып қалды-ау.

— Қартайғаны өз алдына, бірнеше рет «өліп-тірілді».

— Басқасын білмеймін. Бір ерлігіне таң қаламын.

— Қай ерлігі? Ол кісіде ерлік көп.

— 1942 жылы. Мен 17 жастамын. Әбу Сәрсенбаев Бейсақаңа мені ертіп әкеліп таныстырды. Ол кісі мені жоқ жерден баспаға қызметке қабылдады. «Жоқ жерден» дейтін себебім, соғыс жүріп жатыр. Баспа қызметкерлері қысқара-қысқара ықшамдалып болған. Соған қарамай мені қызметке қабылдады ғой, Бейсақаң. Жағдай жасады. Директорымыз — Ахмет Өтеев деген ақымақ кісі. Бейсақаң арқасында «Біріккен баспа» қызмет істеп, өмір сүріп тұрды. Жабылып қалуы да мүмкін еді. Бейсақаң тістелесіп отырып алды. Баспада Мұхтар Әуезовтің «Абай» романының қолжазбасы бұрыннан жатады екен. Бейсақаң келгенше ол қолжазбаны қозғайтын кісі болмаған ғой шамасы.

Бейсақаң келді де қолжазбаны алдырды. Латын әліпбиімен терілген екен. Мұқаңмен әңгімелесті. Орталық Комитеттің «Абай» романын шығармаңдар деген тапсырмасын жұқалап жеткізді. Бірақ шығарамыз дегенді де аңғартты. Қатар-құрбы адамдарша еркін сөйлесті. Мұқаң келіп қолжазбасын алып кетті. Қолжазбасын қайта бір қарап берді. Бас редактор (Бейсақаң) қолжазбаға редактор етіп мені бекітті. Он жеті жасар бала ұлы шығармаға сөйтіп редактор болды. Бақылаушы — Бейсақаң. Бейсақаң қолжазбаның басылуын асықтырды, терілуін асықтырды. Енді ойласам, бір кедергіге кездесеміз бе деп қауіп қылады екен ғой.

Мені бір терімші әйелге тіркеп қойды. Келісім бойынша мен жұмыс уақыты біткен соң қолжазбаны әлгі терімші әйелге апарамын. Ол ешкімге көрсетпей «Абайды» тереді. Екі кісі біліп қалмасын деп тапсырған Бейсақаң. Бірі Орталық партия комитетінің секретары Мұхамеджан Әбдіхалықов та, екіншісі — баспаның директоры Ахмет Өтеев. Кадр тапшылығына қарамастан  қолжазба терімі  тез болды. Күніге кешкілік күпәйкемнің ішіне қолжазбаны тығып алып барамын да әлгі әйелге беремін. Өзім басында қылқиып отырамын. Терілгенінше қолжазбаны да, терімді де алып түн жарымында күпәйкемнің ішіне тығып Бейсақаңның үйіне тартамын. Тіпті түн жарымы болса да. Бейсақаң әлгі терімді оқуға отырады, мен Меңжамал жеңгемнің сорпа-суанына отырамын. Жеңгей ұйықтап қалса, маған тамақты Шолпан ысытып бере қояды. Шолпан — ол кезде тұлымшағы желбіреген оқушы қыз. Кітаптың терілімін асықтырған Бейсақаң алабұртып оның кітап болып басылуын да барынша тездетті. Кітап басушыларға жалынған күндері де болды. «Абай» кітап болып басылып жатқанда Бейсақаң екеуміз кітап жайлы рецензия жазып даярлай бастадық…

Ол кезде мен Бейсақаңның неге жанұшырып жүргенін жете түсінбеген сияқтымын. Баламын ғой енді. Осы күні Бейсақаңның сол «Абай» романы үшін басын бәйгеге тігіп жанұшырып жүргенін көз алдыма елестетсем, зәрем зәр түбіне кете жаздайды. Өзің ойлашы, Құлбекжан, «Абай» романын шығармаңдар деп тапсырма берген кісі Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші секретары Скворцовтың өзі екен ғой. Мас-қа-ра!

Кітап шықты. Өте тез басылып шықты. Бейсақаң мені ертіп алды. Кітап қолымызда. Сов.миннің  ауруханасына келдік. Есіктен кіргізбеді. «Карантин» екен.  «Мұхтар Әуезов балконға шықсын» — деп хабар жіберді Бейсақаң. Палатасының тұсына келдік. Іштен Мұқаң шықты. Үстінде аурухана халаты. Біз кітапты көрсеттік.

— Мұха, «Абай» жарыққа шықты…

Бейсақаң дауысы біртүрлі дірілдеп хабарлады.

Мұқаң қуанғаннан балконнан жерге домалап түсе жаздады. Жарықтық.

Қайта-қайта:

— Екеуіңнен де айналайын — дей береді. Өмірі күлмейтін кісі, жадырай өте қызық күледі. Әрі-беріден кейін көзіне жас алды. Кемсеңдеп кетті. Ұлы адам сол жолы керемет қуанған еді.

«Абайды» көркемдеген — Урманче. Мәскеуден эвакуациямен ығысып келген жас жігіт еді. Тамаша суретші болатын.

«Сүйінші данасы» келмей тұрып, «Қазақ өмірінің энциклопедиясы» атап жазған мақаламыз «Социалистік Қазақстанда» «Абай» деген атпен жарқ ете қалды. Мақала жарық көргенге дейін «Абай» романының жарыққа шыққанын пенде баласы  білген жоқ. Содан кейін не болды дейсің ғой?

Бейсақаңды әкімдер жүндей түтті. Көріп жүрдік, жоғары жақтан жылағандай болып оралатын. Бірақ, іште қуаныш бар.

Бейсақаң ұзамай арыз жазып апарды. «Босатпапты.» Өздері күн бермейді. Арыз жазуға мәжбүрлейді. Арыз жазып апарса «босатпайды». Бейсақаңның Москвадан келгенінен сақтанады. Тағы арыз жазды. Ақыры қызметтен босады. Сөйтіп Бейсақаң «Абай» романы үшін қызметтен босаған. Оған Мұқаңнан өзге өкінген кісі болған жоқ. Қайта көп қазақ «Кенжебаевты сүріндірдік» деп қуанысты. Кітаптың шығуына тікелей «кінәлі» Кенжебаевты былай қойып, біздің мақаламызды басқан тілекші Бәйдібек Әлимановты «Социалистік Қазақстаннан» қызметтен шығарып жіберген ғой…

Мен баспада істеген кезде Бейсақаңның бір баласы болып кеттім. Бейсақаңның үйінде жүремін. Шыңғыс пен Шолпан туған інім мен  қарындасымдай.

— Шолпанға жазып сыйлаған мөлдіреген бозбала шағыңыздың фото сүгіреті бар бізде.

— Ой, Тахауи! Сен архивсің ғой өзің. Осы, көптен көрмедім, Шыңғыс пен Шолпан бар ма?

— Бар болғанда қандай?!

— Бар болсын, айналайындар! Бейсақаң кеткен соң баспада сән қалмады.

Ақын мұңайды.

— Мен Ақтөбеге жол тарттым Нұрпейіс Байғанинге секретарь болып.

— Ақтөбеден атаңызды жамандап Сәбит Мұқановқа талай хат жаздыңыз?

— Әй, қой, Тахауи. Сен оны қайдан білесің? Хат жазғаным рас-ты. Жамандап қойыппын ба, жарықтықты?

— Аздап… Есесіне «Нарғыз» аталатын жыр жинағына қатырып тұрып алғысөз жаздыңыз ғой кейін. «Қайдан білесің?» дейсіз, алдыңызда «Сәбит Мұқановтың мемориалдық музей-үйінің» қызметкері тұрған жоқ па?

— Ә, ә.

Әңгіме қызық. Әрі недәуір ұзағалы тұр. Менің Бейсекеңнен жаным тынбай барады. Ұсыныс жасадым.

— Қуан аға, — дедім, — Онда Сіз Ақтөбеге кетіп қалмай тұрғанда (Қуан ағаның ұзамай Ақтөбеге қуылғанын Бейсекеңнен естігенмін. Соны меңзеймін). Бейсекеңнің үйіне барайық. Бірге отырып әңгімелесейік. Ол кісі қуанып қалады.

— Үлкен кісіні әурелеп қайтеміз.

— Әуре болмайды. Сізді көріп бір жасап қалары сөзсіз.

— Сәлем бермегелі де біраз болып еді. Жарайды онда.

Екеуміз үйге келдік.

Бейсекеңді құшағына қысып амандасты Қуан аға. Құшақтап біраз тұрды (екеуі де көзіне жас алды.) Дастархан басына үйірілдік. Хал-ахуал сұрасып жатыр екі қария. Шәй келді. Пәйімен келді.

Шәй ішіп отырып:

— Қуан аға, Гетенің «Хафизге» аталатын өлеңінің қаламақысын маған уәде етіп, бірақ бермей кеттіңіз ғой, — дедім қалжыңдап.

— Әй, Тахауи, мен кісіге қарыз болғанды жаратпаймын. Ол не қарыз, құлдығым?

Ақынның 1981 жылы 31 тамызда Ақтөбе көшесі 51-інші үйдің бақшасында отырып сулыққа жазған жазбасын оқыдым.

— Ойбай-ау, мен оны ұмытып кетіппін ғой. Кербез ақын қалтасына қол салып қызыл құлақтардан бірнешеуін алып ұсынды. Мен бас тарттым, әрине.

— Ей, Тахауи, сен оның бәрін қалай жаттап жүрсің?

— Жаттап жүргем жоқ, сақтап жүрмін, Қуан аға!

Лып етіп орнымнан көтеріліп барып «Қуандық Шаңғытбаев» деген жуан буманы алып келдім. Өлең жазылған блокнот пен үлбірек қағазды алып  ақынның алдына тастадым. Ақын аң-таң. Өз өлеңін, тәржімасын, Ақтөбеден жазған хаттарын өзі көріп таңырқап отыр. «Мынауың сұмдық екен!» деп қояды.

— Бізде «Ар» аталатын жинағыңыздың екі түрлі басылымы  да сақтаулы. Бірі – М.Әуезовтің алғысөзімен, келесісі алғысөзсіз…

— А?..Қойшы-ей, Тахауи?

— Рас.

Кабинеттен  «Ар» кітабының 1943 және 1945 жылғы екі басылымын алып келдім.

…Ақын таңырқап отыр. Ойланып отыр, ақын!

— Бұл кітап Бейсақаңдікі! Шығарған да, Әуезовке алғысөз жаздырған да Бейсақаң.

— Қалайша?

— Егер Бейсақаң сақтаған «Ардың» Әуезовтің алғысөзі бар нұсқасын маған қисаң, айтайын.

— Алдымен сыр-сандықты  ақи-тақи ашыңыз. Сырға қансам кітапты беруге уәде етейін.

Айтарымды айтып қалып, Бейсекеңе қарадым. Кітап — сол кісінің кітабы. Сарымайдай сақтап келеді.

— Бер кітапты, айналайын, бер! — Бейсекең риза!

— Онда былай, Тахауи. Каз ОГИЗ-дің бас редакторы (Бейсекең — Қ.Е.) маған «Кітабыңды шығарып берейін. Қолжазбаңды дайында!» деді. Мен жылдам дайындадым. Оқып шыққан Бейсақаң телефон тере бастады. «Мұқа, Қуандықтың өлең кітабы шықпақ еді. Соған алғысөз жазып берсеңіз!» Әрі қарай мені мақтап ала жөнелді. Қысылып мен тұрмын. Екі көзім атыздай…

Мұқаң қолжазбаны бір түнде оқып «Алғысөз» жазып әкелді. Сол «Алғысөз» қолжазбаны үш жыл  ұстады. ЛКСМ Орталық Комитетінің сол кезгі секретары соңыма түсті. Кейін мәшиненің ішіне ит байлап жүретін болған. Сәкеннен жауап алған ит еді ғой ол.

— Сізге бір хат оқып берейін. Сонан соң бір сұрау қоямын.

— Оқи ғой.

— « 20/х-43.г.

Бисақа!

Саламат келіп түстім. Ел де аман.

Әзір ешнәрсеге кірісе қойғаным жоқ. Бірақ «Менің достарым» деген роман  бастаймын ғой деймін. «Махаббаттың» көп оқиғасын «Достарға» қарызға әперем бе деймін. Ал, Бисақа, менің «Жүрегім» жатыр ма? Қашан шықпақ? Под. листісі келді ме?

Хабарын жаздырғайсыз.

Сәлеммен —

Сіздің Қуандығыңыз.

Г.Актюбинск, Карла Либкнехта, 146»

Осындағы «Жүрегім» дегеніңіз не? «Жүректен шықпаса жүрекке жетпейді» (Қ.Мырзәлиев) дегендей, жырларыңызды айтып отырсыз ба?

— Е, бала, бала, ол — менің өлген кітабымның аты.

— Қалайша?

— Сабыр, сабыр. Әлгі менің «Ар» жинағым бар емес пе? Міне, сол кітаптың алғашқы атауы — «Менің жүрегім» болатын.

— Ә, өзгерткен екенсіз ғой.

— Мен өзгертпедім. Романтикаға толы жастық шақ қой. «Менің жүрегім», «Менің махаббатым», «Менің достарым» аталатын дүниелер жазбақ болғам.

— Енді?

— Енді? Бейсақаң алды да «Ар» деп өзгертті де салды. Әйтпесе, әуел баста Мұқаңа алғысөзге берілген кезінде қолжазбада санаулы ғана өлең бар. Жинақтың аты да жоқ болатын қолжазбада.

— Е, е, солай деңіз, Қуан аға?!

— Жұқа жинағымды алдымен алып оқып жүрген де, Мұқаңа алғысөзге берген де, кейін қайта жазғандай өңдеткен де Бейсақаң. Міне, өзі отыр ғой. Е, онда «Едіге» туралы да өлең болатын.

— Өңдету үшін жинағыңызды Бейсекең ұстап отырды ма шығармай?

— Жо-жоқ, тіпті де олай емес. «Абай» романына редактор болғаным бар, «ұлтшыл Бейсембай Кенжебаевтың құйыршығы» деген қаңқуды қос оған. Енді келіп, бас  ұлтшыл жас ұлтшылдың өлең жинағына алғысөз жазады. Рас, Мұқаң «Едігенің» монологын айналып өтіпті алғысөзінде. Соған қарамай жұрт мені бас салды түтіп жіберердей. Солай, балақай, Мұқаңның  менің жинағыма алғысөз жазуы — Бейсақаңның арқасы. Кітабымның жарыққа шықпай қалуы — Мұқаңның алғысөзінің «арқасы».

— Онда Сіздің Ақтөбеден жазған екінші хатыңызды оқиын.

— Ондайың да бар ма?

« Бисеке!

Сау-саламат барсыз ба?

Апайдың, балалардың дені сау ма?

Мен де есен-сау жүріп жатырмын. Халым жаман емес. Жазамын. Оқыймын.

Бірақ, Сіздің әулиелігіңіз мені таң қалдырады. Сіздің айтқаныңыз дұрыс болып шықты.

Ал, Бисеке, менің кітабым не болды? А. жоқта жіберіп қойсаңызшы, аға жан-ау. Алаң болып жүрмін-ау, алаң болып жүрмін.

Неге хат жазбайсыз? Менің кітабым туралы қазір ана қаламды алып телеграмма беріңізші маған. Жалынам, өтінем, болмаса, өкпелеймін.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button