Мәдениет

«Айтқыштар — Ақтөбеде» байқауы басталды

Ақтөбеде дәстүрлі «Айтқыштар — Ақтөбеде»  VІ республикалық екі күнге созылатын әзіл-сықақ байқауы басталды. Байқаудың қазылар алқасының төрағалығына сонау Шымкенттен Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, белгілі сықақшы Мұхтар Шерім шақырылды. Оған қатысуға тілек білдірушілер жылдан жылға артып келеді. Биылғы додаға Атырау, Қызылорда, Батыс Қазақстан, Ақмола, Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау облыстарынан келген 60 әзілкеш қатысады. Сондай-ақ ақтөбелік қалжыңбастар да бар.

Байқауды «Екі езу» миниатюра театрының әкімшілігі облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен өткізіп отыр. Байқаудың ашылу  салтанатында облыстық мәдениет басқармасының бастығы Нәзира Табылдинова сөз сөйледі.

Байқаудың мақсаты — ел ішіндегі әзіл-сықаққа жақын өнер ұжымдарын, жеке орындаушыларды табу, олардың жұртшылыққа танылуына, талаптарын ұштай түсуіне ықпал ету. Құрамында Ақтөбенің айтулы сықақшысы Төрежан Мәндібай, театр өнерінің тарланы Мағзом Бақытжанов,  фестиваль ұйымдастырушысы Нұрлыбек Жұбатқандар бар қазылар қатысушылар орындаған  шығарманың өзектілігіне, актердің орындау шеберлігіне, сахна мәдениетіне, сөзді көрерменге жеткізе білуіне, сахна қозғалысына мән береді.

Қатысушылардың ішінде Батыс Қазақстан облысының Шыңғырлау ауданынан келген «Шаңырақ» әзілкештер тобы, қызылордалық «Ошаған»,  Жамбыл облысының Меркі аудандық «Күлкі шаңырағы», Ақтөбе қаласындағы Ә.Молдағұлова атындағы гуманитарлық колледждің «Наурыз — Думан», Қызылорда облысы Қазалы аудандық «Қазалы қалжыңы», ақтөбелік «Күлкі фабрикасы» сияқты әзіл-сықақ отауларымен қатар, ақтаулық «Өркен» жастар театры, Ақтөбе облысы Әйтеке би аудандық «Әзілкештер ауылы»,  Мұғалжар аудандық Жем халықтық театрлары, Ойыл аудандық «Шаншу», қобдалық «Ойпырмай» әзіл-сықақ отауы бар. Сондай-ақ   оңтүстікқазақстандық Мақсат Тауасар, Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданы Қоскөл ауылынан келген Әділбек Әжіғалиев, қарағандылық Ықылас Ережепбаев пен Талғат Рзақов,  Ақтөбе медицина колледжі оқушысы Әйгерім Ерімбетова, байқаудың ең жас қатысушысы  Ақтөбедегі №40 орта мектептің оқушысы Бейбарыс Сұлтан, №34 мектептің оқушылары  сияқты жеке орындаушылар да өз өнерлерін көрсетуде.

Ел-жұртқа астарлы да әдемі қалжыңдарын ұсынғысы келгендердің ішінде шығарманы өзі жазып, өзі орындауға тырысатындары да аз көрінбеді. Қарағандылық  Ықылас Ережепбаев өзінің «Халықтың өнері» атты монологымен жұртты ду күлдірсе, ақтөбелік «Наурыз — Думанның» жетекшісі Наурыз Миханов өзінің «Қазақы той» атты сценарийін жұрт назарына ұсынды. Кейбір енелердің күлкілі қылықтары мен кейбір жас келіндердің бөтен үйдің босағасынан аттамай жатып-ақ әдеп-иба сақтауды ұмытып кететінін күлкіге тиек қылады.  Ақтөбелік «Күлкі фабрикасы» әзіл-сықақ отауының әзілкеші Мұрат Сартаев та өзі жазған «Милиция» интермедиясын  қойды. Оңтүстікқазақстандық Мақсат Тауасар да «Агент», «Пантомимо» атты өз дүниелерін оқыды. Ал «Қазалы қалжыңы» ойын-сауық отауы ғана белгілі сықақшы Сейіт Кенжеахметовтің «Іздегенге — сұраған» шығармасын сахналалапты. Кәсіби автордың шығармасы шынында  көңілге қонымды шықты. Әзірге айтарымыз осы.

Байқаудың қорытындысы туралы кейінірек жазатын боламыз.

Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button